Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын талқылаған форум өтті

0
989

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазіргі халықаралық қатынастар және дипломатия: Қазақстан Республикасының рөлі мен орны» атты халықаралық қатынастар саласы мамандарының І форумы өтті.

Форум аясында халықаралық қатынастар факультетінде «ҚР Сыртқы саясаты және дипломатия залы» мен «Сараптама орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Сонымен қатар Қазақстанның сыртқы саясаты және дипломатияға қатысты кітаптар мен фотокөрме ұйымдастырылды.

Шараның мақсаты – әлемдегі геосаяси өзгерістер дәуірінде Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын талқылау, ұлттық дипломатияның басым бағыттарын айқындау және халықаралық қатынастар саласындағы негізгі тенденцияларды талдау.

Жиынға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР төтенше және өкілетті елшісі, АӨСШК әскери-саяси өлшемдегі сарапшы Дулат Қуанышев, Еуропалық одақтың Қазақстан Республикасындағы елшісі Кестутис Янкаускас, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы басшысының орынбасары Исламбек Райымов, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің Алматы қаласындағы өкілі Властимил Самек, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Оразалы Сәбден, дипломаттар, шетелдердегі өкілдер, сарапшылар, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қатысты.

Форум жұмысын ректор Жансейіт Түймебаев ашып, бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес отырысында: «Бүгін біз бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс пен әлемдік экономикадағы күшейе түскен дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Біздің алдымызда тұрған ерекше маңызды міндет – туындаған зор қауіп-қатерлер жағдайында халықаралық қатынастардағы тұрақтылыққа қол жеткізу», – деп атап өткен болатын. Бүгінгі басқосуда біз осы мәселелерді кеңірек сараптап, талдайтын боламыз. ҚазҰУ дипломатия мамандарын даярлаудың алғашқы «ұстаханасы» екенін ерекше айтқым келеді. Оқу ордасының халықаралық қатынастар факультетінде әлемдік деңгейдегі дипломат тұлға, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дипломатиялық шеберлік сабақтарын жүргізіп, дәріс оқыған. Университет сапалы маман даярлау және ғылым мен білімді дамыту жұмыстарын заман талабына сай жалғастыра береді», – деді ректор.

Шара барысында Дулат Қуанышев, Кестутис Янкаускас, Исламбек Райымов, Сәбден Оразалы, Властимил Самек және т.б. қатысушылар баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды.

«Қазақстан дипломатиясы өзінің бітімгерлік бастамаларымен әлемге танымал. Қазақстанның халықаралық мәртебесін нығайтуда отандық дипломатияның еңбегі зор болды. Бүгінде Қазақстан әлемнің көптеген елдерімен сыртқы қарым-қатынас орнатып, барлық беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі атанды», – деді Еуропалық одақтың Қазақстан Республикасындағы елшісі Кестутис Янкаускас.

Пленарлық отырыстан кейін форум жұмысы секцияларда жалғасты. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here