Александр Невскийдің дулығасындағы аятты кім жаздырды?

0
4393

Бүгінгі таңда өткенді зерттеудің жаңа алгоритмін іздеу – әлеуметтік ғылымдардың жаңа тұрпатты баламасын қалыптастырды. Тарихи зерттеулердегі қазіргі номотетикалық әдісті, яғни тарихи пайымдаудағы феноменологиялық бағытты – өткеннің адамын тану арқылы тарихи құбылысқа талдау жасауға ұмтылыс жасалуда. Бұл ұмтылыс неден шықты? Тәуелсіздігімізді жариялаған 30 жылдың ішінде еліміз туралы бұрын-соңды біз білмеген біраз деректер, тың көзқарастар пайда болды. Әсіресе, Ресей билігінде болған кезеңіміз туралы түрлі тарихи құжаттамалардың құпия сырлары там-тұмдап ашылуда. Әрине,  олардың біразы күні бүгінге дейін құпия сақталуда. Озбырлық, қастандық жайлаған заманның құпияларының толық  қашан ашылары да белгісіз. Кезіндегі І Петрдің «кез келген бұратана халықтың тарихы Ресейдің мүддесі тұрғысынан жазылуы керек» деген сөзі әлі күнге дейін өз мәнін жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз бұл тұрғыда өз пайымымызбен жұмыс істеудеміз.

ОРЫС ТАРИХЫНДА ӨЗІНДІК ОРНЫ БАР АЛЕКСАНДР НЕВСКИЙ КІМ?

Алтын Орданың асыранды баласы Александр Невский (1221-1263) – Ұлы Новгород, Киев, Ұлы Владимир князі титулын иемденген ірі қолбасшы, дипломат. Сонымен қатар, Алтын Ордада православиелік епархияның құрылуына ықпал еткен саясаткер. Бүгінде оның атымен Ресейде көптеген қасиетті жерлер мен оқу орындары, елдімекендер мен әскери мекемелер аталады.   

Ол туралы аңыздарға қоса түрлі жағымсыз әңгімелер де бар. Ежелгі Русь тарихынан ойып тұрып орын алған Александр Невский туралы халық арасында екі ұдайы пікір бар. Орыс тарих­шылары мен зерттеушілерінің пікірі де әртүрлі. Тіпті, олардың кейбірі орыс тарихында өзіндік рөлі бар – Ярослав Мудрый, Александр Невский және Дмитрий Донскойдың өзін таза орыстар болған емес дейді. Бұл туралы кезінде орыс тарихын орыстан бетер зерттеген неміс тарихшысы Герхард Фридрих Миллер түбегейлі жазған болатын. Міне, арада екі жарым ғасыр өтсе де, сол тұстағы ғалымдар  Ломоносов пен Тредиаковский ғана оқыған Миллердің еңбегі өртеліп, ғылыми  айналымнан шығарылып тасталды. Бұл еңбек неміс тілінде 1768 жылы жарық көрген.

Герхард Фридрих Миллер (Фёдор Иванович Миллер) – орыс тарихының тұңғыш ресми  жыл­намашысы, негізін салушысы. Петербург университетінің тұңғыш ректоры ретінде ол Камчаткаға және Сібір аймағына алғашқы экспедиция­ны ұйымдас­тырған. Оның бастама­сымен 1732 жылдан неміс тілінде ежелгі орыс халқының әдеби ескерт­кіштерінің жылнамасы шығарылған. Бір айта кетерлігі, Ресей әлемдегі ұлттық тарихи жылнамасы шіркеулік славян тілінде шығарылғандықтан, оған ешкімнің тісі батпаған.

Осы еңбектерде Александр Невскийдің шынайы образы берілген. Бұл шынайылықты бертін келе тарихшылар Соловьев, Ключевский, Костомаров, Гумилев, Лихачев, Петрухин тігісін жатқызып, қайтадан түзіп шыққан. Мұның өзі І Петрдің: «Маған империяның зұлымдығына қызмет ететін тарих керек», – деп ежелгі тарихты лақтырып жіберген зілді сөзінен кейінгі жаңа тарихтың сұлбасы еді. Ал, ол шындық­тың әріп арасында қалып қойғаны анық болатын. Ол туралы Лев Толстой Сергей Соловьевтің «Тарих» кітабын оқып отырып: «Ресей тарихына зер сала келіп, тап жаныңда не деген мағынасыз елең-алаңның орын алып жатқанын көресің. Бұл неткен сорақылық, сонда біртұтас ұлы мемлекетте бассыздық қалай белең алған», – деп өз таңданысын білдіруі көп нәрсені аңғартса керек.

