Қайтқан малда қайыр бар немесе елге қайтқан қыруар ақшаны құраған активтер

0
2362

Елімізде 2023 жылдың қыркүйегінде Қайтарылған активтерді басқару компаниясы құрылды және басқарушы компания берген активтерді Басқару ережелері бекітілді. Сондайақ, «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» ҚР Заңын іске асыру үшін қажетті заңнамалық база қабылданды. Соның негізінде Арнаулы мемлекеттік қор – арнайы шоты ашылды. Соған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков және ҚР ҚМ Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Бақытбек Тәшенев өздерінің ойымен бөлісті.

Елге көлемі 1,5 трлн теңгені құраған активтер қайтарылды

Нұрдәулет Мықтыбекұлының айтуынша, 2022 жылдан бері 1,5 трлн теңге көлемінде активтер қайтарылды. Бұл – қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша мемлекет пайдасына өндірілген сомалар мен мүліктер және мемлекеттік органдардың бақылау, қадағалау қызметі аясындағы өндірулер екен.

«Ағымдағы жылдан бастап бейінді заңда белгіленген жаңа тетіктер мен қайтару тәсілдерін қолдана бастадық. Бұл жұмысты активтерді заңды айналымға тарту арқылы Қазақстан халқының игілігі үшін еліміздің экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан орнықты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі заңның қабылдау мақсаттарын қатаң ұстанудамыз. Заңның негізгі қағидаттарының бірі ол – ерікті қайтаруды ынталандыру болып табылады. Ерікті қайтарудың артықшылығы – субъект мүлкінің бір бөлігін өзінде сақтап қала алады. Сонымен қатар, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер ететін елге қажетті жобаларды іске асыра алады», – деді 44 жастағы Нұрдәулет Сүйіндіков.

Ең бастысы, қаражаттың Қазақстанда жұмыс істеп, салық елде төленуі және жаңа жұмыс орындарының ашылуы болып табылады. Ерікті түрде қайтару кезінде субъект бірқатар заңда көрсетілген құқықтық мүмкіндіктер мен кепілдіктер алады. Оның ішінде жауаптылықтан да босатылуы мүмкін.

Комитет жұмыс істеп жатқан адамдардың көпшілігі ынтымақтастық пен ерікті қайтару әрекеттеріне өздері бастама жасауда. Нәтижесінде, бүгінде Арнаулы комиссия жалпы сомасы 450 млрд теңгеге жуық 40-тан астам келісім жасауды мақұлдады. Олар заң субъектілерімен Арнаулы мемлекеттік қорға 300 млрд теңгеден астам ақша аударуды көздейді, оның 170 млрд теңгеге жуығы қор шотына түсті. Жасалған келісімдер бойынша 100 млрд теңгеден астам сомаға активтер мемлекетке заттай түседі. 82 млрд теңгенің мүлігі Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компанияға берілді. Оның ішінде, кәсіпорындардың акциялары, коммерциялық және тұрғын жайлар, еліміздегі және шетелдегі таңдаулы жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, сән бұйымдары, зергерлік бұйымдар сынды құнды мүлік бар.

Активтерді қайтару халықаралық ұйымдармен бірлесіп жүргізілуде

Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық – активтерді қайтару бойынша жұмыстың аса маңызды бөлігі. Жауапты ведомство қысқа уақыт ішінде барлық негізгі халықаралық ұйымдар және басымды юрисдикциялармен байланыс орнатты. Ұрланған активтерді қайтару жөніндегі Біріккен ұлттар ұйымы мен Дүниежүзілік банктің СтАР бастамасымен өзара іс-қимыл жалғасуда.

«Интерполдың «Күміс бюллетень» және «Күміс хабарлама» атты активтерді қайтарудың жаңа құралын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына белсенді қатысудамыз. Еуропа Кеңесі комитет үшін үлкен деректерді талдау және визуализациялау бойынша ІТ бағдарламасын сатып әперді. ГЛОБИ жаһандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жедел желісіне мүшелікке кірдік. Ақпаратпен алмасу арнасын орнаттық», – деді комитет төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков.

Біріккен ұлттар ұйымы Есірткіге және қылмыстылыққа қарсы басқармасының қолдауымен активтерді қайтару тетіктерін жетілдіру, комитет қызметкерлері үшін оқыту тренингтерін ұйымдастыру бойынша бірқатар шаралар іске асырылуда. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымымен бірлесіп активтерді қайтару бойынша кешенді жоба әзірлеу қарастырылуда.

