«Масс-медиа туралы» заң: жаңашылдығы мен ерекшелігі

0
7487

Бірнеше жыл бойы қоғамда қызу талқыланып, жұртшылық арасында егжей-тегжейлі екшелген «Масс-медиа туралы» Заң қабылданды. 19 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық медианың ілгерілеуіне тың қарқын беріп, журналистиканың жаңа бағытта дамуына жол ашатын маңызды құжатқа қол қойды. Бұл Заңды әзірлеуге білікті заңгерлер мен майталман сарапшылар тартылды. Бұдан бөлек, бір қайнауы ішіндегі құжатты жетілдіруде БАҚ саласының мамандары мен жұртшылықтың пайымды пікірлері мен ұтымды ұсыныстары ескерілді. Ережелері мен нормалары сан мәрте електен өткізіліп, талай алқалы жиында көп рет қаузалды. Осылайша, жіті сүзгіден өткізіліп Парламент қарауына ұсынылған Заңда мемлекет мүддесі, қазақстандық қоғамның сұранысы және бүгінгі медианың даму үрдісі басты назарға алынғандығы айқындалды. Салалық заңнамада мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, журналистердің мәртебесін көтеру, ақпаратқа қол жеткізуді оңтайландыру, қазақ тіліндегі отандық теле-радио бағдарламалардың үлесін ұлғайту сынды маңызды мәселелер енгізілген. Билік пен бұқараның арасында дәнекер рөлін атқарып келе жатқан БАҚ-тың болашақ бағытын бағамдап, келешек межесін айқындап, беделін арттыруды көздейтін жаңа Заңның жаңашылдығы мен ерекшелігі қандай? Бұл құжаттың журналистер үшін тиімділігі неде? Жаңа мәтіндегі Заң қазақстандық ақпарат кеңістігінде қандай өзгерістерге түрткі болуы мүмкін? Осы және өзге де сауалдарға жауапты тарқатып көрейік.

ЖАҢА ЗАҢ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қасіретті қаңтар» оқиғаларынан кейін яки 2022 жылғы 16 наурызда Қазақстан халқына Жолдау арнап, еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертетін ауқымды бастамаларын жариялады. «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында ел Президенті мемлекеттің мүдделерін, қоғамның сұраныстарын және медиа саласының даму үрдістерін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау туралы пәрмен берген болатын.

«Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президенттің пайымдауынша, БАҚ бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Сондай-ақ отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс. Қазақстандық журналистер қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істеуге немесе көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың астыртын тартысына қатысуына болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, әлемдегі қым-қуыт геосаяси жағдайлар мен алпауыт мемлекеттер арасындағы мүдделер қақтығысы ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуға және сенімді ақпарат таратудың маңыздылығын айқын көрсетті. Жаңа медианың пайда болуы, шынайы ақпарат пен фейктерді ажыратудағы қиындықтар да бұл бағытта нақты әрі жүйелі қадамдар жасау қажеттігін аңғартты.

Үшіншіден, 1999 жылы қабылданған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» Заңдардың қазіргі уақыт ағымына сай ескіргендігі белгілі. Сарапшылардың айтуынша, бұл заңдық құжаттар бүгінгі яки заманауи масс-медиа саласындағы талаптарды толыққанды қанағаттандырмайды.

Жалпы алғанда, «Масс-медиа туралы» Заң журналистердің құқықтық мәртебесін арттыруға, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуде бәсекеге қабілетті жобаларға басымдық беруге, салада ұзақ жылдардан бері қордаланған мәселелерді тиімді шешуге, мемлекет пен БАҚ-тың өзара іс-қимылын жаңа деңгейге көтеруге, азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін ақпараттарға тосқауыл қоюға мүмкіндік беретіндігі әу бастан айқындалған болатын. Арнайы құрылған жұмыс тобы мен Заң жобасын әзірлеушілер осы міндетті басты басымдық етіп алғаны да белгілі.

ҚАНДАЙ ТЫҢ ЕРЕЖЕЛЕР ЕНГІЗІЛДІ?

