Абай университетіне академиялық мәселелер жөніндегі проректор тағайындалды

0
763

Бүгін, 1 желтоқсанда Абай атындағы ҚазҰПУ-да ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен академиялық мәселелер жөніндегі проректор қызметіне Гүлжан Жарасова тағайындалды. Жаңа проректорды университет ұжымына ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев таныстырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Қуаныш Ерғалиев ҚР Президентінің бастамасымен еліміздің білімі мен ғылымын дамытуда қабылданып жатқан қадамдар туралы айтып, Қазақстан делегациясының Еуропаның жетекші елдерінің біріне ресми сапары барысында қабылданған құжаттарды, атап айтқанда, Францияның жетекші жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтарымен өзара ынтымақтастықты нығайту жөніндегі меморандумдарға қол қойылғандығын атап өтті.

Сондай-ақ, вице-министр оқу орнының академиялық мәселелер жөніндегі проректоры лауазымына тағайындалған Гүлжан Жарасованың білім мен ғылым саласына сіңірген еңбегін атап өтіп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі. Бұған дейін осы лауазымды атқарған Мақтағали Бектемесов Абай атындағы ҚазҰПУ-ды дамытуға қосқан үлесі үшін арнайы төсбелгісімен марапатталды.

Кездесу барысында вице-министр Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері тарапынан қойылған ректордың бастамасы бойынша мектептерде жүргізіліп жатқан «Педагогикалық сыныптар құру» пилоттық жобасын қолдау, кадрлар даярлау және білім алушыларды оқу корпустарымен және жатақханадағы орындармен қамтамасыз ету, докторанттардың шетелдік журналдардағы ғылыми жарияланымдары туралы сұрақтарына жауап берді және айтылған ұсыныстардың барлығы қарастырылатындығын айтты.

Айта кетейік, Жарасова Гүлжан Сағидоллақызының білім және ғылым саласында тәжірибесі мол. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді бітірген, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент. Еңбек жолын С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің арнайы математикалық пәндер кафедрасының оқытушысы болып бастады, онда тәлімгер-зерттеуші, ассистент, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, Оқу процесінің сапасын мониторингілеу бөлімінің бастығы, Оқу процесін ұйымдастыру және басқару департаментінің директоры болды. Одан кейін Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде оқу ісі жөніндегі проректор, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығы директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры қызметтерін атқарды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here