Порошенко мен Зеленский арасындағы дау әлі жалғасып жатыр

0
1832

Украина – Шығыс Еуропадағы ірі мемлекет. 24 облыс пен Қырым Автономиялық Республикасынан тұратын 600 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан елді 44 жастағы Владимир Зеленский басқарады. 2019 жылғы сайлауда елдің бесінші президентін 73,22 пайыз дауыспен басып озып, ел тарихында алтыншы Мемлекет басшысы болып қалған мемлекеттік әрі саяси қайраткер, әртіс әрі әйгілі продюсердің таққа иелік етуі көпшілік үшін күтпеген жағдай болды. Тіпті, елдегі телеарналардың кейбірі биылғы Жаңа жылдың өзінде Зеленскийдің құттықтауын көрсетсе, енді бірі бұрынғы басшы Порошенко мен оның жұбайының құттықтауын ұсынған. Мемлекеттегі сайлау арқылы шешім қабылданғалы үшінші жылға кетіп бара жатқанымен, «екі қошқардың басы бір қазанға сыяр» емес.

ДАУДЫҢ БАСЫ…

Саяси мансабын бастамас бұрын заң мамандығы бойынша білім алып, төрт жыл бойы Украина президентінің рөлін сомдайтын «Халық қызметшісі» телесериалын түсірген Зеленскийдің мемлекет басшылығына ұсынылуы 2018 жылы сериал атауымен саяси партия құруымен басталды. Кино әртісінің ел алдында жасаған мәлімдемелері халық тарапынан қызу қолдауға ие болғаны мәлім. Әлемдік жаңалықты қалт жібермейтін оқырман қауым үшін Зеленскийдің шынайы демократиялық мемлекет құруға деген ұмтылысы таныс. Жаңа басшының мемлекетті бұрынғы жуан қарындар мен ақ шаштылардан тазартуға деген талпынысы бұрынғы билік өкілдерінің шамына тиді. Содан бастау алған бұрынғы және қазіргі президенттің арасындағы саяси тартыс әлі күнге жалғасын тауып келеді.

2019 жылдың көктемінде өткен сайлау алдындағы пікірсайыс кезінде Владимир Зеленский елдің бұрынғы басшысы Петр Порошенкоға «Мен сенің қарсыласың емес, үкіміңмін» деп нық сеніммен сөйлеген еді. «Айтылған сөз – атылған оқ». Содан бері Зеленский айтқан сөзін іспен дәлелдеп келе жатқан секілді. Соңғы екі жыл ішінде Порошенко қанша рет қылмыстық іске ілікті. Бірақ, бұл жолы тағылып отырған айып ауырлау. Расында, елдің бесінші президентіне үлкен қауіп төніп тұр. Порошенко «мемлекетке жасаған опасыздығы үшін» айыпталуда. Бұрынғы саяси қайраткер семсерін алысқа сермеп тұрған кезінде билікті белшесінен басып, Ресей шенеуніктерімен жасырын байланыс жасап, 2014-2015 жылдардағы соғыс қимылдары кезінде Донбасс «сепаратистерінен» заңсыз көмір сатып алды деген күдікке ілінді.

Рас, мұндай «жаладан» ығайын деп тұрған Порошенконың пәрмені көрінбейді. 17 қаңтарда Украинаға оралған ол Киевтің Печерск сотына өз аяғымен барған. Кеңес ұзаққа созылды. Сот қамауға немесе кепілге алуға шешім қабылдауға тиіс. Нақты шешімнің қандай болары белгісіз. Дегенмен, тағылған айыптың ауырлығына қарамастан Порошенконың сотқа келуінің өзі Украинаның саяси өмірінде үлкен өзгерістер болатынын аңғартады. Мемлекетті бес жыл басқарып, ел тарихында бесінші президент болып қалған Петр Порошенкоға кімдер айып тағуда? Саясаткер темір торға тоғытылуы мүмкін бе? Осы және өзге де тақырыптар төңірегін шолып көрмекпіз.

