ҚазҰАЗУ студенттері жемқорлыққа қарсы күрес жариялады 

0
837

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ақылбек Күрішбаевтың студент жастармен кездесуінде алғаш рет жоғары оқу орнындағы жемқорлық мәселесі ашық алаңда талқыланды.

«Біздің бүгінгі мақсатымыз – оқытушылар мен студенттер арасында қандай да бір сыбайластық көріністерінің болуына жол бермеу, жастарды жемқорлыққа төзбеуге шақыру, оған қарсы мәдениет деңгейін жоғарылату, сол арқылы оқу процесінің сапасын көтеруге ықпал ету. Осыған байланысты университет басшылығы мен студенттер арасында әріптестік сенімді байланыс орнату үшін өздеріңізбен ашық диалогқа келіп отырмын», – деді өз сөзінде Ақылбек Қажығұлұлы.

Иә, ұстаз бен шәкірт арасындағы сыбайластық пен жең ұшынан жалғасу – бұлар  өзара қабыспайтын, мүлдем кереғар ұғымдар екені белгілі. Неге десеңіз, елге ертең қызмет ететін болашақ мамандарды тәрбиелеп, даярлайтын саналы оқытушыларды жемқор ретінде елестетудің өзі қиын.

Өкінішке қарай, кездесу барысында сөйлеген студенттер университет өмірінде пара сұрауға бейім жандар ұшырасатынын, сабаққа келмесе де жоғары балл алатын білім алушылардың аз еместігін, грант бөлуде кейбір оқытушылардың қысастық жасайтынын жасырмай ортаға салды. Сыбайлас жемқорлық фактілері мынандай жағдайда: студенттер сабақтан қалғанда, аралық бақылауды немесе пәндік жұмыстарды қолмен жазып тапсыру кезінде, емтихандарды қайта тапсыру, курстық жұмыстар қорғау сәттерінде оқытушымен бетпе-бет қалғанда жиі кездесетіні атап өтілді. Студенттер жемқорлықтың біраз нақты фактілерін атап өтті.

Сонымен қатар, студенттер кезінде жеке меншікке өтіп кеткен университеттің оқу ғимараттарын, студенттік жатақхананы, стадионды, жер учаскелерін мемлекетке қайтару мәселесін көтерді.  Өздерімен осындай ашық алаңды ұйымдастырған университет басшылығына ризашылықтарын білдірген студенттердің ой-пікірлері мен ұсыныстарын тыңдай келе, Ақылбек Күрішбаев олардың сауалдарына жауаптар қайтарды. Сонымен бірге, оқытушылар мен білім алушылар арасындағы ашықтық пен өзара сенім мен байланыстарды одан ары нығайту мақсатында проректорлар мен тиісті құрылым басшыларына нақты тапсырмалар берді.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біздің ортақ мақсатымыз – заң мен тәртіп үстемдік құратын, азаматтардың құқығына лайықты құрмет көрсетілетін Әділетті Қазақстанды құру» деген сөзді ұдайы айтып келеді. Жемқорлықсыз әділетті университет құру – біздің де түпкі мақсатымыз. Бүгінгідей өзара сенімге негізделген шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыстың негізі болып табылады. Алдағы уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы университет бағдарламасын қабылдайтын боламыз», – деді сөзінің қорытындысында Ақылбек Қажығұлұлы.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here