Жаңғыру жолындағы Қазақстан

0
1332

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қос палатаның бірлескен отырысына қатысып, Қазақстан халқына жолдау жасады. Иә, жыл сайынғы халыққа жолданатын жолдаудың бүгінгі күні дәл керек кезде жолданғаны анық.

Бүгінгі жолдау елімізде лауазымды тұлғаларға қойылатын талаптар мен олардың қандай да болсын саяси партияларға мүше болуына байланысты мәселелерге нақты талаптарын айқындап берді. Жолдауда Парламент палаталарының мәселесі, саяси партияларды тіркеу процедурасы, сайлаушылардың біртұтас электрондық базасы, сайлаудың ашықтығы, дауыс берудің балама түрлерінен кезеңдік кеңейту, прокуратура және адам құқықтарына байланысты заңнамаларға конституциялық заң мәртебесін беру, Үкімет пен халық арасын байланыстыратын звеноларды қалыптастыру, бұқаралық ақпарат құралдары туралы  жаңа заңдарды қабылдау мәселелері еліміздегі саяси мәселелермен байланысты екені нақтыланды.

Конституциялық кеңесті Конституциялық сотқа трансформациялау мәселелері елдің негізгі бағыт-бағдарын адам құқықтарын сақтау, адам құқықтарын мүлтіксіз қорғауда негізгі міндеттерді атқаратын орган екенімен негізделді. Заңсыз әрекеттерді жалғастыру, жоғарғы билікке ұмтылып, ішкі және сыртқы жаулармен ымыраласып, сатқындардың опасыздық жасауы ең алдымен халықтың арасына іріткі салып, тәуелсіздік тұғырымызға зиян келтіретінін Мемлекет басшысы атап өтті. Заң тәртібін нығайту мақсатында заң үстемдігін күшейту, Ата заңымыз – Конституция баптарына өзгерістер енгізу, жаңа заңдарды қабылдау бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселесі ретінде аталды.

Жолдауда өзгерісті өзімізден бастауымыз керек, әрбір адам жаңғыруы керек және негізгі байлығымыз – еліміздің тәуелсіздігін қорғап, әлемдік ынтымақтастық алдында батыл, заңды реформалар жасауымыз қажет екені айтылды. Өз кезегімізде талантты, еңбекқор, бақытты өмір сүретін мемлекет болуын қалайтынымыз – Мемлекет басшысымен бірге ұштасып жатқан осы бір құндылықтарды алып жүретін сіз бен бізге деген үміт. Біз мемлекетімізбен бірге өркендеуіміз керек. Қазақстанның тұғыры биік болуы тиіс. Ендеше жолдау әрқайсымыздың көкейіміздегі арман-тілектеріміздің орындалуына жаңа серпін болмақ. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», әрқайсымыз еліміздің тәуелсіздігін ту етіп ұстап, соған еңбек етейік.

Сәуле ЕРМҰХАМЕТОВА,
заң ғылымының кандидаты, Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу,
еңбек құқығы кафедрасының аға оқытушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here