Алаштың ардақты азаматы

0
3179

Буырқанған ХХ ғасырдың бас кезеңі бір жағынан Ресей империясының Қазақ жерін тартып алуды одан әрі күшейту, орыс шаруаларын қазақ жеріне жаппай қоныс аудару, халқымызды оқу-ағарту және мәдени-рухани жағынан отарлауының күшейтілуімен сипатталса, екінші жағынан, қазақ зиялы қауымының қалыптасуының арқасында ұлттық мүдде жолындағы қасиетті ұлт-азаттық күрестің басталуымен де айырықша ерекшеленеді.

ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық күрес және халқымыздың рухани-мәдени, ағарту саласындағы ерен еңбектер туралы айтқанда, алдымен сөз етеріміз, Алаш қайраткерлері әрине. Ал, бірақ Алаш қайраткерлерімен үзеңгілес болып, олардың ұлт-азаттық қозғалысына дем берген, ниеттес болған және материалдық тұрғыдан қолдау көрсетіп үлкен көмегін көрсеткен, ұлтым, елім деген көкірегі ояу халқымыздың ірі ауқатты тұлғаларының есімдері әлі де болса қалтарыста қалып келе жатыр. Олардың барлығы да халқымыздың азаттық күресінің тарихында өзіндік орны бар тұлғалар болатын.

ЕЛ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН ТҰЛҒА ЕДІ…

Жалпы қазақ қоғамында біз сөз етіп отырған кезеңдегі ел ішінен шыққан ауқатты бай адамдар, олардың қоғамдағы орны мен рөлі жөнінде бірыңғай пікірдің жоқ екені белгілі. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Біздің қазақ байларында Еуропа байларындай мол байлық жоқ, аз байлықпен халінше жомарттық қылатын байлар қазақта аз, жоқтың қасында. Біреудің малы көп болса да, саңылауы жоқ болды. Жұрт ісіне жаны ашып, жұрт намысына қаны қызатын қазақта адамдар аз болды. Себебі, жұрт жұмысы деген қазақтың әдетінде болған емес. Өзге жұрттан оңаша жүріп, қазақ басқа халықтармен бәсекелесіп, жарысқа түскен жоқ. Сондықтан жұрт жұмысы, ұлт намысы деген сөз – қазақтың көбіне түсініксіз нәрсе», – деп атап көрсеткендей, отарлық езгіден мешеу қалған қазақ қоғамында өз жұртына тірек болып, өз жұртының экономикалық тұрғыдан ілгері дамуына серпін беретін үлкен ауқатты күш қалыптаспаған еді.

Десек те, ел ішіндегі өз жұртының қамын жеп, елге абыройлы қызмет еткен халқымыздың ардақты тұлғалары да баршылық. Қазақ байлары, қазақ меценаттары туралы сөз еткенде, алдымен ойға оралатын тұлғалардың бірі – Қарқаралы уезі, Беріқара болысында он жеті жыл болыс басқарушысы болған, арабша сауатты көзі ашық, жетім-жесірге көп шарапатын тигізген, халқымыздың Ахмет Байтұрсынұлы сынды тұлғаларымен аралас-құралас болып, бір-біріне құрмет көрсетіп, сыйласып өткен Ыбырай Ақбайұлы сынды арда азаматты атап өтуге болады.