Жаңа Заңға сан мәрте електен өткізілген бірқатар тың ережелер енгізілді. Атап айтқанда, бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет-ресурстарды да қамтитын «масс-медиа» деген жаңа әрі анағұрлым кең ұғым пайда болды. Жаңа құжатқа сәйкес мемлекеттік ақпараттық саясат жүзеге асырылатын Бірыңғай медиа платформа құру көзделіп отыр. Аталған платформа мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына гранттар беру, аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі арқылы журналистерді мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тіркеу және басқа да міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Заң жобасын әзірлеушілер журналистерді аккредиттеу үшін баспасөз карталарын енгізуді ұсынған болатын. Алайда бұл бастама көпшілік тарапынан қолдау таппай, жұмыс тобының шешімімен баспасөз карталары туралы норма алынып тасталды. Енді жаңа Заңға сәйкес, журналистерге аккредиттеу картасы цифрлық платформа арқылы берілмек. Аталған платформа арқылы БАҚ өкілдері мемлекеттік органдардың қандай да бір іс-шарасына қатысу үшін бар-жоғы бір-екі минут ішінде өтініш бере алады. Бұл журналистердің ақпарат көздеріне қолжетімділігін жеңілдетеді және бюрократиялық әрі ұзақ процесстерді жояды.

Телеарналар мен радиода қазақтілді және отандық контенттің үлесі көбеймек. Ұлттық теле-радио хабарларын тарату мүддесін қорғау мақсатында мемлекеттік тілдегі отандық теле-радио бағдарламалардың апта сайынғы көлемі 50 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайтылды. Алға қойылған межеге кезең-кезеңмен көшу тәртібі жыл сайын 5 пайызды құрамақ. Мәселен, 2025 жылдан бастап 55 пайызды құраса, 2027 жылдан бастап мемлекеттік тілдегі контент көлемі 60 пайызға арттырылмақ.

Шетелдік бағдарламалар саны қысқарады. Оған сәйкес қазақстандық теле-радио арналарда шетелдік теле-радио бағдарламаларын ретрансляциялау көлемі 20 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетіледі.

Жаңа Заңда «Интернет-басылым» ұғымы енгізілді. Атап айтқанда, оған желілік басылымдар (Telegram арналар, пабликтер және т.б.) мен ақпараттық агенттіктер БАҚ түрінің бірі болады және заңға сәйкес тіркеле алады.

БАҚ өтініштеріне жауап беру мерзімі бес жұмыс күніне дейін қысқартылды. Ақпарат құралдары мен журналистердің сұратуларын қарау мерзімі 7-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды. БАҚ өкілдері ақпарат иесімен телефон арқылы, жазбаша немесе электронды құжат нысанында ауызша сұрау салу арқылы байланысуға құқылы. Бұл жаңашылдық журналистерге қажетті ақпаратты қысқа мерзімде алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қандай да бір ақпараттың өзектілігін сақталуын және жедел жарыққа шығуын қамтамасыз етеді.

БАҚ материалдары үшін бір жылдық ескіру мерзімі белгіленді. Бұған дейін ақпарат құралдарындағы материалдарға құқықтардың бұзылуына байланысты сотқа талап қоюдың мерзімі болған жоқ. Жаңа Заңға сәйкес алғаш рет бір жылдық ескіру мерзімі енгізілді. Шындыққа сәйкес келмейтін және азаматтардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығару туралы БАҚ-қа талап қою мерзімі бұқаралық ақпарат құралдарында мәліметтер жарияланған күннен бастап 1 жыл деп белгіленді.

Гранттық қаржыландыруды енгізу арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктері жетілдірілді. Оған сәйкес, мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдары үшін гранттар тағайындалмақ. Гранттық қаржыландыруға көшу 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Өз кезегінде, өңірлік деңгейде мемлекеттік қолдау қазіргі қолданыстағы тетіктер аясында сақталады. Мемлекеттік емес БАҚ-қа әлеуметтік маңызы бар салаларды қамту және өзіндік контентін дамыту үшін қолдау шаралары ақпараттық саясаттың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар жаңа заңда өз-өзіне қол жұмсауды насихаттайтын ақпаратты, өзін-өзі өлтірудің жолдары мен оған үндейтін ақпаратты таратуға және жариялауға түбегейлі тыйым салынды.

