Сезім сергелдеңі: Қаламгер Серік Шайман прозасы хақында

0
2765

Еркек пен әйел. Мәңгі тақырып. Алуан сырлы, мұңды, қырлы. Көркем әдебиеттің, соның ішінде классикада оның алуан түрі, небір варианттары бар. Көбіне әйел опасыздығы, әйел драмасы басым түсіп жатады. Әйел жанының құпиясын түсініп, біліп, түбіне жете алмайсың. Шексіз. Неге? Ал еркек ше? Оның жан дүниесінің бұлым-бұлымына, оның сүйініші мен күйінішіне тереңдеп бойлай алды ма? Мұндай сауалдарға біржақты жауап беру қиын. Әлем және төл әдебиетімізді сүзіп шыққан кісі оның сан алуан жауабы мен сырын табары анық. Өйткені, бұл өмір, заман ауанына қарай мың құбылып тұратын мәңгілік тіршілік тынысы. Қолына қалам ұстап, көркем әдебиет айдынында өзіндік ой-өрнегін салып жүрген немесе көркемдік шыңына қарай ұмтылған іздемпаздар өзімізде де жеткілікті. Әр кезеңде, әр дәуірде көркем әдебиетте өз суреткерлері бой көрсетіп жатады. Бірақ, қазіргідей жазған-сызғаны қалың оқырманға жете бермейтін заманда қоңыртөбел тіршілігімен қалам тербеп жүрген қарапайым замандастарымыз бар.

Солардың бірі, бірнеше прозалық кітаптың авторы – Серік Шайман. Басқаны қайдам, осы Секеңнің басқалардан бір ерекшелігі – кәдімгі мақаланың өзін әдеби тілмен жазатындығы. Жазғанда да қазақы шұрайлы ой орамдарын, сөз тіркестерін ұтымды пайдалана біледі. Көсемсөздің тарланы атанған әріптестің алғашқы көркем шығармасының бірі – «Суретім қалды кеудемде» атты шағын новелласы елең еткізді. Осы бір кіп-кішкене дүниеде шынайы жүрек лүпілі, ғашықтық мөлдір сезім бар. Бойдақ жігіт Әсеттің сұлу бойжеткен Бағиланың «атын естігенде жүзі сұрланып, жүрегі шымырлап қоя берді» деген бір сөйлемнен-ақ оқырманды бір тылсым сырға ынтықтыра жөнеледі. Бірақ, автор асықпай, аптықпай, сыздықтатып баяндайды. Ойда-жоқ жерде Әсет студенттік жылдары ғашық болған Бағиламен досының үйінде қонақта кездеседі. Бір кездері бір-біріне іңкәр болған қос жүректе әлі де сол сезімнің табы басылмаған екен. Әсет Бағиланы көргенше асықса, отбасын құрып, толысып, сұлу келіншекке айналған Бағила да Әсетті көргеннен мазасы кете бастайды. Қонаққа өзімен бірге ертіп келген Бағиланың туған сіңлісі Фаридамен би билеген Әсет қыздан апасының альбомынан Әсеттің суретін алып, өзінде сақтап жүргенін Әсетке ақтарып салады. Себебі, жездесі Бағиланың үй альбомындағы «ондай суреттерді жаратпайды». Ғашықтық, қызғаныш сезімдері бәрі табиғи әрі қарапайым ғана бір-екі сөйлеммен суреттеледі. Әйел мен еркекке тән нәзік де ұсақ нюанс, штрих, детальдарға дейін қаламгердің назарында. Бағила оқушыға «тұңғиық тереңге тартып тұратын қара көздері», «тіп-тік тоқ балтырын құбылта ойнатып, көзіне түсіп кеткен шашын сілкіп тастап, шаш астынан жай оғындай жарқ еткен жанарымен» есте қалады.

Қорғансыз әйел жаны, еркектің есірік құмарлығы Серік Шайманның «Ескексіз қайық» новелласына да арқау болған. Жас жесір Бәтиманың психологиялық күйзелісін автор шап-шағын сөйлемдермен ұшқыр нәзік күйінде жеткізеді. Құмарлық – адамға тән қасиеттердің бірі. Табиғи құбылыс. Бірақ, өмірде жұмыр басты пенде көбіне дәл осы сезімнің салдарынан тағдыр тәлкегіне ұшырайды. Әсіресе, еркек пен әйел арасындағы бұл сезім – өткінші, баянсыз. Тез тұтанып, тез өшеді.