Ыбырай Ақбайұлы берісі Қарқаралы, одан асып Сарыарқа өңіріне дәулетімен, елді аузына қаратқан ақыл-парасатымен белгілі әрі болыс болған қажы Жандеркин Ақбайдың шаңырағында 1867 жылы дүниеге келеді. Ыбырай Ақбайұлының ата-қонысы, туып-өскен жері бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезіне қарасты Берікқара болысы болатын. Ақбайдың көзі ашық, ел қамын жеген тұлға болғандығын оның ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қарқаралы өңіріндегі саяси оқиғаларға белсене араласуынан байқауға болады. Ақбайдың шаңырағынан ел ісіне етене араласып, елге танымал болған Ыбырай және ұлтым, елім деп жүрегі соққан Алаш қайраткері, заңгер, құқықтану магистрі Жақып секілді ұлдардың өсіп шығуы да әсте кездейсоқ болмаса керек. Сондай-ақ, Ресейлік отарлық езгінің күшеюінен, қазақтардың өзіндік қарсыласу, наразылық әрекетінің бір түрі ретінде 1905 жылы әйгілі Қарқаралы петициясы дүниеге келді. Ресей империясының билеушісі ІІ Николай патшаның атына тікелей жолданған Қарқаралы петициясында: «Қандай әділет бар. Қазақтарды құқықсыз, заңсыз топқа енгізу қайдан шыққан. Иә, біз мал шаруашылығымен айналысамыз. Бірақ, ол қаңғу емес қой. Мал шаруашылығымен айналысу неге біздің сайлау құқымызға шек қоюға себепші болмақ? Қазақтар қоғамдық және мемлекеттік мақсатта орыс шаруаларынан кем түсінеді деп кім қорытынды жасай алады, тіпті басқа отырықшы «бұратаналармен» салыстырмай-ақ қояйық. Кім қазақтардың мүддесін қорғамақ, кім біздің мұқтаждығымызды дұрыс түсіндіреді?» – деген секілді жанайқаймен қатар, қазақтың әкімшілік басқару жүйесін қайта қарау, сайлау жүйесін қайта құру, азаматтық және сот істерін, іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді заңды түрде бекіту, Дума сайлауына қазақ депутаттарын қатыстыру және тағы да басқа қазақ халқы үшін өмірлік маңызы бар мәселелердің шешілуі талап етілді. Халқымыздың өз құқықтарын қорғау жолындағы осы елге танымал 42 жанның бірі – Ақбай Жандеркин болатын. Яғни, ұлдарының бірінің ел басқарып ұлт қамын жеген қамқоршы, екіншісінің азаттық қозғалыстың бел ортасында жүрген жетекшілерінің бірі болуына әкелерінің тәлім-тәрбиесі мен ықпалының зор болғаны анық деп ойлаймыз.

Ыбырай Ақбайұлының ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ өлкесіндегі бай-ауқатты, ықпалды тұлғалардың бірі болғандығына қарамастан саяси көзқарасы жағынан Алаш қайраткерлеріне жақын болып, оларға қолдау көрсетуіне әуелі әкесінен алған отбасылық тәрбиесі, одан соң Қарқаралыдағы орыс-қазақ мектебінің оқытушысы және меңгерушісі болып істеген Ахмет Байтұрсынұлының, сондай-ақ өзінің туған інісі, жоғары білімді заңгер Жақып Ақбайұлының да өзіндік әсері болды.

Міне, сондықтан да ұлт зиялылары бастаған азаттық күрес жағында болған Ыбырай Ақбайұлы оларға әлеуметтік тұрғыдан өз көмегімен көрсетіп, барынша қолдау көрсетіп отырды. Ұлт зиялыларының қалыптасып, үлкен саяси күшке айналуы және оларды өлкедегі ардақты тұлғалардың материалдық тұрғыдан қолдап дем беруі Ресей империясының әкімшілік басшылыған қатты састырса керек. Олар дереу арада өлкедегі бақылауды күшейтті. Қарқаралы петициясының жазылуынан басталған қуғындау, тұтқындау шаралары одан әрі күшейтіліп, 1909 жылы Жақып Ақбайұлы Қарқаралы уезінен, Жетісу облысының Қапал уезіне жер аударылса, Ахмет Байтұрсынұлы Қарқаралы түрмесіне қамалады. Оларға империялық билік тарапынан тағылған айыпта: «патша атына жазылған петиция жазуды ұйымдастырды, халық арасында билікке қарсы үгіт жүргізді» деген секілді үрей бар еді.

Осы жылдары Қарқаралы уезі, одан тыс Семей облысында қалыптасқан саяси ахуалға сипаттама берген белгілі тарихшы ғалым М.Қойгелдиев: «Генерал Тихмедиев министр атына жолдаған осы хатында «Қарқаралы уезіндегі қазақтар арасында үгіт-насихат жүргізуде кінәсі Байтұрсыновтан кем емес» деген бірнеше адамның атын атайды. Олар Әлихан Бөкейхановтың інісі Смахан Бөкейханов, Жақып Ақбаевтың інісі (ағасы Д.И.) Ыбырай Ақбаев, Қу болысының бұрынғы меңгерушісі Хасан Ақаев, Қарқаралыдағы емхананың фельдшері Ахмет Райымбеков, Ақшатау болысының тұрғыны Бозаубек Райымбеков, ауыл мектебінің мұғалімі Смайл Байтенов және Қарқаралыдағы орыс-қырғыз училищесінің оқытушысы Асылбек Сүлейменов еді. Қатынаста бұл аталған кісілердің бәрі де: «қырғыздарды салық төлемеуге, билік органдарына бағынбауға және переселендерге жерлерін бермеуге үгіттеді» деп көрсетеді», – деген болатын.

