Аbai – 175: Абай асқақ әрқашан

0
7072

Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың маңызына баса назар аударғанын білеміз. Мемлекет басшысы осылайша көпшіліктің көңіліндегі ойды тап басып, жүрегіндегі шаншулы сөзді жайып салған болатын. Жақында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің жүрекжарды сөзін одан әрі дамыта келіп, «Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін ұғынған жөн. Халықтың билікке деген құрметі болмаса – елдігімізге сын. Сондықтан азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіру қажет. Осы ретте тағы да Абайдың мұрасына зейін қойған абзал», – деп атап көрсетті және билікке де, халыққа  да парыз бен  парасатты биік ұстауды еске салды.

Суреттің авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Нұрбұлан Өтепбаев

«Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар,

Абайлар әрбір сөзді өз халынша…»

Абай (1/54)

1. «КӨҢІЛСІЗ ҚҰЛАҚ…»

Қазақстан Президентінің әділетті пайымын ел-жұртымыздың терең түсіністікпен қабылдағаны айқын. Себебі, Абай – ұлы ақын ғана емес, ол сонымен қатар «әділетті қоғамды мегзеген» ұлы қайраткер деген жаңа әрі салиқалы тұжырым жасалып отыр. «Ұлы ақын өзінің шығармаларында елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктетті, – дейді мәртебелі автор Абай ұлағатын ерекше ардақ тұта отырып. – Ол әділетті қоғам құру идеясын көтерген. Демек, Абайдың көзқарастары ХХI ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды. Хәкім Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі».

Тағы бір атап айтатын жайт, тарихи-танымдық еңбекте «әділеттіліктің берік орнығуы» үшін заң үстемдігі мен биліктің ашықтығын қамтамасыз етуде мемлекет алдында тұрған міндеттер туралы мемлекеттік аппаратты бұлтартпастай  байлам жасалды:  «Ұлы ақын «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды» дегенді бекер айтқан жоқ. Елге билік жүргізетіндерге жұрттың көңілі толмайтынын да аңғартады. «Сыбырдан басқа сыры  жоқ, Шаруаға қыры жоқ» замандастарымыз көбеймес үшін билік халыққа әрдайым құлақ түріп отырғаны жөн».    

Шынында да, қазіргі аса өткір мәселенің бірі де осы – бірін-бірі тыңдамайтын қоғам, әсіресе жұртшылық талабына жүрдім-бардым қарайтын билік органдары. Олардың халықтың мұң-мұқтажына еттері әбден өліп кеткен секілді. Сондықтан, тап қазір халықтың билікке деген құрметі төмен. Себебі, банкі бүлінсе – алған өзің, құрылыс компаниясы теріс айналса – келіскен өзің, тіпті көп бала тапсаң – «жоспарламаған» өзің… әйтеуір, бәріне кінәлі өзің. Олай болса, ашығын айтайықшы, сол банкіні де, құрылыс компаниясын да жарылқап, рұқсат (лицензия) беріп, оның көл-көсір табыс табуына жол ашатын сен – өзің емеспісің, билік!? 

Бұл жұмсақтап айтқанда ғана. Ал, турасына көшсек, жаңағы «жылмаңы сыртта,  іші арам» (Абай), яғни «ілдім, жұлдым» пысықайлардың халықты текке  жылатпауына сол Үкімет кепіл болуы тиіс. Бұған тіпті титтей де күмән жоқ. Демек, «Ел жайын біліп, қансаңыз,/ Айтайын құлақ салсаңыз» (Абай, шығармаларының екі томдық толық жинағы, «Жазушы», 2005 ж. 1-ші том, 136-бет немесе (Абай, 1/136) – бұдан былай осылай көрсетеміз). Алпауыт банк жүйесіне ақшасымен бал жалатып, құрылысты қаржысымен жарылқап отырған халыққа кінә арту – кешірілмес күнә!

