Журналистің жол жазбасы: Бабалары бір аунап жатқан болар

0
3047

Ұлы Абайдың тұстасы, замандасы, аузы дуалы, сөзі уәлі, кезінде би, болыс болған Бегеш шешенді біздің өңірдегі бізбен тұрғыластардың білмейтіндері кем де кем шығар. Өйткені, Бегеш жайлы заманымыздың заңғар жазушысы, әдебиетіміздің алыбы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың әйгілі «Абай жолы» эпопеясында айтылады. Ұлы ақын Абай «Керейдің есіп тұрған қызыл желі» деп Бегешке ерекше баға берген, қадірлеп, құрметтеген. Сол Бегеш Сабанұлы бабамыз 1834 жылы бұрынғы Дағанды болысы, одан  Семей облысының кезінде «Горный» совхозы атанған, қазіргі кезде Аягөз ауданының Байқошқар ауылдық округына қарасты жерде, Бақанас өзенінің бойында туып, 1911 жылы қайтыс болыпты. Шын мәнінде, «Қызыл жел» десе дегендей табан асты айтылатын тапқыр да ұтқыр сөздердің иесі, бойында елден ерек киесі бар өз заманының өрен жүйрігі Бегешті сөз қадірін білетін әр қазақ ерекше қастерлеп, құрметтеген. Сол Бегеш бабамыздың мәңгілік тыныстап жатқан жеріне тұрғызылған кесененің басына ескерткіш тақта орнатылады екен дегенді естігеннен кейін жайланып жата алмадық. Жол алыс, жер шалғай болса да, жан-жақтан келетін Бегештей ел ардағының ұрпақтарымен жүздесіп, олардың шашбауын көтеріп, игі іс-шараларына ат салысып, басы-қастарында болып, арнайы түсірілетін қатымына қатынасып, дұғада болып қайтқанды жөн көрдік.

Осы оймен Аягөзден ертелете аттанған біздер Шұбартауды бетке алып жолға шыққан едік. Біз мінген «Хайландер» деп аталатын күншығыс елінің жүйрік көлігі жер апшысын қуыра зырлап келеді. Соңғы бір жылдың жүзінде бұл жаққа ат ізін салмаған мен жолдың әжептәуір жамалып-жасқалып болса да ойлы-шұңқырлары тегістеліп, жөнделіп қалғанын көріп отырмын. Табаны тақтайдай болмаса да, бұған да тәуба деуге болады. Әсіресе, Қосағаш пен Боршатастың («Жатқан соң кескен еттей боршаланып,\ «Боршатас» атап еді барша халық» деп айтыстың ақтанкері Қалихан Алтынбаев ағамыз жырына қосқандай бұл ауылдың шын мәніндегі атауы ешқандай мағына бермейтін Баршатас емес, қазақтың кәдімгі ұғынықты сөзі Боршатас. Оған, міне, осы Баршатас сөзінің еш мағына бермейтіндігі бір дәлел болса, екінші дәлел қызыл өкіметтің кезіндегі билеушілердің ыңғайына қарай осылай аталып кеткендігі айғақсыз-ақ аңғарылып тұр емес пе?) екі ортасы жақсы жөнделгені көрініп тұр. Әрине, Шұбартаудың атақ-даңқы алысқа кеткен кездеріндегі  жолдың жағдайын еске алсақ салыстыруға келмес. Оған жету үшін әлі де көп жұмыстар жасалуы керек болар. Ел іргесі аман болса, оған да жететін жақсы күндерді көретін болармыз.

Осы ойымды тап басқандай қасымда отырған аудандық білім бөлімінің бастығы Нұрғали Тілекқалиұлы Әзімбаев бауырымыз көтеріңкі көңіл күймен бізге қарата былай деді:

– Ақа, көріп келесіз, ауылыңыздың жолы біршама жөнделіп қалды. Амандық болса алдағы екі-үш жылдың көлемінде бұл жолға да жөндеу жұмысы басталатын болады.

– Білемін, 2023 жылға қарай жөндеу жұмысы басталатындығын естіген

болатынмын, – дедім мен ауданның жаңа әкімі Сейілбек Әбиұрұлы Искаков мырзамен арадағы әңгімені есіме алып.

