Ғылым – халықтың дәулеті, ілгері дамудың қайнар көзі

0
2525

Ғылым мен ғалым – қоғамның даму үрдісінің туындылары. Олар қилы қиын жолдан өтіп, қазір адамзат өркениетінің шешуші даму күшіне айналды. Көне дәуірдегі Платонның сәулелі санасынан бастау алған академиялық дәрістерден қуат алып, мыңдаған жылдар кейде лаулап, кейде сөне жаздап, шоғының бір ұшқыны Шығыста, одан соң Еуропада қайта маздап, бергі заманға жетті. Патшалық Ресейде, кейін Кеңес Одағы елдерінде жаңа серпінмен ілгері өрледі.

Кеңестік кезең әлем тарихының көзге ілінер-ілінбес нүктесіндей ғана болса да, ғылым мен ғалымды биік мақсатқа жұмылдыра білген, талай асуларды игерген әрі өз ортасында оқымысты қауымның бірнеше ұрпағын тәрбиелеген шақ ретінде одан мәңгі өз орнын тапты. Ғылымды дербес мекемелер арқылы үш жүйемен (академиялық, министрлік және жоғарғы оқу орындарындағы) қалыпты дамытты.

Ресей ғалымдарының пандемияға қарсы вакцина шығару жарысында ат оздыруы кездейсоқтық емес. Бұл кеңестік ғылымның қазірге жеткен жұрнағының, оның бұрынғы ұтымды ұйымдық қалпы мен тәжірибесінің көрсеткіші.

Сол тұста біздің республикада да үдере дамыған аграрлық академиялық ғылымның қалыптасу үрдісі академик Сәбит Байзақовтың жақында жарық көрген «Қазақстанда ауыл шаруашылығы ғылымдарын ұйымдастырудың академиялық түрлері» атты ғылыми еңбегінде жан-жақты қамтылған. Бұл – көлемді, тарихи деректерге негізделген, ұзақ жылдардағы ғылымды басқару жүйелерін зерделеп, жинақтап, тұжырымдаған, қоғамымыздың әлеуметтік-экономикалық даму барысындағы ғылымның орнын жан-жақты сараптамадан өткізген, кемеліне келген ғалымның толғанысынан туындаған монография.

Бұл еңбектің авторы уақытында республиканың екі академиясында да басшы қызметте болған ғалым. Оның осы тәжірибесі кітабының ауқымын кеңге салып, мазмұнын Қазақстандағы аграрлық ғылымдардың академиялық басқару түрлерін ғана зерттеумен шектемей, оның Ұлттық ғылымдар академиясымен (ҰҒА) байланысын және екі академияның даму сатыларын салыстыра отырып дайындауға жол ашқан. Сондықтан бұл кітапты республикада ғылымды академиялық басқару жүйесінің қысқаша тарихы десе де болады. Егер оған Сәбит Байзақұлының экономиканың басты салаларын басқаруды ұйымдастыруға байланысты тың да терең ойларын қоссақ, онда бұл еңбекті еліміздегі басқару жүйесін жетілдіруге де пайдалы туынды деп бағалауға тиіспіз.

Сәбит Байзақұлының бұл кітабында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа Жолдауымен, ақпарат құралдарында соңғы кезде жарияланып жүрген пікірлерімен үндес тұжырымдар да жетерлік. Соның бастысы – ғылым мен ғылыми-техникалық үрдісті әлеуметтік-экономикалық дамудың шешуші шарты және қозғаушы күші, оны әлемдік тәжірибе толық дәлелдеді деген ойы. Бірақ, сансыз рет қайталанып жүрген бұл қағида тек ғылымға даңғыл жол ашатын әрі толық мүмкіндік беретін факторлар толығынан сақталған жағдайда ғана іске асырылатынына ерекше көңіл аударған. Олардың қатарында Сәбит Байзақұлы ғылымды өтпелі саясаттан корғау, оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету, диалектика мен логика талаптарына сай жүйелі және кешенді түрде жүргізу, бәсекелестікке жол ашуды жеке-жеке атап, басқаларын аграрлық ғылымдардың тарихында елеулі із қалдырған ВАСХНИЛ-дің (Всесоюзная академия сельскохозяйственных наук имени Ленина) соңғы президенті, ірі ғалым А.А. Никоновтың мына сөздерімен айқындай түскен: «Ғылым – ілгері даму үрдісінің қайнар көзі, оны реформалау – қиын да күрделі, қайшылықтарға толы процесс. Сондықтан қоғамды дамыту жолдарын анықтауда ғылым қоғамдық сананың жеке түрі ретінде қаралып, оның ерекшеліктері басшылыққа алынуы керек. Ғылымның дамуына ашық пікір алысатын орта керек. Таланттардың ғалым болып қалыптасып, шыңдалуына демократиялық және мәдениетті орта қажет. Еркін пікірталас, ашық дискуссия ғана білім мен біліктілікті дамытады».