ЖУРНАЛИСТІҢ МӘРТЕБЕСІ АЙҚЫНДАЛДЫ

Қазақ журналистиканың патриархы, көрнекті қаламгер, дарынды жазушы Шерхан Мұртаза бейнелі түрде баяндаған «арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистердің мәртебесі бұл Заңда егжей-тегжейлі айқындалып отыр. Мәселен, ақпарат құралдарының өкілдері үшін қосымша құқықтық кепілдіктер белгіленіп, «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді. Түсінікті тілмен тәпсірлегенде: қалам мен қағазды қару еткен маман иелерінің құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын, олардың ақпарат іздеу, сұрату, алу және тарату кезіндегі, сондай-ақ «Масс-медиа туралы» Заңда белгіленген өзге де ерекше құқықтары – журналистің мәртебесі ұғымына енгізіліп отыр. Жаңа заңға сәйкес, БАҚ басшылары өз қызметкерлерін әлемдік жетекші ақпарат құралдарының тәжірибесіне сай қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге міндетті. Журналист қызметтік міндеттерін орындау кезінде өмірге және денсаулыққа зиян келтірген жағдайда ақпарат құралының иесі оған зиянды немесе залал шығынын Қазақстан заңнамасында көзделген көлемде және тәртіппен өтеуге міндетті болмақ.

Отандық БАҚ-тың өз қызметін өзі реттеу мақсатында және саладағы түрлі түйіткілді мәселелерді оңтайлы шешу мақсатында Заңда қоғамдық-кәсіптік кеңестер құру көзделген. Осы тақілеттес кеңестер республикалық және өңірлік деңгейлерде құрылатын болады. Бұл ұйымдардың негізгі қызметі – Журналистердің әдеп кодексін әзірлеу болмақ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, белгілі журналист Айгүл Қапбарованың пікірінше, аталған кеңестер журналистердің мүддесі мен мұң-мұқтажын толыққанды жеткізе алатын һәм қорғай алатын институт болуы тиіс.

«Бүгінгі күні кәсіби журналистикада желідегі зорлық-зомбылық білдіретін сөздер мен киберқылмыс, жалған ақпарат пен өшпенділік сөздерінің таралуының артуы сияқты алаңдаушылық туғызатын бірқатар мәселелер бар. Журналистердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тәуелсіз қауымдастықтың құрылуы туындаған проблемаларды жедел шешуге мүмкіндік береді», – дейді Айгүл Қапбарова.

Құзіретті министрлік Заңға сәйкес кез келген масс-медиаға қоғамның адамгершілік дамуына зиян келтіру және жалпыадамзаттық, мәдени, ұлттық және отбасылық құндылықтардың бұзылуына қатысты мониторинг жүргізе алады. Бұған себеп те жоқ емес. Айгүл Қапбарованың  пайымдауынша, соңғы уақыттарда мәдени және отбасылық құндылықтарға сызат түсіруді көздейтін қаскөйлердің белсенділігі артқан және осы бағыттағы ақпараттық материалдардың таралуы белең алған. Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарламалар арқылы жасөспірімдердің теріс және деструктивті топтарға ену үрдісі байқалады. Осындай олқылықты жайттардың күрт көбеюіне тосқауыл қою мақсатында бұл норма енгізіліп отыр. Әрі десе бұл көпшіліктің сұранысынан туындаған.

Сонымен бірге шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдіктері мен олардың журналистерін аккредиттеу тәртібі де жетілдірілді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бүгінде әлемде геосаясаттың алапат дауылы соғып тұр. Осындай аласапыран кезеңде Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен егемендігі және ұлттық мүддемізді көздің қарашағындай қорғап, қастерлей білу – баршамыздың азаматтық міндетіміз болмақ. Бұл тұрғыда жаңадан қабылданған «Масс-медиа туралы» Заң қоғамның санасы мен сезіміне ықпал ететін «төртінші билік» өкілдерінің беделін нықтап, бағытын айқындауға тың серпін береді деп пайымдаймыз. Сөзімізді Ел Президентінің мына бір пікірімен түйіндесек: «… Мемлекет ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аударады. Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ, мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек…»

Жандар ТҰРАРҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here