Тіл құдіреті: «Кім қай тілде сөйлесе, ол сол халықтың өкілі» ме?

0
1962

Не атау, не діни сенім, не бабалар қаны адамды
бір халықтың өкілі ете алмайды.
Кім қай тілде сөйлесе, ол сол халықтың өкілі.

Владимир Даль 

Дальдің осы сөзіне сүйене отырып, мынандай тұжырым жасауға болады. Бір мемлекетте тұратын әр ұлтты халық бір тілде сөйлесе, бір тіл оларды біріктіреді екен. Ал, бір мемлекетте тұратын халық екі тілде сөйлесе, керісінше, оларды ажыратады. Тіпті, екі тілде сөйлейтін бір ұлтты да екі айырады. Екі айыр тіл тек улы жыланда ғана болады. Құдай сақтасын! Өзімен кетсін! Иә, өзімен кетсін дейміз!

Ендеше, біз бір мемлекетте тұрып неге екі тілде сөйлейміз? Осы жерде тұрып, осы жердің суын ішіп, осы жердің нанын жеп, осы жердің бар игілігін, байлығын ортақ пайдалана отырып екі тілде сөйлейміз. Екі тілде сөйлеген соң, ой-сана да екі түрлі деген сөз. Бұл жерде мен әркімнің өз өмірі туралы жеке басының сана-сезімін, мақсат-мұратын айтып отырған жоқпын. Елі, жері, жалпы халықтық, отандық, мемлекеттік ой-сананы, мақсат-мұраты туралы айтқалы отырмын. Тіл, ардақты ана тіліміз сол ой-сананы, мақсат-мұратты жария ететін негізгі құрал емес пе?! Тіл дегеніміз адамның психологиясына да үлкен ықпал ететінін өмірде көріп жүрміз. Сондықтан «кім қай тілде сөйлесе, ол сол халықтың өкілі» деп орыс жазушысы өте дұрыс әрі нақтылы айтқан. Бұл сөздер талқыға түспейтін аксиома. Өйткені, ол дәл осы өмірден, естігеннен емес, көргеннен, нақты тәжірибеден алынып отырған шындық. Осы сөзді Қазақстанда тұратын әрбір адам өзінің қай тілде сөйлеп жүргенін санасына салып, шайқап, шайқап алып, ойлағаны жөн-ау!

Анау бір кезде «ТМД-да орыс тілін үйретуді күшейту керек» деген мағынадағы Путиннің телеарнадан сөйлеп жатқан сөзін естігенім бар еді. Бұл сөзде де терең әрі теріс мағына жатқанын санасы бар адам түсінетін болар. Болмаса егемендік алып бөлініп кеткен мемлекеттерде енді олардың қай тілде сөйлеп жатқанында қандай шаруасы бар екен?!

Иә, шаруасы болғаны ғой. Біз олардың бодандығында 300 жылдан астам уақыт болдық. Сол бодандықтан қалған белгілер бойымызға әбден сіңіп қалған. Бодандықтың ең үлкен белгісі де орыс тілі. Өз ана тілін менсінбей, өгейсініп орыс тілінде сөйлейтін мәңгүрт қазақтар бізде аз емес. Жоғарыдағы Дальдің айтып отырғаны да солар. Ендеше, оларда еліне, жеріне, туған халқына деген, тіпті Отанына деген сүйіспеншілік, патриоттық сезім болады деп айта аламыз ба?! Болса да сирек шығар-ау!.. Демек, адам баласының ой-санасына ықпал ететін тіл мәселесінің маңызы зор  екен. Бір мемлекеттегі халық жаппай бір тілде сол елдің мемлекеттік тілінде сөйлесе, олар бірін-бірі тез ұғысар еді. Бірлік пен ынтымақтың ұйытқысы болар еді. Міне, Президентіміз Тоқаев ұран тастаған бірліктің кілті қайда жатыр?!

