Құлдықтан сұлтандыққа көтерілген ұлы қолбасшы

0
323

Азаттық таңы атқалы тарихи тұлғаларымызды дәріптеу ісі мықтап қолға алынды. Әсіресе, ел аузында жиі айтылмайтын ірі қоғам қайраткерлерін ұрпаққа кеңірек таныстыру ісі де ресми түрде аталып өтуде. «Шынайы тарихты ешкім, ешқашан өзгерте алмайды» деген осы болар. Бұл жақсы бастама – елдің тұтастық келбетін, ұлттың өмірлік ұстанымын бекітуде үлгі боларлық ізгі қасиет.

МЫСЫР
ЕЛІНДЕ СҰЛТАН
БЕЙБАРЫС
МЕШІТІ АШЫЛДЫ

Осынау ерлік пен елдікті ту еткен мемлекет қайраткерінің бірі, Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті, Мысырда мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған әрі оны 17 жыл билеген Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы Мысыр мен Қазақстан арасында кеңінен аталып өтілетінін бұған дейін ғасыр тарихы бар «Qazaq» газетінде жаздық.

Күні кеше Мысырда Сұлтан Бейбарыс мешітінің ашылу рәсімі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мысырда Бейбарыс сұлтан мешітінің ашылу рәсіміне қатысты. Іс-шара даңқты билеушінің 800 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Қазақстандық делегация құрамында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де болды.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Бейбарыс сұлтанның есімі жаһан тарихына дана әрі әділ билеуші, ұлы қолбасшы ретінде алтын әріппен жазылғанын атап өтіп, оның 800 жылдығы қазақ халқы мен мысырлықтар үшін мәні терең, маңызы зор оқиға екенін тілге тиек етті.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арналған іс-шараларға қатысушыларға өзінің жылы лебізін жолдады. Мемлекет басшысы бұл мерейтойды жоғары деңгейде атап өтуге баса мән беріп отыр. Мерейлі дата аясында 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Оның бір бөлігі Мысыр жерінде өтуде. Жалпы, екі халықтың байланысы тереңнен тамыр тартады. Соның бір бастауында Мысыр шежіресіндегі мәмлүктер кезеңі тұрғаны белгілі. Оның ішінде Бейбарыс сұлтанның есімі ерекше аталады. Ол – мемлекет басқару ісінде дана шешімдерімен дараланған билеуші. Ұлы қолбасшы Мысырды басқарып тұрған кезінде мешіт, медреселер салдыруға, елдің рухани іліммен бірге ғылым-білімді де қатар игеруіне үлкен көңіл бөлді. Бүгін күрделі жөндеуден кейін қайта ашылып отырған «Сұлтан Аз-Заһир Бейбарыс» мешіті Мысыр мен Қазақстан үшін ғана емес, ислам әлемі үшін де бірегей мәдени мұра екені анық. Сондықтан оны қайта қалпына келтіру – әлемдік тарих пен мәдениет үшін маңызды оқиға», – деді Мәулен Сағатханұлы.

52 жастағы Сенат Ттөрағасы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлкен үлес қосқаны үшін Қазақстан Президентінің Жарлығымен Әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайеб І дәрежелі «Достық» орденімен және Мысыр Парламенті Сенатының Төрағасы Абдель Уахаб Абдель Разек ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталғанын айтты. Сондай-ақ, екі халық арасындағы мәдени-рухани байланыстың аясын кеңейту жолында белсенділігімен танылған Мысырдың басқа да бірқатар дін, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Мысыр Араб Республикасы арасындағы достық пен сенімге негізделген дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толғанын атап өтіп, өзара ынтымақтастықтың нығаюына, бірінші кезекте, екі елдің мемлекет басшыларының жоғары деңгейдегі байланысы ықпал етіп отырғанына назар аударды.

ҚҰНДЫ
ДҮНИЕЛЕР МЕН
ҚҰНАРЛЫ
ДЕРЕКТЕРГЕ
ТОЛЫ КІТАП ОҚЫРМАНҒА
ЖОЛ ТАРТТЫ

Мысыр астанасы Каирде «Sultan Baybars, King of Arabs, non-Arabs and Turks. From the great steppe to the great sea» (Арабтар, араб еместер және түріктердің патшасы – Сұлтан Бейбарыс. Ұлы даладан ұлы теңізге дейін) деген кітаптың тұсауы кесілді. Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған қазақстандық делегация қатысты.

«Ұлы билеушінің мұсылман әлеміне жасаған тарихи қызметін ұлықтап жатқан бүгінгі іс-шараның мәні мен маңызы зор деп білеміз. Жарық көріп жатқан жаңа кітапта сол кездегі тарихи жазбалар мен ескерткіштердегі тасқа басылған құнды дүниелер, құнарлы деректер жинақталған. Бұл зерделі зерттеу «Бейбарыстануға» қосылған үлкен ғылыми еңбек боларына бек сенімдіміз», – деді салтанатты рәсімде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Министр Бейбарыс және мәмлүк тарихы мен мәдениетіне қатысты, Бейбарыстың тұлғасы мен тарихына қатысты іргелі зерттеу жұмыстарының қолға алынатындығын жеткізді.

«БЕЙБАРЫСТАНУ»
ОРТАЛЫҒЫН
АШУ ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Мысырға жұмыс сапары барысында Дархан Қыдырәлі Мысырдың Уақыптар министрі Мұхаммед Мұхтар Жұма және Әл-Азhар университетінің ректоры Саляма Даудпен кездесті. Кездесуге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да қатысты.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қонақжайлық үшін әріптесіне рақмет айтып, екі елдің өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға мән беретінін жеткізді.

Қазір Мысырдағы Әл-Азһар университетінде қазақстандық студенттер оқиды. Ал, Қазақстандағы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде Әл-Азһар университетінен арнайы келген ғылым докторлары мен профессорлар сабақ беріп, ғылыми бағытта қос ел әріптесе еңбек етеді.

Тараптар былтыр қыркүйек айында өткен қамқоршылар кеңесінің хаттамасы аясындағы мәселелерді тағы бір пысықтап, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде «Бейбарыстану» орталығын ашу жайын талқылады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Асқан талантымен құлдықтан қайраткерлікке дейін жеткен, қарапайымдылығымен және діндарлығымен елге танымал болған қазақ тарихындағы аса ғажайып тұлға Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығы халықтың, тарихтың, ар-ұжданның алдындағы жауапты той болмақ.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here