Қаламгердің «Ақайнаш» әңгімесінде Ақайнаш деген келіншек күйеуі Бонапарттың (Боранбайдың) кеңшардың бас прорабтығынан аудандық құрылыс мекемесінің бастығына дейін жоғарылап, өздеріне экономист болып келген қызбен көңілдес болғанын естіп, бұрқан-талқан болады.

«– Әй, албасты көңіл қосып жүрген қатыныңды көрдім. Пішту, оның менен несі артық! Іш тастаған байталдай, не ет жоқ, не бөксе жоқ, қу сүйек. Бейшара-ау, төсекке жатқанда тақымыңнан не қалады!.. Әйтеуір аяғы түзу екен. Соған есің кеткен ғой сүмелек. Жас кезіңде көйлегі қысқа, аяғы түзу қыз көрсең әукең салбырап, орныңда отыра алмаушы едің. Енді қырыққа жақындағанда қылмаңдауыңа не жорық?! Саған ерегескенде Қорғандағы Елизаровтың клиникасына жатып, мынау қисық аяғымды түзетіп әкелсем, талай еркекті қаратып алар жәйім бар. Көрем сонда, сенің әуселеңді!.. – дейді ғой Ақайнаш.

Әбден беті ашылған, әдептен кеткен көкбет әйел көз алдыңызға елестесе, экономист қыз ше? Отыздағы қыз жарасымды жағдайда жеңіл әзіл-қалжыңмен отырып, «менің ешкім еншілемеген адал қылтамды қый» дегенді тұспалдап жеткізді.

– Сенің отбасың, балаларың бар екенін білем. Олардан айырып алайын деген ой менде жоқ. Қатарым өмірден өз орнын тауып кеткен, бәрі өзің сияқты үйленген. Бірлі-жарым қалғандары өмірде жолы болмаған бос кеуде, маскүнем, нашақор. Менің мақсатым, өзім ұнатқан дені сау адамнан ұрпақ сүю.

Экономист қыздан тап мынадай сөз күтпеген Бонапарт табан астында тосылды да қалды.

– Ағай, – деді қыз тағы да нығарлай сөйлеп, – мынау өмір сыны ащы, адамдардың дені тасбауыр, дүниеқоңыз болып кеткен. Баяғы біздің ата-бабаларымыздың мейірім шуағының ізі де қалмаған. Сол ортада жүріп менің басқаша сөйлеуім мүмкін бе, өзіңіз ойлаңызшы?!.

Бұл да беті ашылып, қазақы қызға тән әдептілік пен инабаттылықтан алыстаған бейбақ. Бірақ, қоғамды айыптағаны шындық емес дей де алмайсыз».

Сонымен, әңгіме қалай бітеді дейсіз бе?!

«Бонапарттың отбасындағы ұрыс-керіс тыйылмайды. Ақайнаш ауық-ауық балаларын алып төркініне кетіп қалатын болды. Тіпті, соңғы кезде алты айға кетті. Бонапарт соңынан іздеп барса, Ақайнаш үйде жоқ болып шығады. Еститіні – «Ресей жаққа кетті, сауда жасап жүр». Мұның өзі Бонапартқа экономист қызбен жиі-жиі кездесуге себеп болды. Қыз да бұған бауыр басып, кейбір мәселелерді ашық айтатынды шығарды.

– Сенен бала көтерсем болды. Егер ұл тапсам, сенің атыңа жазам. Жолдыбаев Бонапартұлы? Тоқта, тоқта есімін кім қойсам екен? Дәурен, Мақсат, Жұман. Жоқ бұлардың бәрі кешегі совет заманындағы әбден ығыр болған есімдер. Ешкім ойламаған жаңа ат қою керек. Мәселен, Манап, Марсель, Мегре, Жошы. Дұрыс, Жошы ханның атын қоям. Алтын Орданың хозяйыны!

– Ал, қыз тусаңшы?

– Қызды өзімінің атыма жаздырам. Саған оның керегі не, өскен соң бәрібір байға тиіп кетеді. Сенің есімің далада қалады.

Сөйтіп, жүргенде бір күні сарт етіп Ақайнаш мұның жұмыс кабинетіне кіріп келеді. Қасы-көзді сүрмелеп, бетті опалап, шашты қиып тастаған. Жүзіктің көзінен өткендей жұтынып тұр. Қара санын әзер жасыратын шоп-шолақ юбка киіпті. Масқара, аяғы!.. Түп-түзу. Бонапарт көзі жыпылықтап аузын ашты да қалды.