Өңірдегі халықтың толқуынан және оның одан әрі өрістеуінен қатты сескенген Ресейлік билік өңірдегі Алаш зиялыларымен қоса оларға жақтас, қолдаушы болып отырған тұлғаларды да жазалау әрекеттеріне көшеді. Алаш зиялылары мен өңірден шыққан белгілі тұлғаларға берілген жаза жөнінде: «Қарқаралы интеллигенциясының ісі 1910 жылы ақпанда Ішкі істер министрлігінің Ерекше кеңесінде қаралып, 19 ақпанда Омбыдағы генерал-губернатор кеңсесіне «А.Байтұрсыновқа екі жылға Дала өлкесінде, Жетісу және Торғай облыстарында тұруға тыйым салынады» деген министрдің бұйрығы келеді. Бұл хабардың артынан ала Қарқаралы уезінің жоғарыда аталған жеті азаматы, Смахан Бөкейханов, Ыбырай Ақбаев, Хасен Ақаев, Ахмет Райымбеков, Бодаубек Райымбеков, Асылбек Сүлейменов және Смайл Байтеновтердің Том губерниясы Барнаул қаласына екі жылға жер аударылатындағы туралы министрдің шешімі келіп жетті», – деп жазады тарихшы-ғалым М.Қойгелдиев.

Болмысынан ел қамын жеп өскен тұлға, қарақан басының күйін күйттемей ел тағдыры шешілер аса жауапты кезеңде де ұлтжандылық қасиетінен айнымады. Алаш қайраткерлерінің бастауымен бүкіл Қазақ даласы дүр сілкініп, Кенесары хан заманынан кейін елдігінен айырылған халқымыздың ұлттық мемлекеттілігін қайта қалпына келтіру жолындағы «Алаш» партиясы мен «Алашорда» автономиясын құру кезеңінде Ыбырай Ақбайұлы «Алаш» қайраткерлерін моральдық және материалдық тұрғыдан белсенді қолдау көрсетті. Бүкілқазақтық екінші құрылтайдың шешімімен қабылданған «Алаш» әскери милициясын жасақтау ісінде Қарқаралы өңірінен жігіттерді «Алаш» жасағына тарту, «Алаш» жасағын жарамды мініс көліктерімен қамтамасыз ету жұмыстарында ұлтжанды тұлғалық үлкен көмегін көрсеткенін архив құжаттары айғақтайды. Мәселен, 1918 жылы Ыбырай және Жақып Ақбаевтар Семей қаласындағы Алашорданың әскери полкын толықтыру үшін Алаштың орталық комитетінің қарамағына жүзден аса жігіттерді жіберген. 1928 жылы Ыбырай Ақбайұлы тұтқындалғанда, оған тағылған басты айыптардың бірі, кеңес өкіметіне қарсы күрескен «Алаш» әскерін қару-жарақпен және мініс жылқылармен қамтамасыз етті деген айып болатын.

Ыбырай Ақбайұлы 1919 жылдың наурызында Бүкілресейлік орталық атқару комитеті Алаш Ордаға амнистия жарияланғаннан кейін, ел басқарудағы көп жылдық тәжірибесі мен сол кезеңде қалыптасқан саяси жағдайды ескере отырып, заман ағамына сай, сол биліктің мүмкіндіктерін халық әжетіне пайдалануға талпыныс жасайды. Елімізде кеңестік билік орнағаннан кейін, кешегі ел тізгінін ұстаған азаматтар қолда бар билік мансаптарынан, дәулетінен айырылғаны белгілі. Оның үстіне, азамат соғысы жылдарындағы елді қамтыған күйзеліс, жиырмасыншы жылдары орын алған ашаршылық Ыбырай Ақбайұлының дәулетін шайқалтып, ол бұл жылдары ірі, ауқатты бай иесінен, ортадан жоғары шаруашылық иесіне айналған болатын. Дегенмен де, халық арасындағы танымалдығы мен құрметінің арқасында сол кезеңде елде жаңадан құрыла бастаған «Қосшы» ұйымын құру және төменгі кеңестік органдарға сайлау барысында өзі құптаған, өзі жақтаған азаматтарды өткізу істерінде көмегін көрсетіп, ел ішіндегі қоғамдық өмірден шет қалмады.

