Аты жаман аурумен емделудің құны қанша?

0
2090

Әлемде ең көп таралған қауіпті дерттің бірі – обыр. Бұрындары аты жаман аурудан зардап шеккендер ядролық сынақ өткізілген жақтарда ғана жиі кездесуші еді, қазір дерт жер де, жас та таңдамайтын болды. Сөйтіп, қатерлі ісіктің құлқынына жас та, жасамыс та жұтылып кетіп жатыр. Ал, оны ауыздықтау оңайға түспей тұр. Статистика деректері де жан түршіктірерлік. Айталық, елімізде жыл сайын онкологиялық аурулардың 35 мыңнан астам жаңа жағдайы тіркеледі. «Qazaq» газеті Informburo.kz порталы мен Freedom Finance Life сақтандыру компаниясының мәліметтері негізінде аты жаман аурудан емделудің құны қанша екеніне тоқталады.

ҚАЗАҚСТАНДА 194 МЫҢ АДАМ ҚАТЕРЛІ ІСІККЕ ШАЛДЫҚҚАН

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, елімізде қатерлі ісікке шалдыққан 194 мың науқас диспансерлік есепте тұр. Өкінішке қарай, жыл сайын олардың қатары 35 мыңға артып отырады. Былтыр 14 мың адам қатерлі ісіктің құрбаны болды.

Қазақстанда ең көп таралған онкологиялық ауру – сүт безі қатерлі ісігі. Онкологиялық аурулардың жалпы анықталған жағдайларының 13,8%-ы осыған тиесілі. Одан кейін көп таралғаны – өкпе қатерлі ісігі (9,8%) мен колоректалды қатерлі ісік (9,2%).

Global cancer statistics ұйымының деректеріне сенсек, Қазақстан қатерлі ісіктерден сырқаттанушылық пен өлім-жітім көрсеткіштері жоғары елдерге жатады. Мысалы, 2020 жылдың қорытындысында елімізде онкологиялық ауруларға шалдыққан 32 526 адам анықталды. Ал, қатерлі ісікпен сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 173,5 адамды құрады.

ӘЛЕМДЕ БЫЛТЫР 10 МЛН АДАМ ОБЫРДЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛДЫ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, соңғы 20 жылда қатерлі ісікке шалдыққандар саны екі есе артты. Мәселен, былтыр әлемде 19,3 млн адам аты жаман ауруға шалдықса, 10 млн адам дерттің құрбанына айналды.

Өкінішке қарай, адамзатта қатерлі ісікке тойтарыс беретін күш болмай тұр. Соның салдарынан бұл ауруға шалдыққандар саны жылда артып келеді. Алдағы жылдары осы қарқын сақталатын болса, онда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2040 жылға қарай онкологиялық аурулардың жыл сайынғы жаңа жағдайларының саны 47 пайызға артып, 28,4 млн адамға жететінін ескертеді.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «Qazaq» газеті

Әлемнің кейбір елдерінде қатерлі ісіктен емделу құны

Мемлекет Талдау және тексеру Химиотерапия Хирургия
Қазақстан 2 000 теңгеден басталады 150 000 – 500 000 теңге 10 000 – 80 000 теңге
АҚШ 64 000 – 1 300 000 теңге 3 000 000 – 15 000 000 теңге 128 300 000 теңгеге дейін
Ресей Федерациясы 7 000 – 300 000 теңге 30 000 – 88 000 теңге 1 500 000 теңге
Германия 1 000 000 – 2 000 000 теңге 2 000 000 – 4 000 000 теңге 7 500 000 – 15 000 000 теңге
Израиль 500 000 – 800 000 теңге 500 000 теңге 12 800 000 теңге
Оңтүстік Корея 850 000 – 2 200 000 теңге 650 000 – 1 300 000 теңге 3 600 000 – 19 200 000 теңге
Түркия 200 000 – 500 000 теңге 200 000 – 500 000 теңге 3 400 000 – 12 800 000 теңге
Ескерту: Бұрын қазақстандық науқастар емделуге шетелге барса, қазір елімізде емнің барлық түрі қолжетімді. Онкологиялық аурулармен ауыратындарды емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында ақысыз жүргізіледі. Дегенмен, ақылы қызметтердің де барын ескерген жөн.

Дереккөз  Informburo.kz, Freedom Finance Life

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here