Өкінішке қарай, бұл факторлар біздің арғы-бергі заманымызда аз бұрмаланған жоқ. Кеңестік кезеңде де, одан кейін де олардың бірі орындалса, екіншісі ескерілмей жатты. Бұрынғы «саясатсыз ғылым жоқ» деген дәйек биология ғылымдарын, ал  «таптық ымырасыз күрес» және «социалистік реализм» талабы қоғамдық ғылымдарды аямай тежеді.

Осы келеңсіздіктер генетика ғылымдары бойынша бұрын алдына ешбір ел салмаған КСРО әлемдік жетістіктерден артта қалды. Тұлғалы ғалымдар қуғындалып, репрессияның құрбаны болды. Біздің республикада да оған басымдық беріліп, ол кейін ұлтымызға ауыр сын, тағылған үлкен мін болды. Осы ағымға кезінде атақты ғалымымыз Кәрім Мыңбаевтың да шырматылып қалғанын автор едәуір өкінішпен еске алады.

Ұмытылмайтын басқа дерек академик, тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің «Абайдың мұрасы – айтыстың тақырыбы» деген мақаласында келтірілген. Академияның тіл және әдебиет институты мен Жазушылар Одағының бірлескен отырысы 1951 жылы мамыр айында өтіп, үш күнге созылған екен. Онда талқыланған әңгіменің арқауы – Абай және Абайдың шығармалары туралы жарияланған еңбектерге социалистік реализм тұрғысынан баға беру. Әшкереленгендер – Мұхтар Әуезов, Алаш қозғалысының арыстары, белгілі қоғам қайраткерлері. Жиналыста қорытынды сөз сөйлеген Академия президенті Қаныш Сәтбаев: «Бұл талқылау – Академия президиумы бекіткен жоспар бойынша ұйымдастырылған ашық дискуссия, шығармашылықтағы бәсекелестік, айтыс. Объективті және тәуелсіз сын болмаған жерде ғылым тоқырауға барады. Абайтану саласы салыстырмалы түрде алғанда жас ғылыми бағыт, соған қарамастан оның жетістіктері елеулі. М. Әуезовтің романы Қазақ совет әдебиетінің, жалпы советтік әдебиеттің роман жанрындағы мақтанышы. Оның жоспарлап отырған еңбектеріне сәттілік тілеймін», – деген екен.

Қаныш Сәтбаевтың осы даналығы мен батылдығына қалай сүйсінбейсің?! Бірақ, сол жылы ол кісі қызметінен босатылды. «Кім ұтты, кім ұтылды» деп ойлайсың да, оның ар жағында «өтпелі саясат ғылым әлеміне зиянын тигізбесе, ол қалай құлпырар еді» деп қиялдайсың.

Академик Л.И. Абалкин дәл осындай тағы бір маңызды мәселе болып табылатын ғылым мен өндірістің арасындағы байланыстың осалдығын қоғамның социалистік негізінен емес, оның басқару жүйесінің икемсіздігінен көретінін және бұл тұжырымды Қытай экономикасының реформалардан кейінгі қарыштап дамуы толық дәлелдеп бергенін ашық айтты.

Кеңестік дәуірде қалыптасқан жағдайдан егемендік алғаннан кейін де толық арыла алмай, ғылымда жүргізілген реформа кезінде де ғалымдардың ойы мен пікіріне аса көңіл бөлінбеді. Бұл жағдай ғылымның да, білім берудің де деңгейін едәуір төмендетті. Ақыр соңында «конституциялық құрылым емес», «кеңестік анахронизм» деген желеулермен ғылым академиялары да жабылды.

