19 жасында елді басқарған диктатор

0
2311

Жан-Клод Дювальенің (1951-2014) есімі әлемдегі ең жас президент ретінде тарихта қалды. Өйткені, ол 19 жасында Гаити елінің президенті болды. Аталмыш елді 14 жыл бойы билеп-төстеген диктатор Франсуа Дювалье (1907-1971) өз орынтағын ұлы Жан-Клодқа мұрагерлікке қалдырады. Осылайша, 1971 жылы 31 қаңтарда таққа отырған Жан-Клод Дювалье Кариб теңізінде орналасқан елді әкесі сияқты о дүниеге аттанғанша басқармаса да, 15 жыл бойы биледі. Оны 1986 жылы Анри Намфи тақтан тайдырды.

«Алма да ағашынан алысқа түспейді» дегендей, Жан-Клод Дювалье де әкесінің ісін жалғастырып, ұзақ жылдар елді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады. Ол аз десеңіз, сол тұста әлемдегі әйгілі 6 диктатордың бірі де болды. Әрине, жылдар өте келе Гаити халқының жас президентке деген қарсылығы күшейіп, ақыр соңында 1986 жылдың 7 ақпанында Жан-Клод Дювалье отбасымен бірге елден қашып, Франциядан пана тапты.

Араға 25 жыл салып, нақтырақ айтқанда, 2011 жылы 16 қаңтарда Жан-Клод Дювалье туған еліне оралады. Әуежайда оны өзі басқарған тұста министр болғандар мен 200-ге тарта адам құшақ жайып қарсы алады. Туған еліне оралған екі күннен кейін Жан-Клод Дювальені жергілікті полиция кезінде ел қаржысын жымқырғаны үшін темір торға тоғытады. 2014 жылы 4 қазанда жалғанды жалпағынан басқан экс-президент 63 жасында ауыр науқастан өмірден өтті.

Құқық қорғаушылар Гаитиді әкесі мен баласы басқарған жылдары 40-60 мың саясаткердің құрбан болғанын айтады. Яғни, қос диктатор өздеріне қарсы шыққан саясаткерлерді аяусыз о дүниеге аттандырып отырған көрінеді.

Айта кетейік, Гаити Республикасы – Гаити аралының батыс бөлігінде (шығыс бөлігінде Доминикан Республикасы орналасқан) және жағалық аралдарда орналасқан мемлекет. Солтүстігін Атлант мұхиты, оңтүстігін Кариб теңізі шайып жатыр. Елдің атауы таино үндістерінің тілінен «Таулы ел» деп аударылады. 1804 жылы Франциядан тәуелсіздігін алып, Америка құрлығындағы АҚШ-тан кейінгі екінші тәуелсіз ел атанды. Әлем тарихында қара нәсілділер басқарған тұңғыш мемлекет ретінде қалады. Мемлекеттік тілі – гаитяндық креол мен француз тілдері. Жер көлемі бойынша әлемде 143-орын алады. Астанасы – Порт-о-Пренс. Әлемдегі ең кедей елдердің бірі саналатын Гаитиде 12 млн адам тұрады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here