Қазақстан өлкелік партия комитетінің басшылығына Голощекин келгеннен кейін, Қазақ жерінде арты үлкен қайғы-қасіретке ұрындырған Сталиндік-Голощекиндік эксперимент басталып, ол ең бірінші кезекте халқымыздың бірнеше ғасырлардан бері қалыптасқан дәстүрлі мал шаруашылығына қарсы бағытталды. Қазақстанда кеңестік билік жоқ деп лепірген Голощекин қазақ жерінде «Кіші қазан» төңкерісін жүргізбекші болып, ауылда жоқ тап күресін қолдан тудырып, бай мен кедейді бір-біріне қарсы айдап салмақшы болды. 1927 жылы қараша айында өткен VI партия конференциясында: «Біз шын мәнісінде іске көштік, жер мәселесінде бай мен кедейді қақтығыстырдық, кедейге байдың жерін тартып алып беруде оған көмектестік. Бұл – шынайы өмір, бұл – таптық күрес. Бұнда қолда бар жетістіктерімізді елемеу мүмкін емес, ауылдағы барлық шаруаларды қамтып, өзіміздің соңымыздан ерте білдік. Біз әлі де болса көп мәселені аңғарған жоқпыз және барлығын тартып алғанымыз жоқ. Мәселен, Шорманов, Ақбаевтардың әрқайсысында 10 мың бастан мал бар. Біз олардың жерін тартып алып, енді не істейді екен деп ойладық. Олардың бұған мұрты да қисайған жоқ. Бұл жерде мәселе басқада жатыр, жолдастар. Біздің олардың жерін тартып алғанымыз жақсы, бірақ олар одан өзіндік шығар жол тауып алды. Сондықтан, жолдастар біз байға барып, олардың барлық дүние-мүмкін тартып алуымыз керек», – деп көсемсіген еді. Артынша-ақ, Қазақ орталық атқару комитеті мен ҚАКСР Халық комиссарлары кеңесінің 1928 жылы 27 тамыздағы «Бай шаруашылықтарды тәркілеу туралы» және 1928 жылы 13 қыркүйекте «Аса ірі және жартылай феодал байларды тәркілеу мен жер аударуға қарсы әрекет жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы» атты шулы қаулысы шықты. Қаулыға сәйкес Республика бойынша көшпелі аудандарда 400-ден аса малы бар (ірі қараға шаққанда) 700 шаруашылықты, жартылай көшпелі аудандарда – 300 және отырықшы аудандарда 150 шаруашылықты тәркіге салу белгіленді. Науқанның қорытындысы туралы құжаттарға сүйенсек, іс жүзінде 696 шаруашылық тәркіге салынып, олардан ірі қараға шаққанда 145 мыңдай мал тартып алынды. Халқымыздың дәстүрлі қоғамына соққы болып тиген қаулы негізінде Ыбырай Ақбайұлы 1928 жылы қазан айында тұтқындалып, РКФСР қылмыстық кодексінің 58-статьясының 7, 10, 13 және 173 тармақтары бойынша айыпталды. Осы айыптау негізінде 1929 жылы қаңтар айында ОГПУ «үштігінің» ерекше шешімі бойынша бар дүние-мүлкі тәркіленіп, Ресейдің Троицк қаласына жер аударылады. 1928 жылы қазан айының 28-і күні Ыбырай Ақбайұлына шығарылған айыптау қорытындысында «320 бас малы, екі үй, 3 жұмысшысы бар» деп көрсетілген. Ыбырай Ақбайұлының ұлы Абдулхамид Ыбырайұлы тергеуде берген әкесінің дүние-мүлкі жөніндегі жауабында: «1928 жылы әкеміздің бүкіл шаруашылығы тәркіленіп, өзі Қазақстаннан тыс Ресейдің Троицк қаласына жер аударылды. Революцияға дейін әкемнің 100-ге жуық (малдың әр түрі) ешкі, қой, жылқы, түйе, сиыры болды. Қыстауда үйіміз бар еді. Революциядан кейін де осы шамалас болды», – деп көрсетеді. Яғни, аса бай деп есептелген Ыбырай Ақбайұлының өзінде Голощекин көпіртіп айтып отырғандай 10 мың бас түгіл, 500-ге де жетпейтін мал басы болған. Сол кезеңдегі бүкіл қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық тұрмысының көрсеткіші алдыңғы қатарлы қазақ байларының дәулетімен есептеп қарайтын болсақ, онда халқымыздың жартысына жуығын аштыққа ұрындырған ұжымдастыру науқаны қарсаңындағы еліміздің әулетін, қолда бар байлығының көлемін байыптап шамалауға болады.

НКВД-НЫҢ ТЕРГЕУШІЛЕРІ ЫБЫРАЙ АҚБАЙҰЛЫН ҚАЛАЙ ТЕРГЕДІ?