Өткен жылы Ресейдің бір телеарнасынан берілген Нобель сыйлығының лауреаты, академик, атақты физик Жорес Алфёровтың Санкт-Петербург қаласының тұрғындарымен кездесуі ойға оралады. Сонда Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының бір депутаты ғалымға «Ресейдің  экономикасы тығырықта, осыдан шығу жолын айта аласыз ба?» деген сауал қойды. Жорес Алфёров оған экономика саласымен шұғылданбайтынын, бірақ оның шешу жолын ғылымнан іздеу керектігін айтып, жоғарыда келтірілген тұжырымдардың орынды екеніне тағы бір көңіл аударды.

Сәбит Байзақұлының мәліметіне қарағанда, республикада академиялық ғылымдарға жауапты мекемелер жұмыстарын әртүрлі уақытта бастағандарымен, қызметтерін Ұлттық ғылым академиясы мен Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы түрінде бір күнде (11.03.1996) тоқтатқан және олар өте күрделі жолдан өткен. Тіпті, ұйымдық жағынан өте әлсіз кездерінде де үлкен істерді абыроймен атқарған. Мысалы, ҰҒА-ның негізінде жатқан КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде оған қажет бүкіл қорғаныс құралдарын жасайтын шикізат көздерін іздестіріп іске қосуды аса зор қиындықтар жағдайында атқара алған. Бірақ, сол кезде (1943) Кеңес үкіметі Армения мен Өзбекстанға академия ашуға рұқсат беріп, олардың қатарына Қазақстанды қоспаған.

«Әрине, ол шешім республикалардың ғылыми-мәдени дамуларының деңгейін ғана есепке алған, ал ғылым академияларының ғылымды жеделдете дамытып, әр елдің табиғи байлығы мен басқа потенциалдарын олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайларын көтеруге бағытталған маңызды міндетін ескерусіз қалдырған шешім болды. Шын мәнінде, біздің республикада ғылымның осы жүгінің өзі Қазақ ғылым академиясын 1946 жылы емес, одан едәуір ертерек, 1939-1943 жылдар аралығында ашуға салмақты негіз бола алатын еді», – дейді автор.

Осыларға қарамай іргелі академиялық құрылым республикада алғашқы ұйымдық (академиялық орталық, 1922) деңгейінен бастап, 81 жыл сатылап өрлей алып, өзінің жабылған күніне дейін ел игілігіне ауқымды және нәтижелі қызмет еткен. Оның қарамағында сегіз мыңға жуық адам, олардың ішінде 4 мыңдай ғылыми қызметкер, 406 ғылым докторы, 1 775 ғылым кандидаты, 54 академик, 144 корреспондент-мүшесі қызмет істеді. Олар академияның 7 бөлімшесінің, 42 ғылыми-зерттеу институтының, 3 ұлттық және 3 ғылым орталықтарының қызметін қамтамасыз етіп отырған.

Уақытында Академия ғалымдарының еңбегі 7 адамға Социалистік Еңбек Ері, 8 адамға Ленин сыйлығы, 47 адамға КСРО-ның, ал 100 адамға Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты сияқты атақтарын алуға мүмкіндік берген.

Сәбит Байзақұлы соңғы жылдарда осы академия төңірегінде қозғалған сын сөздерді айналып өтпей, олардың кейбірі бойынша өз ізденісін жүргізген. Мысалы, оған мүшелікке жастары ұлғайып кеткен ғалымдар қабылданады деген әңгіменің анық-қанығына жету үшін ол 1946 жылы алғаш құрылған Академия мүшелерінің орта жастарын оның 1996 жылғы мүшелерінің орта жастарымен салыстырған. Айырмашылық корреспондент-мүшелер бойынша 3,5, ал академиктер бойынша 3,2 жас болып шығыпты. Бірақ, бұл айырмашылықтар үшін біреулерді кінәлауға болмайтынын, себебі олар өткен жарты ғасырда осы бағытта пайда болған докторлық диссертацияны қорғауға кезекке тұруға, Жоғары аттестациялық комиссияның шешімі шығып, диплом алуға, академиялық конкурс жариялауы мен сайлау өткізу мерзімін күтуге кететін уақытқа байланыстығын келтірген.