ҚҰРАН СӨЗДЕРІ ОРЫС ҚОЛБАСШЫСЫНЫҢ ДУЛЫҒАСЫНДА ҚАЙДАН ЖҮР?

Енді орыс мемлекеттігінде өзіндік рөлі бар тарихи тұлға туралы айта кетсек. Себебі, Алтын Орда тари­хында ізі қалған қолбасшының өмірі бізді бейжай қалдырмасы анық.

Өткенде Алтын Орданың бақпа­сында болған орыс қолбасшысы Александр Невскийдің Кремльде ұзақ уақыттан бері көзден таса сақталып келген дулығасынан араб жазулары табылды. Бұл не жазу?

ХІІІ ғасырда өмір сүрген Александр Невскийдің тағдыр талайы өте жұмбаққа толы. Жан дүниесі мен ақыл-ой несібесіне Алтын Орданың иісі сіңген тарихи тұлға «ақ пен қызыл» болып екіге бөлінген кезде баррикаданың екі жағына да қызмет етті. Ізінен бұқараны ертуімен көзге түскен  оны  кезінде І Петрдің өзі Городец деген жерден мәйітін қаздырып алып, әскери қолбасшысы ретінде құрмет көрсетіп, Санкт-Петербург қаласына салтанатпен қайта жерлеген. Әскери қару-жарақтары мен тұтынған заттарын мұражайларға өткізіп, тарихи жәдігерлерге айналдырған. Ал, дулығасын Кремль мұражайына қойғызған. Мұражайға қойғандар оның ішкі  мәніне назар аудармаған. Дулығаның жиегіне арабша Құран сөздері жазылуымен ол аса құнды жәдігер болатын. Ғалымдар жазуды зерттей келе, оның қасиетті «Сафф» сүресінің 13-ші аяты екенін дәлелдеп шықты. Бұл қасиетті Құран сөздері қолбасшының дулы­ғасында қайдан жүр? Оны ол білген бе? Қазір Ресей ғалымдары осыған басын ауыртып жатыр.

Жалпы, Александр Невскийдің Бату ханның ордасында тәрбие алғанын, өзінің саяси көзқарасына Орданың ықпалы болғанын ескерсек, ислам дінінің оның рухани өмірінде өсіп-жетілуіне ықпал еткені анық. Ықпал ету алаңының оның сені­міне әсер еткені соншалық, Невский өзінің талап етуімен дулығасына Құран аяттарынан болған сүренің жазылғанын сұраған да болар. Қалай айтсақ та, бұл  енді өткен тарих теберігіне саяды. Ресей зерттеушілері оны білсе де, енді айтпасы анық.

Мұндай оқиға ілуде біреу ғана ма? Жоқ. Александр Невскийге байланысты оқиға сонау ХІІІ ғасырда болған делік. Ал, ХХІ  ғасырда болған мына оқиғаға енді не айтуға болады?! Тақы­рыпқа орайлас, мына бір мәселеге назар салсақ.

Бірде Ресейдің белгілі саясаткері Евгений Примаков Ресей патриархы ІІ Алексиймен кездеседі. Патриарх кездесуге діни рәсімге келгендей үстіне шіркеулік киімдерін киіп келеді. Әсіресе, оның үстіндегі кеудесінен төмен қарай түскен қос лентасы бар жамылғысы саясаткердің назарын аударады.

