“Жұт” қойылымының премьерасы өтті

0
5593

Жезқазған қаласында Серке Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық драма театрында театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Хаджиев атындағы форум-фестиваль өтті. Аталмыш іс-шара ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және ҚазКСР Халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Серәлі Қожамқұловтың 125 жылдығына арналды.

Қазақ драмасында өзіндік қолтаңбасы бар драматург Иран Ғайыптың Абай әлемін ұғындыруға ұмтылдыратын, сол заманның зарын жүрекке жеткізетін “Мен ішпеген у бар ма?” қойылымы да қалың көпшілік назарына осы фестиваль кезінде ұсынылды. Театр актерлері барлық өнерін салып, Абай өмірін барынша шынайы көрсетіп, көрермен көңіліне ой салуға тырысты.

Форум-фестиваль барысында жаңа дүниені үйренуге деген құлшыныспен келген актерлерге сахнада еркін эмоцияға баулитын “Актерлік шеберлігі” бағыты бойынша сабақтар да өтті. Шеберлік сағаттарында белгілі театр және кино әртістері, режиссерлер, өнертанушылар мен театр мамандары сарапшылар мен баяндамашылар рөлін атқарды.

Жаңа маусымның әрі форум-фестивальдің ашылу салтанатында Қарағанды облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтау хатын оқып берді. Ал, Жезқазған қаласының әкімі  Қайрат Әбсаттаров үш күн бойына жалғасқан шараның мақсаты – еліміздегі ұлттық театрлардың өнерін насихаттау, Қазақстан халқының мәдениетаралық диалогын арттыру, дарынды әртістер мен режиссерлерді анықтау және оларға қолдау көрсету, өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге атсалысу болып табылатынын атап өтті.

«Төл шежіреміздегі қайғылы кезеңдерді ұлттық бірегейлігімізден бөле-жара қарау мүмкін емес. Сондықтан біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтаймыз», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына арналған тұңғыш “Жұт” қойылымының премьерасы да болды. К.Станиславский атындағы Мәскеу “Электра” театрының актері, кино актері Азамат Нигмановтың қоюшы-режиссерлік етуімен дүниеге келген бұл спектакль көрермен жүрегіне зар заман уақытының ащы өксігі мен зұлматтар тырнағына ілініп тұрған қатал кезеңді сезіндіре алды.

Жалпы, Жанат Хаджиев атындағы форум-фестивалін театр шығармашылығын бағалайтындар асыға күтті. Алайда, биыл фестиваль өзінің форматын өзгертті. Карантиндік шектеулерге байланысты кездесу форум түрінде өтті. Көптеген адамдар қатысуға ниет білдірсе де, қатысушылардың саны шектеулі болды. Көптен күткен форум-фестиваль И.Фишердің «Кірпі тоңы» атты қуыршақтар қойылымымен жалғасып, еліміздің 7 қаласынан келген жас актерлерді марапаттау рәсімімен өз мәресіне жетті.

Досхан Сәкен, С.Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық драма театрының директоры:

– Серке Қожамқұлов – қазақ зиялыларының көрнекті өкілі. Ол – Қазақстандағы кәсіби театр мен киноға берік негіз қалағандардың бірі. Ал, театр өз кезегінде егеменді ел өнерінің іргелі орталығы ретінде халықтың жалпыадамзаттық рухани құндылықтарын бойына сіңіріп, мәдениеттің дамуына ерекше үлес қосады. Форум-фестивальде біз қатысушыларға мүмкіндіктерінің қандай деңгейге дейін жететінін көрсеткіміз келді. Бүгінде бұл фестивальдің дәрежесі республикалық деңгейге жетті деп сеніммен айтуға болады.

Азамат Нигманов, К.Станиславский атындағы Мәскеу «Электра» театрының актері, “Жұт” қойылымының режиссері:

– Театрдың ең маңызды критерийі – тірі болу, бүгінгі уақытқа жауап беру, көрермендермен қазіргі өміріміз туралы туындылар призмасы арқылы сөйлесу. Театрға шығармашылық табыс тілеймін. Және ең бастысы – көрерменмен тығыз байланыс екенін айтқым келеді. Оған көкейкесті мәселелер мен тереңірек тақырыптарды көтеру арқылы қол жеткізуге болады. Неге мен қойылым үшін дәл осы тақырыпты таңдадым? Меніңше, бұл тақырып әлі де толыққанды ашылмаған, зерттелмеген, сонымен қатар, сол дерт қазақ халқының жүрегінен өше қоймаған. Қоғамға алға қарай жылжу үшін өткеннің қатесін мойындап, оларды түзетпегенше болашақ жоқ деп санаймын.

Ардақ Жарқынбеков, С.Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық драма театрының актері:

– Індетке байланысты өзге қалалардағы әріптестерімізді ұзақ уақыт көре алмадық, көптен күткен Жанат Хаджиев атындағы форум-фестивальдің осы үшін де бізге маңызы өте зор. Әріптестерімізбен сағынысып көрісіп, тәжірибе алмасып, бар білгенімізді көпке ортақ етіп, ортаға салудамыз. Ең алдымен, бізге  осындай керемет әсерлерді сезінуге мүмкіндік сыйлаған театрымыздың басшыларына, шақыртуымызды аяқ асты етпей ат терлетіп жеткен қонақтарымызға, неше күн бойы дәріс беріп, актерлік өнердің қыр-сырып ұғындырып жатқан спикерлерге үлкен алғыс білдіреміз.

Әбіласан Нұржан, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының актері: 

– Шеберлік сағаттар туралы айтар болсам, өзіміздің білімімізді арттыруға, білгенімізді одан әрі үйренуге көп көмегін тигізеді. Бізде екі шеберлік сағаты өтті, бірі – Жалынбек Аханмен, екіншісі – Фархад Молдағалимен. Жалпы, білім, тәжірибе ешқашан артық етпейді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here