Глинн Симмонс қалай 48 жыл жазықсыз жаланың құрбаны болды?

0
1136

21 желтоқсанда АҚШ соты 71 жастағы Глинн Симмонсты кінәсіз деп тапты. Әділет араға 48 жыл барып салтанат құрды. Ол АҚШ тарихындағы ең ұзақ уақыт жазықсыз отырған америкалық саналады. Сонда Глинн Симмонс 48 жыл, 1 ай және 18 күн жазықсыз жаланың қалай құрбаны болды?

Әлқисса. 1974 жылы 30 желтоқсан күні Эдмонд қалашығында ішімдіктер дүкеніне шабуыл жасалып, екі белгісіз адам оқ жаудырады. Екі әйел жапа шегеді. Атап айтқанда, қарақшылар дүкенде сатушы Кэролин Роджерс пен сатып алушы Белинда Браунды атып тастайды. Оқиға орнында сатушы бірден жан тапсырады, ал басына оқ тиген сатып алушы ауруханаға түседі. Қарақшылар қашып кетеді. Полиция қызметкерлері ізін жасырып үлгергендерді қолға түсірмейді. Жапа шеккен екінші әйел тірі қалғанымен, бірақ есінде түк қалмағанын айтады. Содан тергеу куәгерлердің айтуы бойынша жасалып, ақыры екі америкалық айыпталады.

Мәселен, тергеушілер 22 жастағы Глинн Симмонс қолынан сатушы Кэролин Роджерс қаза тапқанын, ал 22 жастағы Дон Робертс оған көмектескенін алға тартады. Оқыс оқиғаны басында есіне түсіре алмаған Белинда Браун кейін тергеушілер көрсеткен қылмыскерлерді танығандай кейіп танытады. Осылай мәселенің мәнісіне бас қатырмаған прокурор айып тағады, ал оны сот дұрыс деп тауып, оларға жазаның ең ауыр түрін тағайындап, өмір бойы бас бостандықтарынан айырады. Бірақ, жазықсыз жаланың құрбаны болғанын алға тартқан Глинн Симмонс тоқсаныншы жылдары өз ақшасына жеке детектив жалдап, өзін ақтамақ болғанымен, федералды сот жазаны күшінде қалдырады. Тек 2023 жылдың сәуір айында Оклахома прокуроры Вики Бехенна жазықсыз болғанын мойындап, сотта кемшіліктер болғанын растайды. Дегенмен, сол кездегі үкім шығарғандардың бақилық болғаны айтылып, тергеу амалдары қалай жүргізілгенін дәлелдей алмайды. Араға 48 жыл салып, 2023 жылдың 21 желтоқсанында сот Эми Палумбо абақтыда жазасын өтеп жүрген Глинн Симмонсты ақтап, жазықсыз жаланың құрбаны болғанын мойындады.

Қазір ақталған Глинн Симмонс еш дәлелсіз 48 жыл бұрын үкімге кескен Оклахома штатынан 175 мың АҚШ долларына тең компенсация сұрағалы отыр. Өкінішке қарай, бостандыққа шыққан Глинн Симмонстан дәрігерлер обыр індетін анықтады. Бүгінде краудфандинг қоры арқылы 80 мың АҚШ долларын жинап, оған көмек көрсетіп жатыр.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here