«Әкемді жамандап жазғаны үшін Сәбит Мұқановқа өкпелей алмаймын…»

0
2634

Бертін келе анамнан Көкшетауда болған оқиғаны білгім келіп сұрағанымда, ол кісі былай деген еді: «Азамат соғысынан кейін большевиктер Кеңес өкіметін құрғанын жариялады. Соғыс бітсе де, жаулармен күресін тоқтатпай жүргізе берді. Қолдарына түскен ақтарды Ревтрибунал соты қатаң үкім шығарып, атқызып та тастайтын. Жақаңды (Міржақып) ұстауға чекистермен бірге келген жас жігіт Сәбит Мұқанов екенін біз артынан естідік. Алғашқы уақытта жауларға қарсы күресетін ЧК-ның (чрезвычайная комиссия) қылышынан қан тамып тұрған кезі. Қолдарына түскен тұтқын ақтарды тексеруді созып жатпай, сотсыз атып тастайтын. Соның бәрін білгендіктен мен қатты қорқатынмын. Құдай сақтап, Жақаң аман қалды. Бұл іске кімнің қолғабысы тигенін білмеймін».

Ғайнижамал шешемнен естіген осы оқиға есімнен шықпайтын еді.

Өмір өз арнасымен жылжып өте берді. Мен де есейдім. Елуінші жылдары Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» (1932) кітабында Көкшетаудағы осы айтылған оқиға жазылған екен. Оқыдым. Ішіме түйіп жүре бердім. Биыл (2002 жылы) «Өмір мектебінің» бірінші кітабын қайтадан оқыдым, ал сол жылғы шыққан екінші кітабын қолыма түсіре алмаған соң (кітапханада жоқ) 1953-1956 жылдардағы басылымдардан оқуыма тура келді. Көп нәрсеге көзім жетті.

Сәбит Мұқанов Көкшетауға 1921 жылы қалай келгенін, чекистермен бірге істеген кезінде не болғанын, командирі Е.Даниловтың бұйрығын еріксіз орындағанын, Кырчик деген ақ офицері бір емес, екі рет атқандығын айтады да, сыйға тартқан сол маузердің қалыбына №210759 нөміріне дейін көрсетіп, оны өмір бойы сақтап жүргенін жазыпты (С. Мұқанов. Өмір мектебі. Алматы, 1953. І-кітап. 288-289 беттер).

1956 жылы шыққан «Өмір мектебінің» екінші кітабында Міржақып Дулатов жайындағы бұл эпизодты Сәбең кіргізбеген. Осы жөнінде қосымша материал қарастырып жүргенімде, мұрағат қоймасынан мына құжатқа қолым жетті. Жүнісов деген біреу «Первому секретарю ЦК КП Казахстана тов. Д.А. Кунаеву» деген хаттамасында Сәбит Мұқановтың жаңадан шыққан «Есею жылдары» (бұрынғы «Өмір мектебі» кітабының жалғасы ретінде) кітабында жазғандары туралы былай деп келтіреді: «В очерке «Досыма хат» С.Муканов писал, что 1921 году в г. Кокшетаве скрыл от ЧК и спас от верной смерти беглеца М.Дулатова. Но не указывал на то, что Дулатов убица Амангельды Иманова. Кроме того, выражал сожаление, что он не оправдал его доверия, не стал советским писателем и свой поступок оценил как проявление либерализма» («Жұлдыз». 1960. №6. 1962. №5. С. 145-147. Бұл құжатқа қол қойғандар: 1) Артықбаев Ч.; 2) Джунусов М.; 3) Утепов Ш. Октябрь (жылы көрсетілмеген).

Міржақып Дулатұлының қалай да Көкшетаудан аман кетуіне себепкер болған, ЧК-ның жазасынан құтқарып жіберген Сәбит Мұқанов екендігі туралы шындықты айқындап отырған мына құжатқа жүгінбеске амалың нешік…

Осы арада «Сәбит Міржақыпты ЧК-дан неге құтқарды?» деген сауал әркімнің басына келуі ғажап емес.

