Әлемдегі ең қымбат бес саяхат

0
2951

Мұхит түбіне батқан әйгілі «Титаник» кемесіне саяхат жасау биылғы жылға жарияланды. Турдың құны Алматыдағы үш бөлмелі пәтердің бағасына пара-пар. Қарапайым халық үшін қымбат болса да, бұл ең қымбат саяхат саналмайтынын айта кеткен жөн. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті әлемдегі ең қымбат әрі ерекше экскурсиялардың рейтингісін түзді.

  1. ҒАРЫШҚА САПАР ҚҰНЫ – 42 МЛН ДОЛЛАР

Әрбір адам бала күнінде ғарышкер болуды армандаған шығар. Бүгінде қалтаңыз көтерсе, ғарыш әлемін көзбен көріп, сол бала арманыңызды орындауға мүмкіндігіңіз бар.

Ғарышқа ұшу – ең ерекше саяхаттың бірі әрі құны бойынша да туристік қызметтер нарығының абсолютті көшбасшысы. Ғарышқа сапар билетінің құны – 42 млн доллар, ұлттық валютаға шаққанда 17,8 млрд теңге. Бұл – еліміздегі бір шағын қаланың жылдық бюджеті.

Ғарышта туристер ретінде жеті адам болып келді. Сол VIP-саяхатшыларға қосымша қызметтер ұсынылады. Мәселен, қосымша 3-4 млн доллар төлесеңіз, ғарыш кеңістігіне шығасыз.

Британдық миллиардер Ричард Брэнсонның Virgin Galactic ғарыш компаниясы суборбитальды ұшуға билеттер сатуды қайта бастады. Бұл туралы компания сайтында хабарланды. Келесі рейс осы күзге жоспарланған. Ұшу құны 450 мың доллардан басталады. Бүгінде 600 саяхатшы ғарышқа ұшуға ниеттеніп отыр. Дегенмен, ғарышқа ұшатын туристер аукцион арқылы анықталады.

Компания бұған дейін Нью-Мексикадан екі рет суборбитальді ұшуды сәтті аяқтады. Олардың соңғысы 11 шілде күні толық экипаж құрамымен өтті. Бортта 70 жастағы Ричард Брэнсонның өзі және компанияның тағы бес қызметкері болды.

Миллиардер Брэнсоннан кейін ғарышқа өз кемесімен екінші болып ұшқан Amazon компаниясының негізін қалаған миллиардер Джефф Безос. New Shepard ғарыш кемесінің бортында жасалған 10 минуттық саяхат 20 шілде күні жасалды. 57 жастағы миллиардермен бірге ағасы Марк, 82 жастағы ұшқыш Уолли Фанк және Blue Origin компаниясының алғашқы клиенті Оливер Деймен ғарышқа аттанды. 18 жастағы Оливерге билетті әкесі Джос Деймен сыйлаған. News Shepard кемесінің орнын алу үшін инвестбанкирдің қанша ақша шығындағаны белгісіз. Дегенмен, Оливер Деймен аукционда билетті 28 млн долларға сатып алған адамды алмастырғаны мәлім.

Британ миллиардерінің ғарыштық қызметтер көрсету нарығында елеулі бәсекелестері бар. Әсіресе, ресейлік «Роскосмос» оған бәсекелес компания саналады. Туристік нарықтың тағы бір ойыншысы – АҚШ-тағы SpaceX компаниясы. Илон Масктың компаниясы 2023 жылы Айға алғаш рет туристік сапар жасайтындарын мәлімдеді. Бұл рейске билетті жапон миллиардерінің сатып алғаны жөнінде ақпарат тарады.

  1. МАРИАНА ШҰҢҚЫРЫНА САПАР ҚҰНЫ – 100-200 МЫҢ ДОЛЛАР

2020 жылдың басында халықаралық Eyos Expeditions компаниясы Тынық мұхитының батысындағы Мариана шұңқырына сүңгу үшін алғашқы туристік сапарды жариялады. Саяхатшылар ғалымдардың экспедициясына қосылады. Титан қорытпасынан жасалған сүңгуір қайықтың бортында үш саяхатшыға арналған орын бар. Сапар құны 100-200 мың долларды құрайды.

Жердің ең терең нүктесіне (10 928 метр) саяхат жасау жазға жоспарланған болатын. Бірақ, коронавирус жоспарды жүзеге асыруға кедергі келтіріп, экспедиция мамыражай уақытқа қалдырылды.