Академияға жиі айтылатын екінші сын – ғалымдардың бір тақырыпты ұзақ зерттеуіне байланысты. Оны автор бір жағынан орынды, ал екінші жағынан орынсыз пікір санайды. Сынның орындылығы ғылыми жұмыстардың бұрынғы жылдарда жүргізілген жоспарларын кейінгілерімен салыстырғанда бірнеше тақырыптар бойынша анықталған. Ал, оның орынсыздығы тақырыптарды зерттеудің тереңдігінде көрінеді. Өйткені, ізденіс кезінде бұрынғы тақырып жаңа маңызды проблемаларды ғалым мен ғылымның алдына қоятыны жиі кездеседі. Мұндай жағдайда іргелі ғылымға жататын тақырыптарды жалғастыра түскен де, оны қолдаған да орынды деп тұжырымдаған.

Сәбит Байзақұлы республикада ауыл шаруашылығы ғылымдарын академиялық басқару құрылымдары іргелі ғылымдарды басқару құрылымдарына қарағанда әлдеқайда тұрақсыз болғанына көңіл аударады. Тіпті, Ленин атындағы ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының (ВАСХНИЛ) өзін құру туралы сөздер 1918 жылы басталғанымен, тек 1929 жылы «басты ғылыми-зерттеу ұйымы» ретінде ғана ашылған. Оның мүшелерін Үкімет сайлап отырған, ал толық академиялық хақысын тек 38 жылдан кейін (1956) ғана бекіткен. Оған ВАСХНИЛ-ді Кеңес үкіметінің өз қарамағынан шығарып, 1930 жылы КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігіне беріп жіберуі себеп болғанға ұқсайды.

ВАСХНИЛ Қазақстанда 64 жыл (1932-1992) ішінде 6 түрлі ғылымдық-ұйымдық басқару түрін – екі рет филиал, бір-бір реттен республикалық және аумақтық бөлімшелер, екі рет салалық академия құрып, таратқан. Бұл құрылымдар небәрі 49-ақ жыл жұмыс істеген. Оларды жабу мен қайта қалпына келтірудің арасында бірнеше жылдар өтіп, жинаған тәжірибелері мен кәсіби қызметкерлері талай далада қалып, бәрін жаңадан бастау керек болған.

Мұндай жағдайда ғылымның әлеуметтік-экономикалық дамуға әсері түгіл, оның өз жағдайы адам ойына аяныш сезімін орнатады. Оны әртараптандырып, барлық салаларын дамыған елдердің ғылыми мекемелерінің деңгейіне көтеру орындалмас арман болып қала беретіні күмәнсіз. Дейтұрғанмен, аграрлық академиялық құрылымдар соған қарамастан республиканың ауыл шаруашылығына мол мүмкіндіктер жасап берген: жаңа сорттар мен асыл тұқымды малдар шығарған, ұтымды техникалар мен технологиялар кіргізген, тиімді экономикалық шешімдер ұсынған. Республикада тың және тыңайған жерлерді игерудің өлшемсіз үлкен жұмысын атқару құрылым деңгейі орташа ВАСХНИЛ-дің Қазақ филиалының мойнына жүктеліпті. Ол бес жыл бойы (1953-1957) көлемі мен тосындығы жағынан Одақ көлеміндегі ешқандай ғылыми мекеме атқарып көрмеген жұмысты кез келген келелі академияларға бергісіз табандылықпен атқара білді.

Өкінішке қарай, бұл жолы да Кеңес үкіметі тыңды игеру қарсаңында республиканың басшыларын өзгертіп, жоғарыда көрсеткен филиалдың мәртебесін көтеруді қажет деп таппаған.

Орайы келгенде айта кету керек, автор академик Ізтілеу Әбуғалиевтің сөзіне қосыла отырып, тың мен тыңайған жерлерді игерудің басты марапаттары мен құрметті атақ-дәрежелері Бүкілодақтық астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарына бұйырып, оған алғашқы күннен бастап үлкен еңбек сіңірген Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының, Қазақ топырақтану институтының, басқа да сондай мекемелердің қызметкерлері атаусыз қалғаны әділетсіздік болғанын айтады.

