«Мен не деймін, домбырам не дейдінің» кебін киген форум

0
1476
«Мен Украинадағы соғысты қалай аяқтау керектігін білемін. Әрі бұл өте оңай. Біз Украинаны әскери қолдауды тоқтатамыз. Болды. Соғыс бірнеше аптадан кейін аяқталады», – деп Сингапур төрінде мәлімдеген Жозеп Боррель «мұндай шешімнің Украина мен әлемдік қауымдастыққа қаншалықты қажет» екенін ойлауды шақырды...

Жер көлемі Алматы қаласынан сәл үлкен қала-мемлекет Сингапурда Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы ең ірі саналатын «Шангри-Ла диалогы» қауіпсіздік форумы өтті. 2002 жылдан бері «Шангри-Ла» қонақ үйінде тұрақты өткізіліп келе жатқан биылғы форум 49 мемлекеттің қорғаныс министрлері мен барлау қызметі басшыларының басын қосты. Украинадағы қарулы қақтығыс пен оны шешу жолдары пікірталастың басты тақырыбына айналды. Дегенмен, форум Батыс пен Шығыс елдері арасында бұл соғыс турасында бір-біріне қарама-қарсы екі түрлі көзқарастың барын тағы байқатты. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін қауіпсіздік форумының қалай өткеніне тоқталады.

РЕСЕЙДІ
ШАҚЫРУДЫ АРТЫҚ
САНАҒАН
ҚАУІПСІЗДІК ФОРУМЫ

Азия-Тынық мұхиты аймағы елдері өкілдерінің қатысуымен 2-4 маусым күндері Сингапурда өткен «Шангри-Ла диалогы» Украинадағы қарулы қақтығыс жағдайындағы екінші форум болды. Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясының азиялық аналогына айналған жиын бір жыл бұрынғыдай ресейліктердің қатысуынсыз өтті. Былтыр Мәскеуге жіберілген шақыру билеті жарты жолдан кері қайтарылса, биыл шақырылған да жоқ. Әрине, айдың-күннің аманында көршісіне басып кірген елдің қауіпсіздік тақырыбын көтерген форумға қатысуының өзі нонсенс болар еді.

Биыл «Шангри-Ла диалогында» Батыс елдері спикерлерінің арасында АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин, оның Ұлыбритания мен Германиядағы әріптестері Бен Уоллес пен Борис Писториус және еуропалық дипломатияның басшысы Жозеп Боррель болды. Украина тарапынан қорғаныс министрі Алексей Резников қатысты. «Азиялық команда» олардың айтқанына көнбейтіндей, айдауымен жүрмейтіндей кейіп танытты.

Қытай қорғаныс министрі Ли Шанфу Украина мен Ресей арасындағы соғысқа Бейжіңнің бұрынғы ұстанымы еш өзгермегенін тілге тиек етті. Бруней, Вьетнам, Индонезия, Камбоджа, Лаос, Малайзия, Мьянма, Сингапур, Таиланд және Филиппиннің басын қосқан ASEAN елдерінің Ресейге қарсы санкцияларға қосылмағанын ескерсек, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің айтар уәждері әу бастан белгілі еді. Оңтүстік Корея қорғаныс министрі Ли Чжон Соп форумға Украинаның қару-жараққа мұқтаждығын емес, аймақтың қауіпсіздігін айтуға келгенін кесіп айтты. Ал, жиынның қожайыны – Сингапур қорғаныс министрі Нг Энг Хен қонақтарды Украинада орын алған оқиғаның Азияда қайталануына жол бермеу қажеттілігін түсінуге шақырды. Әйтсе де, Сингапурдағы үш күндік пікірталастың өзегі бәрібір украин дағдарысы болды.

КИЕВКЕ ДЕ,
ВАШИНГТОН МЕН БРЮССЕЛЬГЕ ДЕ
ЖАҚПАЙ ҚАЛҒАН
ДЖАКАРТАНЫҢ ЖОСПАРЫ

Форумның ашылу қарсаңында оның қатысушыларына Лондон халықаралық стратегиялық зерттеулер институты (IISS) әзірлеген «2023 жылғы аймақтық қауіпсіздік жағдайын бағалау» тақырыбындағы баяндама ұсынылған болатын.

«Ең үлкен мәселе – Украина қақтығысы кезінде күшейген Қытай мен Ресей арасындағы тығыз стратегиялық серіктестіктің аймақ қауіпсіздігіне әсері. Жанжал геосаяси үдеткіш ретінде жұмыс істеді», – деп атап өтті баяндаманы талқылау барысында Лондон халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының Азия бөлімшесінің аға ғылыми қызметкері Линн Куок.

Әрине, Линн Куоктың бұл пікірі Ли Шанфуға мүлдем ұнаған жоқ. Қытай қорғаныс министрі аға ғылыми қызметкерге жақтырмай қарады.

