Ұлт мақтанышы: Дүлдүл Димаш

0
9886

Музыкада мемлекет пен тіл шекарасы болмайды. Ғасырда бір туатын талант иесі Димаш Құдайберген осы қағиданы күллі әлемге дәлелдеді. Қаршадай ғана қазақ баласы ұлы дала елінің өнері мен мәдениетін төрткүл дүниеге паш етіп, миллиардтаған халықты мойындатты. Дала дауысымен дүниені дүр сілкіндіріп, аспан асты елін аузына қаратқан Димаш Құдайберген – «Жәшіктегі жұлдыздың» бүгінгі кейіпкері.

ӘЖЕСІН АНАСЫ САНАЙТЫН БАЛА

Ақтөбе қаласындағы қаймағы бұзылмаған өнерлі қазақ отбасында 1994 жылдың мамыражай мамыр айында дүниеге келген Димаш Құдайберген бала кезден ата-әжесінің қолында өскен. Димаштың ата-анасы – танымал әншілер Қанат және Света Айтбаевтар. Алайда туғаннан әжесі бауырына басып, бесікке бөлеп өсіргендіктен, қазақы салт-дәстүрді дәріптеп, бойына сіңірген Димаш өз ата-анасын «аға», «апа» деп атап кеткен.

Ата-әжесі Димашқа кішкентайынан ертегі айтып, сол ертегілер арқылы ой-өрісін дамытуына үлес қосады. Жақсы мен жаманды, зұлымдық пен қайырымдылықты ажырата білуге тәрбиелейді. Басынан сипап отырып, бұзықтығын қойдырады.

Дөрекілік емес, үнемі ата-әженің шексіз мейірімін көріп өскен Димаш кішкентайынан ән айтып, фортепиано мен домбырада ойнайды. Бес жасында музыкалық колледж сахнасында алғаш ән салады. Алты жасында «Айналайын» республикалық байқауының «Фортепиано» номинациясында жеңімпаз атанады.

Димаш Құдайберген өзін жастайынан өнер жолына баулыған жанашыр мәдениет майталмандарын ешқашан есінен шығарған емес.

«Бала кезімнен қазақ сахнасында жүрген, өнердің биік шыңдарын бағындыра білген көптеген аға-апаларыма, ұстаздарыма еліктеп өстім. Қазіргі күні азды-көпті жетістіктерге жетіп жатсам, біз секілді жеткіншектерге үлгі бола білген майталман жандардың өнеріне сусындап өскенімнің нәтижесі деп білемін», – дейді әнші.

Қолында өскен Димаштың балалық шағы туралы әжесі Миуа Низамутдинова: «Димашты зейнет жасына шыққаннан бастап алдым. Бәріміз бір үйде тұрдық. Әке-шешесі күнде сабақта болады. Бесікте тербетіп өсірдім. Бесіктен шыққаннан соң 10 жасқа дейін біздің қасымызда жатты. Кішкентай кезінде ауырып қалғанда түнімен жылап шығатын. Қанат пен Света жылаған дауысын естіп: «Мама, сен демалып ал. Біз алып кетейік», – деп келеді. Бір-екі рет бергенмін. Бірақ, Димаш болмаса мен ұйықтай алмайды екенмін. Кейін «Сендер ұйықтай беріңдер, мен өзім Димаштың арқасынан қағып ұйықтамасам, ұйықтай алмаймын», – деп алып кетемін. Димаш бала кезінде ерке болды. Қазір де ерке, еркін жүреді. Оған ешкім кейімейді, өзі қабағыңа қарап, түсініп отырады. Әзілқой, мейірімді, қайырымды бала. Қасында жүрген адамдардың бәріне көмектескісі келіп тұрады. Сондай-ақ, сабағына ылғи өзім апаратынмын. Бір күні ата-аналар жиналысына Света барған. Апайы Светаны Димаштың анасы екенін біледі ғой. «Мынау Димаштың мамасы. Ән айтады. Теледидардан көріп жүрсіздер», – деп Светаны балаларға таныстырған екен. Содан Димаш: «Апай, бұл менің мамам емес. Менің мамам үйде. Ол мені қырық жетісінде туған. Бұл менің Света апам. Бұлар мендей баланы туа алмайды», – депті. Осындай да қызық болған. Ол біразға дейін мені туған анасы деп сеніп жүрді. Ата-әже үшін немере – бақыт, тәтті», – деп өткен күннен естелік айтты.