Ыбырай Ақбайұлы 1932 жылы жаза мерзімі аяқталғаннан кейін елге оралып, жанұясымен бірге Алматы қаласында тұрады. Елімізде 1937-1938 жылдары «Үлкен террор» басталғанда халқымыздың бүкіл бетке ұстар зиялылары, мемлекеттегі жауапты лауазым иелерімен бірге кешегі бай болған тұлғалар, «яғни, кеңес өкіметін сүймейтін жат элементтер» жанұяларымен бірге саяси тұрғыдан айыпталып, жаппай қуғын-сүргінге ұшырады. Бұл қасірет бүкіл Ыбырай Ақбайұлының жанұясын, туған-туысқандарын қамтыған еді. Ыбырай Ақбайұлын Қазақстандық ОГПУ-дың Қазақстан аумағынан қашып кетті деп, тікелей жедел хат жіберуіне байланысты 1937 жылы 20 тамызда Қырғыз Республикасының ОГПУ өкілдері, Қырғыз Республикасының Қошқар ауылында тұтқындап, қыркүйек айының 14-і күні этаппен Қазақстандық ОГПУ-дың қарамағына жібереді. Шын мәнісінде, Ыбырай Ақбайұлы біреуден қашып емес, сонда тұрып жатқан күйеу баласы Шынғысов Әлімханның үйіне қонақтай барған жерінен тұтқындалған еді.

Ыбырай Ақбайұлынан алғашқы тергеу жауабы 1937 жылы 25 қыркүйек күні алынған. 1937 жылы 14 қазан күні НКВД-ның тергеушілері Ыбырай Ақбайұлынан екінші тергеу жауабын алады. «Бұл тергеу жауабы қай арнада өрбіді, тергеу барысында Ыбырай Ақбайұлы өзін қалай ұстады, қалай жауап берді?» деген мәселелер маңызды болғандықтан, тергеу жауабына назар салып көрейік!

«Сұрақ: Біздегі бар құжаттар бойынша, сіз байлармен бірге жиналып алып, антисоветтік мәселелерді талқыладыңыздар, атап айтқанда, 1937 жылдың сәуір айында азамат Салиқовтың үйінде, дүниеге келген егіз сәбиге берілген жәрдем ақыға байланысты «жәрдем ақы беру арқылы Совет үкіметі бұнысымен халықты алдап отыр» депсіз, осыған байланысты жауап беріңіз.

Жауап: Иә, 1937 жылы сәуір айында бай Спанов Әмремен бірге өзімнің туысым Салимның үйінде болдым. Онда дүниеге келген егіз сәбиге совет үкіметі 500 рубль беріпті деген жөнінде әңгіме болды, бірақ, мен осымен совет үкіметі халықты алдап отыр деп айтқаным жоқ, сондай-ақ, бұндай әңгімені сонда болған ешкімнің аузынан естігенім жоқ.

Сұрақ: Біздегі мәлімет бойынша 1937 жылы 20 мамыр күні сіздің пәтеріңізде болған азамат Қажығалиев Көккөзге ол Шұбартау ауданынан қайтып оралар кезде бұрынғы бай Смағұлов Ахметжанмен хабарласып, айдауда жүрген бұрынғы бай Сатанов Шаншарбайға ақша жіберуді айтуды тапсырыпсыз. Бұл жөнінде не айтасыз?

Жауап: Иә, 1937 жылы қаңтар айында менің үйімде Қажығалиев Көккөз болды, сіздің сұрағыңызда аты-жөндері келтірілген байларды мен жақсы танимын, олар біздің Қарқаралы округінен, соңғы екеуі айдауда, бұнда келе алмай жатыр. Бірақ, Қажығалиевке оларға ақша салып жіберуді тапсырғаным есімде жоқ.

Сұрақ: 1937 жылы 20 қаңтар күні өзіңіздің үйіңізде, сіз, Қажығалиев Көккөзге Шұбартау ауданындағы Смағұлов Ахметпен хабарласып, оған Тойсарин Бейсембай мен Сатанов Шаншарбай қазақ халқын азат ету ісіне кірісті деп айтуды тапсырыпсыз. Осы жөнінде жауап беріңіз?

