Солтүстік Корея неге америкалық студенттің өмірін ойран етті?

0
3394

Отто Уормбир – Солтүстік Кореяның (КХДР) түрмесінен туған еліне тірі өлік болып оралған америкалық студент. Өкінішке қарай, саяхатты жаны сүйген 22 жастағы жігіттің алаңсыз өмірін Ким Чен Ын режимі ойран етті. Тарқатып айтайық.

Ол өте дарынды болатын. Тіпті, америкалық басылымдардың кейінгі жарияланған мақалаларында оны «үлгілі америкалық» деп атаған. Қазақтың «ат жақсысы кермеде, ер жақсысы түрмеде» деген мәтелі осындайда айтылса керек. (Бұл темір торға тоғытылғандардың бәрі жігіттің сұлтаны деген сөз емес, әрине). Оқу орнында белсенді болған ол спорттың да түр-түрімен айналысатын. Алғашқы оқу жылын аяқтаған студент өзінің кезекті саяхатына 2015 жылы аттанады. Бағыт – солтүстігінде Қытай және Ресеймен шектесіп жатқан нағыз социалистік ел Солтүстік Корея. Вашингтон мен Пхеньян арасында дипломатиялық байланыс орнамағандықтан, АҚШ үкіметі КХДР территориясындағы азаматтарына қолдау көрсете алмайды. Сол себептен Америка өз тарапынан халыққа бұндай елдерден «аулақ болуды» ескерткен. Бірақ, 21 жастағы жалынды жігіт «қараңғы туризм» аталатын елдер тізіміне танатотуризммен (концлагерлер)  іліккен социалистік елге туристік топ құрамында аттанады. Қызықты басталған бұл саяхат жан түршігерлік оқиғамен аяқталатынын америкалық студент ол кезде сезген де жоқ.

АҚШ азаматы Солтүстік Корея астанасы Пхеньянға жеткен соң, туристерге арналған 47 қабатты қонақ үйге орналасады. Оттоға бәрінен қызығы – әр жерде ілінген үгіт плакаттары болды. Онда Солтүстік Корея зымыранының Ақ үйге шабуылы бейнеленген. Отто қонақ үйдегі осындай плакаттардың бірін ұрлады деген айыппен қамауға алынып, 15 жылға бас бостандығынан айырылып, қатаң түрдегі мәжбүрлі еңбекке жегілу жазасына ұшырайды. Уақытында саяси келісімнің болмауынан әрекетке көше алмаған АҚШ үкіметі Солтүстік Кореямен Швеция арқылы ғана байланыс жасай алды. Солтүстік Корея әскері тұтқынды бір жыл бойы жасырын ұстаған. АҚШ дипломаттары қыркүйек айында Пхеньянға ұшып келгенімен, келісімшарт жасасу да, Оттоны көру де мүмкін болмаған.

Оттоның алғашқы соты 2016 жылы болып, отырыс бір-ақ сағатқа созылған. Одан кейін оны ешкімге көрсетпеген. Оттоның сот барысында өз қателігін мойындап, кешірім сұраған бейнежазбасы жер-жерге тарады. Бұл жазбаны Отто Уормбирдің ата-анасы Фред пен Синди Уормбирлер теледидардан көрді. Бұл олардың баласын «тірі» күйінде соңғы рет көруі еді…

2017 жыл. АҚШ үкіметінің жаңа президенті Трамп мәселеге тікелей араласып, дәл осы жылы Отто бостандыққа шығып, еліне оралды. Бірақ, америкалық білікті дәрігерлердің өзі Оттоның өмірін сақтап қалуға қауқарсыз болды. Солтүстік Кореяға турист ретінде өз аяғымен кеткен  Отто Уормбирдің араға 1,5 жыл салып елге оралғандағы күйі Ш.Айтматов шығармасындағы мәңгүртті еске түсіретін. Журналистер «былайынша, дені сау адамға ұқсайды, бірақ ақыл-естен айырылған, көзі ашық болғанымен, ештеңені көрмейтін» деп жарыса жазды. Цинциннати университеті маңындағы клиника дәрігерлерінің болжамынша, жігіттің бұндай жағдайға түскеніне жылдан астам уақыт болған, «өте ауыр психологиялық жарақат алған». Ал, КХДР мамандары жағдайды ұйықтататын дәріден болған ботулизм ауруы деп түсіндірді. Оттоға еш нәрсе көмектесе алмады. Отанына оралғанына 4 күн өткен соң Отто Уормбир қайтыс болды.

Болған оқиға жайында тілшілер түрлі болжамдарды жарыса жазып жатты. Дегенмен, айдаудағы 18 айда нақты не болғандығын ешкім білмейді. Бұл не де болса америкалық туристің ішінде айтылмай кеткен ақиқат болып қала берері сөзсіз.

Орта есеппен жыл сайын Солтүстік Кореяға 1000-ға жуық америкалық турист барады. 2017 жылы АҚШ билігі америкалық туристердің Солтүстік Кореяға баруына тыйым салды.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here