Бір доллар 1993 жылы 4,7 теңге болса, қазір 428 теңге

0
7860

Төл теңге алғаш айналымға түскен 1993 жылы қараша айында АҚШ долларының бағамы 4,7 теңге болса, айналдырған 27 жылдың ішінде бұл көрсеткіш еселеп артып, бүгінде 428 теңгеге жетті. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгінгі санында төл теңгенің құлдырау тарихына тоқталады.

Жоғарыда айтқанымыздай, теңге алғаш айналымға түскен 1993 жылы қарашада бір АҚШ долларының бағамы 4,7 теңге болып белгіленген еді. Дегенмен, айналдырған 1,5 айдың ішінде ұлттық валюта шамамен 12 есеге құнсызданып, 1994 жылдың қаңтарында бір доллардың бағасы 54 теңгеден асты. Бұдан кейінгі төрт жыл бойы теңге баяу, бірақ әлсін-әлсін құнсызданып, 1998 жылы долларға шаққандағы бағамы 84 теңгеге жетті.

Шын мәнісінде девальвацияның зардабы қандай болатынын қазақстандықтар 1999 жылы сәуірде білді. Теңге бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 64,6 пайызға құнсызданып, бір долларға шаққандағы құны 84 теңгеден 138 теңгеге бір-ақ «секірді». Бұдан кейін теңгенің арзандау қарқыны бәсең жүріп, 2002 жылы бір АҚШ долларының бағасы 156 теңгеге таяп барып тоқтады.

2003 жылдан бастап Қазақстанда теңгенің құны артып, доллар арзандай бастады. 2007 жылы доллардың құны 120 теңгеге дейін түсті. 2007 жылдың соңына қарай әлемдік қаржы дағдарысы әсерінен теңгеге қауіп төне бастаған тұста Ұлттық банк қордағы валютаны сатып, теңгенің құнын түсірмей сақтап қалды.

2008 жылы көмірсутегі шикізаттарының әлемдік нарықтағы бағасы артып, соның арқасында ұлттық валютаның құны тұрақты болып тұрды. Осы жылдың соңында шикізат бағасы арзандап, теңгеге қауіп төнген кезде Ұлттық банк тағы да валюта қорындағы ақшаны жұмсап, теңгенің бір долларға шаққандағы бағамын 120 теңгенің айналасында «ұстап қалды».

2009 жылы 4 ақпанда Ұлттық банк доллардың бағамын 117-123 теңге шегінде (+/-2%) ұстап тұрудан бас тартып, девальвация    жасады. Ұлттық банк девальвация себебін мұнай бағасының төмендеуімен, Қазақстанның сауда-саттық әріптестері саналатын елдердегі ұлттық валюталардың құнсыздануымен түсіндірді. Сол жылы теңге 25 пайызға құнсызданып, доллар құны 150 теңге көлемінде бекітілді.

Араға бес жыл салып, 2014 жылы «қаралы ақпан» келді. Сол кезде Ұлттық банк теңге бағамын алдыңғы деңгейде ұстап тұрудан бас тартты да, доллар 185 теңгеге қымбаттады. Бұл нағыз ажиотаж туғызды. Қазақстандықтар жаппай валюта сатып ала бастады, көптеген айырбас пункттері жабылып қалды. Осыдан кейін «девальвация тағы болады және кейбір банктер банкротқа ұшырайды» деген қауесеттер тарай бастады. Сөйтіп, қиын жағдай туды, халық қауесет таратушылар мен «елде бәрі жақсы және тұрақты болады, қорқатын ештеңе жоқ» деп сендірген биліктің қайсысына сенерін білмеді. 2014 жылы соңғыларының айтқаны дұрыс болды.

2015 жылы 19 тамызда Қазақстанда бір АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы 189 теңгеден 198 теңгеге көтерілді. Бұл – теңге тарихындағы алтыншы девальвация еді. Сол күннің ертеңінде Қазақстан Үкіметі ұлттық валюта бағамын еркіне жіберетінін мәлімдеген соң теңге шамамен 30 пайызға құнсызданып, ақша айырбастайтын орындарда бір АҚШ долларының бағасы орташа есеппен 255 теңгеге дейін қымбаттады. «Қаралы тамыздан» кейін елдегі доллар ертегі желісіндегі ай санап емес, күн санап өсетін толағайдай өсті. Айталық, бір АҚШ долларының бағамы сол жылы қыркүйекте 282 теңге, ал желтоқсанда 325 теңге болды. Осылайша, бір жыл ішінде төл теңге парқын да, нарқын да жоғалтты.

2015 жылы сол кездегі ҚР Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов қызметінен кетіп, оның орнына Данияр Ақышев келді. Дегенмен, Келімбетовпен бірге кеткен теңгенің дәурені Ақышевтің келуімен де, қазіргі Досаевтың тұсында да қайтып оралмады. Өздеріңіз көріп жүргендей, АҚШ долларының бағамы бүгінде 428 теңгені құрайды.

Иә, халық осыншама валюталық «секірістердің» санынан жаңылып, қайсысы девальвация, қайсысы валюталық «толқулар» екенін ажыратудан қалды.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here