ВАСХНИЛ 1957 жылы ашылған ҚазАШҒА-ны төрт жылдан кейін қайта жауып тастап, оның 30-ға жуық мүшелерін не өзіне, не республика ғылым академиясына тіркемей, далада қалдырған. 40 жыл бойы Қазақстан ғалымдарын мүшелікке тартуға да ешқандай көңіл аудармаған. Оның құрамына алғаш рет тек 1972 жылы 3 ғалым өтіп, 1992 жылы олардың жалпы саны 16 адамға әзер жеткен.

1984 жылы ауыл шаруашылығының академиялық ғылымы мен барлық өндіріс салалары Одақ бойынша жаңа ашылған КСРО-ның Мемлекеттік агрөнеркәсіптік (Госагропром) комитетінің қарамағына берілді. Бірақ, бұл мекеме аумағы өте шағын Молдова мен Грузияда өткізілген экспериментте жақсы жағынан көрінгенімен, жері үлкен, инфрақұрылымдары шамалы дамыған Ресей Федерациясы, Қазақстан, Украина, Өзбекстан секілді республикаларда оң нәтиже бермей, бес жылдан кейін жабылып қалған.

Одан бір жылдан кейін (1990) Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы (ҚазАШҒА) ашылып, оның қарамағына барлық аграрлық салалардың ғылыми-зерттеу мекемелері берілді. Олардың жалпы саны 1993 жылы 78-ге, ал қызметкерлері 6,8 мыңға жетті. ҚазАШҒА қызметкерлерінің саны бойынша ҰҒА-ға жақындап, мекемелерінің саны жағынан одан 80%-ға асып түсті. Сол уақытта республикада 35,2 млн гектар жерге егін салынатын, ірі қара малдың саны 9,8 млн басқа, қой мен ешкінің саны 36,2 млн басқа, ал жылқы 1,6 млн басқа жеткен. Оларды 2 120 совхоз бен 408 колхоз өсіретін.

Осынша ғылыми-өндірістік потенциал күрделі де ұзақ нарыққа өту үрдісін, жекешелендіру науқаны мен экономикалық тоқырауды шашылмай-төгілмей аттап өте алмайды. Көбі мейлінше азайды, азы таусылды. Әсіресе, асыл тұқымды мал басы күрт кеміп кетті. Бірақ, оларға академиялық ғылым ғана кінәлі дей алмайсың. Оның өзінің мекемелері де қысқару мен бір-біріне қосудан ойсырап қалғаны келтірілген.

Бұрындары қол жеткен аграрлық көрсеткіштер, көлемдері мен деңгейлері осы күнге дейін қарасын көрсетер емес. Біреулер «оларға жетемін деп әуреленіп керегі не және оған қажеттілік те жоқ» деген пікір айтуда. Автордың ойынша, бұл кедейліктен арылтпайтын қате пікір. Экономика ғылымының қағидаларына жүгінсек, дамыған елдердің қатарына көтерілу шектелген ресурстарды (еңбек, жер, су, өндіріс қуаты, ғылым жетістіктері) толық және ұтымды пайдалану арқылы ғана іске асырылады және ол «Қазақстан-2050» Стратегиясында басты мақсат ретінде келтірілген.

Қазіргі кездегі халықтың 42%-ы ауыл тұрғындары, жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орындамыз, соған қарамастан аграрлық салалардың ішкі өнімнің 4,4%-ына ғана ие болуы бұрын жеке-жеке жұмыс істеген бес министрліктердің (ауыл, астық дайындау, балық, орман және су шаруашылықтары) қарамағында болған кәсіпорындар мен өндірістердің өз потенциалдарын жеткілікті деңгейде аша алмай отыруларының, жұмыс орындарының аздығының, еңбектің құнсыздығының, өндірілген шикізатты өңдеу құрылымдарының дамымағандығының, инвестициялық қызметтің сәйкесті жүргізілмегендігінің, ауылда тауар өндірушілерге қолайлы жағдай жасалмағандығының, жеке шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылық кәсіпорындарының ауыл тұрғындарының өз өнімдерін нарыққа тіке шығара алмайтындығының, делдалдарға тәуелді екендігінің көрсеткіші. Сондықтан аграрлық кешенді ғана емес, өндірістің барлық салаларын молшылыққа жетелейтін, тұрмыстық жағдай мен мәдени деңгейді көтеріп, қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған жол іздеу – республика ғылымының басты міндеті. Бірақ, бұл проблемалардың кілті біреу емес – бірнешеу, ал олардың ең негізгісі – өндіріс салаларын ұйымдастыру мен басқару ісіне барып тіреледі.