Иншалла, солай болғай. Бұл жол жөнделсе біздің еліміздің ертеңіне тағы бір жарқын жол ашылары сөзсіз. Өйткені, бір кездегі осы өңірден өткен Жібек жолының жаңа бір жүлгесі іске қосылады. Нұр-Сұлтан қаласымен ең төте жол арқылы тіке қатынасуына мүмкіндік туады. Осы жолдың бойындағы Аягөз өңірінің қаншама ауылдары оның игілігін көреді. Әсіресе, Шұбартау өңіріндегі жол бойына тақау орналасқан Айғыз, Өркен, Көксала, Бидайық, Емелтау, Мәдениет, Қосағаш, Боршатас, Байқошқар, Қорық ауылдарының өмірі жайнап, өңірі құлпыра өзгеріп, Ақбастау, Тасқора, Шарық, Мұзбел, Жорға, Мейізек сынды сырын сыртына шығармай бүгіп жатқан қаншама кен орындарының жұмысы қарқын алып, жақсы жолға қойылар еді.

Осындай ой жетегінде отырып Боршатасқа да келіп қалыппыз. Менің балалығым, жастығым өткен, жар құшып, бала сүйген, қыл-қысқасы мен үшін алабөтен ыстық мекен ғой бұл. Неге екенін білмеймін осы ауылға келгенде көңілім су сепкендей басылып, құлазып сала беретіні бар. Себебі, не дейсіздер ғой. Айналамнан кезінде біліктілігімен осынау шалғайда жатқан өңір Шұбартаудың атын бүкіл Одаққа танытқан Шаймағамбет Оразбекұлы Мақашевтай іскер басшы бастаған ел азаматтарының ерлік қолтаңбаларын іздеймін. Бәрі көрген түстей. Бір кездегі болған жетістіктер болмағандай. Ауылдың жүдеп-жадаған жұтаң көркі көңілді түсірмей қайтсін! Болар іс болды. Елдің еңсесін тіктейтін жақсы күндер тезірек келсінші енді. Атқа мінген азаматтар соны тездетіп жақындатсын деген ой жүректі тербейді.

Боршатастың оңтүстігінен солтүстігіне қарай ащы ішектей созылып жатқан орталық көшелердің бірімен ауыл шетіне шыға бергенде кескен еттей боршаланып жатқан қызғылт, бозғылт, сұрғұлт тастарға қарап қойып сөз бастаған жүргізуші Ермек бауырымыз осы өңірдің тастарына жабысып өскен бетеге мен қара жусан, көкпек пен қыналарды талғажау қылып, жайқала семіріп, жақсы қоң жинаған малдардың семіздігіне көз тастап, басын таң қала шайқап қойды.

– Мен осы өңірдің шөбінің құнарлылығына қайран қаламын, – деді ол ойда жоқта бір тың әңгімені бастап. – Шын айтамын, шөбі аяғыңа оралып жататын кейбір жерлерден осы араның тасына тарбиып, жабыса өскен шөбіне жайылған мал ерекше семіз. Иә, байқап қараңыздаршы өздеріңіз. Бағанадан ыңыршағы шыққан бір сиырын, өлі жүні түспеген бір қойын, арқасы қырдай, қабырғасы көрініп, тыртыиып тұрған бір жылқысын көрдіңіздер ме? Жоқ. Ендеше бұл бір құт дарыған жер екендігінде дау жоқ қой.

– Өйткені, бұл жер жон ғой бауырым. Қазақ мұндай жердің шөбі бір жұлса да малға жұғымды екендігін баяғыда-ақ білген. Ал, енді ойдың шөбі нәрі аз, көк жасық келеді дейтіні сондықтан, – деймін мен ескілерден естіген есті сөздерді есіме алып.

Сөйткенше болған жоқ біз мінген машина Бегеш шешен жатқан жердің қырқасына көтеріліп, ойға қарай құлдилады. Сонадайдан байқадық. Шоқ талдың арғы жағындағы Бегеш бабамыздың кесенесінің басы қараң-құраң адамдар. Шалғай Аягөзден ертелете шығып біз жеткенше иек астындағы Байқошқар мен Боршатастың, одан арғы Қосағаш пен Мәдениеттің біраз адамдары мұнда келіп те алыпты. Мұндайда тез құруға ыңғайлы көк шатыр да тігіліп, тіршіліктің қам-қаракеті әлдеқашан басталып кетіпті. Адамдармен амандық-саулық сұрасқан соң Байқошқардың азаматтарын бастап келген Есенкелді ағамыз мұндайда «Жас келсе іске деген» деп жалынды жас жігіттерді жұмысқа жұмылдырды да өзі әңгіме тізгінін қолға алды. Оның қасындағы өкшелесі Қуаныш Айтбаев екеуі бала күнінен осы өңірден табан аудармағандығын, бұл өңірдің кешесі мен бүгінінің тірі куәгерлері екендігін тілге тиек еткен Есен ағамыздың әсерлі әңгімесі мен жастардың жалынды қимылы сол күні өзгеше мінез танытқан күздің қара суығын да ұмыттырып жіберді.

