Ахмет Байтұрсынұлының жиеншары салған сурет музей-үйге келді

0
2611

Алматыдағы А.Байтұрсынұлы музей-үйі 30-қаңтардың таңын қуанышты жаңалықпен бастады. Енді музей-үйдің жәдігерлер қоры аса құнды бір суретпен толықты. Ұлт ұстазының кескін-келбетін салушы, ғалымның жиеншары – Төрехан Сәдуұлы. 

Күллі Алаштың ұстазына айналған ұлы нағашысының портретін суретші алмағайып жылдарда көз жазып қалған туыстарын тапқаннан кейін салған. Төрехан Сәдуұлы суретші ғана емес, мүсін жасаудың да шебері, карикатура салуға да бейім.

Журналист Г.Бектас А.Байтұрсынұлының туыс ұрпақтары туралы ақпараттарға жиі назар аударып жүретін ахметтанушы ғалым Р.Сахыбекқызының суретші туралы деректерді айтқаннан кейін Төрехан Сәдуұлымен сұхбаттасуға асықанын айта келіп, «Ахаңды ардақтапты жиеншары» атты мақала жариялаған болатын.     

Ұзақ жыл мұғалім бола жүріп, небір керемет туындыларды өмірге әкелген автор, Г. Бектасқа өткен жылы тамыздың 12-күні берген сұхбатында өзінің А.Байтұрсынұлы әулетімен туыстығын былай деп әңгімелеп берген: «Менің туған жерім – Орынбор облысы Адамовка ауданы. Әкем Сәду шығармашылыққа жақын болды. Жазған өлеңдері, көркем дүниелері бар. Өкінішке қарай, өмірден ерте кетті. Әжеміздің есімі – Нұрзипа. Нұрзипаның әкесі – Жұқан. Ол Ерғазы атаның баласы. Ерғазы – Байтұрсынның інісі. Ерғазы атамыз Ахмет атаны қолынан жетектеп, төрт жылдық орыс қазақ училищесіне апарған. Ахмет ата жетімдер мен сырттан келген балаларға арналған пансионда жатып оқыды. Бала Ахметтің бұрын ауыл молдасынан хат танығаны бар, әрі анасы Күңше де орыс кириллицасымен әліппені үйреткені бар, тез үйреніп кетеді. Кішкентай кезімізде Ахмет атамен туыс екенімізді білген жоқпыз. Әкеміз өте ерте, 28 жасында қайтыс болды. Анам маған кейде сыбырлап, Ахмет ата туралы айтып отыратын. Онда Ахмет ата ақтала қоймаған кез («Айқын», 2023 жыл, 12-тамыз).

«Айқын» газетінде жарияланған сұхбатында қылқалам иесі ұлы тұлғаны кескіндеген суретін Алматыдағы А.Байтұрсынұлы музей-үйіне сыйға ұсынуды армандап жүргенін жеткізген. Бүгін ғалымның жиеншары салған сол сурет музей-үйге жетті. Аманатты Астанадан бері арқалап, аман-есен тапсырған, Төрехан Сәдуұлының құдасы, жеке кәсіпкер Ернат Жамбылұлы. Денсаулық жағдайына байланысты Алматыға жете алмаған суретшінің аманатын ғалымның өз үйіне тапсырып ағынан жарылды Ернат.

Ұлт ұстазы бейнеленген салмақты туындыны А.Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Р.Имаханбет пен музей-үй қызметкерлері қабылдап алды. Р.Имаханбет ғалымның жиеншарына ыстық ықыласты сәлемін айтып, Ернатқа айырықша алғысын білдіре отырып: «Ғалымның жиеншары, суретші Төрехан Сәдуұлының қаламынан туған бұл ерекше естелікті алдағы уақытта ресми жәдігерлер қатарында тіркеуден өткізіп, музей-үйден орын беруді қарастырамыз», – деді.

А.Байтұрсынұлының ғұмырының айшықты ізі қалған Орынбор қаласында дүниеге келген жиеншары бүгінгі таңда Астанада тұрады. Ғасырдың  сан бұралаң жолдарын басып өткен Алаш арыстарының туыстары тәуелсіздік таңында табысып, Ұлттың ұлы ұстазын кескін тілі арқылы бейнелеп беруі ұлы ғанибет.

Әділет Ахметұлы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here