Байғали Серкебаев: Тектінің тұяғы

0
4328

«Әрбір адам – бұл тағдыр және тарих. Өзінің тарихы, адамның өмір сүрген және өмір сүріп жатқан уақыты мен жерінің тарихы…» – деген екен аты аңызға айналған опера әншісі Ермек Серкебаев. Иә, әр адамның тағдыры әртүрлі. Десе де әкенің қаны, ананың сүтімен дарыған өнер – баланың бойын билемей қоймайды екен. Текпен берілген өнерді өшірмей, өсіре білген өнерпаздар да аз емес. Ұлылардың жолын жалғап, үмітін ақтайтын – ұрпағы. Сондай жандардың бірі – «A’Studio» тобының жетекшісі, музыкант Байғали Серкебаев бүгінгі «Жәшіктегі жұлдыздың» кейіпкері.

МУЗЫКАНТ БОЛУҒА АҒАСЫ ИТЕРМЕЛЕДІ

1958 жылы 27 маусымда ару қала Алматыда КСРО халық әртісі Ермек Серкебаевтың әулетінде шекесі торсықтай ұл дүниеге келеді. Ерекше үнімен әлем халқының жүрегін баураған опера әншісі мұрагеріне Байғали есімін береді.

Бес жасынан музыкаға бейімдеген ағасы Алмас туралы Байғали Ермекұлы былай дейді: «Әкем үнемі елді, көрші елдерді, одан қалса әлемді аралап гастрольдік сапарларға кетеді. Анам Тамара химия пәнінің мұғалімі болды. Неге екенін білмеймін, бірақ мектепте осы пәннен кедергілерге тап келетінмін. Есесіне, біз техникалық сабақтарға жақсы болдық. Ағам ылғи түрлі конструкторлар сатып алатын. Әкем бір сапарынан сондай сыйлық әкеп берді. Сондағы қуанғаным әлі есімде. Ата-анам көбіне сыртта жүргендіктен, менің тәрбиеммен өзімнен он жас үлкен ағам Алмас айналысты. Баланың нағыз ойнап, жүгіретін кезінде ағам мені сағаттап музыкалық құралдармен айналысуымды талап ететін. Мен үшін одан өткен азап болмайтын. Құрдастарым сыртта доп теуіп жүрсе, мен үйде әкемнің күйсандығында ойнап отыратынмын. Ағам музыкалық сабағымды қатты қадағалады. Менің есіл дертім футболда. Қызығушылығымнан болар ала доппен де достасып алдым. Спортқа қызыққаным соншалық, музыканы тастаймын деп те шешкен сәттерім болды. Бірақ, қатал ағам «Ешқандай да футболыңды білмеймін, сен музыкант боласың» деп бетімнен қайтарды. Ағамның сол кездегі қаталдығы, маған салған шексіз күші мен сабыры үшін алғысымды айтамын».

«А-СТУДИО» ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ?

Байғали Ермекұлы ағасы Алмас тәмәмдаған Күләш Байсейітова атындағы мектепке түсіп, оқуын жалғастырады. Мектеп бітіргеннен кейін ол Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясына оқуға тапсырады. Музыкалық білімін шыңдап жүріп, Роза Рымбаевамен бірге «Арай» ұжымында өнер көрсете бастайды.

Гастрольдік сапарлары кейде екі айға дейін ұласып жататын кездерде де Байғали оқуын тастамай, қанша қиын болса да емтихандарын тапсыруға үлгеретін. Осылайша, оқуын да орта жолда тастамай ойдағыдай аяқтайды.

«Арай» ұжымы табандай он жыл Роза Рымбаевамен табысты жұмыс жасауға мүмкіндік беріп қана қоймай, болашақ «А’Studio» тобын бірлесе құратын Батырхан Шүкеновпен табыстырады. Бұл топ бастапқыда «Алма-Ата» болып құрылып, кейіннен «Алма-Ата-Студио» деген топқа айналады. Пугачеваның театрына тап келгенде ғана «А’Studio» болып қысқартылып, осы атпен қалады.

1982 жылы «Арайдың» барлық музыканттары тарап, Роза Рымбаева Байғалиға жаңа топ жасақтауды және оны басқаруды ұсынады. 1990 жылдардың басында режиссер Алексей Берковичпен «А-Студио» туралы «Джулия» музыкалық фильмі түсірілді, оған музыканттардың өздері қатысқан.

Қазіргі кезде өз ұжымына, «A’Studio» тобына және басқаларына продюсерлікпен айналысады.

ПРИМАДОННАМЕН ТАНЫСТЫҚ

Қазақ азаматтары аңызға айналған Алла Борисовнаның «Театр әндерінде» бақ сынап көреді.

«Біз Батыр (Шүкеновті айтады, – ред.) екеуміз «Джулия» әнін жазып, таныс музыканттарға тыңдаттық. Олардың арасында жас әнші Филипп Киркоров та болған екен. Ол осы әнімізді таспаға жазып алып, Алла Борисовнаға көрсетеді», – деп өткен күндерден сыр шертеді Байғали Ермекұлы.

