Тонналап бидай сататын Қазақстанның күні Ресейдің бидайына қарап тұр ма?

0
4508
Бүгінде бір тонна бидай Ресейде – 72 мың теңге, Қазақстанда – 85 мың теңге тұрады, бұл 13 мың теңге – отандық нарықтағы нан бағасын ұстап тұруға мүмкіндік беретін үлкен айырмашылық

БҰҰның Азықтүлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) таратқан мәліметке сенсек, 2020 жылы Қазақстан 1,1 млрд долларға 5,2 млн тонна бидай экспорттаған. Яғни, еліміз әлемдегі ең ірі бидай экспорттаушы елдердің санатына жатады. Нақты айтқанда, жерінің үлкендігі бойынша әлемдегі тоғызыншы мемлекет тоғызыншы орынға жайғасқан. Былтыр бұл көрсеткіш 1,1 млн тоннаға артқан. Барыс жылы еліміз сыртқа 1,9 млрд долларға 6,3 млн тонна бидай сатқан. Дегенмен, күні кеше Caravan.kz медиа-порталы контрабандалық жолмен жылына Ресейден 1,5-2 млн тоннаға жуық бидай «импортталатынын», бұдан ел үкіметі хабардар екенін жазды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін мәселенің мәнісіне үңіліп көрді.

БИДАЙ
НЕГЕ ҚАЗАҚСТАНДА
ҚЫМБАТ,
РЕСЕЙДЕ АРЗАН?

Мәселенің мәнісіне тоқталайық. Бүгінде бір тонна бидай Ресейде – 72 мың теңге, Қазақстанда – 85 мың теңге тұрады. Бұл 13 мың теңге – отандық нарықтағы нан бағасын ұстап тұруға мүмкіндік беретін үлкен айырмашылық. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігі ішкі нарықты арзан нанмен қамтамасыз ету үшін ресейлік бидайды пайдалануға қарсы болмайды. Өйткені, арзан шикізаты бар диірмендер жұмыс істейді, тұрғындар арзан нанмен қамтамасыз етіледі, солтүстіктегі көрші де бидайын сатады. Сөйтіп, ресейлік арзан бидайдан «құда да тыныш, құдағи да тыныш». Дегенмен, сол орыстар айтпақшы, мұнда бір «но» бар. Ресей бидайының басым бөлігі Қазақстан аумағына заңсыз жолмен өтеді. Кәдімгі контрабанда!

Әрине, «ары тартсаң арба сынатын, бері тартсаң өгіз өлетін» жағдай. Неге десеңіз, «сұр импорттың» ел экономикасына кері әсері барын да ұмытуға болмайды.

Ақиқатын айтқанда, мәселе ресейлік бидайдың арзандығында емес, мәселе қазақстандық бидайдың қымбаттығында болып тұр. Осы орайда отандық бидай бағасына қатысты заңды сұрақ туындайды.

Қазақстанның астық өңірлері саналатын Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстарында бидайдың әр гектарынан 11-12 центнерден өнім алу – қалыпты жағдай. 16-18 центнер – арман, ал 25 центнерден өнім алу мүмкін еместей көрінеді. Біздегі жағдай осылай болғанда, Ресей Федерациясының Краснояр өлкесінде әр гектарынан 20-30 центнерден өнім алынады. Бұл сапалы тұқымдар мен тыңайтқыштардың арқасында мүмкін болды. Көрші мемлекет біраз қаржы мен күш жұмсағаннан кейін ресейлік диқандар қазақстандық әріптестерінен екі есе көп өнім алып жүр. Соған байланысты көрші елдің бидайы біздікінен әлдеқайда арзанға түседі.

МӘСЕЛЕНІ
ТҮБЕГЕЙЛІ ШЕШПЕЙТІН
ШЕКТЕУДІҢ
ҚАЖЕТІ БАР МА?