Өкінішке қарай, біздің мемлекеттік тіліміз жаппай қолданысқа шыға алмай ысырылып қалды. Түкпірге апарып тығып тастады. Өйткені, Конституциямызда ұлтаралық тіл – орыс тілінің күші басым болып кетті. Ұлтаралық тіл деген соң көпшілік сол тілде сөйлеп жүр. Ұлтаралық тіл Конституцияға не үшін қыстырылды? Баяғы орыс ағайындардың көңілін аулау. Біз оларды ұлы халық санадық қой. Соларға жақпай қаламыз ба деген қорқақтық әрі жағымпаздық. Сөйтіп мемлекеттік тіл – қазақ тілі не анда жоқ, не мұнда жоқ, қажетсіз тіл санатында қалып қойды. Неге бұлай деп мемлекеттік тілді жоқтап жатқан билік те жоқ. Биліктегілер баяндама жасап, сөз сөйлесе орыс тілін қосақтамай сөз сөйлей алмайды. Алдарына өзіміз аударма жасап алып кеп отырған соң олар қазақ тілін үйреніп қайтсін. Оларды осылай үйреткен өзіміз кінәліміз. Ұлтаралық тіл дегенді Конституцияға кіргізіп қажеті де жоқ еді. Себебі, Қазақстандағы орыстан басқа өзбек, қырғыз, ұйғыр, түрік, татар сияқты түркітілдес халықтардың бәрі де қазақ тілін түсіне де, сөйлей де білетін. Сонда ұлтаралық тілді (тағы да айтам) кім үшін кіргіздік Конституцияға?! Орыстар үшін! Егер бір ғана қазақ тілін – мемлекеттік тіл дегенде, орыс ағайындар да заңға бағынып, мемлекеттік тілде сөйлеп кететін еді. Осыған әкелген мемлекеттік тілдің (заңда жазылған) құқығын жоқ қылған өзіміз. Биліктегілер. Өйткені, жоғарғы жақтағы биліктегілер, мемлекеттік қызметкерлердің өздері қазақ тілін (мемлекеттік тілді) шала біледі. Сол «шала қазақтарға» орыс тілінің өзі оңтайлы болды. Баяғы орыстанып кеткен «құлдық психология» тағы да кедергі жасады. Сол құлдық психологиядан арылу қиындау боп тұр әлі де. Бірақ, оны өздері сезбейді. Құлдық психологиядан арылудың басты жолы – ұлттық идеология. Бізде ұлттық идеологиядан әлі жасқану бар. Ұлттық деген сөзден әлі қорқады, тайсақтайды. Осыған жібермей отырған да сол бодандық, құлдық психология баяғы! Неге бізде ұлттық идеология болмасқа?! Осы мемлекетті құрып отырған негізгі халық қазақ қой. Мемлекетіміз де сол халықтың атымен аталады. Мемлекет иесі де қазақ деген ұлт. Жер иесі де қазақ. Ешкім бізге басқа жақтан жер алып келген жоқ. Жеке егеменді ел болған соң, сол мемлекеттің өз идеологиясы болу заңды мәселе. Қазақ халқының өз ана тілі, өз діні бар, өз салт-дәстүрі бар, тіпті өз мінез-құлқы, өзгеден өзгеше өз түрі бар. Сондықтан біз қазақ деген халықпыз. Сондықтан біз өзімізге сай, ерікті халық ретінде өз ұлттық идеологиямызды жүзеге асыруға міндеттіміз.

Жазып отырған басты мәселем ана тіліме оралайын. Бізде бүгінгі заманда ана тіліміздің қасиетті мәйегіне қанып сөйлей білмегендіктен азамат, жалпы адамзат бойында болатын ұлттық асыл қасиеттердің де саязданып бара жатқаны айқын байқалады. Өйткені, тіл адамның ой-санасын өзгертетін үлкен психологиялық құбылыс жасайтын басты құрал. Мысалға үнемі басқа тілде сөйлейтін қазақ пен бірыңғай өз ана тілінде сөйлейтін қазақты салыстырып байқап көріңізші. Екеуі де бір ұлттан, екеуі де қазақ. Бірақ, екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Екеуінің ой-санасы да, өмірге көзқарастары да екі түрлі, олардың жан дүниесі екі басқа. Тіпті, тіл адамның мінез-құлық, психологиясын, түрін де өзгертеді екен. Мен мұны осы өмірде жақсы байқадым. Көзім жетті. Міне, тіл құдіреті қандай!?

