Театрға барудың жеті пайдасы

0
7108

Өмірде түрлі пайымдар мен қағидалар бар. Солардың бірі адам жанына қажетті рухани дүниеге деген пайым-түсінік. Адам баласы бұны өте ертеден-ақ түсіне білген, мән беріп, ден қойған, зерделеп сараптаған және оның пайдасын жеке басқа ғана емес, қоғам дамуының ортақ қажеттілігіне бағыттап отырған.

Әрине, рухани дүниенің өнер арқылы өрбитіні белгілі. Сол өнердің ішіндегі ең жан-жақтысы әрі көнеден келе жатқаны – театр өнері. Өйткені, театр сахнасындағы кез келген қойылым адам жанына тікелей әсер етуші күш, былайша айтқанда, сананың, ішкі құлшыныстың қозғаушы модуляторы іспетті, ішкі ағзаның рухани иммунитетін көтеретін, біраз уақыт түсірмей ұстап тұратын рухани-моральды құрал іспетті, адам жанына сәуле түсіретін маяк тәрізді маңызға ие.

Театр – тірі организм. Ол жаңа заман ағымымен бірге тіршілік етеді. Ол көрерменді үйретуге, тәрбиелеуге тырыспайды. Барды бар күйінде, түрлі техникада, өнер тіліне салып көрсетеді. Әрі қарай шайнап-жұтуды, тұщынуды, пайдаға асыруды адамның өз еркіне қалдырады. Театрда, жалпы өнерде шындық бар. Әрине, өнердің шыңдалу жолында жасандылық, жаттандылық (фальш, пафос) кездесіп жатуы әбден мүмкін. Оның өзі заңдылық. Сондықтан да, оны қалыптасу, дағдылану сатысындағы өтпелі кезең деп қабылдай білу, түсіну керек. Маңыздысы – айтылар ойдың, ансамбльдік мазмұнның тұтастығында. Сондай бірізділігі табылған қойылым – нағыз әсерлі, өнімді жан азығы болып табылады. Осы әсер етуші аспектілер ішінен мен адам жан-дүниесінің ішкі балансын реттейтін, рухани мүмкіндіктің жеті пайдалы жақтарын ашып көрсеткім келеді. Әйтпесе, бұл жөнінде түсінігін кеңейтпеген, сахна өнерінің пайымын білмеген адам театрға жәй ғана келіп кетуші, тобыр санын көбейтуші қара болып қала береді. Қоғам санасының, оның мәдени иммунитетінің төмен болуының, өспеуінің бір сыры осында. 