Бізге халық үніне құлақ асатын мемлекет керек болатыны да содан. Осыны Президент тап басып, билік органдарын тапжылтпастай мойындата айтып, халыққа «сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» (1/73) дегенді аңғартады. Амал қайсы, әзірге билік, екі оттың ортасында қалғандай, тыпырлақ халде. Бір жағында етжақыны халық жыласа, екінші жағында тағы да бөтені емес, өз банкісі  мен компаниясы жалаңдайды. Алғашқысы адал еңбегімен тапқан табысын жоғалттым деп жаны шырқыраса,  соңғысы «өзіміз ғой» деп өзеурейді.

Бірақ, «Көңілсіз құлақ» тыңдар  ма, тіпті тыңдағанмен ұғар ма?! «Басы ауырмағанның, басқамен ісі жоқ». Осыны бәріміз де көріп, біле тұра кереңбіз. Билік тізгінін ұстағандар өз алдына, тіпті былайғы жұрт күнделікті тұрмыста да бір-бірімізді тыңдаудан қалдық. Себебі, Абай айтқан «… ұялмас нәрседен ұялатын, ұяларлық нәрседен ұялмайтын» бишігештер  басымызға шығуда. Жаңағылар басқаны былай қойғанда, ана тілін білмеуден ұялмайды, зәулім сарайы мен қымбат көлігін көлбеңдеткені, «асарлатып» ұлан-асыр той жасағаны өз алдына, табақтағы ас-суын ғаламторда таратудан қысылмайды. Ондайлар, тіпті  парамен құрықталып жатса да, «жалғыз біз бе екен!?» дегендей, беттері бүлк етпей, жығылған бала секілді жамбасын бір қағып жүре береді.

Ендеше, біздікі «Абай сәулесі – ұлы ақын сөзі қарындасқа жетер ме» деген тілек қана… хакімді түңілткен «көңілсіз құлақ» қой бұл.

«Қиналма бекер, тіл мен жақ»

Ұлы Абай ұрпаққа «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» деген аманат қалдырыпты. Тілектес дос болу үшін, ең алдымен, бірімізді біріміз тыңдауға үйренуіміз қажет. Бұл, егер «ақылға еріп, бойды жеңсек», биліктен бұрын, біздің әрқайсымызға қатысты. Өйткені, мемлекеттік аппарат құлағын ұстаған шенеуніктер де  өзіміз секілді «ауызбен орақ оратын», құлағы мүкістеу пенделер. Құлық жоқ па, әлде тұрмыстың құлына айналдық па, әйтеуір, өзара тыңдаудан қалғанымыз шындық. Алайда, адам қоғамына әуелден тән осы бір «сырқаттың» соңғы уақытта асқына келіп, таскереңге айналуға шақ қалғанымыз да өтірік емес.

Зейін қойсаңыз, Абай еңбек пен елжандылықты, өнер мен білімді, адалдық пен әділдікті, махаббат пен ғазауатты өз өлеңіне арқау ете отырып, ең бастысы, адам бақытын жырлайды. Алайда, замандастары «Түзу бол деген кісіге, Түзу келмес ырықтап» дегеннің кебін киді. Ал, бұған қандай дауа бар, хәкім қандастарына тірлік мәнін түйсінте алмай, уланғандай дертті: «Қапамын мен қапамын/ Қуаныш жоқ көңілде» (Абай, 1/36), «Баяғы жартас – бір жартас, Қаңқ етер, түкті байқамас» (1/92). Енді қайтпек керек, әркім өз басымен өзі әлек. Сана суалып, тұрмыс төбемізге өрнек құрады. Шарадай басымыз – қазандай, қитұрқы технология мен ағыл-тегіл ақпарат  ақыл көзін тұмшалай түсуде.

