Тәуелсіздік тәуекелдері

0
2469

Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне отыз жыл толады. Әрине, тарлан тарих үшін бұл қас-қағым сәт болғанымен, үш ғасырға жуық бодандық езгісінде болған халқымыз үшін азаттықтың алғашқы жылдары жаңа кезең, жаңа дәуір саналатыны рас. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Қазақстанның 1991-1992 жылдардағы алғашқы қадамдарына тоқталады.

ҰЛТТЫҚ ӨРЛЕУ

Еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері өте әсерлі.  Қазақстан мемлекеттік құрылымын жаңғыртып, елдің аумақтық тұтастығы мен шекараның мызғымастығын қамтамасыз етті. Кеңестік қасаң қағидалармен тұсауланған экономиканы нарықтық жүйеге ауыстырды. Қазақстанда бұған дейін қысқа мерзім ішінде мұндай саяси өзгерістер мен жетістіктер болмаған еді.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  демократиялық және экономикалық реформалардың негізгі идеологы болды. Мемлекет дамуының ұзақ мерзімді жоспарын әзірлеп, жас мемлекеттің қалыптасып, бой түзеуіне серпін берді. Батыл саяси қадамдарының арқасында еліміз тәуелсіз, қуатты, абыройлы мемлекеттердің сапына кірді.

Бүгінде еліміз өзіндік экономикасы, саяси ұстанымы, аумақтық тұтастығы, ана тілі, мәдени ерекшелігі, ұлттық мұраты бар дербес мемлекет. Тәуелсіздіктің бізге сыйлаған ырыс-несібесі көп. Соның арқасында Қазақстан үкіметі алғаш рет халықаралық аренада өз елінің сөзін сөйлеп, мүддесін қорғау құқығын иеленді. Қазақстанды егемен ел ретінде әлем мойындады. БҰҰ-ның толыққанды мүшесі атанды. Әлемнің көптеген елдерімен дипломатиялық байланыс орнатылды. Елбасының бастамасымен саяси тұрақтылыққа ықпал ететін азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің базалық конфессияаралық институттары құрылды. Сөйтіп, этносаралық келісімге қол жеткізіп, экономикалық дамудың даңғыл жолына түстік.

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

Тәуелсіздік жылдарындағы әрбір қадам еліміз үшін аса маңызды болды. 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-ның Мемлекеттік Егемендігі туралы» декларацияның қабылдануы оң өзгерістердің бастауы еді.

1991 жылы 1 желтоқсанда алғаш рет президент сайлауы өтіп, Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жетті. 10 желтоқсанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді. 16 желтоқсанда Тәуелсіздік туралы конститутциялық заң қабылданып, егемен ел ретіндегі заңды мәртебеміз рәсімделді. Ел тарихындағы тәуелсіздік дәуірі осы күннен басталады. Бұл кезең Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында кеңінен баяндалады.

Конститутциялық заң Қазақстанды өз аумағына толық иелік ететін, тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет деп жариялады.

1991 жылы  21 желтоқсанда 11 посткеңестік республикаларының басшылары жаңа бірлестік – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) негізін қалаушы декларацияға қол қойды. Құжатқа бойынша мемлекеттік егемендікті өзара мойындауға, құрметтеуге және дипломатиялық қатынастарды дамытуға келісті. 

Еліміздің еңсе көтеруі оңайға түскен жоқ. Тәуелсіздікке аяқ басқан жас мемлекеттің мойнына үлкен жауапкершілік артылды. Алдында небір қиын сынақ күтіп тұрды. Бүкіл әлемнің назары Қазақстанда болды. «Шаңырағын енді көтерген ел еңсесін қалай көтереді, дамудың қай жолын таңдайды»  деген заңды сұрақтар туындады.  Алайда,  Нұрсұлтан Назарбаев елдің егемендігі мен мемлекеттің тұтастығын сақтап қана қоймай, мемлекеттік билік органдарының үйлесімді жұмыс істеуі мен өзара іс-қимылын қамтамасыз етіп, қарқынды дамуға көшті. Бұл өте күрделі мәселелер еді. Мұндай күрделі тарихи бет бұрыста жауапкершілікті өз мойнына алуға әркімнің жүрегі дауалай бермейді.