«КӨМІР ІСІ» КӨПКЕ ТҮСІРУІ МҮМКІН

Мәселенің мәні әріде. Даудың басы – заңсыз тасымалданған көмір. Жоғары сұрыпты көмірді бесінші президент Донецк пен Луганск облыстарынан (қазір олар өздерін Донецк Халық Республикасы, Луганск Халық Республикасы деп жариялап алғанымен, оларды әлемдік қауымдастық мойындамаған, – ред.) әкелген. Және айыптаушы тарап арада Ресей шенеуніктерімен сыбайластық болғанын айтады. Украинаның Мемлекеттік тергеу бюросы бұл іс бойынша Порошенконы күдікті деп танып, «Украина энергетикасын Ресей мен террористік ұйымдарға тәуелді етті» деп ресми мәлімдеме жасап отыр.

Кейінгі кездері Порошенконы қырсық бір айналдырып, бір айналдырғанда шыр айналдырып жүр. Өзі бұл мәселенің астарында қазіргі биліктің бітіспес «кегі» жатыр деп біледі. Өткен жылдың өзінде 130 шақты қылмыстық іске іліккен экс-президент билікті тартып алу, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, салықтық алаяқтық сияқты айыптауға ұшыраған еді. Алайда, бұл жолы жағдай әлдеқайда күрделі. Дәл осы «көмір ісі» бойынша Украинада Порошенкоға дейін Виктор Медведчук, Сергей Кузяра, Владимир Демчишиндер айыпталған еді. Қазір бұлардың біреуі шетел асып ұстатпай жүрсе, қалған екеуі тұтқынға алынған. Бірақ, олар өздерінің кінәсіз екенін дәлелдеуге тырысуда.

Тұтқындағы қос тұлғаның ісін қарау барысында Порошенко күдіктілер тізімін толықтырған. Бірақ, оны тергеу ісі 2021 жылдың соңғы күндеріне қалдырылған. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл қазіргі президенттің бұрынғы басшыға саяси күрестен бас тартуы үшін беріп отырған мүмкіндігі.

«Көмір ісі» бойынша күдіктілердің қатарына Порошенконың қосылатыны белгілі еді. Бұл саяси ойынның осылай бет аларын біз әу бастан білдік» деп жазды экс-президенттің адвокаты.

Жағдайдың қаншалықты ауыр екенін білсе де, Порошенко көмір сатып алуға қатысы бар екенін жасырған да, жағдайдан ыққан да емес. Ведомство қызметкерлері оған Жоғарғы Рада ғимаратының жанында шақыру қағазын бермек болған. Бұған дейін қырық шақты істі дәл осылай елеусіз қалдырған саясаткер болса шақырушыларды шыбын шаққан құрлы көрмей, көлігіне отырып, әуежайға бет алған.

Жоғарыда тергеу ісін жылдың соңына қалдырғаны туралы айттық. Және бұл Зеленскийдің бұрынғы басшыға «саясаттан сырт айналып, елден біржола кетуге» берген мүмкіндігі іспетті екенін де тілге тиек еттік. Сөзіміздің астары ресми сарапшылардың мәлімдемесіне саяды. Осы ретте Порошенконың өзі «Президенттік кеңседен Еуропада қалсам, жанашырлық танытатыны туралы сәлемдеме алдым. Бірақ, іс олар ойлағандай бола қалмайды. Елге қаңтар айының алғашқы жартысында оралатын боламын» деп мәлімдеме жасап, сол жолғы сапарының көп уақыт бұрын жоспарланғанын айтқан. Дегенмен, жергілікті ақпарат көздері Порошенконың ұшақ билеттерін ұшуға екі сағат қалғанда сатып алғанын жазған. Ақ-қарасы нақты белгілісіз. Егер Петр Порошенконың іссапары шынымен елден қашу үшін жоспарланғаны анықталса, жағдай күрделене түсетіні анық. Бесінші президент мемлекетке опасыздық жасау және терроризмді қаржыландыру баптары бойынша он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Порошенконың жақтастары «Зеленский елдің қорғанысын күшейтудің орнына, ең танымал саяси күшке айналып отырған оппозициялық партияны қудалауды күшейтуде» деп жазды әлеуметтік желілерде.