– Не, немене, аяғым аяқ-ақ, сауығып шықтым. Доп тебуге де, секіруге де жарайды. Қарашы, түп-түзу. Мен барып үйді жинаймын. Сен жұмыстан ертерек босап, балаларды алып кел, – дейді Ақайнаш.

Бонапарт аң-таң күйі ата-енесіне барып, балаларын үйіне алып келді. Балалары шешесін көріп мәз-мәйрам. Үй іші жайнап, жарқырап кеткен.

– Түу, иісіңді сағындым ғой, – деп, Ақайнаш күйеуін айқара құшақтап бетінен шөп еткізіп сүйіп алады.

Бонапарттың жүзі бал-бұл жанып, көзі күлімдеп қоя берді».

Міне, әңгіменің ұзын-ырғасы осы. Серіктің тілі жылы. Оқығанда үйіріп алып кетеді. Оқиғаға сенесіз бе, сенбейсіз бе, ол енді өз еркіңізде. Бірақ, бір тартымдысы – автор кейіпкерлері өмір сүріп отырған қоғамды шым-шымдап мысқылдай отырып, қоясын ақтармалайды. Бәрі де шындық. Мысалы, Бонапарттың әкесі баланың аты теріс жазылғанын мектепке барарда бір-ақ біледі. Өйткені, әкесі Торғайдың кең даласында қой бағып жүріп кеңес әріпімен оқымаған, арабтың төтеншесімен шала сауаты бар адам.

«Байғұс шал қойдың басын кесетін доқтыр баладан «Бонапарт – тарихта аты қалған француз деген халықтың патшасы. Кезінде орысты шауып, Мәскеуді алған» дегенді естігенде, «Қойшы-ей, – деген сонда шалың, – мынау өзіміздің орысты шауып жүр ме? Баяғы Тоқтамыс батыр сияқты екен ғой». «Бірақ, көп ұстап тұра алмады. Орыс даласының суығына шыдай алмай, кері қайтты» деді баскесер доқтыр. «Ә, бәсе, – деді қойшы шал, – бұл орыс итті кім жеңсін? Жаужүрек қой бұлар! Кешегі қысылтаяң шақта бізге пана болған жоқ па? Алла жар болып, дін аман жүре берсін шырағым. «Кәпір тыныш болса – мұсылман тоқ» деген сөз бар халқымызда» деп шалың осы баланың аты-жөніндегі ұзақ сонар әңгімені бір секті сойып, бір жәшік арақ құйып, тойлап аяқтаған».

Қазақылық, қазақылық болғанда бәрі де мидай араласып кеткен: салғырттық, аңқаулық, надандық дейсіз бе, бәрі бар. Ұлттың ұясы сайын даладағы ауылдың қазақы болмысы көз алдыңызға елестей кетеді. Автор психологиялық талдауға бармайды. Бар болғаны оқиғаны баяндайды.

Сол сияқты осы әңгімеде Серік Шайман көп сөйлемнің астарымен ұлттың салт-дәстүрінің бұзылып бара жатқаны, жаппай «еуропалық сапа», «еуропалық нұсқаны» мансұқтауға кіріскен, адамдардың рухани азғындыққа ұшырай бастаған кезеңді әжуалайды. Жалпы біз айтып отырған еркек пен әйел арасындағы құмарлық осындағы үш кейіпкерде үш түрлі көрінеді. Бонапарттікі таза тән тоятын десек, экономист қызды тәнмен қатар есепке құрылған, ал Ақайнаштікі өзіндік эгодан туған қарекет. Ақайнаш та құр бетпақ емес, «көздерінде тұнық қара су сияқты, адамды шым-шымдап тартып әкететін бір сыйқыры бар. Кеуделі, бөкселі, сарық қойдың арты сияқты салпылдақ емес, піскен қауындай дөп-дөңгелек бөксесі бар» деп, қисық аяғына қарамастан Бонапарт оған құмартып үйленген. Оқиғаның ақыр соңында Ақайнаш аяғын түзетіп келгенде, Бонапарттың үйіне қайтып келіп, отбасының шырқын бұзбайын деп өз бойындағы әйел құмарлығын ақылға жеңдіреді.

