Ел тізгінін ұстауға лайық қайраткер

0
5641

«Қазақ» газеті – ұлт тарихының ақтаңдақ беттерінің бірі. Өткен ғасырдың басында Алаш алыптары негізін қалаған басылымда ел болу мәселесі мен халық мүддесі көтеріліп, қазақ қоғамын толғандырған ұлт келешегі мен еркіндігі, білім-ғылым, мәдениет туралы мазмұны терең мақалалар жарияланып отырды. Идеясы отаршыл империяның еркіне сай келмейтін «Қазақ» газеті түбінде жабылып, жұмысын тоқтатқанымен, көрнекті жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің ұйытқы болуымен Тәуелсіздікпен бірге түлеп, оқырмандарымен ұзақ жылдардан соң қайта табысты. Басылым өткен тарих пен бүгіннің арасын жалғаған алтын көпірге айналды.

[Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2018 жылы «Қазақ» газетін 105 жылдығымен құттықтау хатынан]

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 19 наурызында Республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына Үндеу жариялап, Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату жөнінде шешім қабылдады. Келесі күні ҚР Конституциясының 48-бабының 1-тармағы бойынша ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенті болды. Осылайша, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың есімі Тәуелсіз Қазақстанның екінші Президенті ретінде ел тарихында алтын әріптермен жазылды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті төменде Мемлекет басшысының өмірбаянына, тұлға болып қалыптасу кезеңіне, дипломатиядағы алғашқы қадамына және елдің тәуелсіздік алған жылдардағы қызметіне тоқталады.

ТЕКТІ ӘУЛЕТТІҢ ТЕКТІ ҰЛЫ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың студент кезі. 1970 жыл.

Қазақ сөз баққан және сөзге тоқтаған халық. Өйткені, бабалардан жеткен даналық сөздердің мағыналық төркініне үңілсеңіз, олардың әрбір сөзі – философиялық мәнге ие. Атап айтсақ, адамның қасиеті мен тегі туралы «Тектіден текті туар, тектілік тұқым қуар, тектілігі тектінің биіктен көрініп тұрар» деген қанатты тіркестердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, тағылымдық мектепке айналғаны ешкімге жасырын емес. «Артында баласы қалса – көзі қалды де, сөзі қалса – өзі қалды де» дегенді де қазақ айтқан. Бұл сөзімізге Тоқаевтар әулеті дәлел. Бүгінде ел тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі қазақ әдебиетінде өзіндік сара жолы бар қаламгер, Ұлы Отан соғысының ардагері – Кемел Тоқаев.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен «Qazaq» газетінің құрылтайшысы, қоғам қайраткері, меценат Махмұт Нәлібаев

Кезінде небір білікті мұғалімдерімен белгілі болған Алматының № 25 мектебінде білім алған Қасым-Жомарт Кемелұлының мықты журналист болатынына ұстаздары кәміл сенетін. Алайда, жоғары сыныпқа көшкенде бала Қасым-Жомарт басылымдардағы халықаралық айдарымен берілетін тақырыптарға ерекше зейінін аударып, сондағы мақалаларға өзіндік сараптамалар жасай жүріп, оқушы талабына нұр жауып, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына оқуға түседі.