Осы аралықта біздің бұл топқа ақшыл джип мінген тағы да бір топ бейтаныс адамдар келіп қосылды. Олар Бегеш бабамыздың ұрпағы, сонау түстіктегі Тараз қаласынан осы шараға арнайы келген Бақтыбек Әуленұлы Бегешов бауырымыз бастаған, оның құдасы аягөздік азамат Нұрлан Маткәрімұлы Әділбеков қостаған олардың үрім-бұтақтары болып шықты.

Олардан ілгерінді-кейінді келген Аягөз қаласындағы №10 гимназияның директоры Абай Таласұлы Әуленов, Бегештің неменелері Аягөз қаласындағы темір жол желісінің темір жолшысы Әскербек Таласұлы Әуленов, Семей қаласындағы Хоум кредит банкінің қызметкері Жалғас Манасұлы Бегешов, Бегештің жиеншары, Аягөз қаласындағы техникалық қауіпсіздік мекемесінің жауапты қызметкері Ғалым Әлібекұлы Сәрсембаев, осы әулетке күйеу бала, Семей қаласында жеке кәсіпкер болып істейтін Болат Амангелдіұлы Құрманов, Абай Таласұлының бажасы, осы жолғы игілікті іске ерен еңбегі сіңген Нұрлан Мәткәрімұлы Әділбеков, Аягөз өңіріндегі орта мектеп директорлары Дархан Дәулетбекұлы Еркімбаев, Мұхит Санақұлы Ғайсин, Рақым Қабдулмаратұлы Ахметов, Сәрсембай Нығыметжанұлы Теңізбаев сынды азаматтар бар.

Олармен амандасып, сәлемдескенше бағанағы біз келген тас жолмен тағы бір көгілдір нива мен ақ волга бізге қарай бұрылған. Олар есімі осы Шұбартау өңіріне ғана емес, Ертістің Семей өңіріне кеңінен танымал нағыз ауылдың академигі дейтіндей білгір қариялардың бірі, осы өңірдің арғы-бергі тарихын хатқа түсіруші, шежіреші Нәстілек Сәменбетов ағамыздың тобы болып шықты. Нәстілек ағамызбен бірге келген ол азаматтар бүгінде Малкелді ауылдық округы аталып отырған Қорық ауылынан осы шараға арнайы жолға шыққан елдің белді азаматтарының бірі Секен Мажрин, кезінде Алғабас өңірінің атын шығарып, атағын аспандатуға үлес қосқан үлкен бір әулеттің ұланы Манарбек Бірталаев, кезінде аудан, аймақ көлеміндегі не бір айтулы жарыстарда боз кілемнің шаңын қаққан мықты палуандардың бірі Төлеуғали Тілекқалиұлы, бүгінгінің байы атанған мың жылқы айдаған жас азамат Бауыржан Болысбаев, Өкен Нұрғалиевтай есімін ел білетін ағамыздың баласы Марат Нұрғалиев, Бегеш шешеннің аталас туысы, темірден түйін түйетін ерен шебер Есжан Мамырбаевтар екен.

Нәстілек ағамыз келісімен «Кемеші келсе қайықшы судан шығады» дегендей, Есенкелді ағамыз сөз тізгінін Нәстілек ағамызға беріп, енді өзі тыңдаушылардың қатарына қосылды.