Жауап: Жоқ, мен бұл жөнінде ешкімге ешқашан ештеңе айтқан емеспін». Тергеу сұрақтарынан НКВД тергеушісінің кеңес өкіметіне наразы бұрынғы байлардың қандай да бір ұйымын әшкерелемек болған жанталасуы байқалады. Сол күні өткен, тергеудің екінші жартысында сұрақ барысы одан әрі кеңейтіліп, енді Ыбырай Ақбайұлының Алашорда қайраткерлерімен байланысы жөніндегі мәселелер қозғалады. Ыбырай Ақбайұлы Алаш қайраткерлерімен ешқандай да байланысы жоқ екенін және олардан ешқандай да тапсырма алмағаны жөнінде нақты жауап берген. Тергеушінің: «Алматы қаласында қандай байлармен байланыс жасап тұрасыз» деген сұрағына: «Менің ұлым Ақбаев Абдулхамит 1930 жылы контрреволюциялық әрекеттері үшін деген айыппен Воронеж қаласына 5 жылға жер аударылды және жазасын өтегеннен кейін сонда тұрып жатыр. 1936 жылы мен оған барып қайттым, сонда айдауда жүрген Досмұхамедов Халилмен көрістім, қайтар жолда күйеу балам Нұрмақов Нығметтің үйіне кіріп шықтым», – деп жауап береді.

Осыған дейінгі тергеу барысында тергеуші неше түрлі жалған және арандату сұрақтарын қойып түк те шығара алмағаннан кейін, қосымша алынған тергеу барысында енді нақты дәлелі жоқ болса да тікелей айыптауға көшкен.

«Сұрақ: Сіз антисоветтік ұлтшыл ұйымға қатыстылығыңыз үшін айыпталасыз. Контрреволюциялық жұмыстарды жүргізу үшін төңірегіңізге байшыл-ұлтшыл элементтерді жинадыңыз. Және байшылдармен байланысу үшін КСРО-ның әр аймақтарына барып тұрдыңыз. Осыған өзіңізді кінәлімін деп есептейсіз бе?

Жауап: Антисоветтік ұлтшыл ұйымда болған емеспін және бұған өзімді кінәлімін деп мойындамаймын, байлармен және Алашордашылармен контрреволюциялық мақсатта емес, өзімнің жеке мақсатымда байланыста болдым».

Тергеу жауаптарынан көріп отырғанымыздай, Ыбырай Ақбайұлы өзінің қандай да бір антисоветтік ұлтшыл ұйымға қатыстылығын және антисоветтік іс-әрекеттер жүргізгенін жоққа шығарады. Және баса назар аудара кететін тағы бір мәселе, НКВД жендеттері жалған саяси айыптауларды Ыбырай Ақбайұлына мойындата алмаған. Солай десек те, Ыбырай Ақбайұлына қатысты 1937 жылы 15 қазан күні шығарылған айыптау қорытындысында: «1928 жылы жартылай феодал ретінде тәркіленіп, үш жыл мерзімге жер аударылған, жазасын өтегеннен кейін Алматы қаласына келіп, ол жақтан контрреволюциялық әрекеті үшін Воронеж қаласына жер аударылған баласы Ақбаев Абдулхамитке және Москва қаласындағы күйеу баласы, антисоветтік қазақ ұлтшыл ұйымының басшысы, қазіргі уақытта тұтқындалған Нығмет Нұрмақовқа жиі барып тұрды, Қырғызстандағы және Семей облысындағы қашқын байлармен байланыста болды. Тергеу материалдары бойынша Ақбаев Ыбырай антисоветтік ұлтшыл ұйымның мүшесі ретінде контрреволюциялық жұмыстарды жүргізді. Айыпталушы ретінде тергелген Ақбаев Ыбырай өзінің төңірегіне байшыл-ұлтшыл элементтерді топтастырғанын мойындады, ал бірақ қандай да бір антисоветтік қазақ ұлтшыл ұйымына қатыстылығын және антисоветтік сөздер айтқаны жөнінде өзін кінәлімін деп мойындаған жоқ», – деген айыптау тағылып, Ыбырай Ақбайұлының ісін қарау Алматы облыстық УНКВД «үштігінің» қарауына жіберіледі. Алматы облыстық УНКВД «үштігінің» 1937 жылы 15 қазанда шығарылған қаулысы бойынша Ыбырай Ақбайұлы ату жазасына кесіліп, тағайындалған жаза 1937 жылы 9 қарашада орындалады.

Осылайша, қызыл империяның зұламат саясатының салдарынан ХХ ғасырдың бас кезеңіндегі еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орны бар ірі тұлға, бай-ауқатты әулет өкілдерінің бірі және халқымыздың ұлт-азаттық қозғалысын материалдық тұрғыдан дем беріп қолдаушы, қазақ халқының атадан-балаға мирас болып келе жатқан өзіндік аймақтық басқару жүйесінің соңғы өкілі болған Ыбырай Ақбайұлы өмірден өтті.

