Алатауды айналып өтпейтін төте жолдың елімізге пайдасы бар ма?

0
2687
Алматы – Шолпан-Ата жолының соңғы бағыты белгіленді, жаңа бағыт көлге дейінгі жолды екі есеге жуық қысқартады

Жайшылықта «қазаққырғыз – бір туған» деп күпінетін «төскейде малы, төсекте басы қосылған» қазақ пен қырғызды Алатау мен Қаратау ғана бөліп тұр. Әрине, қос тау екі елдің алыс-берісіне, барыс-келісіне тосқауыл бола алмайтыны түсінікті. Былтыр Қазақстан мен Қырғызстанның тауар айналымы 970,8 млн долларды құрады. Яғни, 2020 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 14%-ға артқан. Ендігі мақсат – қос ел арасындағы тауар айналымды 2 млрд долларға жеткізу. Ал, 2007 жылдан бері сөз болып келе жатқан Алматы – Ыстықкөл төте жолы ашылса, бұл көрсеткішті оңай еңсеруге мүмкіндік туады. Дегенмен, «саудада достық болмайтынын» ескеріп, Алатауды қақ жарып өтетін төте жолдың пайдасын қай елдің көп көретінін де есептеуге тура келеді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін жолы болмай жүрген төте жолдың жырына тоқталады.

ТҮБІ КӨРІНБЕЙТІН «САҚАЛДЫ ЖОБАҒА» АЙНАЛДЫ МА?

Әлқисса. Алматыдан Ыстықкөл жағалауына дейін төте жол салу туралы әңгіме бұрыннан айтылып жүр. Оның үстіне тоқсаныншы жылдардың ортасында Озерный мен Көкайырық асулары арқылы Алатауды айналып өтпейтін төте жол төселген де болатын. Бірақ, төте жол жеңіл көлікке арналмады. Осы бағытпен Алматыдан Шолпан-Атаға тек жол талғамайтын көлікпен ғана жүйіткіп баруға мүмкін болды. Бұл фактор төте жолдың болашағына кері әсер етті. Яғни, жолаушылар арасында оған сұраныс жоғары болмағандықтан, күтіп-ұстауға қаржы бөлуді тиімсіз санаған екі ел үкіметі ақыры төте жолды қараусыз қалдырды. Содан Алатауды қақ жарып өтетін жол жарамсыз күйге түсті.

Тоқсаныншы жылдардың тоқырауын артқа тастағаннан кейін Қазақстан мен Қырғызстан Алматы мен Шолпан-Атаны байланыстыратын төте жол мәселесін қайта көтерді. 2007 жылы екі мемлекет Алатауды айналып өтпейтін жол құрылысын бастау жөнінде меморандумға қол қойды. Ұзынағаш пен Кемин арқылы жолды екі жылда салу жоспарланды. Алматы мен Шолпан-Атаны байланыстыратын төте жолдың қашықтығы – 88 шақырымды, құны – 30 млрд теңгені құрады. Жобаны мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында жүзеге асыру көзделді. Өкінішке қарай, 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы үлкен жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді.

Тоқтап қалған жоба жеті жылдан кейін жоғары деңгейдегі әңгіме арқауына айналды. 2015 жылы сол тұстағы Қазақстан премьері Кәрім Мәсімов пен Қырғызстан премьері Темір Сариев 2017 жылдың мамыр айына дейін аталған жобаны жүзеге асыру жөнінде келісті.

«Төте жол төселгеннен кейін Алматы мен Шолпан-Ата арасындағы қашықтық 250 шақырымнан аспайды, алматылықтар Ыстықкөлге 2,5 сағатта желдей жүйіткіп жетіп барады», – деп көрші елдің 20-шы премьер-министрі халықты сендірсе де, әдеттегідей айтылған сөз айтылған жерінде қалды.

Қазір Кәрім Мәсімовтің де, Темір Сариевтің де үстінен қылмыстық іс қозғалған. Біріншісі Қазақстанда, екіншісі Қырғызстанда тергеліп жатыр…

Төте жол туралы үшінші әңгіме төрт жыл бұрын қайта сөз болды. 2018 жылы сол тұстағы Қырғыз Республикасы Көлік және жол министрі Жамшитбек Калилов 2019 жылы Алматы – Ыстықкөл жолының ұзындығы 39 шақырым болатын қырғыз учаскесіне асфальт төсеу жұмысы басталатынын хабарлады.