«Көңілсіз құлақ – ойға олақ» (Абай, 1/88). Тірлікте пендең, әйтеуір тыным таппайды. Өзі алашапқын болғанымен қоймай, өзгенің дегбірін қашырады. Кітап оқығанда да маза жоқ. Ұлы ақынның «Адамның адамшылығы істі қалай бастағандығынан білінеді…» деген терең тағылымын «қалай аяқтағанынан да білінеді» деп, толықтырмақ болатындар да сондайлар. Тіпті, Абай сөзінің де байыбына бармайды-ау, шіркіндер. Құлқы жоқтың, құлағы да жоқ. Сіз білесіз бе, Абайға шейін Қаламқас атауы да болмаған. Ұлы ақынның өлеңіндегі «Айттым сәлем, қалам қас» дегенді «Қаламқасқа сәлем айтқан-ау» деп, өзімізше кесіп-пішіп, іліп ала жөнелсек керек. Онымыз да теріс болмағандай, қыздарымыз әп-әдемі Қаламқас есімін тұмардай тағынды.    

Алғашқыда Абай сөзінен маған да аз ғана сыбаға тиді. Баяғы мектеп қабырғасында жаттағандарым. Мида әбден қатталғандар. Әйтеуір, енді-енді ғана Абайдың ой-теңізіне шомып, соны айдында желкен көтерген секілдімін. Оқу мен ойдың шалқары өз тереңіне тартып, хәкім сөзінің сәулесі көкірегімді аша берді. Бірақ, бәрібір уақыт керек. Ақын кенішіне бойлаған сайын көз алдымдағыны жаза танымағанымды аңғарамын: «Сырты күміс, іші алтын». Хәкімнің өзі айтпақшы, «Біреуі олай, біреуі бұлай қарап, Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ» (1/76). Біз де сол қазақтың бірі ғанамыз. Кештеу аңғарыппын, ал енді дәмін алған сайын қуанамын әрі тапқан олжаммен бөліскенше асығамын.

Абай сәулесінен қайрат та, ақыл да, мейірім де алады екенсің. Жаназығы деген осы: ұлы ұстаз ұлағатымен жүрекке жүгінеміз. Ол күйгелек халде: «мұнша «алтыннан» басым айналып, қазына «аралынан» қайтып орала алмай қалсам ше?» Өйткені, уақыт-тұлпар ешкімді күтпейді, бақ пен бапқа да, даңқ пен таққа да пысқырмайды. Ал, өз басым ақынның «неден күйген, нені сүйген» сырын жеткізгенше мазам қашады. «Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар» дейді хәкім. Ләкин, ұлы тұлға ертеңіне мығым еді. «Арттағыға сөзің мен ісің қалса,/ Өлсең де, өлмегенмен боласың тең» немесе «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,/ Өлмейтұғын артына сөз қалдырған». Тірлік мәнін түйсінгендей толғанасың, енді ешкімге ренжімейтін, өткенге өкінбейтін боласың, жарасымды сабыр табасың. Бірақ, кәусар бұлақтың басына бала жастан тізе бүгіп, сусыныңды сәл де болса, ертерек қандыра алмағаныңа бәрібір жаның шөліркейді. Рас, мектеп қабырғасында ұстаздарымыз Абай ұлағатын сіңіруден аянбады.

Ендеше, Абай қазынасына неге бұрынырақ жетпегенбіз? Ақын сөзінің шуағына сәл де болса ертерек шомылып, жүрегіңді желбірете алмағаныңа жаның жүдейді тағы да. Жоғары оқу орнында да белгілі ғалымдардан дәріс алдық. Олар да әдебиетті ғұлама Әуезов үлгісімен, ерлік пен елжандылық тұрғысынан оқытып, тоқытудан жалыққан емес. Бірақ, енді ғана Абай аспантауына көкірек көзімен арбалып, оның етегіне аз да болса ертерек жете алмағаныңа бәрібір көңілің құлазиды. Бір жақсысы, тым құрыса, енді созуға болмайтынын ұғасың. Жүрегің ашылып, айналаңмен жарқын жүз, жақсы тілекпен жүздесесің. Көңілің марқайып, жаның жадырайды. Абай сөзіне құныға тесілесің. Содан сабыр тауып, жігерің қанаттанады. Кештеу де болса, Абай сәулесімен оятқан Аллаға мадақ айтасың. Көкірегіміз ашылып, ақын қазынасын қуана ақтарасың. Оқып үлгергің және тезірек арқатірек тапқың келеді. Сонда бізге, ақын ізімен сапарға шыққандарға Абай сөзі өмірлік адал серік екен.