Өмірінің бұл кезеңін Мемлекет басшысы өзінің «Беласу» кітабында былай жазыпты: «Жоғары сыныптарда өзімнің газет оқуға құмарлығым қалай пайда болғанын аңғармай да қалыппын. «Известия», «Правда» газеттеріндегі халықаралық айдарымен берілетін тақырыптар ерекше қызықтыратын. Әсіресе, алғаш рет Англия коммунистерінің «Morning Star» газетіндегі шағын хабарлама-мақаланы оқығанда құмарымнан шыққандай күй кешкенім бар. Алайда, бұған ағылшынша-орысша сөздікті қопарыстырумен екі күн уақытым кетті. Менің осы талпынысымды байқап қалған шет тілдер институтында істейтін шешем ағылшын тілінің оқытушысы Александр Сергеевич Рогачқа баласына көмектесуіне өтініш айтыпты. Менің ағылшынша оқуымды жүйесіз деп бағалаған бұрынғы американдық грамматика туралы түсінігімді дереу тиісті қалыпқа келтіруге кірісті. Сөздік қорым толығып, еркін ауызша сөйлеуге дағдылана бастадым. Сөйтіп, мектепті бітірер тұста ағылшын тілінен өзімді айтарлықтай сенімді сезінетін күйге жеттім. Мұның өзі менің халықаралық саясат саласын таңдауыма елеулі ықпал етті. «Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына түсуге талпынсам» деген іштей бір ынта да пайда бола бастады. Бірақ, ол тұста бұл қол жетпес арман болып көрінетін. Осындай бір екіұшты қысылшаң сәтте әкем демеу беріп, «Қабылдау емтихандары туралы түсініктеме жіберулерін сұрап институтқа хат жаз» деп ақыл қосты. Ол хатты үнемі стилистикалық жағынан жетілдіре отырып, таңертеңнен кешке дейін жазғаным есімде. Аталған бірінші хатым шынында да менің тағдырымды шешкен хат болды. Екі аптадан соң пошта жәшігінен қабылдау комиссиясының атқарушы хатшысы қол қойған хат алғанда қалай қуанғанымды көрсеңіз! Емтихандары маусым айының бас кезінде басталады екен. Шешім қабылданды, тәуекел деп жолға шығу керек. Алыс жолға шығарып салуға дәстүрлі дастархан жайылып, көптеген жақын-жуықтар шақырылып, ақ жол тілеп шығарып та салды. Әке-шешей қазақи тұрғыдан аса ырымшыл кісілер болғандықтан «Үлкеннің батасын алмай жол жүруге болмайды» деп есептеген. «Оқуға түсе қояды» деген үміт те шамалы, қаражат та аз болғандықтан отбасылық кеңесуде мені Мәскеуге ата-анаға жетектетпей-ақ жалғыз жіберу ұйғарылды. Сөйтіп, мен тұңғыш рет бас астанаға жол тарттым. 1970 жылдың 12 маусым күні мені мандат комиссиясына шақырды. Ректорды алғаш рет осында көрдім. Ол маған Жаратушының өзі жіберген адамдай әсер етті. Шет елдерде екі мәрте КСРО елшісі болған кәсіпқой дипломат кеше ғана мектеп бітірген менімен еркін отырып сөйлесті. Комиссияның мені институтқа қабылдайтыны жөніндегі шешімін естігенде аяғымнан жан кеткендей боп, сыртқа шыға салысымен орындықта бірер минут ес жиған соң почтамтқа жетіп, үйге жеделхат жөнелттім. Ата-анам бұл хабарға қатты қуанып, кішігірім той жасаса керек. Қыркүйек айының басында менің қытай тілін үйренетін топқа бөлінгенім туралы хабарлады. Бұл мені қатты қайран қалдырды. Әкемнің сонда «Қытай тілінде планетамыздың ширек халқы сөйлейді, енді оған тағы бір адам қосылғалы отыр» дегені есімде. Екінші тіл ретінде ағылшын тілін белгіледі. Сөйтіп, студенттік өмір басталды да кетті…».
