Жүрмей қалған Arba, бағыты белгісіз Ozim scooters

0
3548

Соңғы кездері қала көшелерінде діттеген жеріне электрлі самокаттармен жүйткіп баратын алматылықтарды жиі ұшыратып жүрміз. Алғашында көліктің бұл түрін «жаңа өнертабыстардың бірі» деп ойлағанымызбен, Батыс елдерінде жүз жыл бұрын қолданыста болғанын естігенде, біздің таңғалғанымыз жасырын емес. Ал, қазір өзгенің қаңсығы бізге таңсық болмай қалды. Содан елімізде электрлі самокаттарға деген сұраныстың артуы кәсіпкерлерге жаңа бастамаларға жол ашты. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін электрлі самокаттың тарихына, оның Алматы сияқты алып шаһарда қолданылуына тоқталады.

ХІХ ҒАСЫРДАН БАСТАЛАТЫН ТАРИХ

Бұл шағын көлік түрін дәл кімнің ойлап тапқанын кесіп айту қиын. Бізге белгілісі, 1895 жылы 19 қыркүйекте американдық өнертапқыш Огден Болтонның атына патенттелгені ғана. Өнертапқыш артқы дөңгелектің астыңғы торына 10 вольттық  аккумулятор орнатылған үлгісін ұсынды. Электрлі самокат Болтонның төл туындысы болған жоқ. Аталмыш ықшам көлік түрін дамыту және құрастырумен біраз өнертапқыштар бас қатырды.

Самокаттың ең алғашқы үлгісін 1818 жылы Карл Дрез жасады. Құрылғысын «жүретін көлік» деп атады. Көліктің барлық бөліктері ағаштан жасалды. Қазіргі балаларға арналған самокаттарға көбірек ұқсады. Неміс өнертапқышы құрылғысын белсенді түрде насихаттай бастады. Көп ұзамай-ақ оның құрылғысы үлкен танымалдылыққа ие болды. Франция, Ұлыбритания, АҚШ халқының сұранысын арттырды.

Алғашқы самокаттың негізгі тұтынушылары балалар мен пошта қызметкерлері еді. Қолданылу аясы кеңейе бастаған соң, самокаттарды жетілдіру процесі басталды. Жоғарыда айтқан Огден Болтонның үлгісі құрылғының иесіне өз күшін үнемдеуге мүмкіндік берді. Бірақ, 10 вольттық аккумулятордың күші алыс қашықтыққа шыдас бермеді. Содан инженерлер самокаттың кемшіліктерін жоюға тырысты. Өнертабыстарының басты кемшілігі аккумулятор зарядының көпке шыдамайтындығы салмағы мен көлемінің сәйкес келмеуінен екендігін түсінді. Осыдан барып самокатты ықшамдау идеясы пайда болды. Алғашқы қадам жиналмалы, құрамалы рөл жасаудан басталды. Ықшамдалған үлгі шыққан соң, балалар мен пошташылардан бөлек, самокаттарға Голливуд жұлдыздары, белсенді жастар қызығушылық танытты.

ЭЛЕКТРЛІ САМОКАТ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

Электрлі самокаттың қуат көзі – батарея. Самокаттар бір-бірінен сыртқы үлгісімен, аккумулятордың қуаттылығымен ерекшеленеді. Шағын көлік әдетте отыз шақырымнан елу шақырымға дейін жүре алады. Осыған дейін самокаттар аккумулятормен жүріп келсе, енді батареямен жүретін болды.

