Жиендік еткенмен, иелік ете алмас

4
4129

Бұны ұрлық дейміз бе, қолсұғу дейміз бе? Әлде, біреудің еңбегін еш етіп, өз мерейін көтеру ме? Қысқасы, «Qazaq» газетінің 2020 жылы 11 тамыздағы №32 санында жарияланған «Қазақстан ғылымы: Бүгін және ертең» тақырыбындағы сараптамамызды білдей бір республикалық журналдың бас редакторы көшіріп басыпты. Өз атынан, өз суретімен, бірнеше абзацын қысқартқаны болмаса, еш өзгеріссіз.

«Qazaq» газеті, № 32 (1 031), 11 тамыз, 2020 жыл

Заман дамыған, дәуір – ақпараттық технологиялардыкі. Қолыңыздағы кішкентай құрылғы арқылы жер-жерден хабар алып, кез келген газет-журналды оқуға мүмкіндік бар. Оқиға былай өрбіді.

Жақында ғана жазылып, сиясы кеппеген ғылыми мақаламды жариялау мақсатында ғаламтордан ғылыми журналдар тізімін қарай бастадым. Дәл қазір байланыс орнату мүмкіндігі бар ғылыми басылымдарды бақылап отырып, «Bilim-project» журналының 2021 жылдың 12 сәуірінде басуға қол қойылып, сол жылдың алғашқы үш айына шыққан нөмері қолыма түсті. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің есепке қою туралы №KZ11VPY00030386 нөмерлі куәлігімен үш айда бір рет шығатын республикалық журнал «Bilim-project инновациялық ғылыми орталық» ЖШС-не қарайды екен. Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Сарыағаш қаласы, Бұхарбай Оспанов көшесі, 22 үй мекенжайында орналасқан редакцияның бас редакторы, сол кездегі Bilim-project инновациялық ғылыми орталығының директоры – Сұлтан Бақдат Сақтағанұлы.

Алғашқыда «жақсы журнал екен» деген оймен келесі беттерін ақтара бастадым. «Қазақстан ғылымы: Бүгін және ертеңі». Тақырып көзіме оттай басылды. Сәйкестік болар деп, мақала мәтініне көз жүгірте бастадым. Дәл өзі! 2020 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, республикалық «Qazaq» газетінде шолушы болып еңбек жолымды бастадым. Бас редактордың алғашқы тапсырмасы – көлемді сараптама. Жазу барысында миға біраз күш салуға тура келгені жасырын емес. Әрі республикалық басылымдағы алғашқы жұмысым болғандықтан, үлкен жауапкершілікпен қарадым. Күнде бір қатесін өңдеп отырып бір апта дегенде аяқтаған болатынмын. Көлемді сараптама сәтті шығып, араға көп уақыт салмай Ахмет Байтұрсынұлы негізін салып, Қоғабай Сәрсекеевтің ұйытқы болуымен қайта жарыққа шыққан «Qazaq» газетінде жарияланған еді.

«Bilim-project» журналы, №01, қаңтар-наурыз, 2021 жыл

Сәтті шыққаны сол, ендігі бұл мақаланы өз атынан басып отыр. Және ғылыми журналдың алғысөзі іспетті етіп, кіріспе мақала ретінде бас редактордың атынан берілген. Бастапқыда сәйкестік болар деп мән бермегенімізбен, кейін көзіміз жетті, тақырыпшалары да өзгертілмей, сол күйінше көшірілген. «Тобықтай түйін» деген қорытынды да біздің сөз. Және түйінді «Тобықтай түйін» деп беру стилін осы күнге дейін тек «Qazaq» газетінен көрдім.