«Бүгінде Дүниежүзілік банкпен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Біз осы жобаны қаржыландыруға несие алғымыз келеді. Алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме бар», – деді Жамшитбек Калилов.

Өкініштісі сол, қырғыз министрі де құрғақ сөзден әріге аспады. Сөйтіп, үшінші мүмкіндікті де мүлт жіберіп алды.

«Құрғақ сөз бас ауыртар, құрғақ қасық ауыз жыртар» десек те, Алматы мен Ыстықкөлді жалғайтын төте жол ара-тұра көтерілетін, бірақ түбі көрінбейтін «сақалды жобаға» айналды.

АЛМАТЫ МЕН ЫСТЫҚКӨЛ АРАСЫ ҚАЛАЙ ЖАҚЫНДАЙ ТҮСЕДІ?

Былтыр Алатаудың арғы жағындағы көрші ел бұл мәселені тағы көтерді. Бір жыл бұрын Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары Әзиз Аалиев пен Азия даму банкінің Қырғыз Республикасындағы тұрақты өкілдігінің директоры Лао-Арайя Канопкан «Алматы – Ыстықкөл баламалы жолы» жобасын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ілгерілету мәселесін қарап, оны іске асырудың техникалық, қаржылық, экономикалық аспектілерін талқылады. Сол кезде бұл туралы «Qazaq» газетінде жаздық. Ондағы көтерілген мәселелерді тағы да қайталап өтейік.

Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің мәліметінше, Қазақстанның Алматы қаласы мен Қырғызстанның Ыстықкөл облысын жалғайтын төте жол алдымен жол жүру уақыты мен құнын қысқартуға мүмкіндік береді, бұл өзара сапарлар жиілігінің артуына алып келеді. Осылайша, қырғыздар жылдар бойы сөз күйінде қалып келе жатқан жобаның «бойына қан жүгіртпек» екен.

Өткен жылы Азия даму банкі Алматы мен Ыстықкөл арасындағы уақыт үнемдейтін жаңа жолға арналған бағыттың үш нұсқасын қарастырған еді.

Бірінші нұсқа – Алматы – Ұзынағаш – Кемин батыс бағыты. Ол үш қосалқы бағыттан тұрады. Айталық, Жаңа Қастек асуы арқылы (2 461 м), Масаншы арқылы (2 308 м) немесе қашықтығы 14,6 шақырымды құрайтын тауды тесіп өтетін үңгіме жол (тоннель) арқылы алматылықтар үшін Ыстықкөл «қол созым жерге» айналады. Бірақ, қалың қарға байланысты асулардағы жол қозғалысы жиі тоқтайтынын ескерсек, үшінші қосалқы бағыт ұтымды болып шығады. Себебі, тауды тесіп өтетін үңгіме жолдың арқасында төте жол қарлы бұрқасын күндері де ашық болады. Алайда, бұл бағыт тым қымбатқа түседі. Мысалы, Жаңа Қастек асуы арқылы қиыршық тастан жол төселсе – 81 млн доллар, асфальт жол төселсе – 94 млн доллар жұмсалады. Екінші қосалқы бағытта шығындар – қиыршық тас үшін 93 млн доллар, асфальт үшін 113 млн доллар. Ал, тауды тесіп өтетін үңгіме жол үшін 518 млн долларға шығындалуға тура келеді.

Екінші нұсқа – Алматы – Озерный асуы – Чон-Кемин – Күнгей Алатау – Бактуу-Долоноту – Шолпан-Ата тікелей бағыты. Озерный асуы (3 514 м) арқылы оның ұзындығы 85 шақырымды ғана құрайды. Бұл – Алматы мен Ыстықкөл арасын жалғайтын ең қысқа бағыт. Бірақ, ол үшін 3 мың метр биіктікте 16 шақырымдық тауды тесіп өтетін үңгіме жол салу керек болады. Әрине, күрделі нысанды осындай биіктікте салу оңайға түспейді. Оның үстіне бұл бағыт Іле Алатауы ұлттық паркі арқылы өтеді. Яғни, ұлттық парктің табиғи ландшафтысына, жануарлар әлеміне кері әсер етпей көлік қозғалысын ұйымдастыру қосымша қиындық туғызады. Жұмыстың осындай қиындығына байланысты шығыны да шаш етектен. Шамамен бұл бағытқа 578 млн доллар жұмсалады.