«Қара бала» деген әңгімесінен де әйел құмарлығын жоққа шығара алмас едік. Әдемі қазақ әйелі үш-төрт жас шамасындағы баласын жетелеп, қала ортасындағы саябаққа келеді. «Бала өзгеше, шашы бұйра-бұйра, өзі көмірдей қап-қара. Тура сойып қаптап қойған африкалық. Тілі қазақша ана-мынаны сұрап тақылдап тұр». Саябақта демалып отырған бір кексе әйел баланың шешесінен сыр тартып сұрайды. Сөйтсе, өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың аяқ кезінде болса керек. Алматыда студент болып оқып жүргенде бұл қыз құрбыларына ілесіп, шетел киіміне қызықтырған африкалық жігіттердің бөлмесіне барып, сол жерде шарап ішіп, зәңгілердің тұзағына ілініп қалады. Оны былай суреттейді: «Маған бас салды, қарсыласуға дәрмен жоқ, тыржалаңашпын, бұған дейін де болар іс болған сияқты. Ананы көргім келмей көзімді тарс жұмдым. Ол өліп-өшіп, жалап-жұқтап әкетіп барады. Қара бақайымнан бастап аузыма дейін бүкіл денемді күйдіріп сүйіп шықты. Бүкіл денем балбырап, арам тәнімдегі нәпсі жыландары қуана ойнақ салмасын ба? Өзімді басқа бір тылсым дүниеге тап болғандай сезіндім. Санам дұрыс сияқты, ал денем өзіме бағынбайды. Ананың қаққан қазықтай еркек мүшесі тәніме тиген сайын соған құмартып, емешем үзіле түседі. Сезімнің тұла бойымда булағаны сондай негірдің көнтек ернін қыршый тістеп, сүйе бердім».

Міне, бір түндік нәпсіқұмарлық ақыры қандай болғанын ішіңіз сезген де болар. Оқу бітіріп елге келген соң Сакуша (әйелдің аты) алғаш сөз салған адамға тұрмысқа шығады. Күйеуі мінезі жұмсақ, момын адам екен. Қызметі, тұрмысы жақсы, қымбат көлікті, жайлы пәтерлі болады. Бір қыз туып алады. Бірақ, күйеуінің бар арманы – ұлды болу. Жасы қырыққа тақап қалса да, әйел тәуекелге барып, бала көтереді. УЗИ құрсағындағыны «ұл» деп көрсетеді. Мұны естіген күйеуінде ес жоқ, атадан жалғыз әрі аурушаң, ұрпақ қалсын дейтін арманы. Бірақ, осы жерде адам айтса сенгісіз сұмдық жағдай болды. Перзентханада Сакуша босанып, негр бала туады. Әйел жынданып кете жаздайды. «Арада он алты жыл өтті ғой. Он алты!» Психолог дәрігердің айтуынша, әйелдің жатырында баяғы негірдің ұрығы қалып қойған. Өзіне қолайлы сәт туғанда әйелдің ұрығымен будандасқан. Күйеуі де, қызы да бұдан  безіп, теріс қарап кетті. Елдің бәрі баланы Сакуша шет елге барып жүргенде немесе олар келгенде ойнастан тапты деп шешті. Әйел мұндай қорлыққа шыдай алмай баланы өлтіргісі келіп, ваннадағы суға тұншықтырады. «Екі қолы ербеңдеп, қақалып-шашалып, су астынан өзіме бақырайып қарағанда иманым ғасыл болып, қайта суырып алдым. Бейшара зәресі ұшқаны сондай мойынымнан тас қып құшақтап, кеудеме жабысты да қалды. Ішім алай-дүлей, өзіммен өзім жиіркеніп, кектеніп алғам. «Іштен шыққан шұбар жылан» деген сол, бәрібір баланы өлтіре алмадым. Ендеше, өзім өлейін деп ойладым. Бірақ, «Мына байғұсты кімге қалдырам? Кім оны бағады?» деп ол райымнан да қайттым. Қазір не өлі емес, не тірі емес, ұяттың отына күйген бейбақ болып жүріп жатырмын», – дейді Сакуша».

