Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақының барлық түрінің мөлшері өсті. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, елімізде 4,4 млн адам зейнетақы мен жәрдемақы алады. Олардың төлемақы мөлшерін ұлғайту үшін республикалық бюджеттен 4,6 трлн теңге қарастырылған. Бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдерінің ең төменгі мөлшері 68,2 мың теңгеден 77,4 мың теңгеге дейін өсті. Яғни, 2,2 млн зейнеткердің зейнетақысы көтерілді.
Мүгедектік және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін жәрдемақының мөлшері де артты.
Әйелдерге бала тууға байланысты төленетін мемлекеттік қолдаудың мөлшері өсті:
- бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК немесе 131 100 теңге (2022 жылы – 120 840 теңге);
- төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК немесе 217 350 теңге (2022 жылы – 200 340 теңге) төленеді.
Республикалық бюджеттен жұмыс істемейтін ата-аналарға бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындалады, оның мөлшері биылдан бастап 8,5%-ға артты. Жұмыс істейтін ата-аналар бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан алады. 2023 жылдан бастап бала күтімі бойынша төлем мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды. Ал, мүгедектігі бар балаларды қолдау үшін кәмелетке толғанға дейін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері 2023 жылы 56 794 теңгені (2022 жылы – 52 345 теңге) құрайды.
Жаңа жылдан бастап көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы мөлшері де өсті:
- төрт баласы бар отбасыларға ай сайын 55 304 теңге (бұрын 50 976 теңге);
- бес балаға – 69 138 теңге (былтыр 63 728 теңге);
- алты балаға – 82 973 теңге (былтыр 76 479 теңге);
- жеті балаға – 96 807 теңге (былтыр 89 231 теңге);
- сегіз және одан көп бала болса әр балаға – 13 800 теңгеден (былтыр 12 720 теңге) беріледі.