Міржақыптың атақ-даңқы қазақ еліне ерте жайылғаннан бастап жұрттың қадірлеп, сыйлайтынын Сәбит жақсы білген. Қанша жау аталса да, Міржақыпты жазушы ретінде, ақын ретінде бағаламауы мүмкін емес шығар. Адамгершілігі үлкен, қазақы мінезді Сәбит Төтенше комитеттің (ЧК) қыспағына қарамастан, Міржақыпты өлімге қимай, қиянаттан құтқаруына жоғарыда айтылған себептер түрткі болмады деудің қисыны келмес.

Сәбит ағамыздың көзі тірісінде үйіне барып, осы оқиға жайлы және Міржақыпқа деген көзқарасын өз аузынан естіп, толық жазып алмағаныма қатты өкінемін.

Сәбеңнің белсенді жас кезінде Міржақып пен алашордашыларға тиісіп, жамандап жазғаны үшін өз басым кінә тағып, өкпелей алмаймын. Өйткені, оны қатаң заман талабынан шыға алмауынан көремін. «Неге олай жазды, неге бұлай жазбады?» деп жазғырудан аулақпын, кек тұтқаным да жоқ. «Кім не айтты, не жазды?» деп бәрін жіпке тізе бергім келмейді. Өзім білетін Сәбит ағамыз соңғы 1960-1970 жылдары Міржақыпқа деген бұрынғы көзқарасынан, пікірінен күрт өзгергенін, райынан қайтқанын аңғарып, көріп жүрдім. Мұның өзі бірталай әңгіме.

Қай жылы екені есімде жоқ, Сәбеңмен және біраз белгілі жазушылардың ортасында Әбен (Гүлнар апайдың жұбайы, – ред.) екеуіміздің де бір үйде қонақта болғанымыз бар. Сонда дастарқан басында жазушылардың өткен-кеткенді естеріне алып, әңгімелері ұзаққа созылған еді. Сәбеңнің қысқа қайырған әңгімесін қалт жібермей, ұйып тыңдап отырдық. Бәрі қызық, тартымды. Езуіміз күлкіден жиылмады.

Үстелге ет қойылды. Табақ толы сүйегімен мүшеленген еттің үстіне тұтас қазы, шұжық, қарта салынған. Қойдың басы Сәбеңе тартылды. Сәбең бастың құйқасын бір кесіп асады да, маған қарап: «Міржақып ағамның қызы, Гүлнар қарындасым, саған құлағын берейін», – деп қолыма ұстатты.

Ағамыздың жұрт көзінше әкемді «Міржақып ағам» дегеніне жүрегім зырқ ете қалды (ол жылдары М.Дулатовты атау деген қылмыс). «Апырым-ай, мына сөзінің соңы неге апарып соғар екен? Менің қырсығым өзіне тиіп кетпес пе екен?» деп зәрем қалмады. Бірақ, іштей қуанғанымды несіне жасырайын?!

Арада бірнеше жылдар өтті. Сәбеңмен келесі және соңғы кездесуім – Ғалекеңнің (Ғалым Ахмедов) бәйбішесі Қанапияның қайтқанына жыл толған кезде болып еді. Ғалекеңнің қайғысына ортақтасуға келген ең жақын қаламдас жолдастары, туыстары ішінде Әбен екеуіміз де болғанбыз. Қаралы жиындағылар марқұмды еске алып, сөйлеп жатты. Бір кезде Сәбең кеудесін керіп, қарлығыңқыраған дауысымен тақпақтата жөнелді.

Сәбең айтып болды да, бет орамалымен маңдайын сүртіп: «Бұл Міржақып ағамның Алаштың Қази атты жігітінің қазасына арнап қабір басында оқыған «Тұңғыш құрбан» деген жоқтауы болатын», – деп үндемей қалды.

Әрі қарай отырыс созылған жоқ, сөз базары тарқады да, жұрт тарай бастады.

Сол кезде «Тұңғыш құрбанды» шығарған Міржақып әкем екенін Сәбеңнің аузынан алғаш рет естідім.

Сонымен оқушым, Сәбеңнің әріден келе жатқан Міржақыпқа деген көзқарасы теріс болмағанына көздеріңіз жеткен шығар. Бірақ, кеңестік заман ыңғайымен ішіндегісін терең тұңғиыққа батырғандай, үндемей, қағаз бетіне түсіре алмай кеткеніне өкінемін.

(Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатованың
«Алаштың сөнбес жұлдыздары» кітабынан үзінді)

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here