1991 жылы Қазақстанның мемлекеттік басқару органдарына белсенді түрде реформа жасала бастады. Ғарыштық зерттеулер агенттігі мен жер мәселелері жөніндегі комитет құрылды. Сондай-ақ, баспасөз және бұқаралық ақпарат, дене шынықтыру министрліктері пайда болды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР Ұлттық мемлекеттік банкінің жарғысы туралы» қаулысы қабылданды. Қаулы бойынша Ұлттық мемлекеттік банк республиканың меншігіне өтті. КСРО Сауда-өнеркәсіп банкінің қазақстандық бөлімшесі «Тұран банк» болып қайта құрылды. Кейіннен «БТА банк» болып өзгертілді. Елде салық қызметі мен кеден комитеті пайда болды. Сол 10 желтоқсанда Президенттің республикалық алмаз қорын құру туралы жарлығы шықты.

АТОМ АЖДАҺАСЫНЫҢ ҮНІ ӨШІРІЛДІ

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан үлкен ядролық арсеналға ие болды. Қаһарлы қарудың қуаттылығы әлем бойынша төртінші орынды алды. Алайда, еліміз саяси амбициядан бейбітшілікті артық көріп, ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Тәуелсіздік алғанға дейін де Қазақстан өзінің ядролық қарусыз ел екендігін жариялаған болатын. Ал, 29 тамызда Нұрсұлтан Назарбаев қырық жыл зауал төндірген Семей ядролық полигонын жабуға қол қойды. Қырық жыл ішінде полигонда 500-ге жуық жарылыс болып, мыңдаған адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтірді. Олардың жалпы қуаты 50 мегатоннадан асты. Радиация 1,7 миллионнан астам адам өмір сүретін аумаққа таралды. Полигонды жабуда «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменов айрықша рөл атқарды.

Бүгінде Қазақстан ядролық қауіпсіздік рейтингінде ең қауіпсіз елдердің қатарына кіреді. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл шешімі үлкен ерік-жігер мен зор батылдықты қажет ететін қадам. Осы арқылы Елбасы бүкіл әлемдік антиядролық қозғалыстың сенімді көшбасшысына айналды.

Тұңғыш Президент ядролық қарудан бас тартқаны үшін әлемдік ауқымды бастамаларды ұсыну құқығына ие болды. Еліміз ядролық қауіпсіздік жөніндегі әлемдік самиттердің барлығында өз саясатын белсенді насихаттап келеді.

ҒАРЫШҚА АПАРАР ЖОЛ

Байқоңыр ғарыш айлағы – ғылым мен техниканың тоғысқан жері. Қазірде ғарыш айлағы «Қазақстан-Ғарыш» бағдарламасының маңызды бөлігі болып табылады.

1991 жылы 2 қазанда тұңғыш қазақ Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты. Бұған дейін ғарыш айлағы Қазақстан үшін жабық болды. ҚР Тұңғыш Президентінің пікірінше, «Қазақ ғарышкерінің ғарышқа ұшатын уақыты келді. Мұны әділдіктің белгісі ретінде ғана емес, республиканың ғарышты игерудегі нақты қадамы және жас тәуелсіз мемлекеттің ғарышты игеруінің бастауы деп санауымыз қажет» .

Дәл осы күні халқымыздың жылдар бойғы арманы орындалды. Тоқтар Әубәкіров Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз ТМ-12» ғарыш кемесінің бортында австриялық ғарышкер Франц Фибек пен Анатолий Арцебарскиймен бірге ұшты. Экипаж мүшелері ғарышта жеті сағаттан астам уақыт болды. Жерге оралғаннан кейін Тоқтар Әубәкіровке  «Халық қаһарманы» атағы берілді.