Солай бола тұрса да, бұл мәселеге біздің елде ұзақ жылдар көп мән берілмей, басқару жүйесі көбіне жоғарыда келтірілген Кеңес заманынан қалған және сәтсіз тәжірибе ретінде танылған Госагропром комитетін ұйымдастыру тәсілі арқылы құрылып келеді. Бірнеше айқын кемшіліктеріне қарамай бұл әдіс қаржы үнемдеудің жалғыз жолы ретінде әлі де өміршеңдік көрсетуде. Оған мысал ретінде мектепке дейінгі дайындықты, жалпы орта білім мен орта кәсіби білім беруді, жоғарғы мектеп пен ғылымды әртүрлі ерекшеліктері мен деңгейлеріне қарамай біріктірген Білім және ғылым министрлігін, бір-біріне  жанаспайтын балық, орман, су шаруашылығы мен екі басқа саланы қосып алған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігін атаған.

Елімізде күштік және денсаулық сақтау салаларынан басқа министрліктердің бәрі бір-біріне мінгескен салалардан тұрады. Оларды салалардың ерекшеліктеріне бейімделген, өз кәсіби мамандары мен заманауи құралдары бар классикалық министрліктер дей алмайсың. Мұндай құрылымдарды Үкімет пен жеке салалардың арасына кіріп алған, олардың келелі мәселелерін жылдам шешуге кедергі келтіретін, көпфункциалы, сондықтан пайдасынан зияны көбірек «кіші үкімет» деген орынды болар. Бұл «кіші үкіметтердің» басшылары өзіне жақын салалардан басқа салалардың деңгейін басқару жүйесінің үшінші, кейде төртінші деңгейіне дейін төмендетіп, қатардағы басқармаға айналдырып, ал олардың басты қызмет орындарына кәсіби біліктілігі төмен, не мамандығы жоқ адамдар алынғандығы белгілі. Нәтижесінде мұндай министрліктердің құрамына кірген барлық салалардың өндірістік мамандылығы, басқа көрсеткіштері мен тиімділіктері төмендеп, кәсіби кадрлары азая бастайды. Осы ойларын автор өзі 50 жылдан аса зерттеп жүрген орман шаруашылығы саласындағы өзгерістер арқылы дәлелдеген.

Бұл саланы реформаға дейін 21 жыл (1972-1992) бойы 145 орман мекемесінде істейтін 28,5 мың қызметкері бар жеке министрлік басқарған. Онда басқарушы жұмыста 2,7 мың жоғары білімі бар кәсіби орман инженерлері болған. Ал, 22 жыл (2013) өткен соң, ол Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитетіне айналып, оның қарамағындағы мекемелер саны өзгермей, қызметкерлер саны 13,5 мың адамға дейін кеміп, басқару жұмысындағы адамдардың (2,4 мың) жартысына (48,7%) жуығы не орман, не аң шаруашылығына қатынасы жоқ кісілер болып шыққан.

Мұндай жағымсыз өзгерістер кезінде ауылды аумақтарда өз жұмысын орман шаруашылығы секілді министрлік дәрежесінде нәтижелі жүргізген, кейін ол статустарын жоғалтып, соңғы 28 жылда бір министрліктен екінші министрлікке 12-13 рет ауыстырылып, қақпақылға түскен екі салада да (балық және су шаруашылығы) орын алғаны сөзсіз.

