Ұлт басылымдарының атасы ұлықталды

0
2513

Осыдан 110 жыл бұрын, 1913 жылы 2 ақпанда алаштың үніне айналған «Қазақ» газеті жарық көрді. Жылдар бойғы езгіден қажып, рухани қалжырай бастаған қазақ даласында ұлт еңсесін көтеруге үндеп, ұлттық идеяны насихаттаған тарихи газеттің алғашқы саны шыққан күні Алматыдағы Ұлттық кітапханада зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Ұлт рухын асқақтатқан басылым» атты республикалық конференция өтті.

Ата басылымның 110 жылдығына арналған конференцияны Алматы қаласы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі, әдебиеттанушы, ғалым Мамай Ахетов жүргізді.

Алғашқы сөзді алған Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Қанат Ысқақов ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және министр Дархан Қыдырәлінің арнайы жолдаған құттықтау хаттарын оқып беріп, «Қазақ» газетінің өткені мен бүгініне тоқталды.

«Газет елдің мақсат-мұратын тоғыстырып, ұлттық сананың оянуына ықпал еткен қозғаушы күш биігіне көтерілді. Бүгінде кейбір республикалық газеттер еңсере алмай отырған 6 мың данамен таралып, газетті жұрт жата-жастана оқыды», – деп атап өтті Қанат Жұмабайұлы.

Вице-министр газет қазір де ақпарат айдынында өзіндік орны бар әрі Алаш арыстарының жолын жалғаған іргелі басылым екеніне назар аударып, Үкімет газетті әрдайым қолдайтынын жеткізді.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді «Қазақ» газетінің шығу тарихынан сыр шертіп, оның қазақ руханиятындағы орны жайлы сөз қозғады. 

«Газет қазақ өмірін тура түсініп қорыту, сол арқылы ұлттың ендігі міндетін анықтау ісін қолға алып, мәселені іргелі деңгейге көтерді. Оның шешімін айтты. Сол жоспарлы жұмыстардың іске асуына бар күшін салды. «Қазақты» тек газет қана деп түсінсек, қатты қателесеміз. Оның ауқымы кең. Ол қазаққа ұстаз, жол көрсетуші болды. Мемлекеттік орган мен ұйымдар істей алмаған жұмысты «Қазақ» атқарды. Аз жыл ішінде газет, оны шығарушылар қазақ қоғамын қандай сапаға көтергенін еске алсақ, ондай өнеге-үлгіні әлемнен табу қиын», – деп ойын түйіндеді Мәмбет Құлжабайұлы.

Қазақстан журналистер академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы Сағымбай Қозыбаев пен тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Ханкелді Әбжанов «Қазақ» газетін мемлекет қамқорлығына алу, журналистика факультетінің студенттері арасында кеңінен насихаттау, қайтадан ұлттық басылымға айналдыру туралы ой-ұсыныстарын ортаға салды.

Астанадан арнайы ат терлетіп келген саяси ғылымдар докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір сөз басында «Қазақ» газетін 88 жылдан кейін тірілтіп, 2006 жылы қайта шығарған Қоғабай Сарсекеевтің ерлік ісін еске түсірді.

«Кез келген мемлекет не қоғамдық өмір үшін бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы зор. 1913 жылдың 2 ақпанында «Қазақ» газетінде басылған алғашқы мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы газеттің «жұртқа қызмет ететінін, жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық жасайтынын» айтқан еді», – деп Әбдіжәлел Қошқарұлы қазіргі ұжымға ардақтыларымыздың кешегі дәстүрін бүгінгі заманға сай жалғастыра берулеріне тілектестік білдірді.

«Қазақ» газетінің 1913-1918 жылдардағы сандарын төте жазудан қазіргі жазу үлгісіне көшіріп, кітап шығарып жүрген «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес келелі ой, кесімді пікір айтты.

Конференция барысында филология ғылымдарының докторы,  профессор Бағдан Момынова «Қазақ» газеті: Төте жазу, емле алғаш сыналған Алаш үні» тақырыбында, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова «Қазақ» газеті және ұлт зиялылары» тақырыбында, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, ахметтанушы Райхан Имаханбет «Қазақ» газеті – ұлттық болмыстың көшбасшысы» тақырыбында баяндама жасады.

Баяндамадан кейін сөз алушылар қатары көп болды. Соның ішінде «Қазақ» газетінің 2006 жылдан бергі Қостанайдағы меншікті тілшісі Серік Шайман ата басылымның екінші тынысын ашқан 2006-2014 жылдардағы бас редакторы Қоғабай Сәрсекеев Алматыда тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта қою мәселесін көтерді.

Алаштанушы-ғалым, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Елдос Тоқтарбай «Қазақ» газетіне қатысты мәлім де беймәлім деректер келтірді.

«Қазір «Қазақ» газетін зерттеп, онда есімі анықталмаған тұлғаларды анықтап жатырмыз. Жалпы, газетте 3 866 бүркеншік есім бар, яғни олардың кім екені анықталмаған. Болашақта біз «Қазақ» газетінің негізінде «Бүркеншік есімдер сыры» деген атпен кітап дайындаймыз. Әлі «Қазақ» газетінің 17 саны табылған жоқ. Табылмаған нұсқалар шетелдегі абоненттердің сақталған коллекциялық қорлардан не Ресей мұрағаттарынан табылып қала ма деген үміт бар», – дейді Елдос Нүсіпұлы.

Елдос Тоқтарбайдың дерегінше, «Қазақ» газетінің 12 данасын, кей жерде 8 данасын Түркияға алдырып отырған, қазір Эрзурум, Стамбул қалаларындағы жаздырып алған абоненттердің түрік қоғамының зиялылары екені анықталған.

Конференция соңында Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Қанат Ысқақов 2006 жылдан жазушы Қоғабай Сәрсекеев қайта жалғастырып шығара бастаған «Қазақ» газетінің Қостанайдағы меншікті тілшісі Серік Шайманды «Еңбек ардагері» төсбелгісімен, бас директор Қали Қамбаровты, бас редактор Жасұлан Мәуленұлын, тілші Қызжібек Әбдіғаниқызын «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, дизайнер-беттеуші Айнұр Қайратбекқызын, тілші Замира Базарбайқызын Құрмет грамотасымен марапаттады. Ал, «Қазақ» газетінің құрылтайшысы Махмұт Нәлібаев Алаш арыстарының аманаты, ұлт айнасына айналған тарихи газеттің дамуына зор үлес қосқан бір топ тарихшы мен алаштанушыларға «Қазақ» газетіне 110 жыл» мерейтойлық төсбелгісін табыстады.

Конференция аясында бұрынғы мен бүгінгі «Қазақ» газетінің тігінділері, 1913-1918 жылдардағы газеттердің төте жазудан қазіргі жазу үлгісіне көшіріліп, жарық көрген кітаптар көрмесі қонақтар назарына ұсынылды.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here