– Абай атамыздың тұстасы Бегеш бабамыз артына өлмейтұғын сөз қалдырған, халық арасында қадірлі, от ауызды, орақ тілді асқан шешен адам болған, – деп бастады әңгімесін Нәсағамыз. – Оның шешендік сөздері өз кезінде ел арасында кең тарап, көп айтылатын. Кейін келе Бегешті білетін көне көз қарттар азайып, көңілдегі көрікті ойлар көмескілене берді. Міне, осыдан барып «Бегеш айтты» деген аталы сөздер ұмыт болып, ел жадынан шыға бастады. Шүкір, енді қазір еліміз тәуелсіздік алып, еңсеміз тіктеліп, өткенімізге ой жүгіртіп жатқан жайымыз бар. Басқаша айтқанда, өткен тарихымызға үңіліп, тарих шаңынан тазартып, ұрпақ назарына ұсынып, рухани жаңғыруға ат салысып жатырмыз деуге болады. Соның бір дәлелі мына Бегеш бабамыздың басының көтерілуі, ұрпақтарының белгі тас қоюы, бүгін ескерткіш тақта орнатылып жатуы. Бір кездері бабаларға осындай құрмет көрсету былай тұрсын, атын атаудың өзі мұң болған замандар болғандығы белгілі!.. Ал енді мына Бегеш бабамыздың руы он екі Абақ керейдің ішінде Жастабан. Оның ішінде Бегімбет, Бекназар, Қожакелді, Жанбай, Ноқат табынан. Одан Ерен, Сабан екі ағайынды. Сабаннан Бегеш туады. Бегештің балалары Сүгір, Еркімбай, Барбосын, Ербосын. Сүгірден ұрпақ жоқ. Еркімбайдан Молдақаш (Молдахмет), Боқан (Барбосын), Әулен (Әбдеқаш) туады. Молдақаштан Бердеш тауды. Барбосыннан қыз бала Жәкен туған. Әйелі Орынжан Барболсын қайтыс болғаннан кейін, қайнысы Әуленге тұрмысқа шыққан. Екеуінен Талас, Манас атты екі ұл туады. Аумалы-төкпелі замандарда елден кеткен Орынжан анамыз Әулен әкемізбен Қырғызстанда тұрып, заман түзелген тұста екі ұлымен Қазақстанға, Аягөз өңіріне келеді. Ал, Әулен ақылды Орынжан анамыздың ұйғарымымен сол бұрынғы тұрған жерінде қырғыз қызына үйленіп, балалы-шағалы болған. Елге балаларын аман-есен жеткізген Орынжан анамыз ұзақ жасап, 1980 жылы қайтыс болады. Әуленнің қырғыз әйелі Кенжеханнан Стал және Құмабек, Бақтыбек деген екі егіз ұл, Ақжібек, Талжібек, Бота, Алтын атты төрт қыз туады. Мына бүгінгі бас қосуға сонау бір қиырдан келіп отырған Бақтыбек бауырымыз сол өскен әулеттің, Бегеш бабамыздың ұрпағы. 

«Осы өңірдегі ел өткенін ұмытпасын» деп бағына туғандай тарихшы, шежіреші ағамыз Нәстілек Сәменбетов көтеріңкі көңіл күймен көсіле сөйлесін. Бегеш шешен өңі қызыл шырайлы, аласа бойлы аса шапшаң да қағылез адам болыпты. Осы тұста өзгені білмеймін менің көз алдыма ықшам денелі, сөзге ұста, жел сөзге жақындығы, тәп-тәуір ақындығы бар Мелия Божанов ағам елестеп кетті. Сөзге шешен бір адам болса Мелиядай болсын деп ойладым. Ал, Нәстілек ағатайым болса «Әй, Абайжан бері қарашы», – Бегештің шөбересі Абай Әуленұлын жанына шақырып алып, «Міне, шамасы Бегеш аталарың осы Абайдай болған болса керек» деп жымиып қойды.

Бегеш Сабанұлы 1911 жылы өзінің кіндік қаны тамып, кірін жуған жерінде қайтыс болған. Кесенесінің басына кейінде, 1986 жылы қойылған мына тасты кезінде осы өңірде, Талдықорған облысында қызмет істеген, қазір Алматы қаласында тұратын жоғары білімді, білікті дәрігер Жайық Мүсіров өз қаражатына жасатып, Талдықорған өңіріне танымал қаламгер ағамыз Өкітай Ахметов екеуі елге жеткізген.

Бастапқыда бұл ескерткіш тасты орнатушылар Бегештің кесенесімен қатарлас бір өзектің бойында, шоқ талды бір бұлақтың екі жағында тұрған екі зиратты шатастырып Қасқай деген кісінің басына қойған ғой. Себебі, екі зираттың да сырт пішіні бірдей. Екеуінде де мынау Бегештікі, анау Қасқайдыкі деген ешқандай белгі болмаған ғой. Содан да шатастырған болса керек. Қасқай да Қожакелді, Манабай табынан, Бегештің аталас туысы. Артынша көп өтпей бәрі де дұрысталды.