Егер оларға нарық жағдайында көңіл көбірек бөлініп, жер бетіндегі адамның өзінен басқа барлық тірі табиғат пен оның байлықтарына жауапты бірінші дәрежедегі салалар ретінде танылған болса, жоғарыда көрсетілген кемшіліктерден басқа киіктер мен су қорының да, бекіре мен басқа балықтардың да, дәрілік өсімдіктердің де орасан көп кеміп кетуіне жол берілмес еді.

Академик Сәбит Байзақұлының бұл еңбегі – үлкен туынды, көлемі 350 бет, пайдаланылған әдебиет көздерінің саны – 249. Онда аграрлық ғылымның қарқынды да нәтижелі дамуы кеңестік кезеңге келетіні, оған ерекше үлес қосқан атақты ғалымдар Н.И. Вавиловтың, И.И. Ивановтың, К.И. Скрябиннің, А.В. Чаяновтың, Д.Н. Прянишниковтың, А.А. Никоновтың өмір жолдары, ғылыми ізденіс нәтижелері, ұйымдастырушылық тәжірибелері өте тартымды суреттелген.

Ол ВАСХНИЛ-дің Қазақстандағы филиалы 1932 жылы құрылғанда, оның бірінші басшысы болып мал шаруашылығы ғылымының көрнекті өкілі Е.Ф. Лискун, кейінгі жылдары Х.Д. Чурин,  К. Мыңбаев, Д.А. Зыков, А.Д. Дауылбаев, т.б. басқарғанын, оның өсіп-өрлеуіне академиктер Қ.И. Сәтбаевтың, К. Мыңбаевтың, К. Бабаевтың, Д.А. Зыковтың, А.Д. Дауылбаевтың, Х.А. Арыстанбековтің, В.А. Бальмонттың, В.П. Кузьминнің, А.И. Бараевтің, К.Ә. Сағадиевтің, Ғ.Ә. Қалиевтің ерекше еңбек сіңіргенін зор ықыласпен баяндаған.

Сонымен қатар, Сәбит Байзақұлы Кеңестік заманнан осы кезге дейін шешімі табыла қоймаған ғылым мен өндірістің арасындағы байланыстың осалдығын, соңғы кезде ғылым саласында сәтсіз жүргізілген реформаның ғалым мен ғылымның беделін түсіргенін, ғылымға қатысы жоқ адамдар диссертация қорғап, ғылыми атақтарға ие болуы ғылымды құнсыздандырып жібергенін ашық айтқан.

Сәбит Байзақұлы академиялық ғылымның өткені мен келешегіне байланысты мынандай түйіндер мен болжамдар жасайды:

– Ғылым академиялары – мемлекеттің қолдауына сүйенген Кеңес заманының құрылымы мен мақтанышы. Олар біраз еркіндік пен демократиялық қызметтің лебін нарыққа көшер кезеңнің бас кезінде (1991-1994) ғана сезді;

– Ғылым академиялары мен олардың ғылыми-зерттеу мекемелері өздеріне жүктелген ғылыми ізденістерді жүргізу, нәтижелер алу және ел интеллигенциясының негізін құрайтын бірнеше буын ғылыми элита өсіру міндеттерін толық орындады;

– Ғылымды академиялық жолмен ұйымдастырудың республикадағы келешегі әзірге тұманды. Ғалымдардың өсуіне және ғылыми элита тәрбиелеуге жол ашатын академиялық жүйе мен орта жойылып кетті. Оларды кәсіпкерлік арқылы дайындау әзірге жақсы нәтиже берген жоқ. Оған, тіпті, өз кәсіби және салалық ғылымды дамытудағы міндеттерін де анықтай ала алмайтын, жылына өзгеріп жататын министрліктердің де шамасы келетін емес;

– Ғылыми элитаны даярлау мүмкіндігі тек жоғарғы оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында ғана қалды. Бірақ, оларда қызмет істейтін ғылым кандидаттары мен докторлары жастарына байланысты өзгерген кезде бұл мүмкіндік те азайып қалуы ықтимал;

– Жақын уақытта жеке кәсіпорындар да, кәсіпкерлер қауымы да ғылымды дамытуға жеткілікті түрде күш салуы неғайбыл. Өйткені, олар дамыған елдердің ғылыми-зерттеу немесе жобалау орталықтары бар алып корпорациялардың деңгейіне әлі жеткен жоқ;