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге аттанған кезеңін Кемел Тоқаевпен қызметтес болып, текті әулетпен жақын араласқан газетіміздің 2006-2014 жылдардағы Бас редакторы Қоғабай Сәрсекеев те өз естелігінде: «Өмірде қарапайым, маңайы жайлы Кемел ағаның алды ашық болатын. Кішкентайынан балалар үйінде өскен ол өте бауырмал жан еді. Орынсыз мақтан, бостан босқа кісімсу дегенді білмейтін-ді. Өтірікпен жаны қас-тын. Жеңгеміз Тұрар да өзіне сай, кісіні алалау дегенді білмейді. Ағаның үйі ақжайлау, талай сайранды, дәуренді күндер мен түндер өтті ғой. Қасым-Жомарт, Бақтыбек, Қарлығаш, Ләйлә сияқты балалары алдымызда өсті. Ұлы мектеп бітіріп, Мәскеуге оқуға жиналғанда Кемкең өзінің жақсы көретін досы Мүсілім Базарбаевты телефонмен шақырып тұрып: «Мүсеке, Жомарт (Қасым-Жомартты еркелете солай дейтін) бүгін Мәскеуге жүргелі тұр, соның тоқымқағарын жасайық, жігіттер жиналып қалды, Тұраш дастархан жайып жүр, тез жет, «сендердің жолдарыңды берсін» деп, өзіңнің «Волгаңмен» аэропортқа барсақ, шопырдың институт директоры, ғылым докторы болғаны жаман ба?!» – дегені бар. Көп кешікпей Мүсекең де жетті. Сол жолы әдемі бір отырыс болды. Жақсы тілектер молынан айтылды. «Ақ жолға – ақ бата» дейтіндей жарасымды бір кештің өткені әлі есімде. Үйден шыға бергенімізде жауын құйсын-ай келіп… Бірақ, күн тез ашылды. Нұр жауып өтті. Мұны біз жақсылыққа жорыдық. Аэропортқа келсек, академик Салық Зиманов ағамыз кездесе кетсін. Кемкең қатты қуанды. «Баламның жолы болады екен. Сәке, мына Жомартымды Өзіңізге тапсырдым, Сіздей зиялы, ғұлама ғалымның ұшырасуы бір ғанибет, тәу жолға алғаш шығып тұр еді. Сізбен бір кемеде сапарлас болатын болды, енді беті қабыл!» – деді. Салық ағамыз да екі сөзге келген жоқ. «Талапты жасты алыс жолға бастау да бір абырой, қалауыңыз болсын, ұшақтан түскен соң жол көрсетіп жіберу қиын шаруа емес қой. Айтпақшы, бұл бала қай оқу орнына бағыт алып барады?» – деді жүзінен нұры төгіліп тұрған ғалым. Оқу орнының атын естігеннен кейін Қасым-Жомарттың тіл жағына қалай екенін және сұрады. «Шүкіршілік деуге болады! Ағылшынша судай! Біз баламызға сенеміз!» – деді Мүсілім Базарбаев сенімді түрде әке орнына жауап беріп. «Онда жарады! Бұл баланың бағыт алып бара жатқан оқуы – болашақтың оқуы екен, беті қабыл, талабына нұр жаусын!» – деді Сәкең жайдары қалпымен жымиып. «Әумин, айтқаныңыз келсін, аузыңыз дуалы еді!» – деген Кемкең Салық ағаға ризашылығын білдірді. Ұзамай ұшақ көкке көтерілді. Содан бері де көп жыл өтті. Қазір Кемел ағамыз да, Тұрар жеңгей де дүниеден өтті. Көңілдегі бар демеу – орнында бар оңалды. Бір кездегі кішкентай Қасым-Жомарт үлкен жігіт болды, алыс жерде оқуын бітірді. Біраз жылдар сырт жерде жұмыс істеп, түбі елге оралды. Бүгінде айтулы азамат! «Әке, шеше абыройы» деген осы! Әйтеуір, ата-анаға сөз келтірмей, тіл тигізбей өтудің өзі көргенділікті танытса керек, ұрпақтың таза болғанына ештеңе жетпейді. Кім-кімнің де армандайтын бұл басты арманы!» – деп жазыпты.
Тіпті, осы тұста Шерхан Мұртазаның мынадай сұңғыла сөзін келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз: «Біздің ауылда бір ақсақал биесі құлындаған соң бір айға дейін әлгі биені байламай, қымыз аңсағандардың «бол-болына» қарамай, құлынымен бірге өріске жібереді. «Оның не?» десең, «Құлынға обал, уызына жарымаған құлын жаман-жәутік, жабы болып қалады» дейді».
Уызына жарыған! Міне, ұлтымызға керегі де осы сөз емес пе?! Уызына жарыған перзенттің өз ұлтына адал қызмет етері анық. Осы мақаламызға арқау болып отырған саяси тұлғаның да ең негізгі ерекшелігі – уызына жарып, ұлтының қамын ойлайтындығы. Неге десеңіз, оның атқарған еңбектерінен тек шынайылықты, адалдықты, тазалықты байқаймыз.
Иә, әкенің қанымен, ананың сүтімен келетін тектіліктің жөні басқа ғой. Жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдарында қабырғасы қатып, буыны бекіген, өз замандастарына тән халықшылдық, мемлекетшілдік сипатта тәрбиеленген Қасым-Жомарт Тоқаев әкесі Кемел мен анасы Тұрардың үкілеген үмітін ақтады. Елінің елеулі, халқының қалаулы ұлы болды.

ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ДИПЛОМАТ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық өсу жолы 1974 жылы Қытай Халық Республикасында басталды. ҚХР-дағы КСРО Елшілігінде тағылымдамасы аяқталып, институтта диплом қорғағаннан кейін Сингапур Республикасындағы КСРО Елшілігіне қызметке жіберіліп, онда төрт жыл абыройлы қызмет етті. Одан әрі КСРО СІМ-нің Орталық аппаратында кеңестік тағылымдамадан өтушілер тобына жетекшілік жасады. 1985-1991 жылдар аралығында ҚХР-дағы КСРО Елшілігінде қызметте болды.
«1991 жылғы 16 желтоқсанда республиканың Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заңды қабылдады. Дереу халықаралық қоғамдастықтың бұл акцияға әсері туралы мәселе пайда болды. Жаңа мемлекет дипломатиялық тануға зәру, онсыз шынайы тәуелсіздік жайында сөз ету мүмкін де емес. Ол тұста мен Мәскеуде едім. Бұл маған ауыр да болды. Ауыр болды дейтінім, алғашқы күннен бастап барлық 18 жыл бойғы еңбек жолым Смоленск алаңындағы осы СІМ қабырғасында өтті. «Бұл үйге енді ресми жағдайларда ғана келемін-ау» дегенге бой үйретуім қиын болды. Бірақ, халқымыз аңсаған арманға толы жаңа дәуір келді. Аянбай еңбек етіп, бар күш-жігерімді туған елім – Қазақстан игілігіне аямай жұмсар сәт те туды. Сондықтан, байырғы таныстарыммен қоштасуға көндігіп, қажетті құжаттарымды ресімдей бастадым. Қайда кірмесем де: «Егемендік парадынан ештеңе шықпайды. Бәрі де Ресейден республикалардың халықаралық аренадағы мүдделерін білдіруді сұрайтын болады, өйткені бізде дайын инфрақұрылым, дайын кадрлар бар ғой», – деп мені үгіттеуге тырысты. Отаныма қайтып оралмау үшін, менің бұрынғы басшыларымның пікірінше, олардың мені Ресейдің бас консулы етіп Хайфонға (Вьетнам) жіберу жөніндегі ұсынысы мықты уәж болуға тиіс еді. Бірақ, мен үзілді-кесілді шешім қабылдап, бұл ұсыныстан бас тарттым. Осы машақатпен жүргенімде маған Қазақстанның Мәскеудегі жаңа тұрақты өкілі Қанат Саудабаев телефон шалды. Ол Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп жариялау туралы Республика Парламентінің мәлімдемесіне дипломатиялық корпустың әсерін байқау жөнінде Президенттен тапсырма алғанын хабарлап, өзі үшін бұл жаңа істе көмек көрсетуімді сұрады. Шет елдердің елшіліктеріне ноталар жіберіп, біз келесі күні дипломатиялық миссиялардың басшыларына барып шықтық. Сол кездегі жағдай бойынша бұл сапарымыз біз үшін қаншалықты көңіл толқытарлық оқиға болғанын айтып жату артық болар, өйткені әңгіме Қазақстанды халықаралық мойындату туралы еді», – деп өткен күннен естелік жазыпты Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол бір тәуелсіздік алар тұстағы тұманы мен күмәні қалың кезеңде де елінің қамын жеген тұлғаның бірі, дәлірек айтқанда, кеңестік дәуірдегі сирек бітімді қайраткер басшылардың бірегейі Қасым-Жомарт Тоқаевқа үміт артып, сыртқы саясаттағы жауапты жұмыстарды сеніп тапсырды. Ол әдеттегі сабырлы қалыбынан жаңылмай, аспай-саспай жүріп, пешенесіне бұйырған қызметте биіктен көріне білді. Елбасының да, халықтың да сенімін ақтады. Қазақстанның қазіргі сыртқы саясатының негізін қалады. Халықаралық аренада Тәуелсіздік алған жас мемлекеттің мүддесін қорғады.