Индонезия қорғаныс министрі Прабово Субиантоның пікірталас алаңында көпшілікке ұсынған Украинадағы қақтығысты тоқтату туралы Джакартаның бейбіт жоспары үлкен резонанс тудырды. АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Украина мен Еуропалық Одақ өкілдері басын шайқады.

Сонда Азия елдері тарапынан ұсынылған екінші бейбіт жоспарға (оның алдында Қытай ұсынды) Украина мен Батыс елдерінің өкілдері неге басын шайқады? Енді Индонезия қорғаныс министрінің сөзіне кезек берейік.

«Мен осы мүмкіндікті пайдаланып, Украина мен Ресейдегі бауырларымызды соғысты тоқтату туралы келісімге тезірек келуге шақырғым келеді», – деп мәлімдеді Прабово Субианто.

Генералдың пікірінше, бар кінәні бір тарапқа ғана артып қоюға болмайды екен.

«Әр қақтығыста екі нұсқа болады. Екі тарап та өздерінің дұрыстығына нық сенімді. Бірақ, бүкіл әлемнің қауіпсіздігі мен жазықсыз жандардың амандығы үшін біз қарулы қақтығысты мүмкіндігінше тезірек тоқтатуға қол жеткізуіміз керек», – деп сөзін жалғады Прабово Субианто.

Осы пікірінен кейін көпшілік алдында Индонезия қорғаныс министрі Джакартаның бейбіт жоспарының негізгі тармақтарына тоқталды.

«Бірінші: екі тарап та соғыс қимылдары мен атыстарды толық тоқтатып, қазіргі уақытта тұрған позицияларда қалып, оны бекіту. Екінші: әскерлерді алдыңғы қатарлы позициялардан әр бағытта 15 шақырымға шығару және демилитаризацияланған аймақ құру. Үшінші: БҰҰ-ның бақылау контингентін дереу жасақтау. Төртінші: БҰҰ контингентін бүкіл демилитаризацияланған аймаққа орналастыру. Бесінші: БҰҰ жергілікті тұрғындардың пікірін ескере отырып, даулы өңірлерде референдумдар ұйымдастыруы тиіс», – деген Прабово Субианто Индонезия БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясы аясында өзінің әскери бақылаушылары мен жауынгерлерін жіберуге дайын екенін жеткізді. Алайда, генерал референдум туралы әңгіме жанжал аймағындағы қандай «даулы жерлер» жөнінде болып тұрғанын нақтылаған жоқ.

Индонезия қорғаныс министрі аталған бейбіт жоспардың негізі Оңтүстік пен Солтүстік Корея арасындағы демилитаризацияланған аймақ принципі бойынша құрылғанын мойындады.

«Кореядағы үлкен қақтығыс соғыс қимылдарын тоқтату және демилитаризацияланған аймақ құру арқылы шешілді. Иә, Корея түбегіндегі қақтығыс әлі күнге дейін түпкілікті шешілген жоқ. Бірақ, соған қарамастан соңғы елу жылда қандай да бір бейбіт өмірдің ошағы орнықты. Бұл мыңдаған жазықсыз жандардың жаппай қырылғанынан әлдеқайда жақсы», – деп сөзін қорытындылады 71 жастағы генерал.

Прабово Субианто ұсынған Индонезияның бейбіт жоспарынан Украина қорғаныс министрі Алексей Резников бірден бас тартты. Тіпті, Киев мұндай ұсыныстарды қарастыруға да уақыт құртпайтынын жасырмай айтты.

«Құдды бір Индонезия жоспары емес, Ресейдің жоспары сияқты естіледі екен. Біз бұл соғыста жеңіске жетуіміз керек, содан кейін ғана Кремль режимімен немесе жаңа президентімен келіссөздер жүргіземіз», – деп сенімді сөйледі украин министрі.

Алексей Резниковтың орынбасары Владимир Гаврилов Киев өз жерінен, соның ішінде Қырымнан бас тарту туралы қандай да бір келісімді талқылаудан бас тартатынын атап өтті. Бұған дейін Украина сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Олег Николенко Индонезия жоспары жарамайтынын, өйткені ол қақтығыс аймағындағы Ресей әскеріне уақытты үнемдеуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Сөйтіп, Киев Джакартаның бейбіт жоспарын құндағында тұншықтырды.

БАТЫС ЕЛДЕРІ
УКРАИНАНЫҢ ЕКІНШІ
БЕЛАРУСЬКЕ
АЙНАЛҒАНЫН ҚАЛАМАЙДЫ

«Шангри-Ла диалогының» бірқатар азиялық қатысушылары индонезиялық және қытайлық бейбіт жоспарларды қолдағанымен, Батыс елдерінің өкілдері Украина қорғаныс министрінің ұстанымын бірауыздан құптады. «Украинаға бейбітшілік тек Ресейдің жеңілісі арқылы ғана келеді» деді олар.