Ол кезде Бегеш зиратының бір қабырғасы құлаған қалпы жатқан болатын. Шыққан тегі Бегеш ауылынан болып келетін Түсіпқызы Кәмен апайымыздың айтуынша, зираттың бір қабырғасының ішкі іргесіне 1930-40 жылдарда қайтыс болған баба ұрпақтарының бірін қою үшін қолдан құлатылып, артынан кеңейтіліп қайта қаланбақшы болған. Бірақ, алмағайып жылдардағы қиыншылық оған мұрсат бермеген. Ол туралы Кәмен апайымыздың жолдасы, еті тірі Елекенов Сапарғали ақсақалдың аузынан да талай мәрте естігеніміз бар.

Бегеш бабамыздың туған жылын «1834 жыл», қайтыс болған жылы «1911 жыл» деп жыл қайыра отырып нақтылаған есімі елге белгілі Еңбек Ері ағамыз Рыздықбай Тілеуберлин ақсақал айтқан еді. Бегештің көзін көрген, келбеті, түр-тұлғасы қандай адам болғандығын айтып отыратын менің анам Бишан Ошманова да оны растайтын. Оның үстіне Рыздықбай ақсақалдың атасы, батыр тұлғалы әйгілі Тышқанбай би Бегештің бірге жүріп, бірге тұрған, талай дау-шарды бірге шешкен замандасы. Ол кісінің аты да Мұхтар Әуезов жазған «Абай жолы» эпопеясында аталады. Тағы бір дәлел тап сол Бегеш бабамыз қайтыс болған 1911 жылы бүкіл Сарыарқада тігерге тұяқ қалмаған атақты «Көк доңыз» деп аталған жұт болыпты.

Тап осылай көзі көргенін ғана емес, оқығанын, тіпті бір рет естігенін ешқашан ұмытпай есінде сақтай білетін Нәстілек ағамыз Бегеш бабасы жайлы сол күні көсіле әңгімеледі. Мәйекті сөздің майталманы Нәсаға тіпті кесене басындағы келешек ұрпаққа өнеге болар игілікті іс аяқталып, ондағы адамдар шоқ талдың түбіндегі көк майсаға тігілген көк шатырдың астында алқақотан отыруға арналып «п» әрпі тектес қойылған қатым үстелінің басына  отырғаннан кейінде бір сәтке толастаған жоқ. Бұл кезде Нәкеңнің әңгімесі бірыңғай Бегеш бабамыздың шешендігін баяндайтын тағылымдық тақырыпқа ойысқан-ды. Атадан қалған асыл сөзді Нәкең Абай бабамыздың өз үйінде отырып, замандасы Бегешке «Дауасыз не, арзан не, қымбат не» деп қойған сауалынан бастады. Сонда Бегеш бабамыз: «Дауасыз – кәрілік, арзан – өтірік, қымбат – шындық», – деп жауап берген. Сонда Абай атамыз «Енді сендей Бекназар, Қосайдан ұл туа ма», – деп риза болған екен. Нәстілек аға ол Абай Құнанбаевтың 1961 жылы жарық көрген толық жинағының 20-бетінде жарияланғандығына дейін тап басып айтып тыңдап отырғандарды таң қалдырды.

– Бегеш пен Абай замандасының арасындағы мұндай шешендік сөздер біздің елдің үлкендерінің арасында өте көп, – деп сөзін жалғады одан әрі Нәсаға. – Бірде Бегеш бабамыз жанындағы жолдастарымен жайлаудағы Абай ауылына келіп түседі. Бегештер есіктен кірген бетте Абай: «Бегеш заманда заман болады, қарағай басын шортан шалады деген не сөз?» – деп сауал тастайды. Сонда Бегеш: «Абайжан, бұл сұрағыңа мына жас ақын жауап берсін», – деп жанындағы Уәйісті нұсқаған екен. Сонда қолындағы қызыл қарағайдан жасалған үкілі домбырасын қағып-қағып жіберіп Уәйіс ақын әндете былай деген екен:

«Заманда заман бола алмас,

Қарағайды шортан шала алмас.

