QyzPU ректоры үздік оқытушыларды марапаттады

0
676

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауының жеңімпаздарын құттықтап, оқу орнының ұжымының атынан сый-сияпат көрсетті, деп хабарлайды оқу орнының Коммуникация және медиа орталығы.

Биылғы республикалық конкурста еліміздің 76 жоғары оқу орнынан 718 үміткер қатысып, солардың ішінен 150 оқытушы үздік атанған болатын. Үздіктер қатарында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің екі оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Гүлназ Салғараева мен филология ғылымдарының кандидаты Лира Ибраимова да бар.

– Сіздер жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру және отандық ғылымды дамыту тұрғысындағы жауапкершілігі зор істі жүзеге асыруға сүбелі үлес қосып келесіздер. Ұстаз – әлемдегі ең мәртебелі мамандық. Бүгінде ұстазға деген құрмет, мұғалімге деген қамқорлық Қазақстан үшін елдік ұстаным әрі мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі. Сіздерді осынау жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің дамуына қосқан зор үлестеріңіз бен маман даярлауда сіңірген еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін, – деді Гүлмира Қанай.

Өз сөзінде Университет басшысы мемлекет білім беру сапасын арттыру және ғылымды қолдау бойынша жүйелі жұмыс жасап жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, дәстүрлі конкурста жеңімпаз атанғандардың әрқайсысы 2 000 АЕК көлемінде сыйақы алатын болады. Бұл шамамен 6 млн теңгені құрайды.

«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2021» байқауының жеңімпаздарына ақшалай ынталандырудан бөлек, төсбелгі де табысталды. Оны кеше Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үздіктерге арнайы табыстаған болатын. Ведомство басшысы өткен жылы конкурсқа түскен жұмыстар сапасы әлдеқайда жоғары болғанын, орташа көрсеткіш 15-20 балға өскенін мәлімдеді.

– Конкурс жыл сайын оқытушылардың беделін арттыру және оларды одан әрі кәсіби дамытуға ынталандыру мақсатында өткізіледі. Дәстүрлі байқау биыл алғаш рет Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйесінің базасында өтті, оның көмегімен қатысушыларда барлық кезеңнің ашықтығын бақылауға мүмкіндік болды. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2021» байқауына қатысу үшін өтінімдер мен құжаттар да электрондық форматта қабылданды.  Бұл конкурсты өткізудің ашықтығын қамтамасыз етті, – деп атап өтті Университеттің Коммуникация және маркетинг департаментінің басшысы Жандар Асан.

Коммуникация және маркетинг департаменті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here