ҚызПУ-да жастардың шығармашылық орталығы ашылды

0
1179

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қабырғасында «Көркем» Арт-орталығы ашылды, деп хабарлайды аталған білім ордасының баспасөз орталығы. Оның ашылу рәсімінде оқу орнының Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай қатысып, орталық жастардың сүйікті орнына айналатынына сенім білдірді.

Орталықты ашудағы басты мақсат – білім алушылардың шығармашылық талантын дамыту, студенттеріміздің бос уақытын тиімді өткізуін қамтамасыз ету. Орталық қажетті құралдармен жабдықталған 4 студиядан тұрады.

«Сурет өнері» студиясында бейнелеу өнерінің қыр-сырын меңгерту, сурет өнеріне деген қызығушылықты арттыру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ мұнда жастардың шығармашылық ізденістеріне жол ашу мақсатында шеберлік сыныптары да өткізілмек. Ал «Тоқыма өнері» студиясы сәндік қолөнерді дамытуға басымдық береді. Онда халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрі бүгінгі заманымызға сай жетілдірілетін болады. Студияда мамандар білім алушыларға тоқыма тоқу технологиясымен таныстырып қана қоймай, оны жасауды үйретпек.

«Дәстүрлі қолөнер» студиясында киіз басу, ши тоқу, жібек матаға сурет салу, кесте тоқу сияқты қолөнер жұмыстары жүргізіледі.

Қыш бұйымдарын жасау жолдары мен әдіс-тәсілдерін үйрету «Қыш бұйымдарын жасау» студиясында өткізіледі.

Айта кетерлігі, орталыққа Университеттің кез келген білім алушысы сабақтан тыс уақытында келіп, өз қалаған өнер бағытын меңгере алады. Ең бастысы – оның барлығы тегін.

Ұлттық өнер – ұлылығымыздың белгісі.

Маркетинг және коммуникациялар департаменті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here