Заман ақыр болса егер,

Құнанбайдың баласы,

Шақпақты жайлап қона алмас», – деп жиендікпен желпіне жырлаған екен.

Сонда Абай атамыз «Ой, тіліңе шоқ түссін. Мына жас жігіттің аузына сөз салып тұрған сенсің ғой Бегеш», – деп қонақтарын төрге шығарыпты. Бұл сөздерді халық ақыны Кәкім Оңдасынов ақсақалдың аузынан естіп, қағазға түсірдім.

Тағы бірде тобықтының игі жақсыларымен әңгіме-дүкен құрып отырған Абайға қасындағылары «Абай аға, керейдің бір жұдырықтай шалы Бегеш келсе бізді елеп-ескермей, бар ынтаңыз сол кісінің сөзіне ауып кететіні несі?» – деп өкпелегендей, қызғанғандай сұрақ қойыпты. Сөйтіп отырғанда алдарына ас келіп, енді ет турала бергенде Абай табақтас отырған руластарына «Астың алды не, арты не?» деген сұрақ қояды. Сонда отырғандардың бірі «Астың алды – бас, арты – жамбас» десе, енді бірі «Алды – туралған ет, арты – сорпа», – деп түрлі жорамал жауап айтады.

Осы кезде ауылға «Бегеш келіп түсіп жатыр» деген хабар Абайдың  үйіне де жетеді. Іле-шала «Ассалаумағалайкум» деп кіріп келген Бегешке сәлемін алып оң жағынан орын берген Абай: «Бәке, осы астың алды не, арты не?» – деп сұрақ қояды. Сонда Бегеш: «Ой, Абайжан, соны да білмейсің бе? Астың алды – біссімілла, арты –аллаһауакпар емес пе», – деп жауап берген екен. Риза болған Абай: «Тобықтының өңшең шулағандары, сұрағаныма бірің дұрыс жауабын бермедіңдер, сөйте отыра Бегешті менен қызғанасыңдар. Бегеш далада есіп тұрған қызыл жел емес пе, уыстасаңдар да ұстай алмайсыңдар», – депті. Бұл сөзді Камал Тәттімбетов ағамыздан естіген едім.

Бірде сәлем беріп үйге кіріп келе жатқан Бегешке Абай: «Аяғың сиырдың боғы ғой, сүртіп кірмейсің бе», – деп аттан түскенде абайсызда етігін былғап алғандығын бетіне басып, сөзден сүріндірмекші болады. Сонда Бегеш шешен босағадағы етікке аяғын сүртіп-сүртіп жіберіп: «Абайжан, дүние деген боқ емес пе, боқты боқпен таптау керек», – деп Абай үйінің халы кілемін адымдай басып төрге озған екен. Бұл сөзді домбыра тартып, ән айтпайтын бір күні болмайтын Сіләм Әубәкіров ақсақалдың айтқанынан жазып алып едім.

Жалпы Бегеш шешен өз елі мен руының намысын үлкен жиындарда табанды әрі әділ қорғай білген адам. Оған «Абай жолы» эпопеясының «Тарауда» деп аталатын бөліміндегі Абай төбе би болған Балқыбек бойында өткен сияздағы Салиха қыздың дауы нақты дәлел. Найман руынан Жұмахан, Барақ төре, Тәңірберді, Керейден Тойсары, Бегеш, Тышқанбай билер тізгінін ұстаған руаралық тартыс бірқыдыру уақытты алатын ұзақ әңгіме. Онымен Абай жолын оқыған әр қазақ жақсы таныс. Сондықтан оны қайталап айтып жатудың қажеттігі жоқ шығар.

Енді Алматыдағы «Жазушы» баспасынан 1989 жылы шыққан «Ел аузынан» деп аталатын шешендік сөздер атты кітапта (құрастырушылары Балтабай Адамбаев, Төлеухан Жарқымбаева) Бегеш шешен жайлы жазылған мынадай дерек бар.