Автор одан әрі әңгімені былай аяқтайды: «Сакуша құлдыраңдап ойнап жүрген баланы шақырып алып, бауырына басты. Сөйткенше болмай оның жанына бала ерткен екі әйел келіп отырды. Былшық бет, қотан аяқ сары қатын да, екі аяғының арасынан ит өтіп кеткендей тыриған арық қара қатын да аузы-аузына жұқпай сампылдап орысша сөйлеп отыр. Ара-арасында «Толик, Аскарик иди сюда» деп қояды. Сакуша: «Білсе ғой, бұлар кімді тәрбиелеп жүргенін. Ертең олар рухсыз, ана тілінсіз мәңгүрт бірдеме болып шығады. Мына миғұла мүскіндер соны білмей ме? Мен бишара айдаладағы африкалықтан қазақ жасаймын деп тыраштанып жүрмін. Ал, мыналар қаны да, жаны да қазақты қолма-қол орысқа айналдырып жатыр. Жаратқан жаппар ием-ай, парақорлық та, зинақорлық та, ұятсыздық та, баққұмарлық та бізде. Рухы сөнген, сана-сезімі таскерең болған бейшара, сорлы екенбіз ғой. Е, Алла өзің сақтай гөр!» деп ойлады».

Құмарлық пен ғашықтық – өзара бітісе-бітіспей біресе қайнап, біресе беймәлім тұңғиығына батырып әкететін екі сезім. Ол көзбен көріп, қолмен ұстап, безбенге салуға келмейді. Тек сезінесіз. Бірақ, олардан туатын небір шырғалаң шиеленістің, кесір-кесепаттың салдарынан қаншама ғұмыр қайғы-қасіретке ұшырайды, зардабын тартады, басындағы бағы-бақытынан, өмір жолындағы бағыт-бағдарынан айырылады. Қазақта «Айқарагөз» деген қыз есімі, айдай сұлуға арналған халық әні де бар. Әр қазақ осы бір сөзді естігенде, бойында ұлт аруының барлық сұлулық болмыс-бітімі жатқандай сезінері анық. Серік Шайманның «Айқарагөз» деген туындысының атына көзіміз түскенде, сондай күйде болғанымды несіне жасырайын. Бірақ, бәрі де біз күткендей болмады. Газетте бір қыздың көпірден құлап өлгені туралы хабар шығысымен әңгімегер журналист танысы, қаладағы  қылмысты істерді іздестіру бөлімінің басшысына телефон шалып, мәселенің мәнісін сұрайды. Сөйтсе өлген қыз жезөкше екен, бір ғажабы – артына күнделігі мен өсиетнама қалдырып кетіпті. Айқарагөз осы болып шықты.

«Жесір әйелдің жалғыз қызы Айқарагөз мектеп бітірген соң, жағдайы көтермегесін, қаладағы  телеарнаға үйренуші диктор болып жұмысқа тұрады. Жаратылысынан сымбатты балауса қыз алғыр да пысық екен. Бұл кәсіпті тез меңгеріп алып, айналасы жарты жылдың ішінде танымал «тележұлдызға» айналады. Содан-ақ сұлу қыз үшін қомақты айлығы бар қызмет ұсынған компаниялар табыла бастайды. Ол кез қазақ қоғамы тоқыраған тоқсаныншы жылдар еді. Телекомпанияны тастап, жайлы орын ұсынған жерлерге ауысады. Содан ары ел аузында Айқарагөз туралы шын-өтірігі аралас гу-гу әңгіме тарайды. Ойбай не дейсіз, «Айқарагөз ана пәленше байдың, түгенше басшының нақсүйері екен». Әр алуан өсегі бар сыбыс әңгімелер жиі айтылатын болды. Тіпті, бір күні осы әйел үшін атысты деген хабар дүңк етіп, қала бір шулап басылған. Анау-мынау адам маңайынан жүре алмайтын сұлу әрі он бес жылдан бері осы кәсіптің сылыңғыр ханшайымы атанған адамның айдың күні аманында өз-өзіне қол жұмсауына жол болсын?! Бірінші жақтан баяндаушы жорналшы таныс полковнигінен Айқарагөздің күнделігімен танысып шығады. Ол мұның сырын ұққандай болады».

Айқарагөз мінезді, текті әйел. Ол жас кезінде тұрмыстың мұқтаждығымен жезөкшелік жолға түссе де, есейе келе одан безініп, өзін-өзі  жеккөре  бастаған. Оның рухани мықтылығы сонда, жезөкшелікпен тәнін  былғағанымен, қайсар рухын әркез биік ұстай білген. Полковник Айқарагөз қалдырған өсиетнаманың сырын ашты. Өзі жинаған 10 мың доллар ақшасын жетім балалар үйіне беруді өтініпті. Әңгіме иесі полковникпен сөз жарыстырып отырып: «Қоғам сұрқия, жемқорлықтың ауруы меңдеп, билік жоғарыдан төменге дейін іріп-шіріген. Бұл бұл ма, енді он-он бес жылдан кейін тіпті қиын болады. Өйткені, билік аренасына балабақшадан бастап мектеп пен жоғары оқу орнына шетелдік машинамен барған ұрпақ келеді. Олар шынайы өмірден қол үзген» деп бір толғап тастайды. Әңгіме расында осыдан он бес жылдай бұрын жазылған екен. Автордың болжамында шындық бар.