1937 ЖЫЛЫ 15 ҚАЗАНДА АТУ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛГЕН…

Ыбырай Ақбайұлының ісіне байланысты тұтқындалған, жалған саяси айыппен айыпталғандардың барлығы да, кеңестік сұрқия жүйе ауыр жазаға кесті. Мәселен, Орынтаев Мырзан контрреволюциялық ұлтшыл әрекеттері үшін деген жалған жаламен айыпталып, Алматы облыстық УНКВД-ның шешімімен 1937 жылы 4 қыркүйекте ату жазасына кесілді. Сондай-ақ, Тойсарын Бейсембай Алматы облыстық УНКВД үштігінің шешімімен 1937 жылы 17 қазанда ату жазасына кесіліп, ату жазасы 1937 жылы 10 қарашада орындалады. Байшыл, ұлтшыл деп айыпталған келесі тұлға Спанов Әмре де Алматы облыстық УНКВД үштігінің шешімімен 1937 жылы 15 қазанда ату жазасына кесіліп, үкім 9 қарашада орындалған. Ал, Ноғаев Абжанға Алматы облыстық УНКВД үштігі 1937 жылы 10 қарашада 10 жыл мерзімге түрмеде жазасын өтеуге шешім шығарады. Ол 1940 жылы 24 ақпанда түрмеде аурудан қайтыс болады.

Ыбырай Ақбайұлының жанұясына тоқтала келетін болсақ, Ыбырай Ақбайұлы тұтқындалғаннан кейін толтырылған алғашқы тергеу хаттамасында: «Әйелі Мария 60 жаста, ұлы Ибраев Абдулхамит 35 жаста, филармонияда домбырашы болып істейді, ұлы Жандикин (ол да Ибраев) Қазкен 33 жаста, мал шаруашылығы институтында жұмыс істейді. Қызы Камилия Ибраева 17 жаста Ташкент қаласындағы дәрігерлік институтта оқиды», – деп көрсетіпті. Мұнда Ыбырай Ақбайұлының қызы Зұпнұн Ыбырайқызы және ұлы Абдулахмет жөнінде мәліметтер берілмеген. Ыбырай Ақбайұлының өз басына тағылған жалған саяси айыптаулар мен қуғындаулар оның жанұясына да ауыр соққы болып тиді. Кеңестік қуғын-сүргіннің ең азапты зардабын тартқан әулеттердің бірі Ақбаевтар әулеті десек, қателеспесбіз.

Жиырмасыншы жылдардың аяқ кезінде-ақ, елімізде қарқын алған Голощекиндік қуғын-сүргінге ең алдымен «Алаш» қайраткерлері ілікті. Оларға Кеңес өкіметіне қарсы белсенді күрес жүргізді, Қазақстанның көптеген қалаларындағы жасырын контрреволюциялық ұйымдарды құрды, қазақ ауылын социалистік жолмен қайта құруда жаулық мақсатпен оның саясатын теріс бұрмалады, Қазақстанның көптеген аудандарындағы бандылардың әрекетіне басшылық жасады және тағы да басқа айыптар тағылды. Осы жалған айыптаулар негізінде Қазақстандық ОГПУ үштігінің шешімімен 1932 жылы 20 сәуірде Алаш қайраткерлері Халел Досмұхамедов, Жақып Ақбаевтармен бірге Ыбырай Ақбайұлының үлкен ұлы Ақбаев Абдулхамит сотталады. Ол РКФСР қылмыстық кодексінің 58-статьясының 3, 11 тармақтары бойынша айыпталып, бес жыл мерзімге Воронеж қаласына жер аударылады. Жазасын өтеп болғаннан кейін, елге қайтпай сонда тұрып жатқан кезінде 1938 жылы 5 ақпанда Воронеж облысы НКВД басқармасы тарапынан тұтқындалып, РКФСР қылмыстық кодексінің 58-статьясының 10, 11 тармақтары бойынша айып тағылып, Воронеж облыстық үштігінің ерекше шешімі бойынша 1938 жылы 11 қазанда ату жазасына кесіледі. Ыбырай Ақбайұлының үлкен қызы Зұпнұн Нұрмақова қоғам және мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақовтың, яғни «халық жауының» әйелі болғаны үшін сотталып, сегіз жыл «Алжирдің» азапты лагерінде жазасын өтеді.