Үшінші нұсқа – Алматы – Түрген – Асы – Шілік өзенінің алқабы – Байсар-Ананьево аңғары. Бұл шығыс бағытының қашықтығы 216 шақырымды құрайды. Сондай-ақ, 2 900 биіктікте 12 шақырымдық тауды тесіп өтетін үңгіме жол салуды талап етеді. Тағы бір кемшілігі – жолдың биіктігіне байланысты автобустар мен жүк көліктері тек маусымнан қарашаға дейін ғана қатынай алады. Өйткені, ауа райының жайсыздығына байланысты қалған уақыттарда көліктің бұл түрлеріне қатынау қауіпті саналады. Ал, жылдың төрт мезгілінде тек жеңіл көліктерге ғана қатынауға мүмкіндік болады. Жолдың құрылысына шамамен 468 млн доллар кетеді.

ЖОЛДЫҢ ШЫҒЫНЫН КІМ ӨТЕЙДІ?

«Өлмеген аюдың терісін бөлісу» болып көрінсе де, әгәрәки ауқымды жоба жүзеге асатын болса, ауыртпалық кімге түсетінін де бір ойлап қойған артық етпейді.

Байқасақ, Азия даму банкінің сарапшылары Алматы мен Ыстықкөл жолының құрылысына шамамен 81 млн доллардан 587 млн долларға дейін қаржы кететінін есептеп шығарып қойды. Бірақ, жобаны Азия даму банкі қаржыландырғанымен, банк есесін жібермейтіні белгілі ғой. Сонда бұл төте жолдың шығынын Қазақстан мен Қырғызстан қалай өтейді?

Екі ел халқының көкейіндегі бұл сұраққа Азия даму банкінің сарапшылары да бас қатырған. Қаржы институты Алматы – Ыстықкөл жаңа жолын салу шығындарын екі ел арасында қалай бөлуге болатыны жөнінде де зерттеу жүргізген.

Алматы мен Ыстықкөл арасын жақындата түсудің жоғарыдағы үш бағытын ұсынған сарапшылар шығынды өтеудің де үш нұсқасын ұсынады. Бірінші нұсқа – шығынды аумақ бойынша бөлу; екінші нұсқа – шығынды әлеуметтік пайда тұрғысынан бөлу; үшінші нұсқа – шығынды экономикалық тиімділік тұрғысынан бөлу.

Енді Азия даму банкінің сарапшылары ұсынып отырған осы үш нұсқаны тарқатып жазайық.

Егер құрылыс шығындары аумақтық қағидат бойынша бөлінсе, батыс бағытының нұсқасында (тауды тесіп өтетін үңгіме жолсыз) негізгі шығынды Қазақстан көтереді, ал тауды тесіп өтетін үңгіме жолмен батыс бағытында және шығыс бағытында болса, онда шығын екі елге теңдей бөлінеді. Бірақ, тауды тесіп өтетін үңгіме жолсыз батыс бағыты Қазақстанға батыс немесе шығыс бағыттарға қарағанда әлдеқайда арзанға түседі. Аумақтық қағидат бойынша бөлу кезінде шығыстардың негізгі бөлігі Қырғызстанның мойнына артылады.

Әлеуметтік пайда тұрғысынан бөлгенде жол құрылысының шығыны уақыт пен ақша үнемдеген жолаушылар есебінен өтеледі. Өйткені, жол ақылы негізде болады. Әрине, төте жолдан Қазақстан азаматтары да, Қырғызстан азаматтары да ұтады. Дегенмен, айыр қалпақты ағайындарға қарағанда қазақстандықтар төте жолмен көбірек жүретіндіктен, еліміз бұл құрылысқа да қаржыны көршілерге қарағанда көбірек құюына тура келеді.

Қос мемлекет үшін экономикалық тиімділік тұрғысынан құрылысқа кеткен шығындарды бөлу Қазақстан мен Қырғызстанның жалпы ішкі өніміне аталған жобаның қосатын үлесіне қарай негізделеді. Ал, жобаның Қазақстанға қарағанда Қырғызстанның жалпы ішкі өніміне қосатын үлесі көп екенін ескерсек, онда шамамен шығынның 70%-ын Қырғызстан, 30%-ын Қазақстан өтейді.