«Жалпы алғанда, комитет жұмысы заңды сапалы іске асыруға, Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі тапсырмасын тиімді орындауға және оларды еліміздің дамуына, халқымыздың игілігіне жұмсауға бағытталған. Парламент депутаттары және Үкіметпен бірлесіп Президент Жолдауында қойылған мақсат-міндеттерді басымды түрде іске асыратын боламыз», – деп түйіндеді Нұрдәулет Мықтыбекұлы.

Қайтарылған активтер Мемлекеттік мүлік тізілімінің порталында сатылады

ҚР ҚМ Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Бақытбек Тәшенев ОКҚ алаңында Қаржы министрлігі Арнайы мемлекеттік қор қаражатының түсімдері мен жұмсалуы туралы ақпаратты жыл сайын жариялауға тиіс екенін айтты.

«Арнаулы мемлекеттік қордың түсімдері, оның ішінде Заңда белгіленген тәртіппен қайтарылған мүлікті өткізуден түскен ақша, басқарушы компанияның меншігіне не оның активтерді басқару жөніндегі қызметі нәтижесінде түскен өзге мүлікті сатудан түскен ақша болып табылады. Арнаулы мемлекеттік қорға түсетін түсімдер 176,3 млрд теңгені құрайды, оның ішінде басқарушы компаниядан түскен қаражат 5,7 млрд теңгені, активтерді сатудан 5,559 млрд теңгені және активтерді басқарудан түскен қаражат 141 млн теңгені құрайды. Арнаулы мемлекеттік қор қаражатын бөлу ҚР Бюджет кодексіне сәйкес республикалық бюджет комиссиясында орталық мемлекеттік органдардың ұсыныстарын міндетті түрде қараумен жүзеге асырылады», – деп атап өтті Бақытбек Кәкімұлы.

Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты Әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалатын болады. Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен қаржыландыру үшін жобаларды іріктеу және олардың өлшемшарттарын айқындау тәртібі Әлеуметтік және экономикалық жобаларды іріктеудің және өлшемшарттарын айқындаудың арнайы қағидаларында айқындалған. 

Қаржы министрлігі ай сайын Арнаулы мемлекеттік қордың шотына қаражат түсімдерінің мониторингін жүргізетін болады, олар алты ай ішінде пайдаланылмаған жағдайда, қаражат Арнаулы мемлекеттік қордың шотына қайтарылады.

Заң шеңберінде «Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания» ЖШС мемлекетке қайтарылған, өтеусіз беру туралы шарттар шеңберінде берілетін активтерді, оның ішінде жылжымалы және жылжымайтын мүлік объектілерін Қазақстанға және одан тыс жерлерге қабылдау бойынша жұмыс жүргізеді.

Активтерді сату Арнаулы мемлекеттік қорды толықтыру мақсатында жүзеге асырылады және басқарушы компанияны оның мүлкінің құрамына түскен активтерді басқарудың негізгі мақсаты болып табылады.

Меншік құқығы тіркелді, 219 актив теңгерімге қойылды, оның 196-ы зергерлік бұйымдар және 23-і басқа активтердің (тұрғын және коммерциялық жылжымайтын мүлік, өндірістік база, тұрғын емес үй-жайлар, заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестері, аяқталмаған құрылыс, жер учаскелері, тауарлық-материалдық құндылықтар және жылжымайтын мүлік объектісінің негізгі құралдары) жалпы сомасы – 46,9 млрд теңге. Жалпы құны 38,2 млрд теңге активтерді (виллаларға, автомобильдерге, пәтерлерге, қоймалық үй-жайларға, тұрақ орындарына, үйлерге, аяқталмаған құрылысқа) беру шарттарына қол қойылды, беру процесінде заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлесі 390 млн теңге сомасына тең. 

Қазақстандағы активтер Мемлекеттік мүлік тізілімінің (www.e-qazyna.kz) порталында сатылады, шетелде орналасқан активтерді сату актив орналасқан елдің заңнамасы шеңберінде жүзеге асырылады. Сауда-саттыққа Астана және Алматы қалаларында 13 жылжымайтын мүлік объектісі қойылды. Оның ішіндегі 3 нысан аукционда 1,8 млрд теңгеге сатылды. Басқарушы компания жалпы сомасы 6,4 млрд теңге активтерді сатты.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Міне, ел игілігін емес, өз құлқынының қамын ойлап, елдің ақшасын жымқырғандардың іс-әрекеті әшкереленіп, ұрланған ақша қазынаға қайтып жатыр. Шүкір!  Осындайда «Қайтқан малда қайыр бар» деу орынды шығар.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here