Моралист Франсуа де Ларошфуко: «Адам баласының жүрегінде құмарлық атаулы толассыз алмасып жатады, құмарлықтың бірі өшсе, бірі бас көтере бастайды», – деп жазған екен. Секеңнің «Шырғалаңында» осы ойдың салдары алдыңыздан шығады. Әңгіме иесі өзінің кейіпкерінің есімін – Аян-Ғали, жасы елуге жетіп қалған келбетті адам деп сипаттайды. Сол Аян-Ғали бәтшағарға құлақ түрсек: «– Сіз басыңыздан өтпегенсін білмейсіз ғой, – деп алып, – өзімнің замандастарым сияқты жас кезімде мен де көңіл көтеріп, жүріс жүруді теріс көрмейтінмін. Әдейі іздегенім жоқ, ойламаған жерден бір жас келіншекпен ашына болып қалдым. Күйеуі жол апатынан қайтқан, кішкентай Алина деген қызымен екеуі тұрады. Көрікті әдемі әйел. Екі бөлмелі, шағын ғана қызметтік пәтері бар. Менің келіп кетуіме ешқандай кедергі жоқ. Бертін келе кішкентай қызы Алинаның маған бойы үйреніп, еркелейтінді, менің келуімді асыға күтетінді шығарды. Сөйтіп жүргенде келіншек тұрмысқа шықты да біздің ара-қатынасымыз үзілді. Дегенмен, бір қалада тұрғаннан кейін анда-санда кездесіп қалып жүрдік. Кездескен сайын байқаймын қызы тез есейіп, өсіп қалыпты».

Әңгіме ауаны қалай ауып бара жатқанын сезіп отырған шығарсыз. Кейіпкеріміз кеңес заманындағы тоқырау жылдарын еске алады да, одан әрі былай деп тосын бір сыр ашады: «Есіңізде шығар үлкен қалалар түгіл, шағын қалашықтардың өзінде автобусқа сығылысып, тығылысып мінуші едік қой. Арада бірталай уақыт өткенде бір күні Алинамен автобуста кездесіп қалдық. Адамның көптігі сондай не оңға, не солға бұрыла алмайсың. Құдайдың құдыреті шығар, қызбен бетпе-бет кептелдік те қалдық. Сол сәттегі менің хәлімді білсеңіз ғой, ұяттан бетім күйіп өліп барамын. Ал күн болса жанып тұр, автобустың ішінде ауа жоқ па дерсің. Бойжетіп қалған қыздың үстіндегі арзанқол сәтен көйлектің аржағынан толысып піскен жас дененің мүше-мүшесі мен мұндалайды. Тырс-тырс еткен тостағандай қос анар, жетіле бастаған бура сан, от болып жалын шашып тұрған кіндік түп денеме тиген сайын дегбірім қашып, менің де бойымнан бір атой күш інінен атылған аждаһадай аласұрып шыға келмесін бе? Көзімізбен шарпыстық та қалдық. Сезімге берілген жас қыздың көз алды тұманданып түк көрмейтін сияқты. Астыңғы ерні әнтек ашылып, жүзі алабұртып менің құшағыма құлай кетті. «Ой, мына балаға ауа жетпейді, жүрегі қысылған сияқты», – деп айқай салып автобусты тоқтатып, оны далаға алып шықтым. Ол сонда барып есін жиып, беті ауған жаққа тез-тез басып кете барды».

Содан әрі Аян-Ғалиды бір күні баяғы көңілдесі мерейтойға шақырады. Барса қызы Алина да сонда, мүлде есейіп ер жеткен. Той соңында ол қызыңқырап қалған Аян-Ғалиды шығарып салады. Оңаша ұзап, қараңғы көк шалғында асау, бұла сезімді Алина өзінің іңкәріне құлай құшағын ашады. Әңгіме немен бітер екен деп отырғаныңызда, баяндаушы мынандай пәлсафаны көлденең тартады. Тыңдаңыз: «Аян-Ғалидің айтуы рас, шешесімен төсектес болып, туған қызымен махаббат ләззатына батуды қазақ қоғамы қабылдай қоймас. Кезінде Қодар мен Қамқаны, Қалқаман-Мамырды жазалаған біздің менталитет әлі де күшті. Бірақ, сүйген жүректің жазығы не?!