Осыдан кейін Алла Пугачева талантты жігіттермен танысқысы келетінін айтады. Байғали мен Батыр билет алып, бірден Мәскеуге тартады. Примадоннаның есігін екеуі жүректері лүпілдеп тұрып қағады. Алайда, кездесу өздері ойлағаннан да жақсы өтеді. Сол сәтті Серкебаев әлі күнге күні кешегідей тебірене еске алады: «Біз Батыр екеуміздің шабыттанғанымыз соншалық, кіреберістен шыққан кезде ләм-мим деместен вокзал жаққа жүгіре бердік».

Көп ұзамай-ақ Алла Пугачевамен жұмыс жанданып, оның қатысуымен 1990 жылы «Рождестволық кездесуден» кейін қазақ тобының жұлдызы жарқырай бастайды.

Бүгінде отыз жылдық тарихы бар ТМД елдеріне кеңінен танымал «А’Studio» тобы жұрттың жүрегінен айрықша орын алған әндерін әуелете шырқап жүр.

ТАНЫМАЛ ТҰЛҒАНЫҢ БАЛАСЫ БОЛУ ҚИЫН БА?

Елімізде классикалық музыка өнерінің дамуына үлкен үлес қосқан Кеңес Одағының және Қазақстанның халық әртісі, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, әйгілі әнші Ермек Серкебаевтың ұлы болу – Байғали Ермекұлының басына бұйырған бақ әрі зор жауапкершілік екені анық.

Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы болған Байғали Серкебаевқа артылар үміт басым. Тіпті, кейде күдіктің де қылаң беретіні жасырын емес. Алайда ол ататегін ту етсе де, ешқашан жалғанның қызыл-жасылына қызығып, әке атына кір келтірмеген.

«Менің әкем басқа балаларға қандай жұлдыз болса, мен үшін де солай болды. Тегім Серкебаев болды екен деп оны біреуге дәлелдеудің де қажеті жоқ. Алайда, осы текті арқалап жүргендіктен, әр қадамыңды аңдап басасың. Өйткені, тек – сенің биігің. Бала күннен өзімнің айналысатын ісім болғандықтан, қақ-соқта шаруам болмады. Алматыда тұрған кезімде бірде-бір адамнан жетістікке әкесінің арқасында жетті деген сөз естіген жоқпын. Ал Мәскеуде сенің әкеңде ешкімнің де шаруасы жоқ. Кейбір әріптестерім әлі күнге хабарсыз. Олар менің әкемнің кім екенін білгенде қатты таңқалып жатады. Гастрольдік сапарларда қонақүйлерге тоқтаған кезде, әсіресе үлкен жастағы кісілер тегіме қарап: «Сіз Ермек Серкебаевтың ұлы емессіз бе?» деп сұрайды. Сондай сәттерде сүйсініп қаламын», – деп ағынан жарылды әлемге әйгілі әншінің ұлы.

Ермек Серкебаев ұлының пианист, дирижер болғанын қалаған. Көпке дейін баласының «А-Студио» тобындағы жұмысын қабылдай алмаған.

Алайда, «А-Студио» тобының 20 жылдық мерейтойлық концертінде айтқан әкесінің сөзін Байғали Серкебаев былайша еске алады: «Әкем ұлт мәдениетінің, әсіресе, классикалық музыка өнерінің дамуына үлкен үлес қосқан адам. Эстрадалық әнші ретінде де кеңінен танылды. «А-Студио» тобының 20 жылдығына орай Алматыдағы Республика Сарайында үлкен концерт бердік. Әкем залда отырды. Кеш аяқталғанда әкем қасыма келіп мені құшақтап тұрып: «Ақыры мен сенің сүйікті ісіңмен айналысып жатқаныңды түсіндім. Мен сенің таңдауыңды қолдаймын, бұл шын мәнінде керемет өнер. Мен оны әрдайым білетінмін, бірақ бүгін бұл сенікі екенін сезіндім» деді бақытты жүзбен. Сол сәтте менен асқан бақытты жан болмады. Өйткені, мен әкемнің бұл бағасын табандай жиырма жыл күттім».

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Байғали Ермекұлы қос қызғалдағы – Сана мен Кәмиласын өнер жолына баулығанымен, мамандық таңдау еркін өздеріне береді. Мәдениеттің айналасында жүрген олар жуырда ғана Алматы қаласында Ермек Серкебаевтың өмірі мен өнеріне арналған көрме ашып, аталары туралы тың ақпаратты көпшілік назарына ұсынды. Серкебаетар алдағы уақытта да аңызды тұлғаның артында қалдырған асыл мұрасын жалғастырары анық.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН«Qazaq»-тың Нұр-Сұлтандағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here