ОН БЕС ЖЫЛДЫҚ ӘҢГІМЕ
«ЖЫҒЫЛҒАН КҮРЕСКЕ ТОЙМАСТЫҢ» КЕРІ ЕМЕС ПЕ?

Осы айдың басында Қырғыз Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі ұзақ жылдан бері сөз болып келе жатқан ауқымды жоба туралы нақты шешім қабылданғанын хабарлады.

Тazabek.kg порталының жазуынша, министрлік өкілі Айзада Озбекова Алматы – Ыстықкөл жолының құрылысы жобасын экономикалық тұрғыда талдау аяқталғанын, төте жолдың нақты бағыты таңдалғанын айтқан. Алатауды кесіп өтетін төте жол Алматы – Ұзынағаш – Қастек асуы – Қарасай батыр – Кемин – Ыстықкөл бағыты бойынша салынады. Яғни, жоғарыда жазғанымыздай, Алматыны Ыстықкөлмен жалғайтын бағыттың бірінші нұсқасы таңдалып отыр. Алатауды айналып өтпейтін төте жолдың қашықтығы 279 шақырымды құрайды. Демек, қолданыстағы жолға қарағанда жаңа бағыт жолды 206 шақырымға дейін қысқартады.

Министрлік өкілінің сөзінде бір гәп бар. Бөрікті аспанға атуға әлі ерте. Өйткені, Айзада Озбекова төте жол құрылысы қашан басталатынын айтқан жоқ, тек жаңа бағыт Қырғызстанға жылына 53 млн доллар табыс әкеліп, қазақтар есебінен туризм саласының дамуына серпін беретіні жөнінде болжам жасады.

«Сақалды жоба» туралы көрші елде арагідік әңгіме қозғалып тұратынын жоғарыда жаздық. Бұл қалыпты жағдайға айналғандай әсер қалдырады. Ал, біздің елімізде төте жол туралы ешкім жақ ашпайды. Биыл көктемде Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі дайындаған құжатта Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары және Алматы, Шымкент қалаларының экономикасын, шаруашылығын және көлік инфрақұрылымын дамыту жоспары жарияланды. Құжатта 2035 жылға дейін қашықтығы 96 шақырымды құрайтын Алматы – Қырғызстан шекарасы – Ыстықкөл тас жолын салу жоспары көрсетілген.

Әрине, бұл жобаның 15 жылдан бері айтылып келе жатқанын, араға жылдар салып қырғыз тарапы еске салып тұратынын ескерсек, қырғыздардың мұнысы «жығылған күреске тоймастың» кері болып шықпай ма?!

ЖОЛДАН КІМ КӨЛ-КӨСІР ПАЙДА ТАБАДЫ?

«Саудада достық болмайтынын» жоғарыда жаздық. Қырғызды қазақ өзіне қанша жақын тартса да, қос тарап үшін де ел мүддесі бірінші орында тұрады.

Былтыр Азия даму банкі Алматы – Ыстықкөл балама жолының Қазақстан мен Қырғызстан экономикасына қалай оң әсер ететінін де жариялады. Зерттеуге сенсек, төте жол бағытқа байланысты жыл сайын шамамен қазақстандық ЖІӨ-ге 31-165 млн доллар, қырғызстандық ЖІӨ-ге 53-439 млн доллар түсіреді.

Әрине, Ыстықкөлдің жағасында демалғанды ұнататын қазақстандық туристер үшін бұл жол тиімді. Олар уақытты да, қаржыны да үнемдейді. Мысалы, қазір Алатауды айналып, Алматыдан Ыстықкөл жағасындағы Шолпан-Ата қаласына баруға кемінде жеңіл көлікпен 6,5 сағат, автобуспен 8,5 сағат уақыт кетеді. Бұған қос елдің шекара бекетінен өтуге кететін уақытты тағы қосыңыз. Ал, Алматы – Ыстықкөл бағытындағы төте жол ашылса, алматылықтар шамамен 460 шақырым жолды қысқартады. Екі тау жотасы арқылы өтетін төте жолдың арқасында Алматы мен Шолпан-Ата қалаларының арасы бар болғаны 85 шақырымды ғана құрайды. Яғни, 1,5 сағатта Алматыдан Шолпан-Атаға баруға мүмкіндік туады. Бірақ, ол үшін Азия даму банкінің құны 587 млн доллардан кем болмайтын екінші нұсқасының тікелей бағыты жүзеге асуы керек еді. Құны арзанырақ басқа бағыттар да жүзеге асса, уақыттан жолаушылар еш ұтылмайды. Себебі, Алматыдан Шолпан-Ата қаласына баруға шекара бекетінен өтетін уақытты есепке алмағанда 5 сағаттан артық уақыт кетпейді.