Ұйымдастырушылардың жоспары бойынша, саяхат сегіз күнге созылмақ. Су түбіне сүңгу шамамен төрт сағатты алады.

  1. ӘЛЕМДІК КРУИЗ ҚҰНЫ – 11-256 МЫҢ ДОЛЛАР

Мұхит лайнерімен әлемді аралату қызметі құны бойынша екінші орынды, ал VIP-клиенттерінің саны бойынша бірінші орынды алады. Круиздік компания менеджерінің айтуынша, ең арзан бір адамдық билет құны – 11,8 мың доллар. 140 түндік ең қымбат билет 256 мың долларға сатылған екен. Бірақ, 2023 жылы болатын рейске 140 түндік билет 113 мың долларға сатылды. Ал, 2021 жылға билеттер жоқ.

«Қазір 2022 жылы мен 2023 жылы болатын рейстердің билеттері сатылып жатыр. Биылғы жылға саяхатты жоспарлау тым кеш. Кейбір елдерде коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі енгізілгендіктен, өзге елдер азаматтарының кіруіне шектеу қойылғандықтан круиздік компаниялар 2021 жылдың қаңтарына жоспарланған рейстерді 2022 жылдың қаңтарына ауыстыруға шешім қабылдады», – деп түсіндірді компания өкілі.

  1. ЕҢ БИІК ШЫҢҒА ШЫҒУ ҚҰНЫ – 32-160 МЫҢ ДОЛЛАР

Жоғарыда аталған Мариана шұңқыры Жердің ең терең нүктесі болса, Эверест тауы – Жер бетіндегі ең биік шың. Ұйымдастырушылар биіктігі 8 848 метрге жететін тауға саяхаттау құнын жыл сайын көтереді. Алайда, экстремал әуесқойларды альпинизм бағасы да, ондағы өлім-жітімнің көп болуы да тоқтата алмайды.

Альпинизмге сұраныс тұрақты болғандықтан, клиенттеріне жоғары бағада VIP-қызметтер ұсынатын бірнеше туристік компаниялар нарыққа шықты. Непалдық Seven Summit Treks компаниясы сапар құнын аспанға көтеріп жіберді. VIP-тарифіндегі өрмелеу құны 160 мың доллар тұрады. Егер 160 мың доллар төлесеңіз, базалық лагерьде сізге жеке наубайхана мен бар, душ пен дәретхана беріп, жеке фотограф тағайындайды. Егер қолайсыз жағдай орын алса, келетін эвакуациялық тікұшақтың бағасы да 160 мың доллардың ішіне кіреді. Ал, ең арзан экспедицияның бағасы 32 мың долларды құрайды.

  1. «ТИТАНИККЕ» САЯХАТ ҚҰНЫ – 125 МЫҢ ДОЛЛАР

АҚШ-тың OceanGate Expeditions компаниясы туристерді Атлант мұхитының түбінде жатқан «Титаникке» бірнеше рет апаруға тырысты. 1912 жылы мұзтаумен соқтығысқан круиздік кеме 3 750 метр тереңдікте жатыр.

Жоба бір рет сәтсіздікке ұшырады. Екі жыл бұрын ауа райының күрт нашарлауы жоспарға кедергі келтірді. Соның салдарынан жобаны жүзеге асыру ыңғайлы уақытқа қалдырылды. Ал, 2020 жылдың қарашасында жобаны қайта қолға алатындарын хабарлады.

OceanGate Expeditions  компаниясының президенті Стоктон Раш 2022 жылы экспедицияны қайта бастап, туристерді апта сайын «Титаникке» жіберуді жоспарлап отырғандарын мәлімдеді.

Экскурсиялар мамыр мен қыркүйек айларының аралығында бес адамнан құралған командамен өтеді. Капитан, ғалым және үш турист болмақ. Сегіз күндік саяхат Канаданың Сент-Джонс қаласынан басталады. Билет құны – 125 мың доллар. Батқан кемеге саяхаттау бағдарламасы 6-8 сағатқа есептелген.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Саяхат жасау адамның таным көкжиегін кеңейтіп, өмірдің рахатын сезінуге көмектеседі. Біз ең қымбат, ең ерекше саяхаттардың рейтингін түздік. Алайда, Эйнштейн айтқандай, ақшаға сатып алуға болатын дүниелер өмірдің кереметтері емес…

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here