Конституциямызда мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп тайға таңба басқандай анық та танық жазылған. Бұл заң ба, заң ғой. Неге біз оны орындамаймыз?! Сол мемлекеттік тілді жаппай қолданысқа шығармай неге тығып отырмыз. Осының өзі заң бұзғандық емес пе?! Ал, заң бұзылса, ол қылмыс! Неге біз мемлекеттік тіл туралы заңды бұзамыз? Өйткені, бұл қылмысты сонау биліктегілердің өзі бастап қолдап отыр. Және сол биліктегілердің арасында өз ана тілін білмейтіндер жетіп артылады. Сондықтан олар өз ыңғайларына қарай басып отыр.

Иә, биліктегілер көпшіліктің өзі ана тілінде еркін сөйлей білмейді деген сылтау айтары анық. Ол үшін ана тілінде сөйлетуге нақты шаралар ойластыру керек. Шешілуі қиын проблемалық мәселелердің орындалуы үшін түрлі шаралар ойластырылады ғой. (Мәселен, экономикалық, тіпті қылмыстық істерге).

Шындығына келсек, жаны ашымастықтың, басы ауырмастың амалын жасап отырмыз. Ертеде Ататүріктің тұсында Түркияда имандылық жолына түскендері сонша, халық өз тілі – түрік тілінен араб тіліне ойысып бара жатқаны анық байқалыпты. Түріктің өз тіліне қауіп төніп тұрғанын байқаған Ататүрік бірден жедел шара қолдана бастапты. Ақыры түрік тілін сақтап қалыпты. Міне, тілге жанашырлық деп осыны айтса керек. Ал, біз мемлекеттік өз тізгінімізден айырылып қалған бейшара халыққа ұқсаймыз.

Бұл жөнінен мына көршіміз өзбек ағайындардан үлгі алуға болады. Олар қай жерде, қай жұмыста болмасын, өз ана тілінде сөйлейтін халық. Басқа тілде сөйлейтін адам келсе, оларға жауап бермейтін көрінеді. Тіпті, басқа тілде сөйлеген адамдармен сөйлеспей қояды екен. Сондықтан Өзбекстанға барған адам міндетті түрде өзбек тілін үйренуі қажет болған. Шіркін-ай, біздің орыс тілінде сөйлейтін өз қазақтарымыз үшін осындай бір шара қолданылса ғой! Мәселен, қазақ тілін білмесең, жұмысқа алынбайсың десе, ана тілінде сөйлемей жүрген бар қазақ ертеңіне қазақ тілінде сайрап кетер еді.

Тіл мәселесі орындалмайтын армандай болып барады. Журналистикаға қадам басқан алғашқы мақаламды да 1967 жылы осы ана тілімнің тағдырына арнап едім. (Радиодан да талай сөйлеп айтып едім). Хал-қадірімше қарекет те жасадым. Сонау 3-4 пайыздық қана қазағы бар Лисаков, Рудный қалаларындағы қалалық радиосынан қазақ бөлімін ашып, қазақша сөйлеттім. Осы күнге дейін радиосы да, телеарнасы да қазақша сөйлеп тұр. Сол жұмыстарыма қолдау көрсетіп штат берген Итемгенов, Исламиев сияқты ұлтжанды азаматтарға әлі күнге дейін ризашылығымды білдіріп еске алып тұрамын. Алла оларға иман байлығын берсін. Қазақ тілі қоғамымен бірлесе жүріп орыс мектебінен қазақ сыныбын ашқан едік. Қазір Лисаковта бір қазақ мектебі, Рудныйда екі қазақ мектебі бар. Мен мұны мақтаныш үшін айтып жатқаным жоқ. Осы ана тіліміз үшін жанымыз ауырмай ма?! Үкіметке қол жайып қарап отырғаннан не таптық?! Халық атынан бір тірлік керек сияқты. Том-том кітап жазып жатқан жазушыларымыз қайда?! Кітап жазу үшін ең алдымен ана тіліміз жазушыларға керек емес пе?!

Мен шеруге шақырып отырғам жоқ. Баяғыда айтулы жазушыларымыз Мұхтар Әуезовті, Ғабит Мүсіреповті, Ілияс Есенберлиндерді Қонаев та тыңдап еді ғой. Қонаевпен жақсы қатынаста болып, сөзін өткізген еді ғой олар. Қонаев олармен санасқан. Ал, бүгінгі жазушыларымыз ше? Айналайындар! Кітап жазғыларың келсе, ең қасиетті Ана тілдеріңді қорғаңдар! Бұл біздің Құдай алдындағы да, адам алдындағы да парызымыз. Қолдарыңнан келсе, сол қасиетті ана тіліміздің мәртебесін көтеруге, жаппай қолданысқа шығуына қарекет жасаңдар!

