Әлеуметтік әмиянның банк картасынан айырмашылығы неде?

0
717

Өткен айда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі жылдан бері айтылып келе жатқан әлеуметтік әмиянды жыл соңына дейін іске қосуды тапсырды. Сонда әлеуметтік әмиян деген не? Ол кімдерге арналады? Оның кәдімгі банк картасынан айырмашылығы қандай? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы сұрақтарға жауап іздейді.

Әлеуметтік әмиян – банктік шоттың баламасы. Яғни, әлеуметтік әмияны бар азаматтарға енді банкке барудың, есепшот ашудың қажеті болмайды. Мемлекеттік әлеуметтік төлемдер тікелей әлеуметтік әмиянға аударылады. Ол арқылы бюджеттен әлеуметтік бағытта бөлінген ақшаның қалай жұмсалып жатқанына бақылау жүргізуге болады.  Қазір барлық әлеуметтік төлем екінші деңгейлі банктер арқылы алушылардың шоттарына аударылып жүр. Демек, әлеуметтік әмиянның артықшылығы – азаматтар банктерге жүгінбейді. Қазіргідей кезек күтіп, банктен шот ашпайды. Оның үстіне әлеуметтік әмиян ақшаны қолға ұстап жүруді қажет етпейді.

Аталған әмиянға аударылған әлеуметтік төлемдер – банктердің, салық органдарының немесе коллекторлық ұйымдар мен басқа да тараптардың өндіріп алуынан қорғалады. Сондай-ақ, төлемді әлеуметтік әмиянға аудару банктің банкрот болуы, құлдырауы сынды қатерінен қорғау әрі сот орындаушылары мен борышты қайтару қызметімен айналысатын басқа да қаржылық ұйымдардың тәркілеуінен сақтау үшін керек.

Қауіпсіздікті сақтау үшін Ұлттық банктің электронды ақшасын пайдалану ұсынылып отыр. Бұл тәсіл банктер банкротқа ұшыраған жағдайда халықтың қаражатын сақтап қалады. Жеке әлеуметтік әмиянда ақша сақталады, өйткені олар банкке байланбайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кезең-кезеңмен 44 әлеуметтік төлемді тікелей әлеуметтік әминяға аударуды жоспарлап отыр. Соның ішінде төмендегі әлеуметтік төлемдер бар:

  • зейнетақы төлемі;
  • бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы;
  • бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы;
  • көпбалалы отбасыларға ай сайынғы жәрдемақы;
  • мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек;
  • асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем;
  • еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем;
  • мүгедектігі бойынша жәрдемақы;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға төленетін ай сайынғы жәрдемақы;
  • мүгедек бала тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) төленетін ай сайынғы жәрдемақы.

Министрліктің мәліметінше, әлеуметтік әмиянның өзіндік мобильді қосымшасы болады. Төлем әмиянға кедергісіз аударылады. Азаматтар мобильді қосымша арқылы жеке кабинетіне кіріп, қаржысын басқара алады. Осы қосымшада қанша ақша барын көруге, төлем жасауға, QR код арқылы қызмет пен тауарды комиссиясыз сатып алуға, ақша аударуға, картаны толтыруға және қолма-қол ақшаға айналдыруға болады. Яғни, ешқандай шектеу жоқ.

Айта кетейік, 2020 жылдың 1 қыркүйегінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке әлеуметтік төлемдерді цифрландыруды, яғни әлеуметтік әмиянды енгізуді тапсырды. Содан Ұлттық банк Сауда және интеграция, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, Әлеуметтік әмиян жобасын әзірлеуге кіріскен болатын. Дегенмен, екі жыл өте шықты. Әлеуметтік әмиян әлі қолданысқа енгізілген жоқ. Соған байланысты өткен айда Мемлекет басшысы әлеуметтік әмиянды осы жылдың соңына дейін іске қосуды бұйырды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here