Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы барлық өңірде іске қосылады

0
163

Жыл соңына дейін барлық өңірде әкімдіктерімен бірлескен «Отбасы банкінің» жеңілдетілген ипотека бағдарламасы іске қосылады. Қазіргі кезде жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламалары Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Сенаттағы жастарды қолдау тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов хабарлады.

Ералы Лұқпанұлының айтуынша, 2019 жылдан бері Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға 7 мың жалға берілетін баспана ұсынылды. Енді 2025 жылға дейін жұмыс істейтін жастарға 12 мың пәтерді ұсыну жоспарланып отыр.

«Қазіргі кезде «Отбасы банкінің» жинақтаушы баспана депозиттерінде 250 млрд теңгеден астам сомаға жастардың (29 жасқа дейінгі) 500 мыңнан аса депозиті ашылды. 2025 жылға қарай жастардың баспана жинақтарының көлемін 800 мың депозитке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін жастар арасында баспана алуға жинақ ашу мәдениетін қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тұрғын үй салымын жинақтаудың маңызын біздің жастарымыз түсінуі қажет. Әрбір отбасының берекесі шаңырақтан басталады. Ол үшін тынымсыз еңбек пен ұқыпты қаржы жинақтау мәдениетінің маңызы зор», – деді Ералы Тоғжанов.

Айта кетейік, 18 мамырда басталған «Алматы жастары» бағдарламасына қатысуға өтінімдер almaty-zhastary.kz сайты арқылы 1 маусымға дейін қабылданады. Тұрғын үй бағдарламасы туралы толығырақ Алматы қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының (www.uzh-almaty. kz), «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның (www.hcsbk.kz) сайттарынан, 300 немесе 8 8000 801 880 (қоңырау шалу тегін), +7 (727) 380-05-23, +7 (727) 380-05-02 телефондары арқылы білуге болады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here