«Almaty gallery»: Ұлттық дәстүрді жаңғыртқан көрме

0
629

Жақында «Almaty gallery» кеңістігінде «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты ғажайып көрме ұйымдастырылды. Онда бір көрмеге тарихи сурет ретінде стильдендірілген фотосуреттер мен қазақ қолөнершілері ежелден бері жұмыс істеп келе жатқан киізден жасалған бірегей бұйымдарды ұсынып, ерекше жобаны қолға алды. Өнердің бір-біріне ұқсамайтын екі түрін біріктіру идеясы галерея жетекшісі, өнертанушы Нарқыз Әліпке (Наргиз Алиб) тиесілі. Осы игі бастаманың нәтижесінде фотограф Оңғарбек Алхаров пен киіз шебері Ләйла Жарқынның жұмыстары бір өнер кеңістігінде түйісті. Таңғажайып түйісудің нәтижесінде бірегей тандем дүниеге келді.

Өнермен өткенге саяхат

Тарихи стильдегі фотосуреттер мен ерекше киізден жасалған паннолардың үйлесуі арқасында көрмеге келушілер бірнеше ғасыр бұрынғы басқа дәуірге саяхаттағандай күй кешті. Бұл көрмені жай ғана аралау емес, сонымен бірге мәдениет һәм дәстүрмен байланыста болатын бұрынғы уақытқа саяхаттың бір түрі. Осы арқылы сіз өз ата-бабаларыңыздың ілгеріде қалай өмір сүргенін біле аласыз. Оның үстіне, бүгінде жастар арасында ұлттық мәдениетке деген қызығушылық артып келеді. Бұл жайында тарихи фотосессияларға жиі тапсырыс беретін фотограф Оңғарбек Алхаров айтады. Фотограф шебер батырлардың келісімімен көрмеге бірнеше кадрларды ұсынды: мысалы, кейбір кадрларда қазақтың кәсіби спорт шебері Ардақ Назаров пен оның туыстарын көруге болады.

«Жалпы тарихымыз бен мәдениетімізге деген қызығушылық өзіме ерекше қуаныш сыйлайды. Балаларыммен өнер арқылы білімімді бөлісіп отырамын. Мен оларды әртүрлі тарихи фотосессияларда жиі қолданамын. Рас, олар бұған  үнемі келісе бермейді. Сондай кездерде қулықпен әрекет етуге тура келеді. Мәселен, «егер келіссеңдер әлеуметтік желілерде жариялап, көптеген лайк жинай алатын бірегей фотосуреттерге ие боласыңдар» деп қызықтырамын. Міне, заманауи технологиялар маған ұлттық тарих пен салт-дәстүрді танымал етуге осылайша көмектеседі», – дейді Оңғарбек Алхаров.

Фотосуреттердегі тарихи атмосфера

Шебердің әрбір фотосуреті кішігірім әңгіме сияқты: сіз оның барлық егжей-тегжейлерін мұқият қарастырғыңыз келеді. Кейіпкерлердің мимикасынан бастап, ою-өрнектерінің детальдарына дейін. Фотосуреттердегі тарихи атмосфера ерекше ұқыптылықпен қайта жасалған. Сондықтан көптеген кадр тепе-теңдікті сақтаған.

«Менің жұмысымды қарастыратын адамдарды бұрынғы дәуірге сүңгуден ешнәрсе алшақтатпауы керек. Бұл мен үшін өте маңызды. Сондықтан олар кадрдағы әр бөлшекті байқай алады. Мен айтып отырған оқиғаны сол немесе басқа суреттен көре алады. Осы себептен фотодағы барлық тұспалдар мен мағыналар оқылады. Ал егер кадрда динамика болса, оны жасау әлдеқайда қиын», – дейді фотограф.

Мысалы, фотосуреттердің бірінде әже, бота және сәби бейнеленген. Бұл кездейсоқ үштік емес.

«Қазақта «ботам» деп кішкентай баланы еркелетеді. Мен осыны ерекше атап өткім келді», – дейді фотограф.

Суреттердің бірінде қолында баласы бар Ұмай ана бейнеленген. Автордың айтуынша, бұл қазақ мадоннасы мен сәбиі.

Шебер тарихи фотосуретке 2000 жылдардың басында қызығушылық танытқан. Оның айтуынша, ол кезде Қазақстанда мұндай өнермен ешкім айналыспаған. Пейзаждарды суретке түсіретін тілшілер мен фотографтар болған, бірақ мұндай контексте тарихи реконструкциямен ешкім айналысқан жоқ.

«Маған дәл осы бағыт қызық болды. Білім бойынша мен суретшімін, бірақ әрқашан тарихқа, мәдениетке белсенді қызығушылық таныттым. Зергерлік бұйымдармен айналыстым, сосын бір уақытта мұның бәрін қалай біріктірудің жолын ойлап таптым. Жалпы мен өнер адамымын. Қазіргі қоғамда өнердің өзі әр алуан түрлерге бөлінеді. Ал біздің ата-бабаларымыз болса, оларды сабырлы түрде біріктіре алған. Мысалы, бақсылар көбінесе музыканы жақсы білетін дарынды суретшілер болатын. Өнер деген – жан-жақты ұғым», – дейді Оңғарбек Алхаров.

