Алаш ұғымы күллі түркі дүниесіне ортақ

0
834

Алматыдағы Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде ардагер алаштанушы ғалымдармен жүздесу өтті. 1-наурыз Алғыс айту күніне орайластырылған іс-шараға  ф.ғ.д., профессор, әдебиеттанушы, ахметтанушы Өмірхан Әбдиманұлы мен  ф.ғ.д., профессор, алаштанушы Дандай Ысқақұлы қатысты. Шараға Алаш мұрасын зерттеуге қызығатын жастар, өнерпаз жеткіншектер, Ұлт ұстазы музей-үйінің жанкүйерлері қатысты.   

Ахметтанушы ғалым, музей-үй жетекшісі Райхан Имаханбет көктем шұғыласы шуағын төге бастаған Алғыс айту күніне орай өткізіліп отырған шараның маңызы мен мақсатын айта келіп, алаштануда белгілі орны бар тұлғаларға алғыс білдірді. Жүздесудің сөз тізгінін музей-үйінің бөлім меңгерушісі Әділет Ахмет ұстады. Айтулы басқосудың шымылдығы  күмбірлі күймен ашылды.

Ғалым Дандай Ысқақ алаштану ғылымының бүгінгі жаһандану дәуіріндегі маңызы мен ұлттық болмысты сақтап қалу жолындағы міндетті ашып айтып берді. Түгел түрікке ортақ мұрат болған Алаш туы астында топтасуды жүйелі түрде ғылым арқылы саяси сахнаға шығарған Ұлт көшбасшыларының ерен еңбегінің ерекше тұстарын баяндап жеткізді. Бүгінгі таңда ауадай қажет заманауи ұлттық біртұтас идеологияны Алаш арыстары қалай зерттегенін және олардың өз заманы тұрғысынан бастарын бәйгеге тіге отырып қаншама елеулі қызметтер атқарғанын жастарға түсінікті де қызықты дәлелдермен баяндады. Сөзінің соңында ғалым өзінің ұзақ жылдан бері зерттеп жазған «Қазақ әдебиеттанушылары», «Әдеби сын тарихы», «Қазақ әдеби-эстетикалық ой-пікірінің антологиясы» және «Тіл эпопеясы немесе рухани жаңғырудағы қазақ тілінің тарихи миссиясы» сынды кітаптарын музей-үй кітап қорына сыйға берді.   

«Алаш идеясы қайдан шықты? Бұл ертеден бастап қазақ, түркілер, сақ, ғұн болып жаралғаннан бері келе жатқан ұлы идея. Күлтегін жазбаларын, одан кейінгі ақын-жазушы, жырауларымыздың шығармаларының барлығында осы идея бар. Барлығы бірлікке шақырған, ой бірлігі, идея бірлігіне үндеу жасаған. Бірлік дегеніміз не? Бірлік деген малға бірлік, іс-әрекетке бірлік қана емес, ол ой бірлігі, дейді Абай Құнанбайұлы. Осының барлығын Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан бастаған тұлғалар Алаш идеясы арқылы халықты бірлікке шақырды», – дейді алаштанушы Дандай Ысқақ.

Ғалым баяндамалары арасында Абай университеті филология факультетінің түлегі Шәкәрім Әбілғазы Абайдың «Сегіз аяқ» әнін әуелетсе, аталған білім ордасының тағы бір дарынды студенті Жүсіп Мұстафа өзінің Ахмет Байтұрсынұлына арнаған өлеңін оқып берді. Жалынды жастардың өнер шашуынан кейін ахметтанушы ғалым Ө.Әбдиманұлына сөз берілді. Ғалым ел тәуелсіздік алмаған, алаш тақырыбы қара мөр басылып жабық тұрған кезеңдерде де ел ішіндегі кейбір зиялы кісілер Ахмет, Шәкәрім, Әлихан, Міржақып бастаған Алаш зиялылары жайлы сақтана жүріп әңгіме шертіп, орайын тауып жастар санасына Алаш ұғымын сіңіріп отырғанын қызықты естеліктер негізінде жеткізді. Әсіресе, А.Байтұрсынұлының Сырдария аумағында болған қырғыз бен қазақ арасындағы жер таласына байланысты дау-шарға келіп, төрелік сөзін айтқаны туралы ақсақалдар жеткізген құнды тарихтың парағын ақтара отырып сыр шертті. Кейін арыстар ақталғаннан кейін Ахмет тақырыбына қалай келгенін айтып, өзінің ұстаздарын еске алып ағынан жарылды. Бүгінгі таңда да жас зерттеушілердің Алаш тақырыбында асығыс тұжырым жасап, әр тұлғаны зерттеуде бірін ақтап, бірін даттай сөйлейтін жағымсыз әдеттерін сынға алды. Әлеуметтік желідегі жеңіл жолмен жеткен ақпараттардан ғылым жолындағы жастар ерекше сақтану керектігін жеткізді.

«Қазақта қазір ғалым көбейді. Бұрыңғы ғалымдардан бөлек жас ғалымдар тобы пайда болды. Одан кейін бас пайдасы үшін бір жақты өлтіре жамандатып, екінші жақты әсіре мақтайтындар көбейді. Алаш зиялыларын жіктеп тастады. Бірқатарын ақтап, бір тобын сатқын деп даттап жатыр. Мысалы, Тұрар Рысқұлов пен Мұстафа Шоқай түрік әлемі үшін ортақ идеяны көтерген. Олар түркі дүниесінің бірлігін мақсат тұтты. Ал, бірқатары мемлекетшіл болды. Қазақ үшін жұмыс істейтін үкіметті таңдады. Қазір тарихты шала зерттегендер алаш зиялыларын бір-біріне қарсы қойып жатыр. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы саяси-әлеуметтік жағдай қазақтың басына жиырма бірінші ғасырда дәлме-дәл келіп отыр», – дейді ахметтанушы Өмірхан Әбдиманұлы.

Ғалымдар айтқан тоқсан сөздің тобықтай түйіні – Алаш зиялылары әртүрлі жолды ұстанып, әртүрлі қадамға барса да идеясы біреу. Ол – қазақ елін бір тудың астына тоғыстыру. Елдің, ұлттың бірлігі үшін қызмет етті. Мемлекеттік дамуы мен халықтың әлеуметтік жағдайы үшін еңбек етті. Сондықтан ұлылар бастап кеткен, жүз жылдан аса тарихы бар Алаш идеясы әлі де өзектілігін жойған жоқ.  Бүгінде бір идеяға тоғысу арқылы елдің ертеңін бекем ету керек.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here