Үкімет басшысының орынбасары ҚазҰУ-да жұмыс сапарымен болды

0
779

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен келді. Жұмыс тобы құрамында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова және өзге де лауазымды тұлғалар бар.

Университетте құрметті қонақтар алдымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ музейіне бас сұқты. Мұнда қара шаңырақтың тарихы, жетістіктері, тұлғалары мен түлектері жайлы мәлімет берілді. 

Сонымен қатар ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев өткен жылы университеттің оқу ғимараттары мен жатақханаларына жүргізілген жөндеу жұмыстарының барысына тоқталды.

«Жөндеу кезінде ғимараттардың сыртқы қасбеті жаңартылып, барлық бөлменің қабырғалары қайта сыланып, әрленді. Есік-терезе, еден төсеніштері мен жиһаздар сатып алынды. Сонымен қатар электр жүйесі қайта жүргізілді. Жатақханалардағы әр секцияға заманауи душ кабиналары қойылып,    сантехникалық жабдықтар ауыстырылды», – деді ректор.

Сонан соң вице-премьер бастаған жұмыс тобы бас ғимаратта орналасқан оқу орнының Жағдаяттық басқару орталығының қызметімен танысты. Орталық басшылары қауіпсіздік және бақылау жүйесі барысын көрсетіп, университеттің ақпараттық бағдарламалары мен байланыс орталығының жұмысы туралы ақпарат берді.

Сонымен қатар Алтай Көлгінов Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жұмыс сапары барысында Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығында болып, дәрілік препараттар әзірлейтін құрылғылармен танысты.

Орталық директоры Жанар Жеңіс орталықтың негізгі мақсаты Қазақстанда өсетін дәрілік өсімдіктерді зерттеу екенін айтып, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.

Ғалымның айтуынша, бүгінде орталық соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Қазіргі таңда өндірісте тұмау мен бауыр ауруларынан сақтайтын және иммунитетті көтеретін, коронавирус инфекциясына қарсы биологиялық белсенді қоспалар дайындалады. Қант диабетін төмендететін, қан қысымын реттейтін, асқазан-ішек жүйесінің жұмысын жақсартатын, иммунитетті көтеретін фитошайлар өндіріледі.

Орталық қызметімен танысқан Алтай Сейдірұлы ғалымдардың жұмысына сәттілік тілеп, осындай өндірістердің елімізде көп болуы маңызды екенін жеткізді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here