Иә, таяқтың екі ұшы барын ұмытпау керек. Алдымен жобаның еліміз үшін кемшілігінен бастайық.

Алматылық туристер үшін демалыс күндері Ыстықкөл жағасында демалуға мүмкіндік болғанымен, өзіміздің Қапшағай мен Алакөл алматылық туристерді жоғалтады. Яғни, ішкі туризм шығынға батады. Алматы қаласында 2,1 млн адам, Алматы облысында 1,5 млн адам тұратынын ескерсек, туристер ақшасы көрші елге ағылады. Сөйтіп, қазақстандықтар көрші ел қазынасының қалтасын қампайтады. Өйткені, алматылықтар үшін жол, баға, сапа жағынан Ыстықкөл Алакөлге қарағанда тартымды болып шығады.

Қапшағай мен Ыстықкөлді салыстыру орынсыз. Су қойманың аты – су қойма. Ол бәрібір табиғи көлге жетпейді. Ыстықкөлге Алакөл бәсекелес бола алады. Бірақ, Ыстықкөлдің алтын түстес құмды жағажайы оның пайдасына шешіледі. Бұл – бір. Екіншіден, Алакөл де Алматыдан қашық жатыр. Екеуінің арасы 490 шақырымнан асады. Жолдың да, инфрақұрылымның да, қызмет көрсету сапасының да жайы белгілі. Алматы мен Шолпан-Ата арасын жалғайтын төте жол ашылса, сөзсіз алматылықтардың таңдауы Ыстықкөлге түседі.

Ал, Қазақстан үшін жобаның артықшылығы неде? Басты артықшылық – Алматы халықаралық әуежайы қырғызстандық, тәжікстандық және өзбекстандық жолаушыларды өзіне көптеп тартады. Айталық, Қырғызстанның «Манас» халықаралық әуежайынан 8 елдің қалаларына ғана тікелей рейс бар. Алматы халықаралық әуежайынан 20-ға жуық елдің қалаларына тікелей рейспен ұшып баруға болады.

Азия даму банкінің есебінше, егер «Алматы – Ыстықкөл баламалы жолы» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынатын болса, жобаға инвестиция құйған жекеменшік компания шығынды жолға қызмет көрсету есебінен өтейді. Ақылы жолдың құны тауды тесіп өтетін үңгіме жолсыз – 10 доллар, тауды тесіп өтетін үңгіме жолмен – 10-20 доллар тұрады.

Баламалы жолмен жоғарыдағы бағыт нұсқасына байланысты күніне орташа есеппен 1 000-нан 6 800-ге дейін көлік құралы қатынайды. Әрине, оны 10-20 долларға көбейтсек, аз ақша шықпайды.

Азия даму банкі қолдап отырған бұл Алматы – Бішкек экономикалық дәлізінің арқасында барыс-келіс, алыс-беріс жүйелі жолға қойылады. Қаржы институтының болжамынша, қос елге 2040 жылға қарай 10 млн-нан астам туристер келеді. Есесіне, Қазақстан мен Қырғызстанның жалпы ішкі өнімінде туризмнің үлесі артады. Бірақ, қырғыз туристерінің елімізге келуі екіталай. Демек, туризмнен алдымен айыр қалпақты ағайындар ұтады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Байқасаңыздар, Алматы – Ыстықкөл төте жолынан Қазақстан мен Қырғызстан экономикасы бірдей пайда көрмейді. Экономикалық тұрғыдан көл-көсір пайда көршілердің еншісіне тиеді. Сондықтан Қазақстан тарапы бұл жобаға асығыстық танытып отырған жоқ. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» жоба болғандықтан, еліміздің бұл ұстанымы дұрыс та шығар. Өйткені, асығыстық пен салғырттық сан соқтырады. Алдымен ел мүддесі ескерілуі керек.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here