Америка елшісіне қазақтар қалай көмектесті?

0
6283

АҚШ-тың Үрімжі қаласындағы консулы орынбасары болған Дуглас Маккирнан шын мәнінде кім болған? Ол қазақтарға көмектесті ме, әлде қазақтар оларға болысты ма? Тибеттегі оқиғаның шынайы астары неде жатыр? Осы аптада Қытайдан Тибет асып, Гималайға жеткен қазақтардың көшіне қол ұшын созған америкалық елшінің қайғылы тағдыры жайлы ақпарат тарады. Онда ер азаматтың әйелмен түскен фотосуретін жариялап, түсіндірмесінде «АҚШ-тың Үрімжі қаласындағы консулы Дуглас Маккирнан әйелі  Пегги Паркермен бірге.  Ол Нұрғожай батыр бастаған қазақ көшінің Қытайдан Тибет арқылы өтіп Үндістанға жетуіне көмектескен, 1950 жылдары тибеттіктердің қолынан мерт болған» делінген.

МАККИРНАН МЕН ОСПАН БАТЫР НЕ ЖӨНІНДЕ СӨЙЛЕСКЕН?

1943 жылдан бастап Қытайдың Шыңжаң аймағында елеулі қызметтер атқарған Дуглас Маккирнан – сол кезеңдегі орыс-қытай, қазақ-орыс, қазақ-қытай және қытай-америка қарым-қатынастарындағы айрықша тұлғалардың бірі. Оның атақты батыр, қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің басшысы Оспан батыр Сіләмұлымен бірнеше мәрте кездесуі жайлы тарихи деректер осы кездесулерді өз көзімен көрген Нұрғожай батыр естеліктерінде айтылады.

«Азаттықтың өшпес рухы» аты кітапта елші есімі «Мекернан», «Мәкнан», «Макернен», «Мәккерна», «Мәкінан» деп аталғанымен, бұлардың барлығы да бір кісінің аты екені айтпаса да түсінікті.

Оққағар Нұрғожай батырдың өзі «Мәкінан» деп атаған Маккирнан кім еді?

Дуглас Маккирнан 1913 жылы Мексиканың Мехико қаласында дүниеге келген. Оның әкесі саяхаттағанды жақсы көретін. Бала кезінде Дуглас төрт тілді, атап айтқанда, ағылшын, испан, француз және неміс тілдерін жетік білді. Ал Қытайдың Үрімжі қаласында қызмет істеген жылдары орыс тілін үйрене бастады.

Ол отбасындағы Дункан, Ангус, Малкольм және Стюарт есімді бес ұлдың ең үлкені болды. Біраз жылдар өткен соң, олардың отбасы Массачусетс штатындағы Стоутон қаласына көшіп келді. Алғашқыда әкесіне көмектесу мақсатында жергілікті жердегі авто-жанармай құю стансасында жұмыс істеді. Дуглас және оның бауырлары бала кезінде радиотыңдаушылардың қатарында болды.

Кейін Американың Қытайдағы консулы бастығының орынбасары болған Маккирнан жөнінде Дәлелхан Жанымханұлы былай дейді: «Сонымен үрдіс көшіп Шонжы қаласына жақын келгенде Оспан батыр хабар алып отыр екен. 30 кісімен әкемді қарсы алды. Ертесі бір көшіп, Шонжыдан өте шығып қондық. Ақшамға таяу Оспан батыр жалғыз өзі әкемнің үйіне келді. Шай ішіп отырғанда Америка консулының орынбасары Мекернан [Мәккирнан] Сентайдағы орыс әскерлерімен бірге біздің ауылға келді. Батырмен бірге барып Мекернанмен амандастым. Үрімжідегі Америка консұлханасында бас консул Факстон бұл кісіні маған таныстырған болатын. Және: «Келешекте сіздермен бірге болады» деген. Мекернан орысша біледі. Жанында Бисақ деген америкалық жігіт бар. Ол моңғолша және қытайша білетін доктор еді. Бұлар тегінде Алтайдан бірге келген орыс әскерінің бастығы Иосиф Самойловпен тілдес еді».

