Жылда 24 қазанда «Байқоңырдың» жұмысы неге тоқтайды?

0
4832
«Байқоңыр» ғарыш айлағындағы ескерткіш тақта

Жыл сайын 24 қазанда Байқоңырда 1960 және 1963 жылдары болған апат салдарынан қаза тапқан сынақшы мамандарды еске алады. Бұл – қаралы күн. Дәл осы күні ғарыш айлағының ұшу алаңындағы барлық жұмыс тоқтап, ешқандай ұшу белгіленбейді.

1960 жылы 24 қазанда «Байқоңыр» ғарыш айлағының 41-аумағында (бұрынғы КСРО Қорғаныс министрлігінің 5-полигоны) зымыран ұшыру тарихындағы ең ірі апат орын алды. Апат «Р-16» зымыранын сынау мақсатында ұшыруға дайындық кезінде болды. Ғарышқа ұшуға 30 минут қалғанда екінші сатылы қозғалтқыш жоспардан тыс іске қосылып кетеді. Шыққан газ бірінші сатылы бакты өртеп, шарпыған өрт 100 метр аумақты қамтиды. Өрт салдарынан зымыран жанында болған 74 адам апаттың құрбаны болып, артынан жарақат пен күйіктен тағы 4 адам ауруханада қаза тапты. Бұл ресми мәлімет.

Бейресми мәлімет бойынша апат құрбандарының саны 120-дан асқан. Қаза тапқандар арасында КСРО Қорғаныс министрінің орынбасары, Одақтың стратегиялық мақсаттағы зымыран жасағының бас қолбасшысы, артиллерияның бас маршалы Митрофан Неделин де бар-тын.

Тарихи анықтамаларда апат себебі ретінде қауіпсіздік техникасы ережелерін өрескел бұзу, толық дайын болмаса да, зымыранды Ұлы Қазан төңкерісінің мерейтойы қарсаңында ұшыру жоспарланғаны атап көрсетілген. Апат туралы мәліметтер мемлекеттік құпия болып саналған және ол туралы ақпараттар алғаш рет сексенінші жылдары ғана кеңестік БАҚ беттерінде жарық көрген.

Иә, Кеңес Одағы космонавтикасының тарихындағы ең ірі апаттың орын алуына жауапты адамдардың жауапсыздығы себеп болды. Өйткені, бұл күрделі іске жүрдім-бардым қарауға болмайды. Ғарыш саласы салғырттықты көтермейді.

Бір қарағанда Михаил Янгель құрастырған «Р-16» зымыраны сол тұстағы техникалық талапқа сай келді. Дегенмен, оны жетілдіре түсу үшін уақыт керек болды. Сондықтан жауапты тұлғалар асығыстық танытпағанда бұл зымыран ұшпай жатып апатқа ұшырамас еді.

Мән-жайды қысқаша түсіндіре кетейік. Ұлы Қазан төңкерісінің кезекті «туған күні» жақындап қалды. Содан зымыранды қазан айының соңында ұшыру жоспарланды. Сөйтіп, Кеңес Одағы коммунистік партиясының съезінде кеңестік космонавтиканың жетістігін көрсету мақсат болды. Осы мақсатта «Байқоңыр» ғарыш айлағында кеңестік мамандар тәулік бойы тер төкті. 21 қазанда биіктігі 12 қабатты үйдей болатын 140 тонналық зымыран ұшу алаңына шығарылды. Ұшу алаңына мемлекеттік комиссияның басшысы Митрофан Неделиннің өзі келді. Ол КОКП ОК Бірінші хатшысы Никита Хрущевке мән-жайды тікелей баяндап тұрды. Зымыранды ғарышқа ұшыру 23 қазанға жоспарланды. Алдын ала зымыранға жанармай құйылды. Ұшуға аз уақыт қалғанда зымыраннан ақау табылды. Техникалық талап бойынша сол сәтте зымыран ұшу алаңынан жөндейтін зауытқа кері қайтарылып, жанармайы толық құйылып алынуы тиіс болған. Ал, ол жағдайда көп уақыт жоғалтатындарын Неделин жақсы түсінген. Содан Хрущевке жағынуды бәрінен биік қойған Неделин нар тәуекелге барып, зымыранды орнынан қозғалтпастан ұшу алаңында жөндеуді бұйырады. Басшының бұйрығын екі етпейтін мамандар зымыранның ақауын түзеткендей болады. Дегенмен, «асыққан – шайтанның ісі» екені сол күні тағы да дәлелденді. Жоғарыда атап өткеніміздей, ғарышқа ұшуға жарты сағат қалғанда екінші сатылы қозғалтқыш жоспардан тыс іске қосылып кетіп, шыққан газ бірінші сатылы бакты өртеп, шарпыған өрт 100 метр аумақты қамтыды. Адам шығынын жоғарыда жаздық.

Қайтыс болған сынақшы мамандардың қабіріндегі ескерткіш

Сол күні түнде «Р-16» зымыранын құрастырған және осы сынақтың техникалық басшысы болған Янгель Хрущевке қоңырау шалады. Одақ басшысына қайтыс болғандардың тізімін айтады. Қаралы тізімде Неделин бастаған жоғары шенділер де бар. Сонда Хрущев Янгельден: «Сен, сынақтың техникалық басшысы апат болғанда қайда болдың?» – деп сұрайды. Расымен, бәрі апаттың құрбаны болғанда санаулы адам қалай аман қалды? Сөйтсек, Янгельдің көрер жарығы бар екен. Өзі құрастырған зымыран жарылғанда ол сыртқа темекі шегуге шығыпты. Қасында мемлекеттік комиссияның мүшелері Иосифьян мен Богомолов та бар. Тіпті, соңғысы ешқашан темекі шекпеген көрінеді. Сыртқа әшейін «за компанию» шыққан.

Бірден апатты тексеру комиссиясы құрылды. Оны Брежнев басқарды. Ертеңіне Брежнев бастаған шенділер «Байқоңыр» ғарыш айлағына келді. Мән-жайды тексерді. Келесі күні-ақ олар апат себептерін толық анықтаған баяндама әзірледі. «Зымыран апатының кемшілігі бас конструктор Михаил Янгель тарапынан емес» екені анықталды. Жарылысқа соқтырған ақау зымыранды басқару жүйесінен кеткені айтылды. Оның бас конструкторы Коноплев жанып кетті. Нақты кінәлі ұшу алдындағы нұсқауды толық орындамаған оператор болып шықты. Бірақ, Брежневтің уәдесімен оның атын анықтау мен жазалауға жол берілмеді. «Ең басты қателік зымыранның жанармай қайта құйып алынбаған қалпы жөнделуінде» деп көрсетілді. Бұл орайда «солай болсын» деген ұйғарымды «Р-16» зымыранын сынау жөніндегі бастапқы Мемлекеттік комиссия төрағасы Неделин айтқан. Маршал да сол апаттың құрбаны болды. Бір қарағанда, жауапсыздық танытқан жауаптылардың бәрі апаттан көз жұмды. Содан Брежнев «Наказывать никого не будем» деген тоқтамға келді.

Тура үш жылдан кейін, 1963 жылы 24 қазанда ғарыш айлағының 70-аумағында «Р-9» зымыраны ұшуға орнатылатын шахтада өрт шығып, 8 адам опат болды. Осы екі апатқа байланысты әр жылы 24 қазанда Байқоңырда апатта қаза тапқандарды еске алу күні болып белгіленген. Бұл күні ғарыш айлағында барлық жұмыс тоқтатылып, зымыран ұшырылмайды.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here