ДИМАШ ТУРАЛЫ ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

Димаш Құдайберген «Айналайын», «Балдәурен», Астанада өткен «Жас қанат» және басқа да республикалық, халықаралық музыкалық байқауларға қатысқан.

2014 жылы Димаш Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде академиялық ән орындау сыныбын тәмамдады. Қазір Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде оқып жүр.

Димаш Құдайберген Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен «17th Top China Music Awards» шарасында «Халықаралық деңгейдегі танымал әнші» номинациясында топты жарды.

2010 жылы «Байқоңырдың әсем дауыстары» халықаралық фестивалінің І жүлде лауреаты атанса, 2012 жылы «Жас қанат» республикалық жас ән орындаушылар байқауының Гран-при жүлдесіне ие болып, осы жылы «Восточный базар» халықаралық байқауында (Украина) І жүлде лауреаты атанды.

2013 жылы «Мейкин Азия» І халықаралық фестивалінің (Қырғызстан) жеңімпазы болса, Витебск қаласында өткен XXIV Халықаралық эстрадалық ән орындаушылардың «Славян базары – 2015» байқауында (Беларусь) Гран-при жеңіп алды.

2017 жылы Қытайдың «I am a singer» (Мен әншімін) телебайқауына қатысып, сайыстың бірінші күнінде қазылар алқасы тарапынан ең жоғарғы ұпай жинап, жеңімпаз атанған Димаш Құдайберген әлемге әйгілі болды.

Димаш Құдайберген қазақ, серб, итальян, француз, ағылшын, орыс, тағы басқа тілдерде ән орындайды.

24 жастағы әншінің бойының ұзындығы – 1,91 метр. Үйдің тұңғышы, Раушан есімді қарындасы, Әбілмансұр есімді інісі бар.

ДИМАШ ФЕНОМЕНІ

Екі миллиардтан астам көрермені бар атақты азиялық «I am a Singer» байқауы – қытайлық және халықаралық атақты ән байқауларының жеңім-паздары ғана бақ сынай алатын жұлдыздар бәсекесі. Осы әйгілі байқауда бүкіл Қытай халқы ең жас қатысушы Димаш Құдайбергеннің өнеріне тәнті болып, таңдай қақты. «Димаш – Тәңір өзі назарына алған жас әнші» деп бағалаған Қытай мамандарынан басқа әлемдік сарапшылар да «Құдайдың берген сыйы» ретінде аса жоғары бағалады.

Димаш дауысының феномендігі неде? 5 октава дауыс диапазонды әнші туралы Қазақстанның халық әртісі әрі вокалдан дәріс беретін білікті ұстаз Лаки Кесоглу: «Димаштың дауысы әншілерде сирек кездеседі. Оның дауыс түрі – контртенор деп аталады. Әлемде контртенорлар саусақпен санарлық», – деп жоғары бағасын берді.

Димаш дауысының құдіреті қай тілде айтса да жүрекке жетеді. Ол жоғары ноталарды жеріне жеткізіп айта алады. Әншіде сирек кездесетін контртенор (еркек дауысының феномені) бар. Бұл сирек кездесетін дауыс. Әншіде сопрано, контртенор, контральт сияқты үш дауыстың болуы басты қасиеті. Яғни, әйел мен еркекке тән дауыстардың барлық гаммасы бар.

«Димаштың өздігінен үйрену қабілеті жоғары, дауыс аумағын кеңейтуге де өзі жаттыққан, төрт октава арасында емін-еркін шырқай алады», – дейді анасы Света Айтбаева.

Қытай медиасы Димаш жайында жарыса жазды, жазып та жүр. Өнерде шекара жоқ. Бүкіл әлем бойынша «Димашты қолдаушылар қоғамы» құрылуы – соның жарқын дәлелі.

Димаштың дауысы «қазақ халқы дауысының ұлттық қазынасы» ғана емес, әлемдік брендке айналған дауыс. Оның талантын – Лара Фабиан, Джеки Чан сияқты әлемдік брендке айналған жұлдыздар мойындады. Тарихи есте қалар сәт – Димашты Қытайдың әйгілі киноактері Джеки Чан өз студиясына шақырып танысады. Оған жас әнші ою-өрнекті шапан кигізіп, қазақтың қара домбырасын сыйға тартты.