Тағы бір артықшылығы, ол батарея болғандықтан орнына басқа бір қуатталған батареяны оңай ауыстыруға болады. Литий-ионды батареялардың күн көзінен қуат алатын қасиеті де бар. Қазірге литий-ионды батареялы самокаттардың қозғалуы келесідегідей. Батарея самокаттың астыңғы бөлігінде, артқы дөңгелектің жанында орналасқан. Литий-ионды батарея алдыңғы дөңгелекке жақын орналасқан платаға күш береді. Платаның қызметі – электр тоғын жинақтау, тоқты бір жерге бағыттап, шоғырландыру, электр энергиясын тарату. Батареядан күш алған плата электр энергиясын алдыңғы дөңгелектің ішіне орналасқан редукторға жібереді. Редуктор мен алдыңғы дөңгелек біріктірілген. Редуктор айналғанда алдыңғы дөңгелек қоса айналады. Редуктор орналасқан бөлікте арнайы қақпақ жасалған. Сондай-ақ, плата электр энергиясын самокаттың алдыңғы және артқы шамдарына жіберіп қана қоймай, құрылғыны толықтай электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Жылдамдықты үдету, тежеу рөлде орналасқан тетіктермен басқарылады. Жиналмалы рөлдің мойнында орналасқан кабель платадан рөлге қарай тікелей жіберілмей, кабельдің үзілуінен сақтандырып, бүктемелі бөліктен айналдыра қарай мойын бөлігінің ішіне кіргізілген.

Электрлі самокат дөңгелегінің диаметрі 8,5 см құрайды. Алдыңғы дөңгелегі редуктор арқылы козғалса, артқысы дисктің көмегімен күш алады. Батареяны қуаттау екі-үш сағатқа созылады. Литий-ионды батарея екі жүз елуден үш жүз вольтқа дейін тоқ бере алады. Ал, электрлі самокат жүз келіге дейінгі адамды көтере алады.

Жалпы алғанда, электрлі самокаттар уақыт өткен сайын дамып келеді. Көліктің бұл түрінің жаңа үлгілері әлі де шыға береді.

САМОКАТ ТІЗГІНДЕУШІЛЕР ЖҮРГІЗУШІ МЕ, ӘЛДЕ ЖҮРГІНШІ МЕ?

«Kaz Data» компаниясының директоры Жәмилә Сыздықованың мәлімдеуінше,  бүгінде электрлі самокаттардың Қазақстанда қолданылу аясы кеңейіп келеді. Сұраныстың артқанын биылғы жылдың алғашқы төрт айының өзінде 1,6 млн долларға импортталғанынан көре аламыз. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда он есеге көп. Ал, 2018 жыл үлкен бетбұрыс кезеңі болды. Сол жылы құны бір миллион доллардан асатын мыңға тарта электрлі самокат сатып алынды.

Алматы қаласында электрлі самокат айдаушылардың саны күн санап артып келеді. Сексен екі шақырымдық веложол – Қазақстанның жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын іске асырудың Алматыдағы нәтижесі.

«Көк базар» мен «Орбита» ықшамауданын байланыстыратын велосипедке арналған жол бар. Электрлі самокаттарға қатысты арнайы жолдар бекітілмеген. Себебі, Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, электрлі самокаттар мопедтерден ерекшеленбейді. Екеуі де екі дөңгелекті, электр қозғалтқышымен жабдықталған, жылдамдықтары да сағатына елу шақырымнан аспайды. Демек, электрлі самокаттар веложолдармен, тротуарлармен және қоғамдық көліктердің жолымен жүруге әбден құқылы.

Министрліктің мәлімдемесіне қарсы дау айтушылар да бар. Мәселен, адвокат Жангелді Сүлейменов мұнымен келіспейді. Оның пікірінше, электрлі самокат пен мопедті теңестіру қайғылы жағдайларға душар етуі мүмкін. Ол бірқатар қиыншылықтардың ара жігін ашып айтты. Скутерде мопедтегідей артқы айнасы жоқ және отыратын бөлігі қолайсыз. Электрлі скутерді жоғары жылдамдықпен келе жатып, тежегішін басқанда құлау қаупі жоғары. Сондай-ақ, самокатта бұрылу бағытын көрсететін белгі жоқ. Велосипедшілерге белгіленген ереже бойынша, олар бұрылыс бағытын қолдарымен көрсете алады. Самокатшылардың мұны қолмен жасауы қауіпті. Себебі, велосипедшілердің отыратын орындығы бар. Ал, самокатта ол атымен жоқ. Егер бағытын қолмен көрсетсе, тепе-теңдігінен айырылуы ықтимал. Соңғысы – дөңгелек диаметрлерінің айырмашылығы. Самокат дөңгелегінің көлемі мопедтікінен екі-үш есеге кіші. Жол үстіндегі кішкентай ақау, кедергі болса, жоғары жылдамдықпен келе жатқан самокатты құлата алады. Яғни, самокат айдаушының көлік астында қалу қаупін тудырады.