Ал Пәтіхан Сүгірбаевтың жазуынша,  «…қасында өзінің ханзу тілінен аудармашысы бар Манат қосып берген Мәжит дейтін жігітпен бірге Мәкинан таң шеті сөгілмей жолға шығып, Бәйтіктегі Оспанның ауылына барады. Мәккирнан ол арада төрт күн тұрады. Оспанмен күндіз-түні құпия әңгімеде болады. Оспанға ханзушаны қазақ тіліне Құрманбай Тиянақұлы аударып беріп отырады. Екі күннен кейін Мәккирнан Жұнғо-Моңғолия жақтың жер түзілісін суретке алады және картаға түсіреді. Осылайша Оспан әмерикандық достарына да елеулі еңбек көрсетіп, олардың сенім-құрметіне иеленеді».

Маккирнанның Оспан батырмен алғашқы кездесуі 1947 жылы маусым айының орта шенінде болған. Консулдықтың машинасын айдаушы Эрвин Контесченидің айтуынша, екеуара әңгімеде Көктоғайда орыстардың кен қазуы тақырыбында өрбіген. АҚШ-тың Орталық Барлау басқармасында құпия қызметті қоса атқарған америкалық елшінің негізгі миссиясы дала батырынан Алтай төсінде кен қазған орыстардың ахуалын білу арқылы Ресей империясының атом қаруын сынаудағы әрекеттерін барынша бақылап, тиісті жерлерге ақпарат жолдап отыру еді.

«Маккирнанның Үрімжіде Кеңес Одағының ядролық қару жасауы мәселесінде тағы бір құпия қызметі болған. Ол осы қызметін Оспан батырлар түгіл, қасында оққағар болып жүрген орыс азаматтарына да айтпаған. АҚШ барлау органдары 1948 жылы шілде айында Кеңес Одағының атом қаруын жасайтынына көзі жетеді де, оны ең ерте дегенде 1953 жылы іске асырады деп межелейді» деп жазылған «Сталин және бомба» атты кітапта. Тарихта Д. Маккирнанды «бірінші атом тыңшысы» деп те атайды.

АҚШ бұл кезеңде билік басына келген қытай коммунистерін мойындаған жоқ деп жазады тарихшылар. Олардан гөрі қытай үкіметін болуға лайық деп Тайуан аралына қашып өткен маршал Жаңқайшы үкіметін тануға мүдделі екендіктерін танытқан. Сол үшін қытай коммунистері Үрімжідегі Америка дипломаттарын тұтқындауға шешім қабылдап, қызметкерлерді ұстауға ұмтылды. «АҚШ-тың Үрімжідегі бас консулы Mr. Yall Paxton бұрынырақта еліне демалысқа кеткен екен. Ал бас консулдың орынбасары Mr. Douglas Maskernen мен бас хатшы Mr. Frank Basseis Үрімжідегі антикоммунист орыстардан алған елшілерін ертіп, машиналарымен Үрімжіден қашып шығады. Жемсарыға барғаннан кейін машиналарын тастап, атпен Оспан батыр ауылына барып паналайды» деп жазады белгілі ұлт қайраткері Хасан Оралтай өз кітабында.

Ал «Тибетке қарай» кітабының авторы Томас Лердтің жазуынша, Маккирнан 27 қыркүйекте Баркөлдегі Оспанмен кездесуге тағы барған. Қасына ерген адамдардан өзімен бірге қызметтес, елшіліктің бас хатшысы Frank Basseis, Василий, Леонид, Стефан есімді кісілер болған және бұл жолы ол  мылтықтар, екі пулемет, қол гранаталарға және он келідей алтынға ие еді дейді жазба авторы. Дуглас Маккирнан Оспан қасында бір айдай уақыт болып, 30 қазан күні қасында төрт жол бастаушы қазақпен Тибетке қарай аттанды.  Сүгірбаевтың куәлік етуінше, төрт жол бастаушы қазақ – Зәлебай, Қиса батыр, Қариға және Зиратбай деп көрсетіледі. Оспан батыр Маккирнанды соларға тапсырып, Гаскөлдегі Қалибек хакім мен Құсайын тәйжі ауылдарына жеткізуді бұйырады. Зәлебай бірнеше күн жүріп америкалықтарды аман-есен Құсайын тәйжі ауылына жеткізгендіктерін және сол жерден маусым айында Тибетке қарай жолға салғандықтарын айтады.