ҚАЙТА ОРАЛҒАН ӘЗ НАУРЫЗ

Интернационализмді желеу еткен Кеңес Одағы ұлттық салт-дәстүрлерге қырын қарады. Наурыз мейрамына «ескіліктің сарқыншағымен күресу керек» деген желеумен рұқсат бермеді.  Мерекенің дінге қатысы жоқтығына қарамастан, тыйым салу қуғын-сүргінмен қатар жүрді. Қазақстанда наурыз мейрамы 60 жылдай уақыт тойланбады.

1991  жылы Нұрсұлтан Назарбаев «халықтық көктем мерекесі – Наурыз мейрамы туралы» жарлыққа қол қойып, оны ресми түрде бекітті. Сөйтіп, 22 наурыз мерекелік күн болып жарияланды. Тәуелсіз Қазақстанда алғаш рет 1992 жылы атап өтілді.

ӘЛЕМ МОЙЫНДАҒАН МЕМЛЕКЕТ

1992 жыл – Қазақстанның мемлекет ретіндегі қалыптасу кезеңіндегі күрделі жылдардың бірі болды. Ел дағдарысты қалай да еңсеріп, нарықтық экономиканың жағдайына бейімделіп өмір сүруге тиіс еді. Сол мақсатта дәл осы жылы дұрыс әрі тиімді болып шыққан маңызды шешімдер қабылданды.

Шын мәнінде, 1992 жылы мемлекетті дамытудың жаңа стратегиялық жоспарлары басталды. Мемлекеттік рәміздердің жариялануы, әлем елдерінің мойындауы мен алғашқы алтын құймалары сияқты жаңалықтар болды. Бірақ, 1992 жылы Қазақстанның жеткен жетістіктері бұл ғана емес.

Кейінірек Қазақстанның Тұңғыш Президенті өзінің «Қазақстан жолы» кітабында: «Бұл сол жылдардағы аласапыранда даму жолын түсінуге жасалған әрекет болды. Сондай-ақ, оны алғашқы үш жылға арналған мемлекеттік жоспар деп сеніммен айтуға болады. Енді өткенді еске түсірсек, бұл жоспар өмір сүру стратегиясына айнала отырып, діттеген мақсатына жетті. Үш жылдық жоспар біздің қандай екенімізді және таяу арада, болашақта қандай болатынымызды айқындап берді», – деп жазады.

1992 жылдың басы бағаның күрт шарықтауымен ерекшеленді.  Әрі қарай не боларын, не істеу керектігін ешкім білмеді. Мемлекет басшысы жедел арада маңызды шешімдер қабылдау керектігін түсінді.  Қаңтарда Президенттің елдегі бағаны ырықтандыру туралы жарлығы шықты. Бұл қадам нарықтық экономикаға көшу тұрғысынан маңызды болды. Өйткені, ол кездері тұрақты бағаны ұстап тұру мүмкін емес еді. Әрине, тауар бағаларының күрт қымбаттауы көптеген қазақстандықтардың қалтасын қақты. Бірақ, бағаларды ырықтандыру өнімдердің жаппай тапшылығын болдырмауға септігін тигізді

Жағдайға тарихи тұрғыда саралай қарасақ, Елбасы шешімдерінің дұрыс әрі тиімді болғанын ұғынамыз. Сауатты жүргізілген саясат Қазақстанның дамуы үшін қолайлы жағдай туғызды. Оған қоса,  еліміздің әлемге танылуына жол ашты.

Сонымен қатар, 1992 жылы 7 қаңтарда Қазақстан Ұлттық банкінде республикалық алтын және алмаз қорлары құрылды. 27 қаңтарда Қазақстан өзінің алғашқы жоғары сынамалы алтын құймасын өндірді. Оның салмағы 10,5 келі тартты. Бұл алтын қорын жинақтаудың басы болды.

Жас республика үшін мемлекеттік рәміздерді бекітудің маңыздылығы зор еді. Әрбір дербес елдің мемлекеттік рәміздері болуы тәуелсіздіктің басты шарттарының бірі. Сонымен, 1992 жылы 4 маусымда Президент Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран туралы заңдарға қол қойды.