Абай – теңіз ғой, әйткенмен… алаң көңіл толқулы. Өзім таныған және қойыны-қонышыма мүмкіндігімше сықита жинаған жауһарды замандасқа тезірек жеткізгім келеді. Шындығында ол теңіздің тереңіне бойлау үшін бірнеше немесе бір топ жанның, тіпті бірнеше заманның ауқымы мүлде аздық ететінін сеземін. Сонда ғұлама Әуезовтің асыл мұрасы біз үшін темірқазық. Мұхтар Омарханұлы қызыл қапаста отырып-ақ, Абай поэзиясына әлемдік биіктен қарап, қазақтың ұлы ақыны мен ұлы даласын ештеңеден тайсалмастан дүниежүзіне мәшһүр етті. Пышақтың жүзінде жүріп-ақ, ол Абайды және алты алашты өркениет төріне шығарды. Ендеше, «Абай жолы» романындағы Құнанбай бейнесінен де кінәрат іздеу керең тартқан «көңілсіз құлақтың» салдары еді.

Олай болса, асықпайын. Үлгергенімше оқып, тоқиын. Көтергенімше арқалайын. Қалғаны уақыт еншісінде. Оқырманның ой таразысында. Тыңдар құлақ болса, Абайдың туған жер мен елді, барша адам мен базарлы өмірге деген сүйіспеншілікті адам бақытының арқаулары, бақытқа бастар жол ретінде жырлағанын жазбай таныр едік.

Ақын арманын аңдатпады

Алты алаш аман-сау тұрғанда Абай рухы да асқақ. «Өлең – сөздің патшасы» санамызды әрдайым шайдай ашады. Абай жырлаған еңбек, білім мен өнер, жаңа айтқанымыздай, бақыттың баспалдақтары ғана. Қараңғылық көгінен жарық іздеген сапарында Хәкім талмай оқып, туған қазағының бай ауыз әдебиетін, шығыс пен батыстың әдебиеті мен ғылымын зердесіне тоқыды. Бірақ, «Европа ғалымдарының ірі пәлсапамен жазылған кітаптарын оқығанда ол өзінің басындағы ой-пікірлерінің ірге негізін аналарға оңай беріп жіберіп отырған жоқ. Жұртқа өсиет қылып, өзге сөзін мысал қылып сөйлегенде, әрқашан өз ақылының елегінен өткізіп алып айтады» («Абай туралы естеліктер», Алматы, 2018, «Қаламгер», Көкбай Жанатайұлы, 210-б.).

Немере ағасының «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер» өлең сөзге келгенде өзгеден бұрын өз басына деген қатаң талапшылдығы мен «қиыннан қиыстырар» терең талғампаздығын кемеңгер Шәкәрім де ерекше үлгі тұтады: «Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан,/ Жалыналық Абайға, жүр, баралық!../ Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан,/ Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан…/ Мынау Абай – бір ғалым жол шығарлық,/ Замандасы болмады сөзді ұғарлық» (Шәкәрім, шығармалары, 1988, 31-33б). Алайда, данышпанның «сөз жақсысын» Шәкәрім де әуелі өз ақылының таразысына тартады: «Көп сөз айтқан бұрынғы білімділер/ Пайдалансын, ұқсын деп кейінгілер… У берді ме сусын деп, су берді ме,/ Көзің жұм да жұта бер деген кім бар?.. «Талас, тап» деп айтатын Абай өзі,/ Танамыз ба жоқ қой деп бүгін көзі? (сонда, 65, 66-б.).