Бұған дейін сілтеме беріп, авторлық құқықты таптамай, мәдениетті түрде көшіріп басқандарды көргенмін. Ал, Бақдат мырзаның ісі – тіпті өрескел заңбұзушылық. Авторлық құқықты бұзу және бұзған адамға қандай жаза берілетіні туралы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде арнайы бап бар. Бірақ, бас редактор бұл Заң жобасынан хабарсыз болса керек. Әйтпесе, білдей республикалық журналға біздің мақаламызды айна-қатесіз көшіріп басар ма еді?! Айтпақшы, журналдың бастапқы бетіндегі «Көшіріп басуға «Bilim-project» журналына сілтеме жасаңыз» деген ескертпені көріп, еріксіз күлкіміз келді.

Сараптамада Қазақстан ғылымының бүгінгі жай-күйі, отандық ғылымның ертеңі, оны дамытудың басым бағыттары, елімізде қазірдің өзінде дамып, жетекші салаға айналып отырған ғылыми жетістіктер сөз етіліп, зерттеу нысаны етілген.

Түгел еңбегіміздің еш болып, басқа біреудің мақаласына айналғанына күйініп, «Bilim-project» журналының бас редакторы Бақдат Сақтағанұлын іздедік. Күн-түн демей жасалған зерттеуіміздің қолды болып, еңбегімізді өз атынан жариялауына не себеп екенін білгіміз келді. Тағы да еске сала кетейін, заман дамыған, әлеуметтік желі бар, ғаламтор бар, іздегенімізді табу қиындық туғызбады. WhatsApp желісі арқылы хат жазып, сыпайы түрде мән-жайды сұрадық. Хал сұрасқанда жылдам жауап берген Бақдат мырзадан негізгі мәселеге көшкен соң жауап алу қиындай бастады. Ұзақ үзілістен кейін «Жауап алу үшін редакцияға ресми хат жазыңыз» деген хабарлама келді. Тым ресми түрде ғана жұмыс жүргізетін бас редактордың неге заңға қайшы әрекет жасағаны сол күйі құпия болып қала берді. «Неге?» деген сауалымызға «ЖШС егесі ауысқан» деген жауап алуымыздан жауаптан гөрі, жауапкершіліктен жалтарудың табы айқын аңғарылып тұрды. Оның үстіне, біз ауысқан ЖШС егесіне сын айтып, мін таққалы отырған жоқпыз. Мәселенің мән-жайын білмекке жауапты тұлғаға тікелей хабарласқан едік.

«Кешірім сұрағанымен, басылып, таратылып кеткен журнал қайтып келмейді. Мақала оқылмай қалмайды» деп, бас редактордың мәдениетті түрде кешірім сұрайтынына күмәніміз болмаған. Қателесіппіз. Білдей республикалық журналдың бас редакторы Сұлтан Бақдат Сақтағанұлы кешірім сұрап, мән-жайды түсіндіруге жарамады. Жөнді жауап ала алмайтынымызды түсінген соң, басқаша іске көштік.

Шығармашылық адамы әзиз ана да, оның ойынан, жанынан, сезімінен туған дүние мәпелеген сәбиі сынды. Ақынның өлеңі, жазушының шығармасы, құрылысшының салған үйі мен тігіншінің тіккен киімі де осылай. Сол секілді қанша күн мен түнді арнап, көз майын тауыса, үлкен ізденіспен жазылған мақала тілші үшін үлкен дүние. Оның өз атыңнан жарияланып, газет бетінен оқылуы және бір мәртебе. Заттай ұрлаған – ұрлық, мақалаға «жиендік» жасағанды бірінші рет көруім. Сондықтан түгел еңбегімізді бағаламай, өз игілігіне пайдаланған «Bilim-project» журналының бас редакторына өкпеміз қара қазандай.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

4 Пікір

  1. Авторлық құқықты қорғамағаны және сілтемені көрсетпей тікелей өз атынан жариялағаны үшін сотқа беру керек ұрыны!

  2. Бұндай да болады екен-ау?‍♀️ Өзі жаза алмаса да, толық көшірмей, түрлі мақаладан, түрлі мәліметен алып құрастырмай ма екен ең болмағанда

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here