Өз кезегінде Еуропалық одақтың сыртқы саясат және қауіпсіздік қызметінің басшысы Жозеп Боррель де Индонезия жоспарымен түбегейлі келіспейтінін білдірді.

«Мен Украинадағы соғысты қалай аяқтау керектігін білемін. Әрі бұл өте оңай. Біз Украинаны әскери қолдауды тоқтатамыз. Болды. Соғыс бірнеше аптадан кейін аяқталады», – деп Сингапур төрінде мәлімдеген Жозеп Боррель «мұндай шешімнің Украина мен әлемдік қауымдастыққа қаншалықты қажет» екенін ойлауды шақырды.

«Бұл маңызды ма, жоқ па? Егер бұл маңызды болса, онда біз Украинаға әскери қолдау көрсетуді тоқтата алмаймыз. Себебі, біз Украинаны екінші Беларуське айналдыратын бейбітшілікті қаламаймыз. Мәселе соғысты шұғыл аяқтауда емес, бар мәселе соғысты қалай аяқтайтынымызда болып тұр», – деп түсіндірді 76 жастағы дипломат.

Еуропалық дипломатия басшысының сөзінше, Батыс елдері Ресей агрессиясына төтеп беру үшін Киевке әскери көмек көрсетуді жалғастыра береді.

Сингапур алаңында мінберге шыққан Германия қорғаныс министрі Борис Писториус немістердің украиндарды қаруландырудан басқа амалы болмай тұрғанын мойындады.

«Егер біреу маған екі жыл бұрын Германияның соғыс өрті тұтанған аймаққа ауыр қару-жарақ пен оқ-дәрі беретінін айтса, мен сенбес едім», – деп сырын ақтарды Борис Писториус.

63 жастағы қорғаныс министрінің айтуынша, Германияның Украинаға қару-жарақ тапсыруы үкіметтен қорғаныс саясатын, соның ішінде қару-жарақ экспортын бақылау саласындағы саясатты түбегейлі өзгертуді талап етті.

«Шангри-Ла диалогының» тағы бір қонағы сөз алды. Ұлыбритания қорғаныс министрі Бен Уоллес «Ресей Украина жеріне баса-көктеп кіру арқылы өз аяғына өзі оқ атты» деген пікірде. Өйткені, бұл соғыс НАТО-ның кеңеюіне алып келді. Сәуір айында Финляндия ресми түрде Солтүстік атлантикалық келісім ұйымына мүше болды. Сөйтіп, Ресейдің НАТО-мен шекарасы екі есе ұзарды. Бұдан Мәскеу өлердей қорқатын еді. Ол аздай, Швеция әскери-саяси одақтың 32-ші мүшесі болуға Анкараның батасын күтіп отыр.

Өз сөзінде Бен Уоллес Украинадағы қақтығыс ресейлік қару-жарақтың сапа стандартына сәйкес келмейтінін анық көрсеткенін тілге тиек етті.

«Егер осы қауіпсіздік форумына қатысушылар арасында ресейлік қару-жараққа көп қаржы жұмсағандар болса, мен Сіздің орныңызда болсам, оны сатушыға кері қайтарар едім», – деген 53 жастағы британдық министр әріптестерін ресейлік сапасыз қару-жараққа көп шығындалмауға шақырды.

Әлбетте, Ұлыбритания қорғаныс министрінің жоғарыдағы пікіріне екі жыл қатарынан қауіпсіздік форумына қонақ болудан қалған Ресей тарапының үнсіз қалмайтыны түсінікті. Ресейдің әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі федералды қызметі Бен Уоллестің сөзін «қызғаныштың қызыл иті» ретінде бағалады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

5,7 млн халқы бар Сингапур «Шангри-Ла диалогын» осымен жиырмасыншы рет өткізді. 2022 жылы 24 ақпанда ресейлік әскер украин жеріне басып кіргеннен кейін бейтарап саясат ұстанып келе жатқан Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері Украина дағдарысын айналып өтуге тырысса да, үш күнге созылған форумда бәрібір бұл басты тақырыпқа айналды. Шығыс елдері Ресей сөз болғанда «ары тартса арба да сынбайтындай, бері тартса өгіз де өлмейтіндей» екіұшты пікір білдірсе, Жозеп Боррель бастаған Батыс елдерінің шенеуніктері антиресейлік риторикаға басымдық берді. Ал, Украина мен Ресей арасындағы қарулы қақтығыс Батыс пен Шығыс елдерінің қарым-қатынасына сызат түсіріп жатқандай әсер қалдырды.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here