«ПЕТР АЛЕКСЕЕВИЧ БҰЙРЫҚ БЕРГЕН…»

Бір қарағанда Порошенконың өзіне тағылған айыпқа бейжай қарап, салқынқандылық танытуы да негізсіз емес. 2014 жылдың жаз айларында Луганск және Донецк облыстарының бір бөлігін бақылауды іс жүзінде тоқтатқаннан кейін Украина аймақтық экспорттаушыдан көмір импорттаушысына айналды. Кен орындарының басым бөлігі құқықтық органдарға өтіп, елдегі жағдай жылу беру маусымы басталмай жатып-ақ дағдарысқа айналу қаупін туғызды. Десек те, сол жылдың тамызында Украинаның Энергетика және көмір өнеркәсібі министрлігі бұл мәселенің де шешімін тапты. Ол – бір миллион тонна көмірді Оңтүстік Африка Республикасынан сатып алу мүмкіндігі еді. Ыңғайы келген істі ұтымды пайдаланған «Укринтерэнерго» мемлекеттік компаниясы қарашаның басында елге аталған тауардың алғашқы партиясын теңіз арқылы алдырған.

Иә, жағдай оңалып келе жатқандай болғанымен, бір дегенде үкіметте үлкен түсініспеушілік орын алған. Көмір құны мен сапасына байланысты дау туындап, Украинаның Бас прокуратурасы аталған компанияның директоры Владимир Зиневичтің үстінен қылмыстық іс қозғаған. Бұл ретте Донбастағы қақтығысқа сәйкес Ресей үкіметі елге көмір жеткізуге мораторий жариялаған еді. Құқық қорғау органдарының мәлімдеуінше, аталған оқиғалардың барлығына кінәлі – үшеу. Олар – Порошенко, Медведчук және Кузяра. Тергеушілер бұлтартпас айғақ пен дәлелдерді де ұсынып отыр. Қарсы тарап та құр алақан емес. Ұсынылған дауыс жазылған таспаны, басқадай құжаттардың жалған екенін айтып бағуда.

Жартылай мемлекетке тиесілі Луганскуголь және Киселев кеніштері 2014 жылдың соңында Киевтегі жаңа мекенжайға қайта тіркелген. Олар сол кезде «Центрэнерго» коммерциялық компаниясымен жедел келісімшартқа қол қойған. Келісімшарттың жалпы құны сол кездегі бағаммен 190 млн долларды құраған. Арада бірнеше ай өткеннен кейін ақша жалған украиндық фирмаларға аударыла бастаған. Қазір Украина Бас прокуратурасы қаражат тікелей «сепаратистерге» жол тартқанына сенімді. Алайда, сот бұл әрекеттерді «терроризмді тікелей қаржыландыру» деп таңба баса алмай отыр. Ал, Порошенко Донбасс шахталарында антрациттерді (жоғары сұрыпты көмір) сатып алуды ұйымдастыруға бұйрық бергенін жоққа шығармайды. «2014 жылдың қарашасында Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің отырысында көмірді беру және оны кез келген жерге апару туралы кешенді тапсырмалар берілген болатын. Соның ішінде Украина азаматтары жұмыс істейтін Украинаның мемлекеттік шахталары да бар» деп мәлімдеді Порошенко өткен жылдың қазанында.

