Көкпаршылар қолындағысын оңайлықпен бере қоймайды – Ақылбай Манкеев

0
3343

Биыл егеменді ел болғанымызға 33 жыл толып отыр. Бір мақсат, бір мүдде, бір тілектегі мемлекетіміз осы жылдар ішінде қаншама жетістіктерге жетті. Ұлттық құндылықтарымызды жандандыру аясында осы күнге жетіп отырмыз. Халқымызға тән сол құндылықтардың бірі – көшпенділер ойыны.

Биыл 8-14 қыркүйек аралығында Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткізілмек. Осы жылдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстандағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ірі оқиға болмақ. Олар ұлттық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау үшін де, бауырлас халықтар – Ұлы дала көшпелі өркениетінің мұрагерлері арасындағы мәдени және гуманитарлық байланыстарды кеңейту үшін де маңызды», – деп ойындардың маңыздылығын атап өтті.

Осы орайда Ұлттық ат спортының бір түрі саналатын көкпарға тоқтала отырып, көкпардан аты аңызға айналған шабандоз әрі көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ақылбай Манкеевті аз-кем әңгімеге тартқан едік.

Ақылбай аға, көкпар ойыны туралы түсінік бере кетсеңіз…

– Жалпы көкпар ойыны – өзіне ықыласты жандарды ат құлағында ойнауға үйрететін ат спортының бір түрі. Жігіттің білек күшін сомдап, қажыры мен қайратын шыңдайды. Адамды ат үстінде шыдамды болуға, ептілікке жетелейді. Дүрмекті топтың ішінде жерде жатқан көкпардың дүниесін жүректілікпен, асқан ептілік, шеберлікпен іліп алып, қанжығаға баса алдыға алып, атын құйындата шапқылатып белгіленген жерге тастау оңай шаруа емес. Көкпарға әбден үйренген жігіттер қолындағысын оңайлықпен бере де қоймайды. Сол үшін де көкпар додасына шыдамды ат, жүрегі мен білегі мықты, епті жігіттер керек.

Көшпенділер ойынына дайындық қалай, қанша көкпаршы қатыспақ?

– Бесінші Көшпенділер ойынына дайындыққа кіріскенімізге екі айдан асты. Осымен төртінші оқу-жаттығу жиынын өткізіп отырмыз. Біріншісі ақпан айында болған. Одан кейін үш рет қатарынан Алматы облысындағы орталықта жаттығудамыз. Бұл жолы көкпардан ұлттық құрамада 48 спортшы бар, сол 48 спортшының ішінен 24 шабандозды бөліп алдық. Осы жылдың көктемінде Қызылорда қаласында республикалық чемпионат өткен. Сол чемпионатта көзге түскен шабандоздарды іріктеп алдық.  

Аттардың бабы қалай?

– Аттарды да Қызылордадағы ел чемпионатында іріктеп алдық. Чемпионаттың екінші мақсаты шабандоздан бөлек аттарды да таңдау болатын. Одан кейін Шымкент қаласында жастар арасында республикалық турнир өтті. Сол үш жарыста көзге түскен аттарды осы «Көшпенділерге» дайындап жатырмыз. «Әулие ата» командасынан 7-8 атты, Атыраудан «Бөрте» деген атты және Алматы облысынан жақсы екі ат келді. Командалық көкпарға көрермендер тарапынан қызығушылық аз болғандықтан, аттарға да таңдау аз болып тұр. Көзге түскен аттарды барынша алып қалып, күздегі додаға қосайық деп отырмыз. Тіпті, сатып алуға да лайықты аттар табылмай тұр. Жақсы ат табу қиын…

Күндік жаттығу күнтізбесі қалай құрылған?

– Оқу-жаттығу маусымында көкпаршыларымыздың таңғы жаттығуы сағат жетіде басталады. Жігіттер таңертеңгілік жаттығудан соң, таңғы асқа отырады. Сегізден жиырма минут өткенде аттарды тақымдап, негізгі жаттығуға көшеміз. Түскі уақытта шамалы тынығуға уақыт беріледі, кешкі жаттығу сағат төртте болады. Жаттығу тек аттардың қатысуымен бола бермейді. Жігіттер білек күшін, қайратын шыңдау үшін арнайы жаттығулар жасайды, сол кезде аттар тынығады. Көкпаршылар бір күн атпен шынықса, екінші күні спорт залда шынығады.

–  Жалпы көкпар ойынына қызығушылар бар ма?

– Халқымыздың ежелден ұстанып келе жатқан дәстүрлері жетерлік. Көкпар соның бірегейі және ұлттық спорттың тамаша түрі. Ауылдық деңгейдегі көкпар бүгінде аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық дәрежеге жетті. Бізді осы қуантады. Көкпар жақсы қолға алынып, өрісін жайып, өркенін өсіріп келеді. Оған шын мәнінде әр ауылдағы, өңірдегі ат сүйер қауым, ат спортын жанындай жақсы көретін азаматтар барынша атсалысып, мүдделі болуда.

Алдағы көшпенділер ойынында жеңіс тұғырынан көрінулеріңізге тілектеспіз!

Сұхбаттасқан: Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here