Қисынды пікір айтқан адвокат сөзін былайша түйіндеді: «Электрлі самокаттардың тас жолдар мен тротуарларда жүрулеріне тыйым салыну керек. Біз велосипедпен де, скутермен де қалай жүру керектігін білмейміз. Егер сіз велосипедтердің, мопедтердің, электрлі самокаттардың қоғамдық көліктердің жолымен жүруіне рұқсат етсеңіз, бұл жол барлығына бірдей қауіпсіз болмайды. Және қоғамдық көліктердің қозғалысын бәсеңдетеді».

Дегенмен, ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Әкімшілік полиция комитетінің Баспасөз хатшысы Ирина Лукьянина электрлі самокаттардың жаяу жүргіншілерге теңестірілгенін айтады.

Баспасөз хатшысының айтуынша, сигвей, гироскутер сияқты қозғалыс құралын пайдаланушылар заңда жаяу жүргіншілерге теңестірілген. Олар тізгіндеген құрал көлікке жатпайды. Сондықтан, оны пайдаланушылар жаяу жүргінші ретіндегі құқықтарын біліп, жол ережесін сақтауға міндетті. Яғни, арнайы тротуармен, жаяу жүргінші жолымен жүруі қажет. Ол жоқ болған жағдайда, жолдың жиегімен қозғалуға міндетті. Аталмыш талапты сақтамаған самокат иелері екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл (5 050 теңге) арқалайды.

Демек, электрлі самокат тізгіндегендердің қауіпсіздігі үшін заң аясында «ары тартса арба да сынбайтындай, бері тартса өгіз де өлмейтіндей» ортақ бір шешімге келу керек.

ИНВЕСТОРЛАР КИКШЕРИНГКЕ ҚАРАЖАТ ҚҰЮДАН НЕГЕ ҚАШАДЫ?

Электрлі самокаттарды жалға беру қызметі жаздың ортасында Алматы қаласында пайда болуы керек еді. Алайда, кикшеринг жүйесі кейінге шегерілді. Мұның себебін Алматы қалалық Мобильдік басқармасының өкілдері түсіндірді.

Сонымен, өндіріс зауыты бағдарламалық толықтыруларға байланысты электрлі самокаттарды жеткізуді кешіктірген. Соған қарамастан бүгінде қалаға 300 электрлі самокат әкелініп, 37 бекет жұмысты бастауға дайын. Қазіргі уақытта бағдарламалық қамтамасыз етуді тестілеу жүріп жатыр. Сондай-ақ, ҚазҰУ қалашығының аумағында пилоттық бекеттер орнату жоспарлануда. Бекеттерді қала ішінде кезең-кезеңімен орнату көзделіп отыр.

Былтырдан бастап Алматы қаласында велосипедтерді жалға беру үрдісі басталғанын бәріміз жақсы білеміз. «Ofo» велосипедтерін жалға берушілер бұл ретте еш кедергі болмайтындығын айтып еді: «Велосипедті ұрлау, қосалқы бөлшектерін шешіп алу мүмкін емес. Өйткені, велосипедтер GPS жүйесімен маяк арқылы байланған». Бірақ, жаздың соңында велосипед жалға берушілер шығын туралы жақ ашпады. Барлық бекеттердегі велосипедтер ұрланған болып шықты.

«Ofo» велосипедтерінің кебін электрлі самокаттарды жалға берумен айналыса бастаған кәсіпкерлер де киді. Кәсіпкер Жандос Сейіт kursiv.kz сайтына берген сұхбатында жазда жалға беруге қойылған барлық электрлі самокаттардың қолды болғанын айтты. «Ұрылар GPS-трекерін тауып алып, жарып жіберді», – деді Жандос Сейіт.