Бес болыс тобықтының белді, айтулы адамдары Абайдың алдында түйіні қиын бір дауды шешкен кезде орталарында Бегеш шешен де бар екен. Абайдың ұйғарымымен дау Бегештің сөзіне тоқтайды. Бегеш кеткен соң беделді ел жуандары:

– Абай сенің бізге істемегенің қалмады. Бес болыс тобықтыны бір болыс керейге билеттің. Осының жөн бе? – деп өздерінің наразылықтарын білдіріпті. Сонда кемеңгер Абай:

– Сендердің сөздерің Бегештікіндей негізді, шешімді болып, жүйесін тауып тұрса, мен Бегештің сөзін алып не қылайын?! Сен бесеуің Бегеш боламын десеңдер осы қазір атқа қоныңдар да анау керей жақтағы жонның үстіне шығып, бесеуің маған бес уыс жел ұстап әкеліп беріңдер, – депті сынай қарап.

– Абай-ау, жел ұстатушы ма еді? Мұны қандай қыр, нендей сырмен айтып отырсың?! – деп шуласыпты. Сонда Абай:

– Ендеше, Бегеш сол есіп тұрған қызыл жел емес пе? Жел ұстата ма? Сендер Бегеш бола алмайсыңдар! – деген екен.

– Абай мен Бегеш дос-жар, ниеттес адамдар болған. Бір-бірімен қатты сыйласқан. Бірде Абай тобықты ішінде өтетін бір дүбірлі тойға жаратып қоспақшы болып, керейдің басты адамдары Тышқанбай мен Бегешке Қожагелді Жүзбай дегеннің «Керкекіл», «Қара қасқа» дейтін атақты бәйге аттарын сұратып, сәлем жолдап, кісі жібереді. Елдің ескі салты бойынша бәйгеге ат шапқанда аруақ шақырылып, ұрандап шабатын. Соны ойлаған Тышқанбай би мен Бегеш шешен:

– Біз ат бермейді екенбіз, аруақ береді екенбіз, – деп келген кісіні құр қол қайтарады. Осыған байланысты «Абай, Тышқанбай мен Бегешке қатты өкпелі екен» дегендей қаңқу сөз халық арасына таралып кетсе керек. Арада біраз уақыт өткенде Бегеш Абайдың ауылына барады. Амандық-саулықтан соң Абай Бегештен:

– Еліңде не жаңалық бар? – деп сұрайды. Бегеш:

– Ал, Бер деген екі ағайынды кісі бар еді. Соның Алы өліп, Бері тірі қалып біздің ел қатты қайғыруда, – деп астарлай сөйлеп, жауап қайтарады.

– Е, ол елдің өсегі ғой. Соған шын өкпелеп жүр дейсің бе?! – депті сонда Абай.

Бұл әңгімені Тышқанбай бидің ұрпағы, Социалистік Еңбек Ері  Рыздықбай Тілеуберлин ағамыздан естіген едім.

Ұлы жүз Қоңыр төре деген адам қайтыс болғанда оның жоқтауында Бегеш туралы айтылған екен:

«Городетте оязбен кездескен,

Жоқ еді ешкім теңескен.

Дастарханнан дәм ішіп,

Әзілдесіп сырласқан,

Арқадағы Бегешпен».

Қоңыр төреде өз заманындағы белгілі адам болса керек. Оның жоқтауында Бегештің аты аталуы оның атағы ұлы жүзге дейін жайылғандығын көрсетеді.

Абай қатты науқастанып, ажал аузында жатқанда Бегеш досы көңілін сұрай барып:

– Ассалаумағалайкум, Абайжан!

Сөзіңе таңырқаған талай жан.

Булығып сөйлей алмай жатырмысың,

Алла қонағында не хал?

Әй сабазым, Бегешіңе сөз қатпасаң,

Көңілден өле-өлгенше кетпес арман, – депті. Сонда Абай басын көтеріп:

– Аз ғана ауыл керейден асып туған сен бір ер,

Сен кеткен соң керейге сен сияқты кім келер?

Жүгім ауыр болған соң,

Көтере алмай жатыр ем,

Келдің ғой, Бегеш, көрдің ғой,

Сен кеткенше жеңілдер, – деп бір сәт көңілі көтеріліп, жаны жадырағандай күйге түсіпті.

Осыдан кейін Нәстілек ағамыз бағанадан бері сілтідей тынып тыңдап отырған жұрттың назарын өзіне аударып:

– Осының бәрін мен сендерге айтқанда осы жерде қалсын деп айтпаймын. Сендерден ел ертеңдері жас өскін ұрпақ естіп, ұқсын деп айтам. Иә, бүгін менің сендерге айтқанымды ертең сендерден өзгелер естісін. Сөйтіп, бабалар тарихы құлақтарға құйылып, жүректерге сіңісті болсын. Саналарға мықтап орнықсын. Солай, жас ұрпақтың қандарында бабаларынан қалған мысқалдай қасиет болса, олар ертең елін, жерін сүйетін азамат болып өсетін болады.