– Бәрін де түсінуге болады, – дедім мен Аян-Ғалиге, – қыз сені сүйген, сен оған сезіміңмен жауап бергенсің. Құдай бізді, мынау еркектерді солай жаратқан. Кейде арақатынасымызға қоғам да, адамгершіліктің ар-өлшемі де қарсы болып тұрғанына қарамастан, сезімге сезіммен жауап беруді парыз санайтын сияқтымыз. Сол жолда отқа да, суға да түсуге бейілміз. Басты бәйгеге тігу, жанкештілікке бару содан шыққан. Бірақ, әрдайым олай бола бермейді. Оған да жігіттің жігіті ғана бара алады. Көпшілігінің сүйіспеншілігі күл астындағы қоламтадай болып сөніп қалады» деп бір қайырады.

«Сонымен, ашынасы қызының Аян-Ғалимен көңілдес болғанын біледі. Бірақ, ол еркекті сөкпейді. «Әуелден қызымның сенде көңілі барын сезетінмін», – деп отырып, аяқ астынан: «Шыныңды айтшы, сен оның пәктігін алдың ба?» – деп сұрайды. Бұл «ондайын байқаған жоқпын» деп шынын айтады. Сол сәтте бұрынғы көңілдесінің заматта түрі өзгеріп, долданып, жер тепкілеп, әлдекімді жерден алып, жерге салып қарғай жөнелді. Оңбаған, имансыз құзғын деген сияқты неше түрлі балағат сөздер айтады. Әйелді сабасына түсіріп, сөйлесе келе тағы бір құпия сыры ашылады. 

Ана бір жылы күйеуі мұны қоярда қоймай «Зерендіге» курортқа жіберіпті. Басқа адам жоқ үйде күйеуі және қызы қалыпты. Ұзын сөздің қысқасы, осы уақытты қапы жібермей Алинаны өгей әкесі зорлаған. «Осыдан соң барып ана жолы Алинаның мені құшақтап жылағанының мәнісін ұқтым. «Байқұс бала, маған мұңын шаққан екен-ау, шындықты неге айтпады екен?» деп ойладым», – дейді Аян-Ғали».

Автор да осы жерде тосын қорытынды жасайды. Кейіпкерлерінің бұдан арғы тағдырының қалай болғанын оқырманның патша көңіліне қалдырып, өздері жалғасын деумен тәмамдайды. Ал, енді бажайлай қарасаңыз, туындыдағы Аян-Ғали, оның ашынасы, Алина, әйелдің күйеуі, бәрін де шырғалаңға түсірген – құмарлық. Шәкәрім Құдайбердіұлының: «Құмарлық  деген бір ит бар, жаныңа жау шын ит бар. Алды-артыңа қаратпас, рақымы жоқ тым ит бар» деуі де осындай өмір шындығынан алынғаны анық.

Серік Шайманның «Бегімайдың әні» атты тағы бір шағын туындысы да   осындай шығармаларымен сарындас. Мұндағы кейіпкер – сұлу да сымбатты әрі әнші, әрі әртіс Бегімай ханым.

«Отыздың ішіндегі тісқаққан жалғызбасты әйелді таң қалдырғаны – қаланың жаңадан келген басшысы. Қала сыртындағы оңаша кездесуде қала элитасының аузынан түспейтін бұл келіншекті тоғайдағы келісті қонақ үйде, өзінің жекеменшік көлігімен әкеліп, домбыра алғызып, сыпайы да мәдениетті түрде ән айтқызғаны. Жас әкім қатты риза болып, құшақтап, ернінен ұзақ сүйеді. Бірақ, аяқ астынан жоғарыдағы басшысы шақыртып, жақсы отырыс шорт үзіледі. Бегімай үйге келгенде қол сөмкеге жас әкім салған су жаңа мың долларға  дән риза. Бірден төсекке сүйремей, тең адамдарша әзіл-қалжыңмен сөз қағыстырып отырғаны тағы да еске түседі.