Дегенмен, бұл қазір айтуға ғана жеңіл, әйтпесе сол жылдары әлемдік қауымдастық алдында күні кеше тәуелсіз болған жас елдің мүддесін қорғау оңай болған жоқ. Бұған Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына естелігі дәлел бола алады: «КСРО құлағаннан кейін Қазақстан қиын таңдау алдында тұрды. Өз мүдделеріңді барынша жақсы қорғап қалу үшін қандай сыртқы саясатты жүргізу керек? Бұл міндетті жас мемлекеттің өзіне тән геосаяси орналасуы және сонау отарлық заманнан бері мұра боп қалған күрделі демографиялық жағдайы қиындата түсті. Тіпті, М.Горбачевтың өзі дербес мемлекет ретіндегі Қазақстанның болашағына сенімсіздікпен қарағаны мәлім. Ол: «Негізгі ұлты азшылықта болып отырған республиканың ішкі тұрақтылық үшін қалыпты жағдай жасауды қамтамасыз етуге қабілеті жоқ, ол мүдделі державалардың араласуына мәжбүр болады» деп есептеді. Мұндай көңілсіз болжаулар өз дәлелін табуға тиіс сияқты еді. Ал, Батыста Қазақстанға халықаралық қатынастардың әлеуетті субъектісі және Орталық Азия аймағы бойынша серіктес ретінде қарайтыны айқын болды. Қазақстанға деген ықыласты көмірсутегі шикізаты қорларының мол болуы ғана емес, сонымен қатар, біздің аумағымызда пайдалануға жарамды ядролық қарудың болуы да арттыра түсті. Басқаша айтқанда, Қазақстан тәуелсіздік алған кезге қарай іс жүзінде ядролық қаруы бар мемлекет болды. Бұл жағдайларда дүниежүзілік қоғамдастық және ең алдымен «ядролық клубка» мүше-мемлекеттер жаңадан құрылған мемлекеттің алғашқы дипломатиялық акцияларын қызығушылықпен қадағалайтындарын жасырмады. Олар қадағалап қана қойған жоқ, қабылданып жатқан шешімдерге ықпал етуге де тырысып бақты. Бұл бағытта АҚШ барынша белсенділік көрсетті. Мемлекеттік департамент аумағында жаппай қырып-жоятын қаруы бар жаңа тәуелсіз мемлекеттердің есебінен «ядролық клубты» кеңейтуге АҚШ-тың қарсы екендігі жайында ашық мәлімдеме жасады. Осы сияқты қатаң мәлімдеме жасауға заңдық негіз болғанын да айта кету керек. Алматы қаласында 1991 жылғы 21 желтоқсанда қол қойылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы Декларацияда «БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Ресей КСРО-ның құқығын иеленуші болады» деген тармақ бар. Бұдан ядролық қаруды иеленуге қатысты да Ресейдің құқықтық мирасқорлықты қамтамасыз етуі туындайды, өйткені БҰҰ ҚК тұрақты мүшелері – бес мемлекет (АҚШ, Ресей, ҚХР, Ұлыбритания және Франция) 1968 жылы Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойғаннан кейін заң жүзінде құрылған «ядролық клубты» құрайды. Солай бола тұрғанымен, 90-жылдардың басында қалыптасқан әлемдік тәртіпке қауіп төндірмеу үшін қосымша дипломатиялық акциялар қажет болды. Вашингтонда, Мәскеуде және дүниежүзілік державалардың басқа да астаналарында бұрынғы кеңес кеңістігінде бір Ресейдің ғана ядролық мемлекет болғанын заңды түрде растайтын құжат әзірлеу жөніндегі жұмыс басталды. 1992 жылы наурыз айында Мәскеуде бұрынғы кеңес мемлекеттерінің – Қазақстан, Ресей, Украина және Беларусь арасында сыртқы істер министрлері орынбасарларының деңгейінде келіссөздер болды. Бұл – КСРО ыдырағаннан кейін өткен жоғары деңгейдегі алғашқы дипломатиялық кездесу еді. Одақтық СІМ жүйесінде жұмыс істеген кешегі әріптестер тәуелсіз мемлекеттердің өкілдері ретіндегі мүлдем басқа сипатта келіссөздер үстелінің басында кездестік. Аса ірі ядролық держава – Ресей сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шелов-Коведяев сол кезде СІМ-дегі әжептәуір ықпалды адам сияқты болып көрінді, өйткені дипломатиялық міндеттерімен қоса, қызметкерлердің демократия идеалдарына адалдығын тексеретін