Мемлкеттік рәміздерді әзірлеу байқауының ақтық сынында Елтаңбаның 254 нұсқасы және оның 67 сипаттамасы ұсынылғанын айта кеткеніміз жөн. Жұмыстың қаншалықты оңайға түспегенін осыдан бағамдауға болады. Ал, конкурстың қорытындысы бойынша сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтардың ұсынған нұсқасы ҚР Елтаңбасы болып бекітілді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші Шәкен Ниязбековтің ұсынған нұсқасы Мемлекеттік Ту болып бекітілді.

Баршамызға мәлім, сол кездері бекітілген Қазақстан Республикасының  Елтаңбасы мен Туы әлі өзгерген жоқ.Тек Мемлекеттік Әнұран өзгерді. 2006 жылы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Әнұранды қабылдау туралы бастама көтерді. Мемлекет басшысы «Менің Қазақстаным» әнінің мәтініне аздаған түзетулер енгізіп, мақұлдауды ұсынды. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев пен Жұмекен Нәжімеденов және Шәмші Қалдаяқов ҚР Мемлекеттік Әнұранының авторлары болып саналады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздің әлемдік аренада мойындалуы маңызды жетістіктердің бірі болды. 1992 жылы Қазақстан біршама халықаралық ұйымдарға мүшелікке кірді. Олардың қатарында ЕҚЫҰ, БҰҰ, ЮНЕСКО ұйымдары бар.

Отыз жыл ішінде еліміз бірнеше рет әлемдік қауымдастық алдында бейбітшілікті жақтайтындығын нақты қадамдарымен дәлелдеді.  Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан Республикасы әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартып, Семейдегі ең ірі ядролық сынақ полигонын жапты. Осылайша, мемлекеттік сыртқы саяси ұстанымын айқын көрсетті.

Нұрсұлтан Назарбаев ресми іссапармен Австрияда, Үндістанда, Пәкістан мен АҚШ-та болды. Айтпақшы, Қазақстанда алғаш рет өз елшілігін ашқан мемлекет АҚШ еді.  Ал, Қазақстанның алғашқы елшілігі Түркияда ашылды. Елбасының сыртқы саясаттағы стратегиясы 1992 жылдың 1 қазанына дейін 61 мемлекетпен дипломатиялық байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

Жылдық қорытынды бойынша, 108 мемлекет еліміздің тәуелсіздігін мойындады. Жетпіске жуық дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылды. Алматыда 19 мемлекеттің дипломатиялық өкілдіктері ашылды. Қазақстан Халықаралық қайта құру және даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Халықаралық валюта қоры сынды халықаралық институттардың құрамына кірді. Сондай-ақ, осы жылы халықаралық теміржол қатынастары дами бастады. Алғашқы жолаушылар пойызы Алматыдан Қытайдың Үрімші қаласына аттанды.

Этносаралық және дінаралық келісімдер Қазақстан тұрақтылығының іргетасын қалады. Елбасы экономикалық жобаларды жүзеге асыра отырып, рухани келісімдерге де қол жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1992 жылы 18 қазанда  Алматыда рухани келісімнің бірінші дүниежүзілік конгресі өтті. Оған әлемдік діни конфессиялардың өкілдері, танымал рухани көшбасшылар, АҚШ, Германия, Австрия, Швейцария, Италия және өзге де елдердің ағартушы қайраткерлері қатысты. Конгрестің қорытындысында манифест қабылданды.

29 қыркүйекте  Бірінші дүниежүзілік қазақтар құрылтайы, ал желтоқсанда Қазақстан халықтарының форумы өтті. Сондай-ақ, Президенттің «Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін құру туралы» жарлығы мен жаңа бұқаралық ақпарат құралдары мен екінші деңгейлі банктердің ашылуы туралы жарлығы шықты.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Атқарылған шаруаларға қарап, екі жылдың ішінде көптеген мәселенің түйіні тарқатылғанын көреміз. Тәуелсіздік жылдарында дер кезінде жасалған қадамдар бүгінге күнге жеткізді. Уақытты тиімді пайдалансақ, тарихымыз жетістікке, болашағымыз мүмкіндікке толы боларын түсіндік.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here