Бегімай да ойға беріліп, өз өмірін шола қараса, көрген түстей екен. Қарапайым ауылдағы қарабайыр шопырдың отбасында өсті. Он алтыға келгенде әкесінің өгейлігін естіп, үйден кетіп, қаладағы музыкалық училищеге оқуға ілігеді. Оқып жүріп Темірбек деген жігітке өлердей ғашық болып, ақыры осы қызы – Ақботаға аяғы ауырлап қалады. Темірбекпен тұрмыс құрудың қисыны келмейді. Алты айлығында туған қызын шешесіне апарып береді. Сөйтіп, қалаға келген салт басты, сабау қамшы бойжеткен элитаның назарына ілігеді. Анау-мынау емес, өңірдің ең ірі басшысы «құрық» салады. Содан бастап-ақ дүние шыр айналып жүре береді. Жайлы пәтер, филармонияның белді әншісі, сый-сияпат, құрмет-қошамет. Талай әкімдер ауысты, талай әкімдердің құмарын қандырды. Мұның сұлулығы мен таланты еркек атаулының құмарлығының жемі, құрбаны. Бірақ, жылдар өте, Бегімайдың уайым жейтін кездері бар. Ол келешегі қалай болмақ? Алда не күтіп тұр? Өмір бір орнында тұрмайды. Мәңгілік ешнәрсе жоқ. Бір қараса өзіндей әйелдер басшылардың бабын тауып, Жоғары Кеңеске депутат болып жатыр. Мұның олардан несі кем? Сұлу, сүйкімді, элита ортасында қолдаушылары да жоқ емес. Партияға өтіп алып, келесі сайлауда неге бағын сынап көрмеске. «Кім біледі, мүмкін өтіп кетермін» деп ойлайды ол. Міне, пендеңіздің ойы қандай?! Өзінің әлеуметтік мәртебесі де, ішкі адамгершілік мәдениеті де адыра қалып, халық қалаулысы, ең жоғары депутат болғысы келеді».

Автор осылайша әйелдің ішкі әлемінен сыздықтата сыр тарта отырып, Бегімайдың жан толқынысын: «Беу дүние-ай, десеңізші, әркімде әр түрлі мақсат бар. Адами құндылықтар мен ар-ождан саудаға түскен мынау алмағайып заманда біреу иненің жасуындай саңылаудан қиямет жолымен өтіп, діттеген мұратына жетеді, біреу жетпейді. Атам қазақ дүние, бір қу түлкі бұлаңдаған деп осындайды айтқан-ау сірә?» деп бітіреді.

Жұмыр басты пенденің бойына біткен артықшылықтары: сұлулығы, сымбаты, дарыны мен қарымы, бақыты мен бағы, айналып келгенде сол бойдағы бар құмарлықтың құрбаны, ғашықтықтың күйігіне ұшырайтыны  қалай? Құмарлық – бүкіл тіршілік иесіне тән қасиет, яғни табиғи құбылыс. Бірақ, оның кесірі мен кесепатынан құтылу мүмкін бе? Мүмкін болар, бірақ ол мехнаты көп, тар жол, тайғақ кешуден тұратын ұзақ жол. Көркем сөз иелері   қоғамдағы осы бір бітіспес майданның сырына үңілумен келеді.

Серік Шайман да өзінің шама-шарқынша осы бір нәзік те кірпияз сезімнің тағдыр-талайын бақылап көрген екен. Өзіндік тұщым, өзіндік пайым бар. Адамдар қарым-қатынасының сыртқы көрінісін, салдарын жақсы түсінетіндігімен тартымды. Рас, табыстарымен қатар кемшіліктері де бар. Кейіпкерлерінің жан әлеміне тереңдеп баруға келгенде жалқау. Айталық, Бонапарт әйелі Аққайнаш қисық аяқтарын ота жасатып түзетіп келгенде,  бірден отбасына қайтып оралуы сендіре қоймайды. Психологиялық қисын жетпей тұр. Сол сияқты Айқарагөздің күнделігі де тым жұтаң, әйелдің ішкі күйзелісі сол жерде ақтарылуы керек-ті. Бегімайдың образына да осындай мотивировка керек-ақ.

Қаламгер Серік Шайманның кейіпкерлері – күнделікті қасымызда жүрген замандастарымыз. Олардың бастан кешкендері де осы өмірде бар оқиғалар, күйініш-сүйініштер. Сондықтан да, оқушыны бейжай қалдырмайды, сенесіз. Аз жазса да, саз жазуға ұмтылатын Секеңнің қазір кемеліне келген шағы. Әлі талай тұщымды дүниелер оқимыз ба деген үмітіміз бар.

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,
сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here