Саясаткер жамылғының кеуде тұсындағы екі сызықтың мән-жайын түсіндіріп беруін өтінгенде, патриарх мұндай киімді жүздеген жылдардан бері шіркеу қызметкерлері маңызды діни рәсімдерге киюінің салтқа айналғандығын айтып береді. Сол кезде Примаков одан: «Біреу бұл лентадағы жазуды оқып көрді ме?» – деп сұрайды. Саясаткердің бұл сұрағына таңқалған ІІ Алексий: «Киімде ешқандай жазу жоқ», – дейді.  Сонда Примаков орыс патриархалды шіркеу басшысының үстіне киген діни киімі қымбат қамқа матадан тігілгенін, мұндай сапалы әрі әдемі мата түрінің Катарда ғана жасалатынын айтады. Ресей патриархы ІІ Алексийдің үстіндегі киім де араб елінен әкелінген матадан тігілген екен. Сол сәтте Примаков Бүкілресейлік патриархалдық шіркеуі патриархының киімінің кеуде тұсындағы бедерлерден араб әрпімен жазылған «Лә иллаһа, иллалаһ Мұхаммад расулалаһ» деген жазуды оқып береді. Примаковпен болған кездесуден кейін ІІ Алексий қатты шо­шынып, лезде көзден ғайып болып­ты.

Орыс  ағзамдарының бұл алғашқы адасуы емес. 1702 жылы І Петр патша Қасымов қаласының жанынан өтіп бара жатып, Хан мешітін храм екен деп қалып, биік мұнарасына қарап шоқыныпты. Қасындағылар оның шіркеу емес, мешіт екенін айтқанда, оны зеңбірекпен атып қиратуға бұйрық береді. Алтын  Орда  күйрегеннен  кейін  тарихта  басты  рөл  атқарған  Қасымов  қаласында 2017 жылы болғанымызда, бұл мешітті өз көзімізбен көргеніміз де  бар. Бұл қалада тарихшы-жылнамашы Қадырғали Жалайыр бабамыз бен  Оразмұхамед патша жатыр.

НЕВСКИЙ ТҰЛҒАСЫНА ОРЫС ТАРИХШЫЛАРЫ НЕГЕ ҚЫРЫН ҚАРАЙДЫ?

Рас, Ресей тарихы Александр Невскийге байланысты барлық құпияны әлі ашпай отыр. Оны  бүгін де, ертең де ашпасы белгілі. Ол туралы зерттеушілер орыс жылнамаларынан, Қасымов қаласы мұрағаттарынан, Нижний Новгород тарихынан там-тұмдап табуына болар еді.

Оның «Невский» аталуының өзі де тарихи оқиғаға байланысты. 1240 жылы болған Нева шайқасында Бату ханның қолдауымен шведтерге қарсы соғыста жеңіске жеткені үшін оған осы тек беріледі. Ол өз қожайыны Батуға ерекше берілген жан болатын. Сол қылығы үшін ол өзін қолдау­шылар тарапынан қарсылықтарға да ұшырайды. Не үшін дерсіз?

Берке хан тұсында Дешті-Қыпшақ билігі Ресейде халық санағын өткізеді. 1257 жылы Суздаль, Рязань княздіктерінде адам санына санақ жүргізіледі. Одан кейін Берке әкімдігі бұған дейін өздерін тәуелсіз мемлекет санап келген Новгородқа келіп, санақты жалғастырады. Осы кезде Новгород халқы өздерінің есептерін бермеу үшін Берке ханға қарсы көтеріледі. Оны князь Невскийдің араққұмар ұлы Василий ұйымдас­тырады. Бірақ, Новгород князі Александр Невский бұл бүлікті өзі басады. Берке ханға бағынатынын білдіріп, халқының есебін береді. Берке хан Новгородта халық санағын жүргізіп болғаннан кейін 1259 жылы Сарайға қайтып келеді. Осыдан соң Новгород княздігі Дешті-Қыпшақ мемлекетіне бағынады. Қарсыласу осыдан шыққан еді.

ХІІІ ғасырда Бату хан бүкіл орыс княздарын өзіне бағындырып, алым-салық алып тұрған. Сол тұстағы Владимир князі Ярослав Всеволодович өзінің Алтын Ордаға тәуелді екендігінің белгісі ретінде баласы Александрды Ордаға аманат етіп тапсырған. Тарихта Александр Невский деген атпен қалған ол – сол  асыранды бала. Ол Дешті-Қыпшақ хандығында Шыңғыс хан «Сайын» деп еркелетіп атап кеткен немересі Батумен сарайда бірге өседі. Кейін ол Новгород князі болысымен бауыры Андрей мен Бату хан құзырына қымбат сыйлықтар тапсырып тұруды дәстүрге айналдырған. Бату ханның әміріне сәйкес, Александр Невский қасына Андрейді ертіп, Қарақорым қаласына да барады. Олар қағанның құзырында болып, ұзақ сапардан 1249 жылы қайтады. Оларды хан құзырында құрметпен қарсы алуына байланысты орыс халқы қуанып той жасайды. Осыдан соң Бату хан Александр Невскийді Киев қаласына, Андрейді Владимир қаласына князь етіп қояды. Олар моңғолдардан әскери заңды, соғыс ғылымын, шеруге сапқа тұру тәртіптерін үйренеді. Мемлекет құрып, оны басқару жолдарын меңгереді.  