кадрлар комиссиясын басқарды. Бұл жұмысты ол тәуір атқарған да болар, бірақ қарусыздандыру мәселелерін «дипломат-демократ» барынша нашар түсінді. Бұл келіссөздердің алғашқы минуттарында-ақ байқалып қалды. Бұдан кейін ол төраға ретінде пікірталасқа бақылау жасай алмай қалды. Бұрынғы кеңестік дипломаттардың бірінші кездесуі ешбір нәтижесіз аяқталуы мүмкін болды. Ал, мұның өзі келіссөздерге қатысушы мемлекеттердің бәрін елеулі зардапқа ұшыратар еді. Өйткені, дүниежүзілік қоғамдастық нақты келісімдерге қол жеткізуге зор үміт артып отырған болатын. Істің жайы нөлдік нәтижеге жеткізетінін көріп, мен үзіліс жариялауға, сөйтіп Меморандумның негізгі ережелері бойынша байыппен келісіп алуы жөнінде ұсыныс жасадым. Басқаша айтқанда, жауапкершілікті өз мойныма алдым. Келіссөзге қатысушылардың бәрі мұндай пікірмен келісті. Шағындау бөлмеге жиналып, біз қорытынды құжаттың барлық тұжырымдамаларын әжептәуір тез арада әзірледік. Сөйтіп, Меморандумның негізгі тармағы бойынша «Ресей ТМД-дағы «бірден-бір ядролық мемлекет» болып табылады» деп келістік. Кейіннен бұл ереже 1992 жылы мамыр айында қол қойылған Лиссабон хаттамасына негіз болды, ол Қазақстанның, Украина мен Беларусьтің ядролық қаруға ие болуға ықтимал талаптануынан бас тартуын заңдық тұрғыдан растады. Солай Қазақстан ядролық қарусыз мемлекетке айналды. Бұл жақсы ма, жаман ба? Бұл мәселенің төңірегіндегі пікірталастар әлі күнге дейін толастаған жоқ. Біраз адамдар қабылданған шешімге күмән білдіріп қана қоймай, оған қатты сын айтады. «Қазақстан өзін-өзі ерікті түрде қарусыздандырды, демек, жаңа қауіп-қатердің алдындағы өз ұстанымын әлсіретіп алды» деп есептейді. Мен мұндай ой-пікірлерді қисынсыз деп есептеймін. 90-жылдардың басындағы жағдайға қайтып оралайық. Ол кезде ядролық кеудемсоқтық Қазақстанға қымбатқа түсіп, тәуелсіз мемлекет ретіндегі тіршілік ету перспективасынан біржола айырылып қалар еді. Өйткені, біріншіден, ұзақ уақыт бойы түпкілікті егемендікке ұмтылған біздің халқымыз халықаралық оқшаулануға ұшырап қалады. Бұл біздің ұлттық мүдделерімізге қайшы келеді. Екіншіден, Қазақстан «аластатылған» елдер арасына түсіп қалар болса, әрине, халықаралық экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық артықшылықтарының бәрін пайдалана алмайды. Ал, халықаралық қоғамдастықта жаман атаққа ие болған мемлекетке өз қаражатын инвестицияға салуға ешкім де тәуекел ете алмасы анық. Үшіншіден, дәл ядролық мұрадан бас тартудың өзі Қазақстанның халықаралық ұстанымын нығайту процесіне негіз болды. Лиссабон хаттамасына қол қойылғаннан кейін-ақ біздің елімізді дипломатиялық танудың, Қазақстанға шетелдік елшіліктерді және халықаралық ұйымдардың өкілдіктерін жіберудің ұзын сонар жұмысы, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемнің жетекші мемлекеттерінің басшыларымен кездесулері мен келіссөздері басталды. Ядролық мұрадан бас тарту және Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылу туралы шешімнің маңызы жағынан тарихи әрі тағдырлы шынайы бағасы осындай. 1995 жылы Қазақстан осы құжатты сөзсіз және мерзімсіз ұзартуға бастамашы болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының шолу конференциясында мен осындай мәлімдеме жасап сөз сөйлеуіме тура келді. Ядролық қаруды таратпау режиміне қатысты біздің еліміздің принципті көзқарасын дүниежүзілік қоғамдастық өте жақсы қабылдады. Сол жолы, БҰҰ-да Қазақстан Ядролық қаруды сынауға толық тыйым салу туралы шартқа қол қойды. Бұл маңызды құжатқа БҰҰ Хатшылығының жоғары мәртебелі қызметкерлерінің қатысуымен біздің мемлекетіміздің атынан мен қол қойдым».