«Сұр импорт» – тығырықтан шығар жол емес. Мұны үкімет те жақсы түсінеді. Оның үстіне заңсыз жолмен келген бидайдың салдарынан мемлекетке келтірілген жалпы шығын жылына 500 млн долларды құрайды. Сондықтан еліміз шектеу шараларын енгізуге мәжбүр. Айталық, Ауыл шаруашылығы министрлігі тұқымдық бидайды қоспағанда, 10 сәуірден бастап 6 ай мерзімге автомобиль көлігімен Қазақстан аумағына бидай әкелуге тыйым салды.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ербол Қуанышұлының сөзінше, соңғы бірнеше жылда отандық астық нарығы шекаралас елдерден бидайдың контрабандалық импорты салдарынан шығынға ұшырап отыр.

«Ресеймен шекаралас Павлодар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары заңсыз астықты қабылдау және транзит бойынша антилидерлер болып саналады. Әкелінген бидай қосылған құн салығын (ҚҚС) төлемей шаруа қожалықтарына және жасырын кері экспорт түрінде рәсімделіп, транзиттік тариф төлеместен Ауғанстан мен Орталық Азия елдеріне жіберіледі», – деп нақтылады Ербол Тасжүреков.

Вице-министр контрабанданың ашық фактілерін де мысалға келтірді.

«Қаржы мониторингі агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті өңірдегі компанияның бірі 2021-2022 жылдары Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстанға 1 млрд теңгеден астам сомаға 8,3 мың тонна көлемінде ресейлік контрабандалық астықты экспорттағанын анықтады. Бұл ретте жеңілдікті экспорттық тарифті алу үшін қазақстандық компания отандық шаруа қожалықтарының жалған шот-фактураларын пайдаланды, сөйтіп транзиттік тарифтен жалтарды және «ҚТЖ – Жүк тасымалы» компаниясына 150 млн теңгеге жуық сомада залал келтірді», – дейді Ербол Қуанышұлы.

Алты айлық шектеудің екінші себебін Қазақстанның астық өңдеушілер одағының президенті Әлихан Талғатбек айтты.

«Биыл Қазақстанның солтүстігіндегі көптеген шаруа егін егуге аса құлықты емес. Себебі, бұл оларға тиімсіз. Бір гектар жерді өңдеу және егу үшін диқан шамамен 100 мың теңге жұмсайды. Одан 10 центнер алады. Содан бір тонна бидайды нарықтағы 80 мың теңгеге сатуға мәжбүр болады. Ал, Ресейден бидайды 72 мың теңгеге сатып алуға мүмкіндік болса, онда диқандар әуреленіп қайтеді?!» – деп диқандардың жанайқайын жеткізді Әлихан Қайратбекұлы.

Міне, көп болып ойласатын шаруа шынтуайтында осы екен.

Бір айта кетерлігі, астықты теміржол көлігімен жеткізуге ешқандай шектеу қойылған жоқ. Неге десеңіз, бұл Қазақстанның ұн тартушыларын арзан шикізатпен қамтамасыз етеді, жалпы инфляцияны ұстап тұруға мүмкіндік береді. Өйткені, алты айлық шектеу астықты теміржол көлігімен тасымалдауға енгізілсе, онда алдымен нан бағасы қымбаттайды. Дегенмен, бұл «өрттің алдын алуға емес, тек оны сөндіруге ғана» бағытталған шара екенін мойындамасқа болмайды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жоғарыда Ресей өзінің егін шаруашылығына көп қаржы мен көңіл бөлгенін, соның арқасында бидай құнының төмен болғанын және бидай экспорты бойынша әлемде көш бастағанын жаздық. Әрине, Қазақстан да егін шаруашылығына қаржы құймай жатқан жоқ. Былтыр Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған шаруашылықты қолдауға 80 млрд теңге бөлген екен. Дегенмен, ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже байқалмады. Өйткені, қаржы қажетті жерге бағытталмайды. Субсидия көбіне сапасы күдік тудырар тұқым мен жанар-жағармай сатып алуға жұмсалады. Әрине, мұның бәрі керек, онсыз болмайды. Алайда, агроғылымға, суару жүйелеріне басымдық берілмей, мәселенің түйіні тарқатылмайды. Ал, Ауыл шаруашылығы министрлігінің дәл қазіргі тірлігі бензинмен өртті сөндіруге ұқсайды.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here