Ыбырай Ақбайұлы тұтқындалғаннан кейін, оның жалған жаланың құрбаны болып отырғанын алғаш көтеріп, дабыл қаққан асыл жары Мариям апамыз еді. Мариям апамыз 1939 жылы мамыр айында КСРО-ның бас прокуроры Вышинскидің атына жазған хатында күйеуінің қамалып кеткеніне бір жыл, тоғыз ай болғанын, содан бері уақытта одан еш хабар жоқ екенін, не өлі, не тірі екенін білмейтінін, оған тағылған айып бойынша 1928 жылы сотталып, жазасын өтегенін, жасы жетпістегі ауру қартты, қандай да бір қылмысқа қатысы бар деп айыптау ақылға сыйымсыз екенін айтумен қатар: «Бұл қателік және ешқандай да шындыққа сәйкес келмейді. Қазақ Республикасы ішкі істер наркоматындағы кейбір қызметкерлердің адам өміріне немқұрайлы қарауының салдарынан, күйеуім бір жыл, тоғыз айдан бері еш кінәсіз зардап шегіп отыр», – дей отырып, күйеуінің ісін тезірек шешіп беруді және оның осы уақытқа дейін тірі ме екендігін біліп беруді сұрайды. Мариям апамыздың Сталиндік қуғын-сүргіннің жүріп жатқан кезінде қаймықпай бас прокурордың атына хат жазуы үлкен ерлік болатын. Бірақ, апамыз бұл кезде өзінің өмірлік жарының әлдеқашан атылып кеткенін қайдан білсін. Әкесінің ардақты есімін ақтап алуды ұлы Ибраев Абдулахмет жалғастырды. Ол өзінің республика әскери прокурорының атына, Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасының атына және тағы да басқа республикалық жауапты органдардың атына табанды түрде қайта-қайта жазған талап арыздарында әкесінің ісін қайта қарауды, қайда жерленгенін және қашан қайтыс болғанын анықтап беруді сұраған болатын. Абдулахмет Ыбырайұлының талап арызы бойынша Ыбырай Ақбайұлының ісін қайта қараған Алматы облыстық сотының алқасы 1956 жылы 30 маусымдағы Ыбырай Ақбайұлына қатысты Алматы облыстық УНКВД үштігінің 1937 жылы 15 қазанда шығарған қаулысының күші жойылсын және істегі қылмыстың дәлелденбеуіне байланысты қысқартылсын деген қаулы шығарады. Осылайша, араға жылдар салып барып, ардақты тұлғаның ардақты есімі жалған жаладан ақталған еді. Дегенмен де, кешегі НКВД-ның ізбасары, кейінгі мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Ыбырай Ақбайұлының қашан және қандай жағдайда қайтыс болғандығы жөніндегі мәселені анықтауда заңды белшесінен баса отырып, оның ұлы Абдулахметке әкесі жөнінде 1938 жылы 10 жылға сотталды және жазасын өтеу кезінде 1944 жылы 8 қыркүйекте өкпенің қабынуынан қайтыс болды деген жалған құжат береді. Ал, шын мәнісінде Ыбырай Ақбайұлы 1937 жылы 9 қараша күні атылған болатын. Кеңестік жаналғыш жазалаушы орган өздерінің қанды қылмыстарын жасыру мақсатында артынан іздеу салған арыстардың ұрпақтарына осындай қолдан құрастырылған жалған құжаттар дайындап беріп отырған.

Елімізде өткен ғасырдың 20-50 жылдары аралығында орнаған Сталиндік тоталитарлық қоғамның халқымызға тигізген зардабы өте ауыр болды. Халқымыздың бүкіл бетке ұстар зиялы қауымы мен ұлтжанды тұлғаларын жалмаған бұл қоғам халқымызды орны толмас қайғы-қасіретке ұшыратты. Жазықсыз атылған, қуғындалған тұлғалардың артында қалған ұрпақтарының өміріне де үлкен залалын тигізді. Сонымен қатар, кеңестік идеология қазақ қоғамындағы байлар жөнінде теріс ұғым қалыптастырды. Оларды халықты қанаушы жексұрын етіп көрсетті. Байлар дегенде, халықтың көз алдына қарны қампиған, өзінен басқа ешкімді ойламайтын «шық бермес, шығай байлар» елестеді. Бұл, әрине, байларды теріс мағынада көрсету жөніндегі коммунистік үгіт-насихаттың «жемісі» болатын. Байлардың бәрі халықтың қамын жеген жанашыр болды демесек те, олардың арасында Ыбырай Ақбайұлы сынды озық ойлы, халықтың жанашырлары болғаны тарихи ақиқат.

Міне, сондықтан да халқымыздың рухани-мәдени өмірінде және саяси тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың халқымыз бен еліміздің алдында сіңірген еңбегін ашып көрсету, оларды жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету қашанда назардан тыс қалмау керек!

Досалы САЛҚЫНБЕК,
Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің профессоры,
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here