Абай Құнанбайұлы секілді ұлы тұлғаларымыздың тарих қойнауына ұзаған зерлі сөзі мен зерделі ісін «самородный сары алтын» қалпында ұрпаққа аманат ету ұлт болашағы үшін аса қажет. Соған орай ғалымдар, жазушылар мен журналистер заманалар керуенімен жеткен асыл мұраны жаңғыртуға қал-қадерінше атсалысуда.  Ұлы Абай туралы да айту мен жазуда кемшін жоқтай. Дегенмен, ақын қазынасы сан қырынан қанша сараланып келе жатса да, «жұмбақ жанның жүрегінің түбіне терең бойлау», оның жұмбағын сырт көзден жасырған сырсандықтың «ішін түгел көру» екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Кінәлі тағы да сол «көңілсіз құлақ» ақын арманын аңдатпаған еді. «Ұқпассың үстірт қарап бұлғақтасаң, Суретін көре алмассың көп бақпасаң» (1/43).

Абай мұрасын зерттеу, біздіңше, Мұхтар Әуезовтен кейін өзінің түп-тамыр – арқатірегінен ажырап қалғандай. Ақынның сырлы да сәулелі сөзі жан-жақты «уәзінге салынып» жіктелгенімен, соның бәрінің сабақтастырып тұрған алтын арқауы үзіліп кеткен секілді. Қазір, байқап қарасақ, санамызды сейілтер қазынаның кілтін ақын мұрасының «судай тұнық» сәулесінің өзі-ақ мегзейді. Міне, біз іздеген жасампаз мұра кілті де осы – Абай сөзі, ақиқат ұшқыны, адамдық талабы, адам бақыты үшін күрескен ұлы қайраткер аманаты.

Қайраткер ақын мұрасының алтын өзегі де, ең алдымен, адам бақыты. 

Адамзат қоғамында «бақыт» алғашқыда «қолайлы жағдай» немесе «жолы болғыштық» деп ұғынылды. Айталық, ежелгі Грекияда «бақыт» – «мейірімді тағдыр», ал философиялық және психологиялық таным бойынша бақыт – адамның өз өмірінің қызығы мен қуанышына, яғни рахатына қанағаттану дәрежесін танытатын ең байырғы этикалық ұғымдардың бірі. Діни шығармалар мен аңыздарда «бақыт» ұғымы – «эвдемония» құдайдың қамқорлығындағы «мейірімді тағдыр немесе сәтті тағдыр» дегенді білдіреді екен. Осы тұрғыдан ислам тек қана дүниетаным емес, құрандағы моральдық жазбалары қоғамдық өмірдің сан-саласын қамтитын адам тағдыры мен бақыты, адамды ардақ тұту жайлы ғылым.

Абайдың айтар ұлағаты да осы: «Адамды сүй, алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде онан басқа?!» Ежелгі ойшылдардың адамгершіл рухы ақын мұрасының арқауы. Ақынның «Ескендір» дастанындағы данышпан Аристотель «жан қызметі – бақыт қайнары» дейді. Сондықтан барша ұлы тұлғалар секілді Абай Құнанбайұлы да адам бақытын ерекше ардақ тұтады.  Абай «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық… Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік» деп толғанады (Абай, жетінші сөзден).

Хәкім бақытқа жетудің, яғни азамат ретінде қалыптасудың жолын талмай іздеп, тарата көрсетеді. «Жүрегі қырық жамау» ақынның мына бір өсиеттері-ақ зор адамшылықтың ұшқынындай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырыңдай», «адам баласының бәрі – бауырың». Ал, егер бақыт өз өміріңе қанағаттану болса, соның бірі… тірлікте «Бір тәуір дос/ Тым-ақ керек, Ойы мен тілі бөлінбес» (2/55). Бұдан әрі ойшыл «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды» деп өкініш білдіреді. «Дос алады бермесең бұлт берем деп,/ Жауыңа қосылуға серт берем деп» (1/46), «Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,/ Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда. Мұнан менің қай жерім аяулы деп,/ Бірге тұрып қалады кім майданда» (1/50).

