Шу ауданының 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері

0
1697

Бүгін, 27 желтоқсанда Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Шу ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Аудан әкімі Нұржан Календеров жүз мыңнан астам халқы бар ауданда ағымдағы жылдың қаңтар-қараша айларында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Нұржан Сәбитұлының айтуынша, қаңтар-қараша айларының қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде негізінен оң динамика қалыптасқан.

«Өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі – 100,5%-ға, ауыл шаруашылығы саласының өнімі – 109,5%-ға, құрылыс жұмыстары – 111,1%-ға, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі – 114,1%-ға орындалды. Тек негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі ғана 99,4%-ды құрады. Жыл қорытындысымен барлық көрсеткіштің орындалуы күтілуде», – деді аудан басшысы.

Соңғы 11 айда ауданның ауыл шаруашылығында да жақсы серпін байқалған. Мысалы, аталған салада 72,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген, 128,6 мың гектар алқапқа дақылдар егілген, 44,6 мың гектар орылатын ақ егіс алқабынан 59,7 мың тонна өнім алынған. Ал, келесі жылы егіс алқабын 129,7 мың гектарға ұлғайтып, 1,1 мың гектарға артық егу жоспарланып отыр.

«Ауыл шаруашылығы саласында соңғы жылдары ауқымды жобаларға бастамашылық жасап жүрген ірі серіктестік – «Qyzylsha» ЖШС-ін ерекше атап өткім келеді. Аталған серіктестік ағымдағы жылдың өзінде аудан экономикасына 4,3 млрд теңге инвестиция құйды, 1,5 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын қолдануда. Серіктестікте осыған дейін 7 056 гектар жер болған, қосымша 3 653 гектар жер берілді. Қосымша берілген жер учаскелеріне серіктестік алдағы жылы 5,0 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Серіктестікке берілген жалпы жер көлемі 10 709  гектарды құрайды», – деді Нұржан Календеров.

Күні кеше аудан орталығы Төле би ауылында заманауи Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Шу қаласындағы Ы.Алтынсарин мектебіне жапсарлас ғимараттың, Төле би ауылында  300 орындық Әл-Фараби мектебінің, Қонаев ауылында жаңа 180 орындық Мәдениет үйінің құрылыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Өйткені, ағымдағы жылы ауданға барлық мемлекеттік бағдарламалар аясында 17 жобаға 4,7 млрд теңге қаражат бөлінген.

«Шу аудандық орталық аурухана маңынан ауданаралық балаларды оңалту орталығы бой көтерді. Төрт әлеуметтік нысанның қазандықтары табиғи газға ауыстырылды», – деп нақтылады Нұржан Календеров.

Ауданда жұмыссыздықпен күрес жүйелі жүріп жатыр. Айталық, өңірде іске асырылған жобалар шеңберінде биыл 6 491 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Ақылы қоғамдық жұмысқа 1 172 адамға жолдама берілген. 916 отбасына, яғни 4 534 адамға 187,4 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек, 1 105 балаға 39,4 млн теңге кепілдендірілген әлеуметтік пакет тағайындалған. Жалпы ауданда 17 669 адамға 572,3 млн теңге әлеуметтік көмек көрсетілген.

Баспасөз конференциясы тікелей эфирде өтті. Тікелей эфир барысында қойылған сұрақтарға аудан әкімі толымды жауап берді.

Шу ауданының 2021 жылдың 11 айындағы  әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін төмендегі инфографикадан қараңыз.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here