ҚазҰУ Түлектер күнін кең ауқымда атап өтті

0
884

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Түлектер күні кең ауқымда аталып өтті. Салтанатты жиын Әл-Фараби атындағы Мәңгілік ел қақпасынан басталды. ҚазҰУ түлектерінің әр жылғы буын өкілдері шығыстың ғұлама ғалымы әл-Фараби ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Биыл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін 8190 түлек бітіріп шықты, оның ішінде 6758-і бакалавриатты тамамдады. 1256 түлек үздік диплом иегері атанса, магистратураны 1774, докторантураны 442 білім алушы бітірді. Университет оқу гранттарының саны бойынша еліміздің жоғары оқу орындары арасында теңдессіз көшбасшы. 

Салтанатты жиынды ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев барша түлектерге табыс тілеп, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын оқып берді. Онда министр: «Еліміздің көшбасшы білім ордасы – Әл-Фараби университетінде жастық жалынның мәңгілік энергиясы бар. Әлемдегі ең озық білім беру ордаларымен терезесі тең тұрған оқу орнында ұрпақтар сабақтастығы ешқашан үзілмесін. Түлектер күні тағылымды тәрбиелік мәнімен есте қалсын», – деп ізгі ниетін білдірген.

Өз сөзінде ректор: «Университет дамуының басты көрсеткіші – түлектер. Олардың ішінде мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті ғалымдар, кәсіпкер-меценаттар, ҚазҰУ мақтан тұтатын тәжірибелі дипломаттар бар», – деп атап өтті.

Сонымен қатар Жансейіт Түймебаев түлектерді университет дамуындағы маңызды жетістіктермен таныстырды.

Бүгінде ҚазҰУ жаңа заман талабына сай жаңаруда. Үкімет қаулысымен университетті дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді.

Сондай-ақ шарада Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы, ҚазҰУ түлектері қауымдастығының президенті Қайрат Мәми сөз сөйледі. Ол барлық түлектер атынан университетті жаңа жетістіктерімен құттықтады. Түлектер күні барлық оқытушылар мен студенттер, түлектер мен альма-матер достарының бірлігі мен ынтымағын паш ететінін айтты.

Шара барысында «Аса көрнекті түлек» медалін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Ерекше марапат заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының жанындағы Халықаралық кеңестің мүшесі, заң факультетінің 1967 жылғы түлегі Анатолий Диденкоға берілді.

15 факультет түлектері, соның ішінде шетелдік студенттер ҚазҰУ түлектері қауымдастығы атынан 150 000 теңге көлемінде шәкіртақы алды. Жалпы сомасы 2 млн теңгеден асады.

Салтанатты шарадан соң, Түлектер қауымдастығы президиумының отырысы өтіп, онда өткен жылдағы жұмыс қорытындылары мен алдағы жоспарлар талқыланды.

Мереке концерттік бағдарламаға ұласты. Түлектер күні факультеттерде жалғасын тапты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here