Иә, бұл кім өзі сондай-ақ бізге бұйыра сөйлеп, ақыл үйретіп жатқан деп таңданып отырған боларсыңдар. Мен өмірімді журналистикаға арнаған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі 86 жастағы қария әжелеріңмін. Ашынғаннан шыққан ащы дауысымның кебі ғой. Қазағымның ұлт болып, халқының мәңгі жасауы оның мемлекеттік басты белгісі осы тілге байланысты екенін көзі ашық, көкірегі ояу әр азамат білуге тиісті.

Осындай кең-байтақ (әлем бойынша 9-шы орындағы) жерді аман-есен жеткізумен бірге ата-бабаларымыз бізге ана тілімізді де сол қалпында сақтап, басқа тілге ауыстырмай, өзге тілде сөйлемей жерге де, тілге де опасыздық жасамай жеткізді ғой. Сонау трибунадан: «Жерді сатуға болмайды, Жер-Ана, Ананы сатуға болмайды» деп айғай салған Шерхан Мұртазаның дауысы әлі құлағымда тұр. Нағыз патриот парасатты азамат еді ғой. Өкінішке қарай, елінің, жерінің, жалпы қазақ халқының қамын ойлайтын мұндай патриоттар азайып барады.

Жерге, елге деген сүйіспеншілік туралы мына өзім көрген бір жайды айта кетсем артық болмас. Ертеректе Құрманқұл деген ағайыммен сапарлас болдым. Елге, Қызбелге бара жатқанбыз. Ел іргесіне жақындай бергенде ағай көлікті тоқтаттырды. Өзі көліктен түскен бойда жерді құшақтай жата кетті. «Туған жерім, атамекенім, жеттім-ау саған» деп күбірлеп жатты.

Үлкен ағайым Батыр: «Ау, Құреке, бұныңыз не, елді, жерді әбден сағынған екенсіз ғой», – деп қолынан демеп жерден тұрғызып алды. Көзінен ытқып шыққан жасты байқадым.

Міне, елге, жерге деген осындай сүйіспеншілік, құрмет қазір бар ма?! «Отан отбасынан басталады» демекші, Отанға деген сенімділік те осыдан басталады. Отанның да, халықтың да басты байлығы да, тірегі де жері, халқы және халқының тілі. Осы мемлекеттік үш белгімен Қазақстан атанып отырмыз. Біз неге өз тілімізді қорсынуымыз керек?! Біздің тілімізді ешкім де кеміте алмайды. Қазақ тілі сөздік қоры мол бай тілдердің біріне жатады. Мұхтар Әуезов жазған «Абай жолы» кітабын, Лев Толстойдың «Война и мир» кітабымен салыстырғанда, «Абай жолының» сөздік қоры одан асып түскені туралы ақпарат бар. (Мен қателеспесем). Сонымен бірге қазақ тілі оқуға да, үйренуге де жеңіл деп айтуға болады. Себебі, біздің ана тілімізде оқуға қиын тиетін дауысты дыбыссыз сөз жоқ. Әрбір сөз дауысты дыбыстармен аралас келеді. Сондықтан естілуі, дыбысталуы әуезді әсем тіл. Дауысты дыбыстардан құралған сөз қашанда анық та танық айтылады. Мен тіл зерттеушісі емеспін. Бірақ, үнемі ана тілімде сөйлейтін болғандықтан ба басқа тілдермен салыстырғанда құлаққа жағымдырақ, мұқият тыңдаған адамға әр сөзін ажыратып алуға да оңайырақ сияқты көрінеді. Ал, сөздік қорының байлығы жөнінен Герольд Бельгерден артық ешкім айта алмас. Ол жылқы мен түйенің отыздан астам атауы барын айтқан болатын. Біз отағасы екеуміз түйенің атауларын оннан артыққа жеткізе алмаппыз. Бұл енді үлкен тақырып. Ана тілімізге қызығушылығы бар жастар дәл осы тақырыпта ғылыми еңбек жазса да артықшылығы болмас еді. Әрине, ондай еңбек ана тіліміздің мәртебесін бір көтеріп тастары хақ!

Ханзипа
КӘКІМЖАНОВА,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
жазушы, журналист

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here