Шежіреге келгенде шешіліп сала беретін ағамыз ежелгі дағдысы бойынша осылай ағылып, төгіліп барып әрең тізгін тартты. Одан ары Бегеш бабамызға құран хатым түсіріліп, дұға жасалды. Бұдан соң алыстан келген азаматтар бабаларының кесенесінің басына қойылған ескерткіш тақта алдында топтасып және кезектесіп суретке түсті.  Онда «Бегеш – есіп тұрған Даланың қызыл желі. Оны қазақтың қара сөзінен ешкім ұстай алмайды» деген кемеңгер Абайдың керемет мақтау сөзі және Абайдың шәкірті Уәйіс ақынның «Дүние толқын болса да,\ Өлкелі көл суалмас.\ Қожакелді қайта жаралса да,\ Енді Бегеш туа алмас!» деген жоқтау өлеңі жазылған.

Міне, осынау кесене басындағы ең соңғы рәсімнен кейін алыс-жақыннан келген барлық азаматтар атқа қонып, енді жаз жайлаудағы Бегештің бұлағын бетке алып, жолға шықты. Байқошқар ауылының үстімен өтіп, «Үшқызыл» биігінің бауырын басып өтетін қара жолмен «Бура тиген», «Таңбалы тас» арқылы солтүстікте созылған Шыңғыстың күнгей бетінде жатқан Бегештің бұлағына қарай дала жолының шаңын суыра зырлаған темір тұлпарлар бірінің соңынан бірі ызғыды. Осылай тұп-тура отыз шақырымдай жол жүріп діттеген жерге жетіп, машинадан түсе салысымен жігіттер тағы да Нәстілек ағаның айналасына жинала қалды. Ал, Нәкең болса осы өңірдің кешесі мен бүгіні туралы тағы да ағыла айтып тұр:

– Мына төбенің үстіне шықсаңдар, осы арадан Шақпақтың жоны менмұндалап көрініп тұрады. Басқаша айтқанда, Шәһкәрімнің «Саят қорасы» осы арадан не бәрі 6-7 шақырым ғана. Мына жағы – «Таз қызыл». Осы белдің арғы астында менің әкем Сәменбеттің жайлауы мен бұлағы. Ал, «Таз қызылдың» күнгейінде Шақантай батырдың бір ұрпағы Талтүстің бұлағы бар. Таяуда Талтүс бұлағының басына да оның ұрпақтары ескерткіш тақта орнатыпты. Бұл енді азаматтардың ұрпақ алдында жасап жатқан жақсы жұмыстары деуге болады. Өйткені, бабаларының елін, жерін танып, біліп өскен ұрпақтың еңсесі биік, ертеңі нұрлы болмақ.

Осы кезде Нәкеңнің аузына төне қарап тұрған азаматтардың ту сыртында тұрған мен Нәстілек ағамызға қарадым. О, құдірет, менің көзіме Нәкең ағамыздың бойы биіктеп, зорайып кеткендей көрінді.

Көп кешікпей жігіттер Бегеш бұлағының басына «Бегеш бидің бұлағы  (руы Керей – Қожагелді)» деген сөздермен қатар «Дауасыз – кәрілік, Арзан – өтірік, Қымбат – шындық» деген Бегеш Сабанұлының өз сөздері жазылған ескерткіш тақта орнатты. Жастар іске кіріскенде үлкендер әңгіме-дүкен құрысты. Мен «Осы бұлақтың басында Абай мен Бегеш, Тышқанбай, Шаһкәрім, Талтүстер тәрізді игі жақсылар тап осылай демалып жатқан болар», – деп шынтақтап та, шалқалап та жатып дем алдым.

Қорыта айтқанда, Бегеш бабамыздың басына барып мінәжат еткен бір күн көңіліміді көтеріп, ерекше қанаттандырған бір күн болды. Ұрпақтарының бүгінгі игілікті ісіне бабалары бір аунап жатқан болар. Біз Бегеш бұлағының басынан осындай ізгі оймен аттандық.

Ақаш КӨКСЕГЕН, Қазақстан Журналистар одағының мүшесі

Аягөз – Байқошқар – Аягөз

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here