Бірақ, басқаша болуы мүмкін бе еді? Әттең, «Сәлем – борыш, сөз – қулық болғаннан соң,/ Қандай жан сырттан сөз боп, сыналмай жүр?» (1/51), «Досын келіп досына жамандайды,/ Шіркінде ес болсайшы сезед деген» (1/65), «Мұнда ми жоқ, құлақ бар» (1/39), «Бүгінгі дос – ертең жау,/ Мен не қылдым, япырмау?!» (1/80)  деп, сан соғып қалмауың үшін «Сөзіне қарап кісіні ал, кісіге қарай сөз алма. Шын сөз қайсы біле алмай,/ Әр нәрседен құр қалма» (1/62). Нағыз дос табудың пендеңе қаншалықты сын екені ұлы ақынның да «жүрегіндегі жалынды көзден жас қып ағызады»: «Сеніскен досым да жоқ, асығым да,../ Құдай берген бұл достық – кәннің  бірі,../ Сол  досты сая таппай іздейді жан» (1/66). Ақын бұдан әрі өмір шындығын ашына отырып жайып салады: «Бір сөз үшін жау болып,/ Бір күн үшін дос,/ Жүз құбылған салт шықты (1/67), «Жау көп болса басыңда,/ Бірі қалмас қасыңда» (1/69) немесе «Әркімде-ақ бар ғой туысқан,/ Қайсысы жауды қуысқан? Күн жауғанда қойныңда,/ Күн ашықта мойныңда» (170). Өйткені, «Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа» (2/3), «Досты қайдан табасың,/ Кеңесерге адам жоқ» (2/50).

Қазаққа қараңғылықты қосақтады

Сонымен Абай теңізіне сүңгіп, тереңдей түскен сайын көз алдымызда адам мәртебесін асқақ санаған, жүрегіне Алланы қондырған ақын тұлғасы тұрады. Асыл жаны адамға деген сүйіспеншілікке бөленіп, оны өлең сөзбен жырлап өткен дана ақын өмір сүрудің өнер екенін пайымдатып, оның қалтарыстарына көзіңді ғана емес, көкірегіңді де ашады. Тыңдар құлақ болса, «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады», – деп ой салады хәкім. Адам жаны… бірақ, тағы да сол «көңілсіз құлақтың» естуі қиын. Баяғысынша, «қараңғылық пен қазақты» егіз ұғымдай түсіндіріп, көзімізді ашқан кеңеске табындырады. Шын мәнінде, барша адам баласының қараңғылығы мен надандығына найза кезеген ақынның ащы сыны қызыл қоғамда тап бір қазаққа ғана арналғандай түсіндірілді. Көкірегі ашық жанға хакімнің асыл арманы да, алдымен жырлағаны да Адам бақыты екені аян.

Тағы да қайталаймыз, ұлы ақынның, қызыл насихат улағандай, «қайран қазағын» емес, қараңғылық пен надандықты сынағаны кәміл. Оның жауһар шығармалары адамзат ілім-білімінің сан қырын терең саралап, қазағының өркениет көшінде өзге жұртпен терезесі тең болуына жол көрсетер Жарық сәуле. Әрбір сөзін қарындастарына қарата айтқанымен, хәкімнің  жазғаны «бір кісі емес, жалпақ жұрт». Құлағы түрік жан болса, Абай сөзінің барша адам баласына арналып отырғаны айдан анық: «Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар қалдырайын… Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен… Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар… надандық, еріншектік, залымдық» (отыз сегізінщші сөзінен, 2/124, 142).