Фотографтың бақсылар туралы айтуы кездейсоқтық емес. Шындығында, ол бір кездері бақсы тақырыбында диссертация жазып, әртүрлі себептерге байланысты қорғай алмаған. Бірақ ол бақсыларға бірқатар жұмыстарын арнап, өнер арқылы толық «қорғап» шықты.

Оңғарбек Алхаров этникалық фотосессияларды ұйымдастыруға өте мұқият қарап, әрбір детальді асықпай ой елегінен өткізеді. Сөзбе-сөз, бөлшектеп, тарихи интерьерлерді жаңғыртады. Мысалы, костюмдерді оған арнайы шеберлер тігеді. Бұрын ол «Қазақфильм» киностудиясынан костюмдер сатып алатын, бірақ кейін эксклюзивті киімдерге тапсырыс беруді жөн көрген. Өйткені, осылайша кадрда нақты не қажет екенін түсіндіре аласыз. Ол көбінесе достарының заттарын «қолқалайды» немесе тіпті арнайы коллекционерлерден сатып алады. Ол тек Алматымен ғана шектелмейді.  Бірде фотограф үшін Ақтаудағы шебердің киіз үйі тапсырыспен жасалған.

Бүгінде Оңғарбек Алхаровтың есімі Қазақстан шекарасынан тысқары жерлерге де белгілі. Оның жұмысы сырт елдерде көптің назарын аударады. Олар қазақтың мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен, әдет-ғұрыптарымен әлі де аз таныс, бірақ бұған қатты қызығады. Фотограф үшін бұл көрменің орны бөлек, өйткені бұл оның мерейтойлық оныншы көрмесі.

Экспозицияда пандемиядан кейін жасалған жаңа жұмыстар ғана ұсынылған. Көрмеде әртүрлі сериялардың суреттері бар.

Көне мен жаңаның үйлесімі

Көрменің тағы бір қатысушысы – Ләйла Жарқынның жұмыстары фотографтың туындыларымен керемет үйлеседі. Қолөнерші, ең алдымен, киізден жасалған жұмыстары арқылы танымал. «Almaty gallery»-де ол ұлттық мәдениетті бейнелейтін ою-өрнектермен және суреттермен безендірілген әртүрлі мөлшердегі кілемдерді ұсынды. Мұндай кілемнің біреуін жасау үшін кем дегенде бір апта қажет, ал бүгінгі таңда шебердің ең үлкен жұмысы алты айға созылды. Рас, залда бұл кілем жоқ. Ол көрмеде бірнеше туындыларды ұсынды – негізінен ұлттық ою-өрнектермен және суреттермен безендірілген әртүрлі өлшемдегі кілемдер. Бұл жұмыс ауыр, көп күш пен уақытты қажет етеді. Ләйла Жарқын Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне арналған кітаптардан, сондай-ақ қазақстандық суретшілердің жұмыстарынан шабыт алатынын мойындайды.

«Мені қазақ суретшілері мен қазақ мәдениетін зерттеушілердің еңбектері шабыттандырады. Бұл көрмеге қатысуға шақырғанда қатты қуанғанымды жасырмаймын. Маған тарихи фотосуреттерді киізден жасалған бұйымдармен үйлестіру өте қызық әрі ерекше идея сияқты көрінді. Бір жағынан, халықты ұлттық салт-дәстүрмен таныстырсақ, екінші жағынан, халық шын ықыласпен қызығуы үшін, мұны бүгінгі күні заманауи түрде қалай жасауға болатынын көрсетеміз. Мысалы, мен киізбен көп жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бұл сәнге қайтып келе жатқанын, әсіресе оның жастар арасында танымал бола бастағанын көргеніме өте қуаныштымын. Яғни, киізді заманауи интерпретацияда қалай қолдануға болатынын көрсеттім деуге де болады. Мен үшін бұл балалық шақтың ең жылы естеліктерін еске түсіретін ерекше материал. Соңғы кездері жастардың киізге, ата-бабалар мұрасына деген қызығушылықтары артып келе жатқаны көңіл қуантады», – дейді қолөнерші.

Ұлттық мәдениетке, салт-дәстүрге деген қызығушылық соңғы кездері артып келеді. Мәселен, жақында eGov мобильді платформасында қазақстандықтар арасында ұлттық киімге қатысты сауалнама жүргізілді. Оның нәтижелері, сауалнамаға қатысқан әрбір төртінші адам күнделікті өмірде кем дегенде ұлттық киімнің кейбір элементтерін қолданатынын көрсетті. Рас, сауалнамаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген азаматтар қатысты. Бұл үрдіс Алматыда әлі байқала қоймаса да, мегаполистерде ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыпқа деген қызығушылық күн өткен сайын артуда. Бұл заманауи технологиялардың дамуымен қатар жүруі өте маңызды. Осы арқылы мәдениет пен өнердің түрлі саласының өкілдері көне дәстүр мен әдет-ғұрыпты бүгінгі өмірге бейімдеп, ұлттық мәдениеттің негізі екенін, оның ескірмейтінін айқын көрсетіп бергендей.

«Almaty gallery» көрмесі – қазақ халқының тарихы мен дәстүрлерін бүгінгі күні адамдар үшін қалай қызықты етуге болатынының жарқын мысалы.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here