Иә, ел көшіне бағыт сілтеп, Тәуелсіздік дейтін киелі де қасиетті атауымызға қанат бітірер Қасым-Жомарт Кемелұлындай білікті де білгір басшы, бірнеше тіл білетін тәжірибелі дипломат сол уақытта қазақ қоғамына ауадай қажет еді. Халықаралық өзекті мәселелерді шешудің маңдайалды кадры болғанының өзі осының айғағы іспеттес. Өйткені, бұл кісінің есімін тек қазақ жұрты ғана емес, өркениетті әлем жұртшылығының қай-қайсысы да жақсы біледі, сыртқы саясаттағы зор еңбегін бағалайды.
Міне, Қазақстан Республикасының бүгінгі Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың дипломаттық жолы осылай басталды.

ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕКІНШІ ПРЕЗИДЕНТІ

Өткен айда отандық телеарналар арқылы ел халқына Үндеу арнап, Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтататындығын мәлімдеген Нұрсұлтан Назарбаев: «Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі, ғылым докторы. Ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген. Басшылық лауазымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинады. Еліміздің сыртқы саясатының қалыптасу жылдарында Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрдің орынбасары және Премьер-Министр, Сенат Төрағасы болды. Елімізді, оның экономикасы мен саясатын жетік біледі. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Бұл – оның дипломат ретінде Қазақстанға сіңірген еңбегінің жемісі. Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол – адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы – Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін», – деген еді.
Рас, Қасым-Жомарт Тоқаевтың өмірбаяны саяси жорамал тұрғысынан алғанда кез келген саяси қайраткер үшін мінсіз деп айтуға толықтай негіз бар.
Мемлекет тізгінін қолына ұстаған осы бір айдың ішінде Қазақстанның екінші Президенті біраз істерді атқарып та үлгерді. Яғни, мемлекет басқара алатын қайраткер ретінде өзін көрсете білді.
Тұла бойы тұнған зиялылық, ұстамдылық пен ұжданға бай, кісілік пен кішіліктің эталоны іспеттес қалыбымен сақталған Қасым-Жомарт Кемелұлының ел тізгінін ұстауын «Qazaq» газетінің редакциясы да қазақстандықтармен бірге қуана құп көреді. Дәл қазіргідей елдік мұраттар, ұлттық ұстын, халықтық қалып сынға түсіп тұрған кезеңде, сыртқы күштердің әсерімен жалау ұстаған жалған ұраншылар бұқараның қолтығына су бүркіп, ұлт ойы мен санасын «ары итеріп, бері жығып» жататын сәттерде ел-жұртқа дұрыс жол сілтеп, болашақты болжай отырып, қажет кезінде қалың қауымға дұрыс бағыт-бағдар беретін көшбасшы тағайындалғанына қуандық. Тәуелсіз мемлекетіміздің тағдырлы міндетін мойнына алған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл міндетті абыроймен атқарып, ел үміті мен сеніміне ие боларына бек сенеміз.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Рас, сөз басында айтып өткеніміздей, ерекше құрметтейтін қайраткер бойынан тұтас бір дәуірдің кескіні мен келбетін көреміз. Өткен ғасырдың 1975-91 жылдарында КСРО Сыртқы істер министрлігінің жауапты қызметтерін атқарып, жас болса да биік-биік мінбелерден көрініп, елдің сыртқы саяси жұмыстарының бел ортасында жүрген, еліміз азаттық алғаннан кейін де ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, бірінші орынбасары, ҚР Сыртқы істер министрі, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, ҚР Премьер-министрі, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы қызметтерін абыройлы атқарған Қасым-Жомарт Тоқаев есімі сол кеңестік дәуірде де, тәуелсіздік тұғырына қонған осы дәуірде де қолынан іс келетін, ұлтқа жаны ашитын үлкен қайраткерлер қатарынан көрінді. Сөйтіп, адал жүріп, анық басқан адамның алды қашан да кең екендігін уақыт дәлелдеді. Ендеше, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Қасым-Жомарт Тоқаев – ел тізгінін ұстауға лайықты қайраткер!

«Qazaq» газетінің редакциясы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here