«ОТАНЫМ – ҚАЗАҚСТАН»

Димаш соңғы кездері елде сирек болады. «Қазір қайда, қандай істер атқарып жүр?» деген сауалдарға әнші былайша жауап береді: «Көбіне шетелде жүрмін. «ДимашАли» атты шығармашылық орталығымыз бар. Өнер саласындағы әріптестік аясын халықаралық деңгейде кеңейту мақсатында Еуропа мен Азияның бірнеше шығармашылық бірлестігімен байланыс орнатқан едік. Әртүрлі тілдік ортаға, әр елдің менталитетіне лайықталып жазылған шетелдік, қазақстандық композиторлардың шығармаларымен жұмыс істеп, алғашқы ән жинағымды шығаруға талпынып жүрмін. Шетелдегі гастрольдік турнемді жүзеге асыру мақсатында Қытай, АҚШ, Канада, Жапония, Испания елдерінің музыканттарынан құралған оркестрмен Бейжің қаласында бірнеше ай көлемінде дайындық жұмыстарын жүргізіп, Хунан аймағының орталығы – Шаңша қаласының стадионында ауқымды концертімді бердім. Туған жерім, тұрақты мекенім – Қазақстан. Қай жерде, қай елде жүрсем де, мен, ең алдымен, қазақтың баласымын. Ұлы Абай «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды, естіп, көріп, ұстап, татып, ескерсе, дүниедегі жақсы мен жаманды таниды…» дегендей, жас кезде музыкалық индустриясы жақсы жолға қойылған, телевизиялық нарығы аса ауқымды елдерде өнер көрсетіп, озық тұстарын үйрене жүріп, еліміздің ән-күйін насихаттауға үлесімді қоссам деймін. Музыка ұлтқа бөлінбейді, өнер әлемінде шекара жоқ. Халқымыздың ән-күйі көптеген елдерде шырқалып, өнеріміздің көкжиегі кеңейе түссе екен, еліміздің басқа елдермен достық қарым-қатынасы нығая түссе екен деп армандаймын. Мен үшін ең үлкен марапат – ата-анамның жетістіктеріме разы болуы, тыңдармандарымның қуанғаны».

24 ЖАСТАҒЫ ӘНШІ ҚАШАН ҮЙЛЕНЕДІ?

«Ел мақтаған жігітті, қыз жақтаған» демекші, бүгінде Димаштай дарынды азаматтың жары болғысы келетін қыздардың қарасы көп. Әншінің дауыс ерекшелігінен басқа киім және шаш үлгісі, сахнада өзін ұстай білуі, лирикалық әндері мен бет-келбеті қытайлық қыздардың жүрегін жаулап алған. Тіпті, қазақ тілін меңгеруге талпынып, қазақша хат жазып, әншіге сезімдерін білдірген нәзік жандар қаншама?! Сонымен әлемді талантымен тәнті еткен Димаштың жары кім болмақ? Бұл сұрақтың жауабын ұлының тамырын басып көрген әжесі айтып берді.

«Қандай қыз жолығатынын Құдай біледі ғой. Бірақ, Димаш «Қазақы тәрбиесі бар, үлкендерді сыйлайтын, «папа-мамама» ұнайтын қыз болса» дейді. Мен оған «Әнші қыз ал, өзіңнің қасыңда жүретін» деймін. «Маған әнші қыздың керегі жоқ. Сосын баланы кім бағады? Сен баға бересің бе?» деп қояды. Менің ойымша, үлкен адамдар жастарға жол сілтеп, қолдап отыруы керек. Мен «Оқуыңды бітірген соң үйлен» десем, ол «Өз деңгейіме жетуім керек, отызға дейін бойдақ жүремін» дейді. Ал, мен ерте үйленгенін қалаймын», – дейді әжесі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ерекше дауыс бояуымен қазақ ән өнерінің сара жолын жалғастырушы Димаш Құдайберген Тәңір өзі назарына алған әнші. Бір ғасырға жуық уақыттан кейін әлемге әнімен әйгілі болған Әміренің жалғасындай болып жарқ еткен жарық жұлдыздың феномені күллі қазақ елінің өнерден кенде емес екенін айғақтайды. Өнерге деген құштарлығымен барлық тыңдарманның сезімін бір арнаға тоғыстыра білген Димаштың даңқына данқ қосылуына тілеулеспіз! Алты алаштың да тілеуі сол!

Жансая ШЫҢҒЫСХАН, «Qazaq»-тың Нұр-Сұлтандағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here