«ОППОЗИЦИЯ КӨШБАСШЫСЫ» ОРТАЛЫҚ БИЛІКТЕН ҚОРЫҚПАЙДЫ

Порошенко шетел асып, өзінің жаңа жылдық «демалысын» барынша пайдаланған сияқты. Бұл туралы мамандар «Порошенко шетелде еуропалық және америкалық саясаткерлермен кездесу өткізіп жатыр» деген ақпарат берген. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Расында, жағдай дәл осындай сипат алған. Елге оралар алдында Порошенко «Politico» басылымына сұхбат беріп, онда «Украина оппозициясының көшбасшысы» (өзін айтады) Брюссельде Еуропалық комиссияның ресми өкілдерімен кездескенін мақтанышпен айтқан. Елдің бесінші президенті бұл сұхбатында өзін Путин мен оның командасына қарсы күресіп, тарихтағы ең қиын жылдарда Украинаны аяққа тұрғызған адам екенін тілге тиек еткен.

«Politico» басылымының дерегіне сүйенсек, Брюссельдегі кездесуде Украинаның бесінші президенті расымен де мемлекеттегі жағдайды талқылаған. Бірақ, әңгіме өзіне тағылған айып төңірегінен аспаған. Бұл туралы аталған басылымға сұхбат берген Еурокомиссияның лауазымды шенеунігі де айтып, мәлімет берген.

Жыл басталысымен бұрынғы іс жалғасын тапқан. 6 қаңтарда Печерск аудандық соты «оппозиция көшбасшысының» барлық мүлкін тәркілеп, инвестициялық қорлардағы үлесі мен банк шоттарына тыйым салған. Бірақ, құқықтық органдар Порошенконың ұлына берген «Roshen» кондитерлік корпорациясы мен бұрынғы президенттің ақша жинақтарына саусақ ұшын да тигізбеген. Есесіне, саясаткерді елге табан тіреген сәтте бірден қамауға алуға рұқсат берген.

Жағдайдан жалтарып, жалтақтайтын Петр Порошенко емес. Ол Киевке қашан, қай уақытта, қандай рейспен келетініне дейін ашық ақпарат қалдырып, сотқа өз еркімен келетінін хабарлаған. Оның жасаған зілді жазбасы жағдайды одан бетер күрделендіре түсті. Айтса айтқандай-ақ, Петр Порошенко жазбада көрсеткен уақытында Киевке ұшып келді. Бір қызығы, мемлекеттік шекара қызметінің қызметкерлері сот шешіміне қарамастан, «салтанатты түрде» елге оралған саясаткерді тұтқынға алмай, кеден аймағынан еркін өтуіне жағдай жасаған.

Келесі аялдама – сот залы. Түскі уақытта басталған сот процесі ұзаққа созылып, ақырында 19 қаңтарға қалдырылған. Айта кетерлік жайт, халық екіге жарылғаны айқын байқалды. Бір топ Зеленскийдікі жөн десе, енді бір топ Порошенконың жақтастары аязға қарамастан, түн ауғанша жалғасқан сот шешімін күтіп, ғимаратты торуылдаған.

«АҚЫМАҚТЫҢ СЦЕНАРИЙІ…»

Осы аралықта елдегі саясаткерлер мен ақпараттық сала мамандары әліптің артын құр бақпады. Мамандар өз пікірлерін ортаға салып, түрлі сараптама мен саяси көзқарстар күн сайын жарияланып жатты. Көпшілік Порошенконың ақталып шығатынына кәміл сенім білдірді. Олардың айтуынша, бұл әдеттегідей тапсырма негізінде жасалып отырған жала. Осындай пікірдің бірін «Capital.ua» украиндық басылымының бас редакторы Вячеслав Чечило айтады. Оның пікірінше, дәл осындай жоғары деңгейдегі саясаткерлерге қарсы қылмыстық істер тек «тапсырыспен» қозғалады. «Порошенко биліктен қорықпайды. Және қазіргі билік тарапынан «арнайы» қозғалған істің өзіне қауіп төндіретініне міз бақпайды да», – деп жазды.