Электрлі самокаттарды жалға алғандардың кепілдікке жеке құжаттарын алып қалғанымен, ұрыларды ұстауға еш көмектеспеген. Себебі, ол құжаттар ұрыларға тиесілі болмай шыққан.

Ағымдағы жылдың маусым айында «Ozim Scooters» компаниясының директоры Асылбек Есенов: «Шілде айында біз Алматыда вандалдарға қарсы қорғанысы бар және GPS-трекермен жабдықталған 300 электрлі самокат пен 35 бекетті орнатуды жоспарлап отырмыз», – деп мәлімдеді.

Рас, кәсіпкерлердің бұл қадамдарынан үміттенгеннен гөрі күдіктену басым. Себебі, Қазақстанда бұл салада инвесторлардың құлқы жоқ. Электрлі самокаттарды жалға беруді іске қосуға деген қорқыныштың болуы велосипед жалға берген «Ofo»-ның сәтсіздікке ұшырауынан ғана емес, шындап келгенде, нарықтық вандализмнің тигізген зардабы. Сөйтіп, нарықтық вандализм кикшеринг идеясын қолдайтын барлық инвесторларды үрейлендіріп отыр.

2018 жылы «Arba» стартаптары Алматыда ашылды. Идея авторы Лазиз Назаров кәсібін Қазақстанда дамытуды жоспарламағаны туралы жасырмай айтты. Оның себебін Қазақстанда сапалы жолдың жоқтығымен, ең негізгісі, «Ofo» тәжірибесінен айқын көрінген халықтың жабайы менталитетімен түсіндіреді.

Бастапқыда «Arba» жобасы қаланың кез келген бұрышында бекеттерсіз тұратын электрлі самокаттардың қолжетімді жүйесі ретінде жоспарланған болатын. Картада мобильді қосымшада тегін тасымал қызметі көрсетілуі керек еді. QR кодын қолдану арқылы іске қосу пысықталып та қойған. Пайдалану құны: құлыпты ашу үшін – 150 теңге, минутына – 35  теңге. Ұрлықтың алдын алу үшін үш түрлі қорғаныспен қамтамасыз етілді: дабыл қосатын, қозғалысын бұғаттайтын және картадан GPS-трекер арқылы оның тұрған жерін көрсететін бағдарлама.

Лазиз Назаровтың айтуынша, ол көп уақытын осыған жұмсаған. Өндірушілерден құлып жасауды, қозғалысты тежейтін бағдарлама әзірлеуді талап еткен. «Arba» бәсекелестерінен сынған электрлі самокаттарды өз бетінше жөндеп, ерекшеленуді де ұмыт қалдырмаған. Содан былтыр «Arba» қосымшасы толығымен дайын болған. Инвесторлар аталмыш жобаға сеніммен қарап, қызығушылық та танытқан. 35 самокатты сатып алуға, оны іске қосуға қажетті 20 мың долларды инвестициялау ғана қалғанда, жағдай күрт өзгерген. Дәл осы кезде нарықта «Ofo» арқылы инвесторларға жағымсыз ақпарат жеткен. Осыдан кейін инвесторлар кикшерингтен бойларын аулақ салуға тырысатын болған.

Айта кетейік, кикшеринг ең алғаш 2012 жылы Сан-Францискода (АҚШ) іске қосылса, қазір бұл жүйе Еуропа елдерінде көп қолданылады. Ал, Берлин, Мадрид, Парижде электрлі самокаттың парктері бар.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Электрлі самокат – ықшам әрі қолайлы көлік болғанымен, кемшілігі де бар екендігін ұмытпаған жөн. Бастысы қандай көлік түрімен жүрсек те, жол ережесін ескергеніміз абзал. Ал, кикшерингті дамытуға кедергі келтірген вандалдар мен ұрылардың да бір емі табылар.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here