  1. Таным-түсінік. Театрға келу арқылы адам өзгеге қарай отырып өзін таниды. Өзін табады. Өз-өзіне есеп беруге қадам жасайды. «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап таба бастайды. Әрине, бірден емес, біртіндеп. Театрға екі-үш рет келген адам өзінің ішкі жан-дүниесі нені қалайтынын, не керек екенін сезіне бастайды. Саналы түрдегі жанның түлеуі (озорение – сана деңгейіндегі ішкі түйсіктің ояну процесі). Бұл деңгейге жеткен адам театрдың әлеуметтік парақшасына үңіліп, театрдың жылдық, айлық репертуарына назар салатын болады, жалпы театр туралы ақпараттармен ерікті түрде тереңірек таныса бастайды. Спектакльдің жанрын, тақырыбын таңдап келетін дәрежеге жетеді. Адамның мәдени таным-түсінігі, ой-өрісі кеңейеді.
  2. Өзгеріс. Театрдың екінші пайдасы – адамның жақсы жағына өзгеруіне мол мүмкіндік беретіндігі. «Театр – өнер ошағы», ол көрермендерге әрдайым дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, жол сілтеп отырады. Сол үшінде бұнда талғамы биік, кәсіби мамандар көркем ой біріктіріп жұмыс жасайды. Бүгінгі заман талабы қатал, ол әр адамды жаңа өмірге бейімделіп өзгеруге шақырып отыр. Сананы тұрмыс билеген бүгінгідей уақытта көп адамдардың күн-көріс қамымен, күйбең тірліктен босай алмай, тұрмыс тауқыметінен шыға алмай, спектакльдерге бара алмай, үйде қамалып қалғаны белгілі. Тіпті, қашықтық /онлайн/ арқылы осындай тиімді пайдалы хабарды көру арқылы да ниет қойған кез келген адам психологсыз-ақ өзгерудің рухани жолын театрдан таба алады.
  3. Мәдениет. Үшінші пайдасы – мәдениеттілікке жасалатын визуалды-вертуалды, интеллектуалды қадам. Яғни, сахнадағы сөз сөйлеу, үндеу, сөз саптау, дыбыс шығару, сөз тыңдау мәдениеті, жүріс-тұрыс этикасы, қимыл-қозғалыс ережесі кинодағыдай, экрандағыдай емес, түрлі эмоциялық кейіптегі мінезде шығатын түрлі әрекеттегі демнің, күлкінің, жылаудың, реніштің, мұңның, айқайдың, үнсіздіктің жанды бейнеде көрінуі, естілуі оның көрерменге сана деңгейінде жетіп, үнсіз қабылдануы – үлкен өмір мектебі. Театр, спектакль мәдениетінің эстрадалық-шоу концерттерден басты айырмашылығы – мұнда адам жанын әсіре қоздырып, әнмен елірту басты мақсат емес. Сөз композициясы, дикция, ораторлық шеберлік, түрлі қозғалыс динамикасы мен мимика-жестикуляция, мінез-қылық осы сахнада көрініс табады. Көрермен жат әрекеттерден іштей тіксініп, түсініп, одан аластанып, өзіне қажеттіні жазбай танып, өзіне керектіні ерікті үнсіз қабылдай алады. Мәдени-рухани жетілу дегеніміз де осы.
  4. Кітап. Театрға келудің төртінші пайдасы – ол көрерменнің кітап оқығанмен тең білім алатындығы. Бүгінгі күні кітап оқиын десе де көп адам оған уақыт таба алмайтыны рас. Қазір аудио кітапқа көп көңіл бөлініп жатыр, бұнда да сол сықылды, бірнеше күн жүріп оқитын кітаптың оқиғасын 50 минут, 1 сағат 20 минутқа сиғызып көз алдына тірі кейіпке енгізіп, жанды дауыста, бейнеде көрсетіп береді. Керемет емес пе?! Қаншама уақыт үнемделеді. Әлемдік деңгейдегі әдеби, тарихи, классикалық дүниелер туралы пікір, түсінік қалыптасады. Әрі қарай сол оқиғаға деген көрерменнің қызығушылығы оянып, оны өз бетімен тақырыпты қуалап ізденіп, әлеуметтік энциклопедияға кіріп, түсінігін одан әрі толықтыру мүмкіндігіне ие болады. Сөз сөйлеу мәнеріне мән береді.
  5. Медитация. Бесінші пайдасы – театр адам жанын тыныштандыруды үйретеді. Сахнадағы іс-әрекетті көріп отырып әр көрермен өз ойымен оңаша қалады. Ойға шому арқылы байсалдылыққа, сабырлылыққа, шыдамдылыққа үйренеді. Ойды белгілі бір оқиғаға мән беріп, бір нүктеде тоқтата білу, назар салу сияқты жұмыс жасатады. Сахна мен екі ортадағы ауроқуатты (энергетиканы) сезінеді. Әсерге бөленеді. Сахнадағы ауысып отыратын оқиғалар, іс-әрекеттер көрермен көңіл-күйін әралуан тербеліске түсіреді. Бір жоғары, бір төмен. Қуанады, күледі, рахаттанады, енді бірде терлеп-тепшиді, тебіренеді, көзінен еріксіз жас парлай жөнеледі. Қойылым барысында аласұрған ішкі сезімін осылай қамшылайды, ауыздықтап тәрбиелейді, жаттықтырады, кейде тіпті шылбырын шешіп, еркіне қоя береді. Оқиға желісіне ілесіп, бәрін ұмытып, ойдың қиял кемесіне мінгесіп, біраз шарықтап қайтады. Оны көрерменнің ағзасы сезім деңгейінде атқарып жатқанымен, сана деңгейінде мән бермейтіні анық. Бірақ, бұл процесс міндетті түрде жүретін болады. Бұл дегеніңіз, тыныштықта өзіңмен өзің қалу, яғни тап-таза медитация. Ой жаттығуы арқылы жанын тазартады, бір қалыпқа, ретке келтіреді. Тазаланады.
  6. Қарым-қатынас. Театр – қалың жұртқа арналған мәдени-көпшілік орта. Осында келу арқылы көрермен көптеген жаңа адамдармен танысады, бұрынғы таныстарын кезіктіріп жатады. Антракт (қойылым арасындағы үзіліс) кезінде көрермендер спектакльдерді өзара талдау, сараптау арқылы ой бөлісіп, бір-бірінің түсініктерін толықтырып отырады. Өнер адамдарымен жүздеседі, өнердің айналасында жүрген рухани ортамен таныс болады. Өзара театрал көркем орта қалыптастырады. Сырттай, жақыннан, алыстан қарым-қатынас орнатып, байланыс табады. Театрмен, өнер саңлақтары – актерлермен, олардың ойыны арқылы, фоеде орналасқан ақпараттық терминалдардағы өмір жолдарымен, өнерімен, портфолиосымен танысу арқылы вертуалды қарым-қатынас жасау мүмкіндігіне ие болады. Бұл жерде де қарым-қатынас арқылы жаңа күш-қуат, ой-өріс, көзқарас тудырып, пікірталас кеңістігіне шығу мүмкіндігіне ие болады.
  7. Құлшыныс. Театрға тұрақты келу арқылы көрермен репертуардағы қойылымдарды түгелге жуық біліп, талдау жасауға үйренеді. Тіпті, бір қойылымды екі-үш қайтара көруге деген ынта, құлшыныс пайда болады. Жоғарыда айтылған пайдалы аспектілерден біртіндеп өткен сайын ішкі таным-түйсігінде рухани жаңғыру процестері жүреді. Рухани азықты жан-тәнімен қабылдай алатын дәрежеге жеткенде адам ағзасы түбегейлі жанданады. Өмірге деген қандай да бір ішкі құлшынысы (мотивация) оянады. Түсіну, ұнату, сезіну қабілеті артады. Өнер арқылы осылай өмірдің құндылығын, мән-мазмұнын ұғынады. Құлшынысы артқан адамның айналасына да сондай пайдалы шуақты шашары хақ. Бұл бойына адами рухани құндылықты жинаған адамдар легін көбейтіп, қоғамның ортақ рухани жетістігі болып табылады. Олай болса театрға бет бұрып, мақсатты түрде келуді жаппай қолға алатын кез келді, ағайындар!

Темірбек МАЖИТҰЛЫ,
Республикалық Махамбет атындағы сыйлықтың иегері,
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі,
Мәдениет саласының үздігі, театрдың бас суретшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here