Лерд жолаушылардың Гаскөлге 29 қараша күні жеткендіктерін атап өтеді. Ол жерде төрт айдай болып қыстың өтуін күткен Маккирнан мен жолдастары 20 наурызда Тибетке қарай аттанып, сапарларын жалғастырады. Олар көлік ретінде Гаскөлдегі қазақтардан 15 түйе мен 2 ат сатып алады. Бір қызығы, түйелер де, аттар да ет жейтін болып шығады. Өйткені, Тибет жолында жазға дейін мал жейтін өсімдік болмайтын. Гаскөлдегі қазақтар шөптің ішіне тілімдеп ет салып, ат-түйе секілді қатынас көліктерін ет жеуге де үйреткен. Бесак пен Званцов кейін Лердке егер ет жейтін сол түйелер болмағанда, Тибетке жетулерінің екіталай екендігін айтып берген.

ГАСКӨЛДЕ АМЕРИКАЛЫҚТАР ТҮЙЕ МІНДІ

Қазақтарға көмектеспек түгілі Қытай жерінде өздері бас сауғалап, Оспаннан баспана сұрап, ауыр жағдайға тап болған америкалық дипломаттарды Гаскөл қазақтары жылы қарсы алған. Оған себеп, бас консул орынбасары Дуглас  Маккирнан мен Қалибек Хакімнің жеке таныстығы, бұған дейінгі кездесулердегі білістігі еді.

«Елім-айлап өткен өмір» кітабында Хасан Оралтай марқұм бұл оқиғаны былай жазады: «Гаскөлге барған күніміздің ертеңінде, 1950 жылдың ақпан айында, біздің ауылға қарай түйеге мінген бірнеше бөгде кісінің келе жатқанын көрдік. Олар не қазаққа, не қытайға ұқсамайды. Алдында келе жатқан біреуі, мінген түйесін шөгерген бойда қарғып түсіп, Қалибек Хакімге қарай ұмтылып барып құшақтады. Ол 1949 жылдың көктемінде Үрімжіде Қалибек Хакіммен кездесіп, үйдің шамын сөндіріп қойып, қараңғыда отырып сөйлескен, кейін Оспан батыр, Жанымхан қажы және Қалибек Хакіммен Көктал-Толы жайлауында жиналыс өткізбек болған АҚШ-тың Үрімжідегі вице-консулы, яғни бас консулдың орынбасары Mr. Douglas Maskernen еді. Жанындағылар консулдың хатшысы Mr. Frank Basseis және атшы ретінде антикоммунист екі орыс».

Жазба авторының жазуынша, осы жолғы кездесуде де Қалибек Хакім мен Дуглас Маккирнан арасында бірқатар келісімдер орын алған. Д.Маккирнан 5 АҚШ долларын ортасынан жыртып, бір бөлегін Қалибек Хакімге ұсынған, ал жартысын өзіне қалдырыпты. Қақ айырылған екі бөлікке де қазақ көшінің басшысына бас бармағын бастырған да, «осы жарты долларды әкелген кісі дос деп санаңдар» деген сөзді айтқан екен.

Америка консулы жартысын алып кеткен 5 доллардың қазақ көшбасшысында қалған жартысының суреті ағылшын жазушысы Godfrey Lias-тың 1956 жылы Лондонда жарық көрген «Kazakh exodus» деген кітабының 96-97-беттерінде басылған деген қызықты деректер бар.

Сонымен кездесу аяқталып, Дуглас  Маккирнан  Қалибек Хакіммен қимай қоштасып тұрып: «…Сіздердің еркіндік-тәуелсіздіктеріңіз жолындағы қызметтеріңіз, мен өлсем де, Америкаға белгілі болады. Егер азат дүниеге шықсаңыз, америкалық бір қызметкер көрсеңіз, оған ана бес доллардың жартысын көрсетіңіз…» деп көзіне жас алған дейді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қалибек Хакім өз жағдайының мүшкіл екенін айтып, америкалық достарына көлік жағынан көмектесе алмайтынын жеткізеді, алайда Құсайын тәйжіден бұл тығырықтан шығуға қол ұшын созуын сұрайды. Обалы не керек, америкалықтар алтын беріп Құсайын тәйжі ауылынан 8 түйе сатып алып, Тибет жерін басып, Үндістанға қарай аттанды. Бірақ, өкінішке қарай, Үндістанға жете алмаған, АҚШ вице-консулы Дуглас  Маккирнан  Тибет жерінде қаза табады. Ал Frank Basseis аман-есен еліне кеткен. Тек 2006 жылы ғана АҚШ ОББ құпия қызметтер тарихында Дуглас Маккирнанның жүктелген тапсырманы орындау кезінде қаза тапқанын ресми мойындайды.

Заңғар КӘРІМХАН, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here