1256 жылы Александр Невский Ордаға келеді. Оның осы келістерінің бәрі ескі мұрадан дәмету және сатқындыққа баланады. Ауыздылар оны «татарлардың құйыршығы, тізе бүгуші және екіжүзді сатқын» деп те атайды. Ол туралы тарихшы Михаил Горелик «Огонек» журналындағы мақаласында «Орыс тарихында Александар Невский деген шайтан бар. Оның бар мақсаты – Владимирде княздік жасау болды және өзінің жан тыныштығы үшін Русьтің төбесіне жауыз татарларды отырғызып, езгіге салды. Оны және өте пысық түрде – бауырын сатып жүзеге асырды» деп жазды.

Публицист Михаил Сокольский: «Орыс халқы, орыс азаматтары іштей сатылып, іріп-шіріді. Олар өздерінше ойлап тапқан көтерілістің жемтігіне айналды. Оның бастауында негізгі фигура болып, орыстың «ұлттық батыры» Александр Невский тұрды. Тарихи сатқындық идеясы және биліктің деспоттық жүйесін орнату үшін Русьті Азиядан келгендерге беруге мағынасыз шешім қабылдады», – дейді. Егер мәселе осылайша шешілген болса, оны түсінуге де болады. Мұның бәрі бертіндегі сөз.

ХІХ ғасырда орыс тарихшылары Невский туралы жақ ашпады. Рас, сол тұстағы тарихшы ғалымдар оны ашық сынауға батылдары жетпеді. Ал, ХХ ғасырдың алғашқы жарты­сында Еуропада, 1940 жылдары КСРО-да  Александр Невскийге тарихи баға беріліп, оны «хан алдында басын иіп, Ресей мүд­десінен бас тартқан сатқын» деген таңба тағылды. Осылайша, ол «ұлы қасиетті князь» деген атақтан айы­рылды. Әйтсе де, оны жанама түрде орыс шіркеуі мен орданы одақ­тастырушы ретінде ұмытпады.

Александр Невский туралы түсірілген фильмде ол орыс халқын тевтондықтардан қорғаушы ретінде дәріптелді. Осы фильмнен кейін оның Алтын Ордамен байланысы тарихтан өшіріліп тасталды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Александр Невский – небәрі 11 жыл ұлы князь атан­ды. Оның католик дінін қабыл­дауға қарсылық білдіргені үшін Батыс­тың Руське қарсы крест шабуылының болғаны да көзден тасада қалды. Сол дәуірдегі Русь пен Орданың арасындағы әскери-саяси одақтың құрылғаны туралы да айтылмады.

Ол – бар болғаны әкесінің ізін жалғастырды. Әкесі князь Ярослав 1245 жылы орыс княздарына Батыйды «өздерінің патшасы» ретінде тануды ұсынса, 1257 жылы Александр Русь пен Орданың одағын құрды. Олар осы арқылы Орданың қамқорлығында болды.

Ол – мықты Ресей мемлекетін құрғысы келді және православ дінін қорғап қалды. Осы шешімі үшін қасиетті шіркеудің бет келбеті ретінде қабылданды.

Александр Невскийдің өлімі күні бүгінге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр. Зерт­теушілер оның өлімін дін арасындағы қарама-қайшылықтардан іздейді. Батыстың Русьті католик дініне кіргізуді ойлаған жоспарының іске аспауынан қастандықтың ұйымдас­тырылуы мүмкіндігі де жоққа шығарылмайды. Ал, атақты ғалым Лев Гумилев ұлы князьдің өлімі қатты күйзелістен болғандығын айтады. Бұл енді өткен тарих…

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here