Расында, Петр Порошенко өз-өзіне тым сенімді. Егер расында да қорқуға негіз бар болса, ақылды саясаткер шетелдегі «сапарын» ұзаққа созар ма еді?! Бірақ, «оппозиция көшбасшысы» ондай әрекетке бармады. Тіпті, сот залына кірер тұста жақтастарымен тілдесіп, «Мен қазір сатқындар ұйымдастырған сотқа бара жатырмын. Олар шектен шықты. Бірақ, бізде олардан қорқуға еш негіз жоқ. Біз оларды міндетті түрде жеңеміз» деген еді.

Айтса айтқандай-ақ, елді алаңдатқан 19 қаңтар күнгі сот шешімі Петр Порошенконы тұтқынға алудың қажеті жоқ деп тапты. Сәрсенбінің сәтті күні өткен сот оппозицияшыл топтың пайдасына шешіліп, Печерск аудандық соты Украинаның экс-президенті Петр Порошенконы кепілдікпен босатты. Бірақ, Порошенко енді біраз уақыт шетелге шыға алмайды. Себебі, сот шешімі Порошенконың шетелге шығу құқығын шектеп отыр. Украинаның жергілікті баспасөз орталықтары Порошенконың жеңісін серіктестерімен танымал мейрамханалардың бірінде «атап өткенін» жарыса жазуда. Ал, Порошенко болса болған оқиғаның бәрін «ақымақтың сценарийі» деп бағалаған.

Бұрынғы президент сот шешімінің өзінің жақын арадағы жоспарларына кедергі келтіргенін айтады. Пікірлерді сараптасақ, Зеленский «оппозиция көшбасшысының» шетелдіктермен тиімді келіссөз жүргізуінен үрейленді. Қазіргі Мемлекет басшысының негізгі мақсаты да сол болған. Порошенко 19 наурызға дейін шетелге шыға алмайды. Бірақ, ол сот шешімін «басымның амандығы» деп жылы жаппай, Киевтен шығуға тыйым салу саяси қызметіне кедергі келтіргеніне қапалы. Ал, Порошенконың адвокаттары Печерск сотының шешіміне шағымданбақ. Украинаның бесінші президенті өз ұстанымына нық сенімді. Жүріп өткен жолының тазалығына еш күмән келтірмейді. Билік Порошенконы мемлекетке опасыздық жасады деп айыптайды, бірақ ол оппозиция жетекшісі ретінде саяси себептермен қудаланып жатқанын алға тартады. Және Зеленскийдің дүркін-дүркін ашып отырған «қарусыз соғысына» үйренгенін, оның мұнымен аяқталмайтынын мәлімдеген.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мәселені жан-жақты қарап, саясаткерлер пікіріне құлақ түрсек, негізінен биліктің Порошенконы тұтқындау туралы мүлде ойы жоқ. Тек осындай іс-әрекеттермен оның саяси қызметіне кедергі келтіріп, әлем мен жақтастары алдында беделін түсіруге тырысады. Елде жаңа президент сайланғаннан кейін Украина демократияға жылдам қадам басқандай көрінді. Бірақ, елдің алтыншы президенті Зеленский іс жүзінде қауқарсыздық танытып отыр.

Біздіңше, билік пен мемлекет бар жерде бас-басына би болуды тоқтату керек. Көптің қолдауымен тиісті тұлға президент ретінде сайланды ма, қалғандары «Биліктің – біреу, қалғанының – тіреу» екенін естен шығармағаны абзал. Осы ретте, жаңа билік иесі де күш-қайратын елдің болашағына арнағаны ұтымдырақ.

«Піскен асқа жеуші көп, біткен іске сыншы көп» демей ме?! Бұл мемлекеттегі жағдайдың да түрліше жазылып жатқаны жасырын емес. Десек те, бұдан Порошенконың абыройы еш түспейді. Қайта оның саяси бейнесі айқындала түсуде.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here