Маңғыстауда «Тәуелсіздік керуені» марафон-акциясы басталды

0
1015

Маңғыстау облысында «Тәуелсіздік керуені» марафон-акциясы басталды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Аманғали Нұрдәулетов мәлім етті.

Оның айтуынша, аталған марафон – акциясы аясында өңірдегі мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, жастар саясаты салаларында, қаржылық және құқықтық сауат арттыру, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

«Тәуелсіздік керуені» марафон – акциясы 5 бағыт бойынша өтеді. Шара 15 қазан күні Қарақия ауданынан бастау алады.

22 қараша мен 16 желтоқсан аралығында «Тақырыптық күндер» өтеді. Аймақтарда күн сайын жаңа тақырыптарда жиын ұйымдастырылады.

«Бұл науқан аясында өңірімізде «Қазақ тілі күндері», «Мемлекеттік рәміздер күндері», «Отбасы күндері», «ҚР Тұңғыш Президенті күні», «Жастар және еріктілер күндері», «Спорт күндері», «Білім күндері», «Денсаулық күндері», «Мәдениет күндері», «Ардагерлер күндері», «Тәуелсіздік күні» секілді Тәуелсіздігімізді айшықтайтын, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын күндер циклын ұйымдастырамыз. Осыған орай, облыс жұртшылығын, қонақтарды аталған шараларға белсенді қатысуға шақырамыз. Келе жатқан Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы баршамызға құтты болсын», – деді Аманғали Нұрдәулетов.

Айта кетейік, аталған шараның барлығы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай бекітілген «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» марафон-акциясының аясында өтеді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here