Жүректе қалған Бердібек әлемі

0
1541

Бердібек Соқпақбаев – әлем таныған жазушы. Балалар әдебиетінің классигі. ХХ ғасырда қазақ әдебиетін Хантәңіріндей биігіне көтерген қарымы бөлек қаламгер, таудай талант. Өзі өмір сүрген ортаның кезең келбетін көз алдыға келтіре кескіндеген, заманның шындығын жүрек сыздата  суреттеген, сол бір уақыт, сол бір күндердегі ел өмірін мөлдірете, жан-жүректі елжірете мүсіндеген алғыр ойлы, қайсар мінезді, қайтпас рухты шоқтығы биік ұлы тұлға. Тарихтың тозбасындай, шындықтың өлмейтініндей Бердібек Соқпақбаевтың да бүкіл шығармалары сан мыңдаған, миллиондаған оқырманның жүрегіне жылы жазылып, өшпестей сақталып, жатталып қалды. Бүгін ХХІ ғасырда кітаптары сөреден таптырмаса да, жүректерге жатталып қалған Бердібектей жазушы бақытты қаламгер. Халқы сүйген, қалың оқырманы бағасын бере құрметтеген жазушы. Өлмес туындыларымен Мәңгілік Елдің көгінде жарық жұлдыздай жарқырап қана тұратын сондайлық ыстық бейне, қымбат жүз, құрметті есім!

Жақында Алматы облысының орталығы Қонаев қаласының Мәдениет үйінде жазушы, қазақ әдебиетінің классигі, балалар әдебиетінің бәйтерегі –Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған кеш өтті.

Кеш шымылдығын Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтау сөзімен ашылды. Өз сөзінде Марат Елеусізұлы, Қазақ руханиятына өшпес мұра қалдырған жерлесімізді әлем мойындап, мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланатынын, сонымен қатар қаламгердің туған жері Райымбек ауданының орталығы – Нарынқол ауылындағы Бердібек Соқпақбаевтың аты берілетін саябақта жазушының еңселі ескерткіші бой көтеретіндігін, облыс аумағындағы бірқатар нысандар мен көшелерге аты берілетінін айтып түйіндеді.

Бердібек туралы айтылып, жазылып жатқан дүниелер аз емес. Бұл солай болуы керек те, солай бола береді де. Күндермен көркейе, жылдармен жаңғыра түсер, молығып-толыға түсер Бердібектану  әлемінің болашаққа қарай арнасын сала берері де хақ.

Өңір басшысының құттықтау баяндамасынан кейін жазушының қызы Самал Соқпақбаева және кеш қонақтары ҚР Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, ақын-драматург, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрлан Оразалин, Қазақ баспасөзінің айтулы ақсақалдарының бірі, өткір публицист, Қазақстан Жазушылар одағы деректі проза кеңесінің төрағасы, профессор, академик Марат Тоқашбаев, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан ықыласты құттықтауларын жеткізді.

Кештің модератор-жүргізушісі болған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Бекжан Тұрыс. Кеш қонақтарының ішінде «Менің атым Қожа» фильміндегі Қожаның рөлін сомдаған актер Нұрлан Сегізбаев та төбе көрсетті.

«Маған да қарасаңыз 12 жастағы балаға ұқсамаймын ғой. 60 жыл өтті киномызға. Бірақ, Қожа деген кітапта болса да, кинода болса да, ол біздің арамызда. Неге десеңіз, қазақтың қара сөзі ешқашан өлмейді», – деді кинодраматург Нұрлан Сегізбаев

«Өмір бақи мемлекеттік, ресми бағалауға ие болмаған, бірақ халықтың жүрегіне жол тапқан некен саяқ жазушылар бар. Соның бастауында Соқпақбаев тұр. Бұл ұлт әдебиетінің тойы. Әдетте, Бердібек Соқпақбаевты балалар әдебиетінің жазушысы дейді. Ол ұлт әдебиетінің классигі», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан.

Жазушы «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істеген. «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді», «Қайдасың, Гауһар» секілді шығармалары көптеген шет тілдеріне аударылып, сахналық, экрандық нұсқаға айналған. Ақын-жазушылар Соқпақбаевтың адами тұлғасына тоқталып, артында қалған мол мұрасы әлі тереңнен зерттелетінін айтады.

Салтанатты іс-шараның ресми бөлімінен соң қаламгердің рухына тағзым жасау үшін арнайы келген Қазақстанға танымал эстрада әншілері Мейрамбек Бесбаев, Мәдина Сәдуақасова, «Қоңыр» тобы, «Жігіттер» тобы, сонымен қатар танымал опера әншісі Есенгелді Ырза, дәстүрлі әнші Құрметжан Ербақ, «Сенім» балалар хорының әндерімен көпшіліктің көңілі тербелді, концерт актерлік құрамның қойылымдарымен аяқталды.

 Көз алдымызға балалар әдебиетінің биік бәйтерегінің бейнесі, Қожадай кейіпкерінің дидары қайта-қайта келе бергендей күйде болдық. Шыңдар мен таулардың алыстаған сайын асқақтай түсетіні сияқты Бердібектің де бейнесі күндер өтіп, айлар жылжып, жылдар жаңарған сайын биіктей, жарқырай және жайнай түсері даусыз.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here