Міне, ақын жүрегін туған қазағының ғана емес, Аллатағаланың барша пендесінің қараңғылығы мен надандығы сыздатады. Өйткені, замана көшінде қазақ төл мәдениеті мен өнері, ұлттық намысы мен рухы жағынан өз тұсындағы өзге жұрттың ешқайсысынан да кем емес, қайта бірқатарынан биік тұрғаны ақиқат.

Туған еліміздің жасампаз рухы – батыр әрі данышпан, мейірімді әрі жомарт ата-бабаларымыздың сан ғасырлық жеңістері мен жеңілістері нәтижесінде шыңдалған қайратты ақыл мен озық сананың баға жетпес байлығы: «Білгенге маржан,/ Білмескке арзан,/ Надандар бәхра (білімнен үлес) ала алмас (1/88). Ақын өлеңдері мен «Ғақлиясын» одан әрі оқи бастағанда бұған   көзіміз жете түседі: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен қор өткізеді. Ал, тірлік таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды» (төртінші сөзінен, 2/94).

Сол бір «көкіректе сәуле, көңілде сенім жоқ, құр көзбен көрген» қараңғылық құрсауынан ақын, әлбетте, ең алдымен, қаракөз бауырларын арашалап алудан үмітті. Хакім Абайдың ұйқысын қашырған ұлы уайымы да туған елінің талайы тағдыры еді. Сондықтан ұлы даланың ұлы перзентінің бар мақсаты «…тіл ұстартып, өнер шашпақ,/ Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ»: «Көзінен басқа ойы жоқ,/ Адамның надан әуресі…/Наданның көңілін басып тұр/ Қараңғылық пердесі». Жаңа айтқанымыздай, ұлы ақынның негізгі нысанасы барша адам баласы мен оның надандығы.  Себебі, «Адам баласына адам баласының бәрі – дос» (отыз төртінші сөзден), әттең «Адам баласының ең жаманы – талапсыз…» (қырық төртінші сөзден).

Ал, қазақ сол адамзаттың бір тобы ғана, яғни барша адам баласына тән артықшылық қана емес, кемшілік те бізге де жат емес: «Қайғы шығар ілімнен,/ Ыза шығар білімнен. Қайғы мен ыза қысқан соң,/ Зар шығады тілімнен». Ақын айтпақшы, «…надан ел қуанбас нәрсеге қуанады һәм және қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды. Мұның бәрі – надандық, ақымақтықтың әсері (жиырма алтыншы сөзден, 2/111). Ұлы ақын өзінің жүрегін сыздатып, көңіліне түйген ойларын «бірін-бірі дос қөрсе» деп тілеген қарындастарына арнап, жандарына батыра айтқанымен, «сөз ұғарлық кісі» болса, ең алдымен, адамзат қоғамын басқан қараңғылыққа қапалы екеніне еш күмән жоқ. Ендеше, кеңес дәуірінен бері біздің санамызды улаған Абай «қазақты ащы мысқылдап, өлтіре сынайды» деген дауықпа сөзді, сәл ғана өзгертіп, «қазаққа емес, қараңғылыққа қапалы» десек, әділетті болмақ.    

Халқымыздың өткен жолында қан-қызыл империяның жымысқы саясатының сойқанды іздері сайрап жатыр. Кеңестік саясат қайран қазағымызды қанға бояп, қырып жою арқылы құлдық сананы орнықтыра отырып, тұтас ұлтты сауатсыз, надан деп көзтүрткі жасады. Диктатура, тіпті, Ұлы Абайдың туған еліне қарата айтып, барша Адам баласына арнаған сын, өсиет сөздерін қазақты өзге жұрттан төмендетіп көрсету мақсатына пайдаланып бақты.  Демек, тыңдар құлақ болса, ұлы ақын мұрасын, біріншіден, оның өзі бауырындай сүйген адамзатқа арналғанын, ал екіншіден, жалпы адам баласына тән кемшіліктерді туған қазағының бойынан көргендегі жан ашуы ретінде қабылдағанымыз  абзал.

Болат Жүнісбеков, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here