– Мұндай жағдайда ғылымды нақты дамыту университет қабырғаларында жүргізілетін шығар. Бірақ, техникалық және кадрлық мүмкіндіктері ғылым мен өндірістің көп салаларын қамти алмайды. Сондықтан бұл факт ғылыми-зерттеу мекемелерін жоғарғы оқу орындарына (университеттерге) беруді жеделдетуі ғажап емес;

– Ғылым басқа жолмен де дамып кете алады. Мысалы, бұрын баяу дамыған медицина ғылымы мен практикасы соңғы 5-8 жыл ішінде Денсаулық сақтау министрлігінің құрамында жақсы қарқын алды. Осы себепті ғылыми-зерттеу мекемелері жеке салалық министрліктер мен ведомстволарға қарап кетуі де әбден мүмкін;

– Тіпті бір жағдайлар өзгерген кезде ғылым академиялары да қайта ашылуы мүмкін. Бірақ, олар бұрынғы іргелілігі мен кешенділігін қайтара алмас;

– Қандай жағдайда да елде ғылымды дамыту Үкіметтің басты міндеті болып қалатыны сөзсіз.

* * *

Осы мақаламды бітірген соң кітап авторына барып, оған кірмей қалған тағы қандай ойлары барын, бар болса олар не туралы екенін сұрадым. Сонда ол жалпы ризашылығын білдіре отырып, монографиясына материалдарын 30 жылға жуық жинағанын, қолына түскен ақпарларды онда толық пайдаланғанын және 500-ге жуық осы бағытта жиналған ғылыми мақалалар мен 90-ға жуық ғалымның ғылыми өмірбаяндарын бес томға жинақтап, орталық кітапханалардың біріне тапсыруға даярлап қойғанын айтты. Менің сауалыма байланысты жеке ізденістерінен туындаған ойлары жоқ емес, бірақ оларға кейінірек оралатынын ескертті.

«Дәл қазір Қадыр Мырза Әлінің «Жазмышына» көңіл аударғым келеді. Мыңдаған кітап тауысқан, жер бетіндегі ақындығы көп ғалымдар мен  ғалымдығы мол ақындарды бес саусағындай білетін энциклопедист ақын осы кітабының соңғы он бетіндегі толғанысында ғылымды тілден де, діннен де жоғары қойыпты. Ол: «Белгілі бір халықтық қазына есептелетін тіл емес, белгілі бір региондық саналатын дін емес, ғылым бүкіл халықтарға, бүкіл ұлт атаулыға ортақ интернационалды дәулет», – депті. Қандай тың, қандай ғажап, ойға келмейтін салыстырмалы таңдау. Неткен көрегенділік. Бір қарағанда көпшілікті шошытатын сөз. Тереңірек үңілсең – шындық сол. Осы толғанысын республикадағы ғылым жағдайымен жалғастыра келе, айтулы ақын шет елдерге оқуға жіберілген жастар жөнінде «Солардың бәріне болмағанмен, жартысынан көбіне күдігім бар. Олар ұлы ғалымдардың мұрагері бола ала ма, әлде әкімдер мен қалталылардың ұл-қыздары болып қала бере ме, кім біледі» депті. Бұл мәселені мен кітабымда қозғаған жоқ едім. Шынында, сырттан оқып келген топтың алды қазір елу-елу бестерге келіп қалды. Ал, олардың арасында елге ғылым арқылы танылғаны некен-саяқ. Сондықтан ол топтың академиялық ғылым элитасының негізін құруын ұзақ күтуге тура келетін шығар», – деп сөзін аяқтады Сәбит Байзақов.

Ғалымның монографиясы мен ойын тұжырымдайтын болсақ, Сәбит Байзақов ғылым – халықтың дәулеті, ілгері дамудың қайнар көзі екенін мойындап, білім мен ғылымды аса жоғары бағалай білген хәкім Абайдың даналығына бас игізеді. Ғылымды әлеуметтік-экономикалық дамудың қозғаушы күшіне жеткізу – сәулелі санасы барлардың басты мақсатына айналуы керек.

Ғалижан МӘДИЕВ, экономика ғылымының кандидаты, ҚазҰАЗУ профессоры

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here